Қазақ шежіресі
Заманда ел билеген хандар өткен,
Толғауы жоқ тоңмойын жандар өткен.
Хат танымас қазынадан халық қанап,
Аң патшасы арыстан түсті бетпен.
Хан атаққа мәз болып жарлық шашқан,
Заң-зәкүн, жол-жораны байқамастан.
Бас салған, басын алған, қанға малған,
Кімде-кім қарсыласса, қайраты асқан.
Жеңген елін, жерін алып жеңілгеннің,
Қонысынан аударып, орнын басқан.
Әлі аздар атының басына ие,
Иен жаққа, елсіз-ессіз ауып қашқан.
Хан болды халық ішінде қадірменді,
Жауласса бір ханменен өзі теңді.
Батыры көп басты алды, бауыздады,
Әйткенменен артынан қауіп төнді.
Серттесе сескендірген бірін-бірі,
Байқалар, бас теңессе, қайсысы ірі.
Екі ердің ерегессе, бірі өлмей ме,
Кете ме кектескеннен көңіл кірі.
Қазақ халқы қажырлы ел әуел бастан,
Қытай, Моңғол елімен көп жауласқан.
Басында Түрік, Татар, Қазақ, Созақ—
Ел екен бірге өскен, араласқан.
Күншығыс лықылдаған елге толды,
Алтайдың алабында көшіп-қонды.
Тел өсіп, мал мен жаны жерге сыймай,
Қоныс үшін таласып, соғыс болды.
Сол соғыста Қытай мен Моңғол жеңді,
Алтайдан аса қуды біздің елді.
Жеңілген ел жетім мен жесір болып,
Бері асып Енесей мен Байқал көлді.
Неше ғасыр өткізді сонда жүріп,
Ержетті ел көбейіп, әскер құрып.
Алтайдан қалың қолмен ары асты
Моңғолды Қытайменен шаппақ болып.
Сол күнде елді жүрген Түрік бастап,
Ор қазып, көрсетпестей жауып тастап.
Жау әскері жабылып қуған кезде,
Сол ордан қорыққансып өте қашпақ.
Көріністі кеп берді жау келгендей,
Жылқы алды жер шаңдатып ес білгендей.
Жіңішке өткел жасады асты берік
Айналасы терең ор жау өлгендей.
Ал жылқыны тар жолмен айдап өтті,
Қуғыншы да бұларға тақау кепті.
Сан жетпес, жер қайысқан қолды көріп,
Елге хабар беруге қайтып кетті.
Барғандар кейінгі елге айтып келді,
«Көрген жойқын көп» деп қорқытты елді.
«Түріктен жер қайысқан қол кепті» деп,
Еліне түгел шауып хабар берді.
Жан қалмай Қытай, Моңғол жауға шапты,
Күңіренген қалың қол жер шаңдатты.
«Жау келсе, орға жығып қырамыз» деп,
Түрік, Татар, Қазақ пен Созақ жатты.
Көп әскер көз қорқатын келді жетіп,
Ту байлап, тұлпар мініп екпіндетіп.
Көзге таған іліне орға түсті,
Келгенін қырып салды жолмен өтіп.
Бас көтерер үлкенін қырып салды,
Жас бала, мал-мүлікті жиып алды.
Адам түгіл мал-мүлік, ит қалдырмай,
Елге әкеліп, үлесіп, олжаланды.
Сол кезде Қытай, Моңғол екі хан бар,
Қол астында өсіп-өнген талай жан бар.
Екі еркек бала қапты екі ханнан
Естіген ертеде өткен тамашалар.
Ержетіп екі бала жасқа толды,
Жас, зерек ұмытпапты келер жолды.
Бір кезде екі бала жоқ боп кетті,
Жер болжаған, кезінде оң мен солды.
Таппады көп іздеді Түрік елі,
Қай жаққа білінбеді кеткендері.
Қашқан қалған өзі елін тауып алып,
Атамекен өз елі барған жері.
Тоқтамай, одан да ары ауып кетті,
Талай заман, ай жүріп, жыл да өтті.
Алатауды аралап жан бармайтын,
Күн көрінбес бір шатқа барып жетті.
Төрт жүз жыл мекен етті сонда барып,
Нұрынан ай мен күннің көрмей жарық.
Мал мен жан оған сыймай өсіп-өнді,
Кең жерге шықпақ болды жолын тауып.
Қағу-соғу көрместен еркін өсті,
Білмеді атқан таң мен батқан кешті.
Ен жайлап, еркін өсіп көбейген соң,
Мұның аты Еркінахун болсын десті.
Ел көшіп, шығатұғын жолын тапты,
Таласын тастап шықты қиын шақты.
Сол жолмен кең дүниеге шыға келіп,
Аспаннан күнді көріп талып қапты.
Мас болып күн нұрына екі ай жатты,
Ай, жұлдыз көк жүзінде таңырқатты.
Сол екі айды мейрам қып күні бүгін,
«Кеген-Шаған» деді де, қойды атты.
Кең жерді кесе басып жүре берді,
Өзеннен тауып өтіп, өткелдерді.
Жер шұрайын жобалап, жете жүріп,
Алтайға ауған елдің алды келді.
Олар келді, мұндағы ел оны көрді,
Замана тоғыз сәна себептері.
Түрік, Татар бере ме Алтайды оңай,
Неше ғасыр мекендеп жүрген жерді.
Қызғаншақ екі елге кірді тағы,
Кімде-кімнің сенгені күш баяғы.
Ары кет, бері келме деушілікпен,
Тағы да соғыс болды сөз аяғы.
Соғысып Қытай, Моңғол қайта жеңді,
Айдады Алтай таудан біздің елді.
Түрік, Татар, Қазақ пен Созақ елі,
Батысқа күншығыстан ауып еді.
Сарыарқа иен жерге ауып келді,
Мекенінен кетірді соншама елді.
Бас қосып, ақылдасып ел ауғанда
«Балқан тауға барамыз» десіп еді.
Ауған ел күнбатысқа бармақ болды,
Жүре көріп, таппақ боп барар жолды.
Мен осында қалам деп Созақ елі,
Қимай қалды Сарыарқа салқын белді.
Түрік, Татар, Қазаққа ермей қалды,
Сайлап алды ішінен ойрат ханды.
«Мен мұнда қалмақпын» деген сөзден,
Қалмақ деген атақты содан алды.
Бірге өніп, бір анадан жаралғанмен,
Арғы тегі Тұраннан таралғанмен.
Өмір—тартыс, айырып бірден-бірін
Басында туысқан жұп саналғанмен.
Жер де иесіз, ел де шағын сол заманда,
Қай жақта жақсы бар бұл жалғанда.
Қара теңізді айнала мекендеді,
Аралықтан шаһар көрді барлағанда.
Аралас қылды барып қатым-қатыс,
Бет алып Қапқаз өтіп қалай барыс.
Ел-жері таныс боп көшін танып,
Көп ұзамай салысты атан жарыс.
Әскермен қаласына бармақ болды,
Ішіне кіріп соғыс салмақ болды.
«Бір патшалық бұл жерге құралық» деп,
Иунанның шәрін тартып алмақ болды.
Осы шаһар Стамбол—Зарқұм салған,
Зарқұмды жеңіп, Әлі тартып алған.
Жеті қабат соғысып, жеті ел алып,
Жеті жүз жыл жеті жұрт патша болған.
Келе кіріп Стамболға соғыс салды,
Елін қырып, патшаның басын алды.
Қалған иунан қашып кетті ағылшынға,
Патшалық құрып, Түрік орнап қалды.
Осы сөз—түрік жазған тарих сөзі,
Білген жанға таса емес, жердің жүзі.
Түріктің Стамболды меңгергені
Ғасырдың он екінші орта кезі.
Қазақ келіп Қырымнан қала салды,
Жайылымға тастады қостан малды.
«Шәрлі болған—малды болмайды» деп,
Кең жер іздеп, таппақ боп аралады.
Аттанып әскерменен Балқан барды,
Салынған аралады қалаларды.
Отырықшы қалада ел иен қалған,
Кең дала малға жайлы таба алмады.
Батырлар жер таппады, қайтып келді,
Елсіз иен жоқтығын айтып келді.
Орманбетті хан сайлап Ноғай қалды,
Қайтадан кейін қазақ ауып берді.
Көшпелі ел Қапқаз өрлеп шығыс тартып,
Сол Қапқаздың бойында көп жыл жатты.
Олай-бұлай ел ұйтқып толқығанда,
Бөлініп әрбір тасы сонда қапты.
Ауған, орыс, Қытайда бар қазақтар,
Қалған қалып Түрік пен Татарлар да.
Арабтың да ішінде қазақтар бар,
Мекке барған жолыққан сапарларда.
Орғып жүріп олай барып, былай барып,
Отырықшы бола алмай қала салып.
Көшіп кетіп бытырап, көбейе алмай,
Көшкен сайын жұртында жұрын қалып.
Қайбар патша Мұхаммедпен соғыс салған,
Рұмның тарихында жазылып қалған.
Қырық мың әскерменен тұрды өріп,
Мезгілі екен сол кезде қажып қалған.
