Кеудесi кендi шабыт пен – Маралтай Райымбекұлы

Бұл бетте «Кеудесi кендi шабыт пен» атты Маралтай Райымбекұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1723
Кеудесi кендi шабыт пен
Қонаққа ғана шөлдеген,
Бұл қазақ бес күн жалғанда
Бiр-бiрiн жүзге бөлмеген.

Бұл қазақ жүзге бөлмеген,
Аруақты, сенiм-нанымды,
Тектiлiкпенен
Тек қана
Тәңiрге ғана табынды.

Сұраса салып жол үстi,
Әп-сәтте өре-шөре боп,
Әңгiме шоғын қыздырар
Адай мен найман бөле боп.

Әпшесiн алса,
Оңай ма!
Сызылтып айтса сөз де сын.
Қоңырат қызы қинайды-ә,
Дулаттан шыққан жездесiн.

Кiрмегiн қайсы ауылға
Ұзақ жол, шаршау, түн айдап,
«Ықылас жауыз жауыз ғой,
Ықылас күйшi ұнайды-ақ»

Деп төсiн тосып самалға,
Көресiң қартты отырған.
Ұнайды маған
О, қазақ,
Бағзыдан сенiң сол тұлғаң.

Даласы тұнған даналық,
Ұлдары шеттен дарынды,
Жұлдызы биiк қашаннан
Қазақтың қарға тамырлы!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері