Ән естілді, қоңыр кеш – Кеңшілік Мырзабеков

Бұл бетте «Ән естілді, қоңыр кеш» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.08.2020
  • 0
  • 0
  • 1953
Ән естілді, қоңыр кеш
Қырды қымтап алған шақ.
Кейде адамда көңіл хош,
Өткен жайды толғансақ.
...Ән әуені есіліп,
Сонау жонға жетті де.
Жолпат ағай қосылып,
Бірге шырқап кетті ме?..
Ойлады ма жас күнді
Бар екен деп бір белгі,
Көзі шалып қос гүлді
Еске алды сол күндерді.
– Шіркін, сол бір қызық күн,
Қарттықты бұл кім күтпек?..
Жеңгеңе осы қызықтым,
Көрген сайын ынтық боп.
Сонда осындай бір кеште
Естіп едім сырлы әнді.
Егіз гүлдей бірге өскен
Бал махаббат жырланды.
Ұқсап кетті-ау бұл соған,
Тамып кетті-ау көзден жас.
Он сегізде тұрса адам,
Болса және қозғалмас.
Түу...түу, мынау ойларым
Жығар мені орына.
...Қайырмақ боп қойларын
Қамшы салды торыға.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері