Үш сұрақ
Мергенбісің сұлатқан атқан аңды?
Елденбісің таратқан хат-хабарды?
Кердеңбісің, ұнатқан адамдардың
Намысы мен сезімін таптағанды?
...Бәрімізді тым-тырыс күтіп жатыр,
Қабір деген тар мекен қап-қараңғы.
Соңында ит-тірліктің жүрген елміз.
Жеңімпазбыз, кейде жәй жүлдегерміз.
Деп жүріп: «Әлі ерте ғой, үлгерерміз...»
Сұп-суық қараңғыға бір келерміз...
Қорқыныш емес оның тарлығында,
Байдың да барар жері ол, жарлының да.
Біреулер жатады онда балды нұрда,
Біреулер батады онда мәңгі мұңға...
Білмейсің не жазулы тағдырыңда...
Қу жаның түршігеді ол еске түссе.
Үстіңе топырақ үйіп дос көміссе...
Қайтпексің, күркіреген күндей болып
Келгенде үш сұрақпен қос періште?
Үш сұрақ. Алғашқысы: «Құдайың кім?»
Қашатын кезі осы шырайыңның.
Олармен тіл табысу мүмкін емес,
Мың жерден көрсетсең де мүләйім түр.
Ойлансаң, нағыз сұмдық уәйім бұл!..
Иманмен жүректері нұрланбаған,
«Ниетім түп-түзу!» деп ырбаңдаған,
«Құдайым - Алла ғой» деп айта алмақ па ,
Аллаға өмірінде құл болмаған?
Болғандар атақ, байлық, мансапқа құл,
Жауабын бере алмайды тар шақта бұл.
Айтпақшы ма алтайы түлкідей боп,
Жеткізбей қу дүние шаршатқанын?
Келесі қояр сұрақ: «Дінің не еді?»
Сөзіңді айтқызбайды тіліңдегі!
Шариғат шарттарына салақ болсаң,
Біле бер, бақи өмір бүлінгені!
...Бүгін сен тәтті өмірге тоя алмайсың.
Ол күні қолға түскен қояндайсың.
Парызын бұйырылған атқармасаң,
«Ислам - дінім менің!» дей алмайсың.
Соңғы сұрақ: «Кім еді пайғамбарың?»
Қане оның сүннетіне сай болғаның?
Ізіне ілеспесең үмбеті боп,
Басыңнан сол болады тайған бағың!
Кеше сен өмір деген жарыста едің.
Қанекей мұсылманға тән істерің?
Қаншалық басшылыққа алып жүрдің,
Мұхаммед Пайғамбардың хадистерін?
Ол күні жүрек сөйлер, тіл байланар.
Ертек деп жүргендерің шынға айналар.
«Бес» алса, қабірі кеңіп, нұрға толып,
Рахат тіршілікте жырғайды адам.
«Екі» алса, қабырғасын қақыратып
Қара жер қысқан кезде тұрмай қалар...
Болса да профессор, академик
Қайғы мен қасіреті пырдай болар.
Жалғанда жиған атақ, абыройдың
Бәрінен айырылып жұрдай болар.
Азаптап періштелер қолға алғанда,
Әр күні мың - миллион жылдай болар...
Қабірстан. Ғажайып құрылыстар!
Құпиясын астында тығып ұстар.
Жарқын жүзді жақсылар жатыр мұнда,
Жарты сөзден бір-бірін ұғынысқан.
Небір қыршын боздақтар жатыр мұнда,
Асығам деп аунаған бұрылыстан.
Әншінің де осында-ау неше атасы,
Шырқағанда аумаған үні құстан.
Жатыр мұнда шешендер, көсемдер де,
Әр көңілден әсерлі сыр ұғысқан.
Жатыр мұнда, әдебиет әлемінде
Атанған «қайталанбас құбылыстар!»
Жатыр мұнда небір жұрт тіршілікте
Қызыметке таласып қырылысқан.
Жатыр мұнда даңққұмар, таққұмарлар
Кең ғаламға сия алмай сығылысқан.
Енді мұнда өкіру, ыңырану
Жалбарыну, шыңғыру, түңіліс бар...
...Барлығының үстінде Бақылаушы,
Әділ, Үстем, Сенімді Ұлы Күш бар!
Көрмей, білмей, ойлап-ақ қаны қашар,
Дінсіздердің ол жақта халі нашар.
Кім кінәлі, ақылмен Алла берген,
Жаратушы Раббыңды танымасаң?
Зымырандай замандар зырлағасын,
Игіліктен қаншама құр қаласың.
Әрбір адам сұраққа қабірдегі
Не дайындап қойғанын бір қарасын!..
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі