Түлкі мен қарашекпен
- Bain
- 28.04.2015
- 1
- 4
- 24836
Түлкіге тамақ іздеп сапар шеккен
Жолығып, айтты бір күн Қарашекпен:
«Күнің аз тауық жемей жай жүретін,
Ұрлыққа құмар жансың мұнша неткен?
Сыр ашып сөйлеселік оңашада,
Ешкім жоқ екеуімізден басқа шеттен.
Ашиды, рас, жаным, Түлкі, саған,
Ойлама айтады деп мекерлікпен.
Жақсылық тырнағыңдай бар ма, сірә,
Ойласаң, кәсібіңде осы еткен?
Ұрлықтың кінә, ұяты өз алдына,
Жүргенің қарғыс, сөгіс естіп көптен.
Түлкі көп тауық ұрлап қолға түсіп,
Бір ғана тамағы үшін өліп кеткен.
Жүрсең де бұл уақытта ебін тауып,
Әр жеген тамағыңда бар зор қауіп.
Тұрмақ жоқ дүниеде бір қалыппен,
Бақ, бәле алмасатын ауық-ауық.
Бір күні қолға түсіп, өліп кетсең,
Құныңа тұрар ма сол жеген тауық?».
Түлкі айтты төмен қарап, пақырсынып,
Ақпейіл сопыларша көңілі сынақ:
«Бірде алдап, бірде ұрлап шеккен ғұмыр
Жақсы-ақ деп жүргенім жоқ көңілім тынып.
Қайтерсің, жоқшылықтың жолы қиын,
Әйтпесе жын ұрып па ұрлық қылып?!
Ағарды арам іспен сақал-шашым,
Бойыма тарамайды ішкен асым.
Жоқшылық һәм шиеттей жас балалар, -
Салған соң Құдай басқа, не қыласың?
Көрместен күндіз дамыл, түнде ұйқы,
Қамы үшін қатын-бала азды басым.
Ұялып, жұрт бетіне қарай алмай,
Өтіп-ақ бара жатыр өмір жасым.
Және де, бір жағынан, ойлайтыным,
Тауықпен мен бе жалғыз ойнайтұғын?
Амалдап күнелтпесең, ауқатың жоқ,
Жайғасып алды-артыңды болжайтұғын.
Бәрі сол жоқшылықтың кесапаты,
Ұрлықты нем бар дейсің қоймайтұғын?!»
Сөйлейді сонда тұрып Қарашекпен:
«Жайыңды айтсаң еді маған көптен.
Күнәдан, әлі де болса, құтқарайын,
Тәубаға қайтсаң, жаным, шын ниетпен.
Берейін адал көсіп саған тауып,
Жүрмейді қайда адам дәм-тұз ауып?
Маған да, саған да онша теріс болмас,
Дәмдес боп, бірге жүріп бақсаң тауық.
Әдісін түлкілердің білесің сен,
Баққан соң, тауықтарды жегізбес ең.
Бойыңды, тамағыңды сыйлы етіп,
Ешкімді мен де саған тигізбес ем!».
Тауыса алман сөздерінің бәрін теріп,
Іс бітіп, уағдасын мықтап беріп,
Ұрлығын қойып, тауық бақпақшы боп,
Ауылға Түлкі келді мұжыққа еріп.
Мұжық бай, нәрсесі сай, қазаны тоқ,
Семірді Түлкі әбден тұлыптай боп.
Бағуға тауықтарды жиһады зор,
Жалғыз-ақ ниет-құлқы түзелген жоқ.
Қасқырдан оңдырар ма қойшы салып,
Тауықшың Түлкі болса, сондай қалып.
Зәредей қауіп қылмай Мұжық жазған,
Шынымен түзелді деп жүрді нанып.
Ақтады Түлкі қалай тұзын деңіз, -
Бір түнді қараңғырақ таңдап алып,
«Мұжығым, ұйықтай бер!» - деп жүріп кетті,
Жолына бар тауығын құрбан шалып.
Бұл сөздің мағынасы көрніп тұр,
Ұнай ма сөйлей берген білімсіп құр?
Туралап қысқасынан түсіндірем,
Демеңдер «баяндауға ерініп тұр».
Адамдар ұяты бар, ниеті ақ
Ұрламас, аштан өлер болса да нақ.
Санап бер саф алтыннан миллионды,
Ұрлығын ұры қоймас Түлкідей-ақ.
Бұзықтық - бай, жарлыға бірдей нәрсе,
Пиғылды түзетпейді дәулет пен бақ.
А. Бақдəулет
Тамаша шыққан
Нурдаулет
Керемет нағыз шындық айтылған
Ерлан
Нағыз ағартушы!