Өлең, жыр, ақындар

Дыбыс немесе Нұрғиса Тілендиев туралы жыр

  • 31.08.2020
  • 0
  • 0
  • 3223
Меніңше, бұл адам
«Дың» еткен дыбыстан жаралған.
«Дың» еткен дыбыстан –
Туатын «үп» еткен самалдан.
Тырс еткен тамшыдан –
Тырс еткен жасыңнан жанардан,
Сарт та сұрт найзағай жасылдан.
Іңгәдан,
Үһіден –
Жыласа мұңды адам.
Қуанса туатын дыбыстан –
Кү л к і д е н .
Аққудың сұңқылы,
Бозторғай шырылы,
Қыранның саңқылы,
Ұлардың шуылы –
Осының бәрі бар бойыңда, не керек,
Адамсың, ағажан, керемет!
Дыбыс қой қайғының үрейі,
Дыбыс қой бақыттың реңі,
Дыбыссыз соқпайды адамның жүрегі.
Ақын да дыбысқа табынар,
Атом да дыбыспен жарылар.
Завод та,
Құрылыс та,
Затың да, шегең де
Дыбыспен салынар,
Дыбыспен қағылар.
Бойыңда дүниенің дыбысы,
Дүниенің дыбысы –
Мөлдір үн, мөлдір ән,
Тартшы, аға, қайда әлгі
Ахмет Жұбанов сыйлаған домбыраң?!
Қырық бес жыл ұстаған,
Құп-құйттай күреңсал домбыраң
Қырық бес жыл басыңа қыстаған
Бағың ба, киең бе құдірет,
Тартшы, аға, тағы да, тағы да бір рет.
Бір рет,
Бір рет,
Тек біреу.
Өнердің құдіреті біреуде,
Бір рет жандыру, сөндіру, от күреу.
Бір бала,
Бір бала,
Сол бала өзіңсің –
Ахмет Жұбанов таныған, тентектеу, тектілеу.
Ағажан, түсінем,
Қырық бес жыл дыбысты «құраулап»,
Қырық бес жыл дыбыстан сыр аулап,
Жыламай жыларда,
Күле алмай күлерде
Өзіңнен гөрі сен
Өзгенің жүрегін жиі аңдап,
Өмір сүру оңай ма
Дыбыспен қияладап?
Дыбыстың қиялын
Шындыққа жалғастыр.
Жүректің дыбысын
Жүрекке алмастыр.
Оңай ма?!
Ағажан, түсінем,
Тартшы, аға, қайда әлгі
Ахмет Жұбанов сыйлаған домбыраң?!
Тартшы, аға,
Есімнен тандыра!
Алқалы ел жиналсын алдыңа.
Алдыңа жинап ап халқыңды
Тойда да,
Дауда да –
Бәрінде, бәрінде, бәрінде
Дыбыспен жинайды дағды да.
«Дың» еткен дыбыстан жаралған жан аға,
Қайда әлгі киелі домбыраң,
Шанағын сабала,
Сабала,
Сабала,
Сабала дыбысты,
Дыбысты бағындыр,
Дыбыстан тұрады шежіре – замана!
Дыбыстың иірімі арқылы
Айтамыз барлығын
Немере,
Шөбере,
Шөпшекке, балаға.
Жан аға, жаныңды аяма,
Аянба!
(Аяну болды ма?!)
Қолыңда не нәрсе,
Таяқ па?..
Таянба!
Мә, саған домбыра!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Адамзаттың әулетіміз – бәріміз

  • 0
  • 0

Адамзаттың әулетіміз – бәріміз,
Жер – кемеде бірге біздің жанымыз.
Адам ата, Хауа анадан таралған
Әуел баста нәсіліміз, қанымыз.

Толық

Өтеді де кетеді екен уақыт

  • 0
  • 0

Өтеді де кетеді екен уақыт,
Жылағанды алдарқатып, жұбатып.
Мейманасы тасқандарды жылатып,
Тауды тас қып, тозаңға оны уатып,

Толық

Қырман басында

  • 0
  • 0

Елу тоғызыншы жылы қырманға барғаным есімде,
Тайынша жетектеп тырбаңдағаным есімде.
Қайрағым да жоқ, орағым да жоқ қолымда,
Күн құлап кеткен бесінде

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар