Өлең, жыр, ақындар

Аман ба туған топырақ

  • 28.08.2020
  • 0
  • 0
  • 1304
Аман ба туған топырақ,
Аман ба Ақшығанағым?
Ақ деген сөзден жарқырап,
Жеткендей жақсы хабарың.
Жүйкемді күллі босатып,
Мен сені неге сағынам?..
Сенде өткен дәурен – жас уақыт
Сәулесіне әлі табынам.
Жұмыр жер неге кең деме,
Қасиетті қырлар көп-ақ қой.
Азамат туған жерге де
Аз ғана күндік қонақ қой.
Әйтпесе, біздің бәріміз
Жүрмес пе ек туған төбеде.
Жұмыр жер – кеме, жанымыз,
Жанымыз бірге кемеде.
Шыр етіп түскен уыс құм
Қасиетті болар себебі –
Алғашқы деммен туыстың
Алғаш сол сүйді денені.
Қайғысыз, қамсыз күндердің
Қайығында сонда жүзерсің.
Кіршіксіз, кірсіз гүл көрдің,
Үзбессің, мүмкін үзерсің.
Кімде де бар ғой нала, наз,
Күндер бар жолың болмайтын.
Сондайда бірақ адам аз
Туған жерді іздеп бармайтын.
Сондайда бірақ көп пенде
Тек өзім ғана сүйем деп,
Сен аунап өскен бөктерді
Тұрады жалғыз иемдеп.
Әттең-ай, сонда тіл болып,
Сөйлеп бір кетсе әлгі қыр.
Білер ед бейбақ шын берік,
Туған жер сүйер жалғыз ұл
Жалғыз ол емес екенін.
Сүюдің сан мың бар заңы,
Сүюге оның жетерін,
«Сүйем» деп айту арзаны.
Туған жер, саған қаталап,
Кім қалай сүйсе өз еркі.
Мендегі сендік махаббат –
Жанардың нұры – көз өрті,
Жүректің жыры – сөз өрті.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Майысып алтыбақан тепкен апам

  • 0
  • 0

Майысып алтыбақан тепкен апам,
Дауысы алты қырға жеткен апам.
Толысып қызыл күрең тобылғыдай,
Жат жұртқа жаратылып кеткен апам.

Толық

Әупірім дос

  • 0
  • 0

Менің бір досым әйтеуір әупіріммен,
Ақырын, еппен, тартыссыз, тартынуменен,
Әдіспен ғана, тасбақа аяңмен ғана
Қатардан қалмай келеді малтығуменен.

Толық

Нөсерлеп өтті жаңбыр

  • 0
  • 0

Нөсерлеп өтті жаңбыр,
Аспанды күркіретті.
Көкжиек ала шабыр,
Астарын жыртып өтті.

Толық