Білем: бұл саған айтар сыр емесін – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Білем: бұл саған айтар сыр емесін» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.08.2020
  • 0
  • 0
  • 1685
Білем: бұл саған айтар сыр емесін,
қоймайды айт деп бірақ жүрек осы.
Аң қусам – қуар болдым ақсағанын,
қыз қусам – қуар болдым күлегешін.

Қалжыңнан қашу үшін күн ілгері
аға деп атайды қыз бүгін мені.
Шаппады қосқан атым құдай атып,
түйіліп түскен құсым түк ілмеді.

Жүйріктің аяғы жоқ – жүгірмедім,
көңілі ғана қалды – түңілмедім.
Қазықта қалдым бүгін, елеңдетті
алыста шапқан аттың дүбірлері.

Баяғы жыр ауруы алды меңдеп,
жатырмын жырды баптап, жанды үнемдеп.
Басымнан ұшып "бағы" жігіттіктің,
"беделі" ағалықтың қалды менде...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері