Өлең, жыр, ақындар

Диалог

  • 31.08.2020
  • 0
  • 0
  • 1479
Өмір мен Өлім ойда жоқ жерде жолыққан,
Әрине Өмір зәресі қалмай қорыққан.
Әрине Өлім миықтан күліп қағытқан:
– Қаққанда түспей кеттім деуші едің тобықтан.
Қалайша бүгін қалғансың, досым, қапыда,
Таңба ғой мұның ақылың, айлаң, атыңа.
Кесімнен ерте кезіккеніңе аң-таңмын
Көбелекке ұқсап көзсіздік жасап отыма.
Қуқыл ғой өңің, сынық қой тіпті сыңайың,
Иықтан басқан мезгілсіз бұл не уайым?!
Қулығың асса-ақ құлпырып қызыл түлкідей
Қуақы күліп шыға келуші ең ылайым...
Соныңның бәрі заматта қалай сап болған,
«Сақтансаң, сақтар...», жөн дейтін ең ғой сақтанған.
Қалайша қажып, қалайша қалғып кеткенсің,
Білмейтін бе едің қалмайтынымды қапталдан?
Білмейтін бе едің мен саған егіз өрімдей
Елестеп, бірақ еңсеммен басып көрінбей,
Санаңды сенің сабасына әкеп салушы ем,
Тәубаңның сенің топсасы болып темірдей.
Сонда да мені сұп-суық көрдің, жат көрдің,
Кездейсоқ талай кезігіп қалып жалт бердің.
Сытылып кетсең, «асырдым айла» дедің де,
Шырмалып қалсаң, астында қалдың «әттеңнің.
Жазығым менің,жазығым сонда не саған,
Ажалын жұрттың мен бе екен қолдан жасаған?
Екеуміз-дағы өлшеміміз уақыттың,
Біреуін жарық, біреуін түнек қоршаған.
Осының бәрін біле де жүріп алдадың,
Өзіңді-өзің алдадың, жарық жалғаным!
Өмірдің Өлім иығына қарай асылды
«Тас түскен жерге», ал қалай екен салмағым?!
Сол кезде Өмір құлын да даусы шыңғырып,
Қылша мойынға түскендей келіп қыл құрық.
– Құтқаршы, – деді, – құтқаршы, – деді, – соңғы рет,
Өзінен-өзі жыларман болып қиылып.
Қиғылық атып қиылып Өмір сөйледі,
(Ақ көңіл бар ма Өмірдей аппақ жейделі?)
Өмірдей қызу, Өмірдей жылу от бар ма,
Тартқанмен қуқыл, болғанмен сұп-сұр кейде өңі.
– Алдаған жоқпын, адалмын, Өлім, саған мен,
Күйдірсең дағы күйелемеші табаңмен.
Табаларыңа тап болмау үшін күрестім
Тіршілікте мен залалдарменен, зауалмен.
Ессіздер менен ездерге кеуде көтердім,
(Сезімсіздерге дәрменсіз мен де екенмін).
Арамзаларды алдыңа жықсам деуші едім,
Япырай, қалай итжығыс болып кетермін?!
Соларды жеңіп, соларды жығу үшін мен
Өзімнің кейде беделімді де түсіргем.
Сондықтан сенің алдыңда бекер шалқайып,
Алдыңда кейде бекерден-бекер кішіргем.
Әйтпесе, нем бар, шалқайып сендей егізге,
Әр өмір сені келеді бір күн өзі іздеп.
Ал, кәне, мені, ал, кәне, мені бауырыңа
Баса ғой мені, баса ғой «қоңыр қозым» деп.
Құлын да даусы шыңғырып шыққан әлгі Өмір,
Сабырлы күйге ауыса берді сәл де бір.
Өлім де сонда езуін тартып, мырс етті,
Өмірді Өлім аяғаны ма әлде бұл,
Өмірден Өлім жеңілгені ме әлде бұл?!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қарлығаш дәурен

  • 0
  • 0

Қарағым, біздің баста да
Қарлығаш дәурен көп тұрмас.
Қанатсыз қалсақ, масқара,
Қанаты барлар жақтырмас.

Толық

Шаштым, төгілдім, шайқалдым

  • 0
  • 0

Шаштым, төгілдім, шайқалдым,
Жастық буы бар «сайтанның»
Уын ұрттадым, уыт қайтардым.
Буы биледі, уын ұрттадым

Толық

Баламын әлі

  • 0
  • 0

Баламын әлі...
Басымда менің көп қиял,
Басымды ертең тауға да, тасқа соқтырар.
Заманның жал-жал толқынына да лақтырар,

Толық

Қарап көріңіз