Екі жұрт жеңісе алмай жатқан кезде,
Үстіне тоқсан Қазақ батыр барған.
Батыр деп, ер деп те осыларды айт,
Тарихта жоғалмастай аты қалған.
Алдынан араб шапқан бізге кел деп,
Ер болсаң, әскері азға көмек бер деп.
«Азға көмек» дегені жөн екен деп,
Тоқсан ер жауға шапты кеуде кернеп.
Қайбардың әскеріне қарсы барды,
Тоқсан батыр мың санға ойран салды.
Бетке келгенді беттетпей, талқан қылып,
Туын жығып, шаһарын шауып алды.
Көп олжаны алды да жүріп кетті,
Жол тартты елге қарай түзеп бетті.
Жанына алып Мұхаммед тоқсан ерді:
«Мыналар өзі-өзі бек екен» депті,
Өзбек деген ат содан қапты.
Үйіп қойып көп олжа үлесіпті,
Үлгі боп сөйленетін ірі сөз көп.
Қалмаған мақал болып арғыдан кеп,
Мына сөз бекер босқа айтылмайды:
«Өзбек—өз ағам, сарт—садағам» деп.
Шолғыншы сол жолында Балқан барған,
Сөз тозбайды, озса да миллион заман.
«Барар жерің Балқан тау
О да біздің көрген тау» деп,
Қазаққа осы мақал содан қалған.
Тоқсан ердің біреуі білгір шешен,
Мұхаммедпен сөйлескен сол ер екен.
Мені «өзі бек» атады Мұхаммед деп,
Бектік атты ол да тәуір көрген екен.
Бұл атты бұлар да тәуір көрді,
Есіртпей ме мақтау сөз аңғал ерді.
Бұл атқа басқалары таласпады,
Өзбек деген атты соған берді.
Ол өсіп, өз алдына бір топ ел боп,
Өзбек елі атанып жүре берді.
Бір білгір өзбектен тағы шығып,
Басшылықты көп берген елге ерген.
Қайтадан Арқа аууға сөз байлады,
Айтысқан соң сертінен бір таймады.
Оқыған, сөзге шешен адам екен,
Әлгі өзбекті ішінен хан сайлады.
Жақсы жайды таба алмай батыс жақтан,
Тұрақсыз өмір ұқсас судай аққан.
Малға жайлы батыстан жер таба алмай,
Айналып Сарыарқаны қайта тапқан.
Не дәуір жүрді Қазақ Жайық жайлап,
Жауласқан тоғыз жұртпен қару сайлап.
Солардың біріне де бағынған жоқ
Арланып аса соғып, қаны қайнап.
Қазақтың тұңғыш ханы өзбек хан,
Оқыған, білімі бар, саналы жан.
Атақты осы өзбек ел бастаған,
Он екінші ғасырда хан сайланған.
Түрік ханның баласы Алаш атты,
Оқыған, терең ойлы, мағлұматты.
Өзбек хан өлгеннен соң сол хан болды,
Алаша деп алыпты «Алаш» атты.
Арқаға Алаш екен алғаш келген,
Әлемге Алаш аты белгіленген.
Қазақтың мақалы бар сондықтан да,
«Алаш, Алаш, керегем—ағаш» деген.
Орнаған Қазақ елі Кеңгірге кеп,
Алаш, Жошы, Домбауыл—үш хан өлген.
Қуа санап келгенде тарих жолын,
Тоқтамыс, Едігелер одан бермен.
Үш ханға да қызыл тастан күмбез соқты,
Одан бері жетінші ғасыр өтті.
Ел көбейіп, мал сыймай ен далаға
Малекең туғызбай ма ол да жақты.
Арқаны аңсап келген Қазақ елі,
Басында баяндалды барған жері.
Қырымнан—қыр, Жайықтан—жай таба алмай,
Қайта келіп, Сарыарқаны мекендеді Қазақ елі.
Өскен жер ұлы жері, малы, төлі,
Салқын бел, самал желі, шалқар көлі.
Көк қасқа бетегесі, мың жусаны,
Алтайда ат семірткен көксегені.
Отырықшы қалалы ел боп қалған,
Кең дала малға жайлы таба алмады.
Батырлар жер таба алмай қайтып келді,
Елсіз иен жоқтығын айтып келді.
Орманбетті хан сайлап татар қалды,
Қайтадан кейін қазақ ауып берді.
Көшкен ел Қапқаз өрлеп, шығыс тартты,
Сол Қапқаздың бойында көп жыл жатты.
Аладай ел ұйтқып толқығанда,
Бөлініп әрбір табы сонда қапты.
Ауған, үнді, Қытайда бар қазақтар
Қалған сіңіп түрік пен татарда да.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі