Өлең, жыр, ақындар

Қорқыт

  • 17.05.2020
  • 0
  • 0
  • 20789
Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен,
Алтайға бетегедей алтын біткен.
Бейіштей алтын Алтай етегінде
Ертеде алаш елі мекен еткен.
Ол күндер көз жетпейтін ерте күн ғой,
Ерте күн — ертегідей ерке күн ғой.
Өткен күн — ұстатпайтын сұлу сағым,
Жалғыз-ақ желден жүйрік жетеді ой.
Өткен күн ертегімен таласқандай,
Уа, дүние, ол күндерде алаш қандай?!
Ой-қырдан орғып-қарғып еріккенде,
Алтайда ойнақ салып жүрген аңдай.
Сол күнде бір ер бопты алты алашта,
Қаны бір қалың елмен, жаны - басқа.
Елікпей ес білгелі еш нәрсеге,
Өзіндей үйірілмеген албырт жасқа.
Қорқыт деп қойған екен ердің атын,
Оңған ел ер деп атар азаматын.
Талайлар таңданыпты күнде көріп
Қорқыттың мінезінің тым-ақ жатын.
Қорқытқа ес білгелі бір ой түскен,
Айнымас сол ойымен күнде у ішкен.
Ой билеп, үйден, елден безіп кетіп,
Жұрт оны әуезі ғып жынды дескен.
Ежелден белгілі ғой көптің сыры,
Боласың, көптей болсаң, көптің ері.
Көпке егер ісің, ойың үйлеспесе,
Күмән жоқ, кім болсаң да соғар «пері».
Қорқыт та ерте атанды «пері соққан»,
Қорқыттың жан болмады жайын ұққан.
Ой екен қандай ғана Қорқытты улап,
Айырған дос, туыстан, елден, жұрттан?
Қорқыттың мынау ой ед есін алған,
Жанына ерте күннен жара салған:
«Топырақ боп ертең шіріп қалмақшымыз,
Өміріміз неге шолақ тәтті балдан?
Әншейін өмір деген ермек үшін,
Күні ертең соғар жүрек сенбек үшін.
Ойланып, қалай ғана уланбассың,
Берілсе адамға өмір өлмек үшін?
Бір кезде көл тасады құрымақ үшін,
Күні ертең гүл гүлденед солмақ үшін.
Біраз күн адам тұрады, өмір сүреді,
Құртқа жем, шіріп, сасып болмақ үшін.
Сары суға қан берілген айналмаққа,
Ой менен тіл берілген байланбаққа,
Әлпештеп, ардақтаған денең шіріп,
Желменен топырақ боп айдалмаққа.
Көз ашып жұмғандай - ақ өмір шолақ,
Алдынды көз ашсаң-ақ ажал қамап.
Өмірде мынау шолақ неге керек
От-үміт, ойын-күлкі, таудай талап?
Әлдекім адам деген ермек үшін,
Жүректе от ойнайды сенбек үшін.
Ойланып, қалай ғана уланбассың,
Берілсе адамға өмір өлмек үшін».
Қорқыттың жүйрік жаның жай тасындай
Жанышқан осы ойлар ед қорғасындай,
Паршалап тілім-тілім, ерте өртеп,
Кіршіксіз жас жүрегін көз жасындай.
Ой билеп, жап-жас Қорқыт елден безді,
Түгел ол ойын-күлкі, қойды сөзді.
Елікпей, үйірілмей еш нәрсеге,
Алтайдың алаптарын жалғыз көзді.
Алтайдың Қорқыт кезді алаптарын,
Ешкімге ұқтыра алмай жанның зарын,
Ата-ана, дос-туысқан бәрін тастап,
Талақ қып қара көзді қарақтарын.
От-адам отпен ойнап сынар бағын,
Жүйрік жан қажу білмес, қуар сағым.
Тағы боп, күңіреніп кезіп кетті,
Қорқыт та шешпек болды жан жұмбағын.
Аяңдап алдыменен тауға келді,
Асқарға: «Өмір не?» деп сұрау берді.
Жаны — тас, жүрегі — тас тау не десін,
Өзінен: «Өмір не?»-деп сұрады енді.
Бұрылып таудан ақырын орман барды,
Оған да: «Өмір не?»- деп сұрау салды.
Ежелден ой білмеген меңіреу орман
Қақиып қарағайы аң-таң қалды.
Сұраса суға келіп: «Не, — деп, — өмір?»,
Беті құр соғылғаннан жыбыр-жыбыр.
Желге айтып еді, ол не деуші еді,
Басы жоқ, аяғы жоқ сыбыр-сыбыр.
Күн анау ешбір үнсіз алас ұрған,
Ай да бір - егіз де бір аузын буған.
Қылмыңдап қар қатындай көзін қысқан
Жұлдыздар тазарта ма жүректі удан?!
Не керек, Қорқыт кезді тынып жатпай,
Ешбір зат тастамады зарын шақпай.
Көл мылқау, жері мылқау — бәрі мылқау,
Өртенді ер жұмбағына жауап таппай.
Түнерді бұрынғыдан Қорқыт бетер,
Есалаң ескен желдей өмір өтер.
Күмәнсіз өлеріңді біле тұрып,
Дүниеде талаптану, тұру бекер.
Көз ашып, өмір шолақ жұмумен тең,
Тағы да өз өмірің соққандай сең.
Арандап қарсы алдында аузын ашқан
Жоқ па екен шыныменен ажалға ем?
Кім білед, өлмейтұғын ел бар шығар,
Кім білед, ажалға да ем бар шығар.
От-суы, топырағы қасиетті,
Кім білед, өлтірмейтін жер бар шығар.
Әуесі уланбаған өлімменен
Сөз де жоқ, өлу түгіл, «өлем» деген,
Адамзат таппаса егер ажалға айла,
Не қылмақ пайдасы жоқ білімменен?!—
Деп ойлап, қайырылмай ешбір затқа,
Ажалдан қашып шығып құтылмаққа,
Айрылып Алтайынан кетті Қорқыт,
Өлімнен аман-есен жер таппаққа.
Түзеді күншығысқа Қорқыт бетін,
Адамға жаяу, жалғыз жол тым шетін.
Арыды, ұшырасты сансыз жаумен,
Сонда да ол үзбеді еш үмітін.
Талса да тоқтамады, Қорқыт жүрді,
Бетпақ шөл өтті талай қырды, өрді
Қажыған, қаны кепкен мезгілінде
Алыстан мұнарланған қара көрді.
Жапанда бір буалдыр қараңдаған,
Жасаған Қорқыт жанын тындырмаған...
Қараға жылдам басып жетіп келді,
Қорқытты қайғы басты түннен жаман.
Көзінен сорғалады жас бұлақтай,
Жапанда қағулы бір қара тақтай.
Тақтайдың түбінде бір қазулы көр,
Тастаған үңірейтіп, бетін жаппай.
Әлдекім жапан түзде бір көр қазған,
Басына тақтай қойып, сөздер жазған:
«Өлімнен құтылмайсың қашқанменен,
Мынау көр — сенің көрің, Қорқыт жазған!»
Мына сөзді оқып ол түн боп кетті,
Басқандай жүрегіне болды шоқты.
Қол болып көздің жасы төгілгенмен,
Заулаған баса ала ма ол жандағы өртті?!
Ой өсті, қалың өрттей уын шашты,
Ауыр ой қорғасындай жанды жанышты.
Қарсыдан қазылған көр шыққаннан соң,
Бұрылып Қорқыт кейін қадам басты.
Түзеді енді бетті батыс жаққа,
Қайғылы, қажу бар ма, ол бейбаққа?!
Жапанда жалғыз өзі күбірлейді,
Сөздерді тақтайдағы алған жатқа.
Апырм-ай, табылмас па ажалға айла,
Өмірден, табылмаса, қандай пайда?!
Жүрістен дене түгіл, жан шаршады,
Өлімнен аман ел мен жері қайда?
Бір жан жоқ қыбырлаған, дала, дала...
Келеді Қорқыт сорлы жаны жара.
Ай-жыл өтіп, ер әбден арыған шақ,
Алыстан бұлдырлайды тағы қара.
Қорқыттың ынтасы өлген, көңілі қаяу,
Қараға баяу басып келді таяу:
Тағы көр, тағы тақтай, тағы жазу,
Тәңір ие-ау, тегі, сенде бар ма аяу?!
Терең ғып тағы біреу бір көр қазған,
Басына тақтай қағып, жазу жазған:
«Өлімнен құтылмайсың қашқанменен,
Мынау көр - сенің көрің, Қорқыт жазған!»
Қорқыттың қайғысы енді болды басым,
Жаздың не, жазбадың не жан жарасын?!
Есі ауып байтақ уақыт жатқаннан соң,
Көтеріп бір мезгілде алды басын.
Ойменен пара болған жан жыртылып,
Мерт болған ессіз жүрек айға ұмтылып:
Кеудеде құр әншейін шықпа ғана жан,
Тұрды да кетті Қорқыт сүйретіліп.
Алыста сөнген оттай үміт өлді,
Сұм тағдыр қатты қақты созған қолды.
Сонда да қажу білмес ойлы Қорқыт
Дүниенің төрт бұрышын кезбек болды.
Қалмады жер жүзінде бармаған жер,
Қорқыттың қанды жасы тамбаған жер.
Басса да қайда қадам сорлы Қорқыт,
Алдынан қарсы шығады қазылған көр.
Қазылған , оңға барса, оңда да көр,
Қазылған, солға барса, солда да көр.
Шоңқиып көрге қонған күшігендей
Көресің, қара тақтай қағулы тұр.
Алдынан кез келеді бір көр қазған,
Басына тақтай қағып, жазу жазған:
«Өлімнен құтылмайсың қашқанменен,
Мынау көр — сенің көрің, Қорқыт жазған !»
Дариға, табылмақ па ажалға айла?!
Жерде бір өлік көрмес болу қайда?!
Алдыңнан, қайда барса, көр шығады,
Өлімге, сорлы Қорқыт, белін байла!
Не пайда шомылғанмен қанды жасқа?!
Не пайда басты ұрғанмен тау мен тасқа?!
Дүниеде ажалдан еш күшті болмас,
Көрмеспін кезгенінде көрден басқа.
Шықпаған кеудесінде шыбын жаны,
Қасықтай кеуіп, бітіп қалған қаны:
Аяңдап, аруақ боп Алтайына
Күңірентіп қайтты Қорқыт жерді зары.
Қайтса Алтай, баяғы Алтай күңіренген,
Асқарға аспан төніп еміренген.
Керіліп бұлтпенен бал алысқан
Еркенің не ісі бар ой-шерменен?!
Мелшиген баяғыдай меңіреу орман,
Ойнаған асау бұлақ шапшып ордан.
Жел анау көрінгенді бір сүйсе де,
Жар таппай жаны бірге «мәңгі» оң ұрған.
Ел мынау баяғыдан малын баққан,
Малындай алдындағы жусап жатқан:
Қайғысы, қуанышы бәрі де ойсыз...
Сиырдай бәрі өкіріп, бәрі шапқан.
Қайтты да айналғандай есалаңға,
Ләм-мим деп бір сөз қатпай тірі жанға,
Күңіреніп жер бауырлап жатып алып
Ұйқысыз қосты Қорқыт таңды таңға.
Бір күні шошып тұрып көргендй түс,
Кесіп ап қарағайдан қылды қобыз.
Қыл тағып қобызына сөйлетіп ед,
Алтайды күңірентіп шықты лебіз.
Қобыздан мұңды дыбыс сорғалады,
Майпаңдап ә дегенде жорғалады;
Біресе асау тайдай ойнақ салды,
Біресе сары нардай ырғалады.
Дуылдап қырдан жерге түйілгендей,
Долданып дауыл құмды үйіргендей,
Басылып біраздан соң сылқ-сылқ күлед,
Дұшпанын мұқатқанға сүйінгендей.
Біресе жүйрік желдей кетеді есіп,
Асқарды аттап өтті, дария кешіп.
Біресе әлдекімге тіл қатқандай,
Желменен жапырақтай күбірлесіп.
Біресе от сықылды аспанға асқан,
Жоқ әлде ор қоян ба орғып қашқан?!
Біресе күрсінгендей, күңіренгендей,
Жандай-ақ қап-қараңғы қайғы басқан.
Қобыздың сарнағаны зарлағандай,
Қан шашып әлдекімді қарғағандай.
Жүрегі мың жара боп паршаланып,
Күйініп көзінен жас парлағандай.
Күңіренді, жылады зарлап қобыз,
Жанды өртеді толқынды, мұңды лебіз.
Жасын төкті көл қылып шерлі Қорқыт,
Жан жыласа, жыламай қала ма көз?!
Қобыздан осылайша шықты сарын,
Бірде мұз, бірде дауыл, бірде жалын...
Қарағай мен қыл сырнай не деуші еді,
Шығарды сарынменен Қорқыт зарын.
Таба алмай жерді кезіп ажалға айла,
Дариға, ажалға айла болу қайда?!
Азырақ улы ойларын бөлмес үшін,
Жабысты шерлі Қорқыт қарағайға.
Қызарып ашуменен күн батқанда,
Ерініп, еркеленіп таң атқанда,
Қарны тоқ, қайғысы жоқ, жаны тыныш
Малдай-ақ қор-қор ұйықтап ел жатқанда.
Байлары малмаң-малмаң мал баққанда,
Батырлар балпаң-балпаң ел шапқанда,
Ішкені — мас, жегені — тоқ, бәрі де мәз,
Кедейлер көк есектей зыр қаққанда...
Қорқыттан серпілмейді қалың уайым,
Қолынан тастамайды қарағайын.
Қобыздың лебізінде мұң молайды,
Зымырап өмір шіркін озған сайын.
Өмірде жүрген жерін қанды ор ғып,
Шеше алмай жан жұмбағын шерлі Қорқыт,
Жұбанды қолындағы қобызымен,
Көрге де қобызымен кірді Қорқыт.
Өткен күн ертегі ғой , тамаша таң,
Ойласаң өткен күнді, жұбанар жан.
Байкасаң, адамзатта болған ба ақын
Қорқыттай атасынан бата алмаған?
Ақын — жел, есер, гулер жүйрік желдей,
Ақын - от, лаулап жанар аспанға өрлей.
Қиялы, жан-жүрегі - ойнаған от,
Ақынды аласұртар тыныштық бермей.
Жай адам қияға ондай қол сермей ме?!
Ақынға аз нәрсе ауыр ой бермей ме?!
Қиялмен арманға ұшқан, сағым құшқан
Жүйрік жан алдында ылғи көр көрмей ме?!
Жел жүрсе, терең теңіз тебіренбей ме?!
Көрсе көр, ақын жаны күңіренбей ме?!
Көргенін кеңес қылып күңіренсе ақын,
Тыңдаған тірі жанға шер бермей ме?!
Құшақтап қарағайын сарнаса ақын,
Толғанып, жасы төгіп, зарланса ақын,
Шеткерек тұрып біраз тыңдағайсың,
Баспалап, төніп, жаншып келме жақын.
Жақындық қажет емес жүйрік ойға,
Шер-сиқыр, алыстан-ақ тарамай ма?
Ақынды алыс тыңда, көп тілейтін
Қағылып кете көрме қарағайға!
Ақынның қарағайы - жары да сол,
Ата-ана, малы-мүлкі, жаны да сол.
Сезімпаз қарағайдың нәзік қылы
Ақынның жүрегіне жалғанған ол.
Сорғалап сиқырлы үн шығар ішектен,
Шықпақшы ішектен емес, үн жүректен.
Үзілсе ішек, үзілмес нәзік жүрек,
Сондықтан, сұрағаным, тыңда шеттен.
Серпілмес терең жанда қалың уайым...
Түсірмес қолдан ақын қарағайын.
Үнінде қарағайдың мұң молаяр
Зымырап өмір шіркін өткен сайын.
Атасы ақындардың — ақын Қорқыт
Өмірде жүрген жерін қанды ор қып...
Шомылып көз жасына сарнай, зарлай,
Кұшақтап қарағайын жатыр Қорқыт.
* * *
Ол күндер көз жетпейтін ерте күн ғой,
Ерте күн — ертегідей ерке күн ғой ...
Өткен күн — ұстатпайтын сұлу сағым,
Жалғыз-ақ желден жүйрік жетеді ой...
Өткен күн ойды әлдилеп тербеткендей,
Ойыңды Алтай бойына өрлеткендей.
Тыңдасаң, құлағың сап сар даланы,
Қорқыттың сарыны, әні күңіренткендей...
Тыңдасаң, есітесің жаныңменен,
Сар дала күңіренеді сарынменен.
Ерте естіп сол сарынды, ерте улап,
Мен сорлы көптен әуре зарыңменен.
Ес білдім — аласұрдым сағым қуып,
Жете алмай, бетті талай жаспен жуып.
Артымда — ор, алдымда — көр, өтеді өмір.
Дариға, бесігімнен көрім жуық.
Көп заман жетеледі жынды жүрек,
Ойладым: «Жүрек жетер, ой не керек?!»
Тәтті у еді, сол удан неге айныдым?
Дариға, үміті өлмек, жүрек сөнбек...
Бір күнде жолдас болдым ойынменен,
Өмірді алмақ болдым ойынменен,
Ойын тынды, жолдасым жоқ боп кетті,
Бұл күнде уланамын ойымменен.
Енді менің жолдасым - жалғыз қобыз,
Сарна, қобыз, мұң-зарлы шығар лебіз!
Сен жыласаң, жылармын мен де бірге,
Жан жыласа, жыламай қала ма көз?!
Өмірде арманым жоқ - Қорқытқа ерсем,
Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем.
Жас төгіп сұм өмірде зарлап-сарнап,
Құшақтап қобызымды көрге кірсем!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бұлбұл

  • 1
  • 1

Сайрайсың мұңды күймен жүз құбылтып,
Кейде аяң, кейде желіс, кейде сылтып.
Денені суытасың, ысытасың,
Тұрасың маужыратып кейде жылытып.

Толық

Жер жүзіне...

  • 1
  • 4

Жер жүзiне ер атағым жайылған,
Жан емеспiн оттан, судан тайынған.
Қайраты мол қандыбалақ қыранмын,
Күн болған жоқ жаудан жүрек шайылған.

Толық

Өзеннің суын жел тербеп

  • 1
  • 2

Өзеннің суын жел тербеп,
Ақ төсін керіп шайқалад.
Біресе ауыр күрсініп,
Біресе тынып жай табад.

Толық

Қарап көріңіз