Өтеді де кетеді екен уақыт – Кеңшілік Мырзабеков

Бұл бетте «Өтеді де кетеді екен уақыт» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 01.09.2020
  • 0
  • 0
  • 3114
Өтеді де кетеді екен уақыт,
Жылағанды алдарқатып, жұбатып.
Мейманасы тасқандарды жылатып,
Тауды тас қып, тозаңға оны уатып,
Өтеді де кетеді екен уақыт.
Бәрі өткінші –
Балдай бақыт, удай мұң,
Мен сондықтан сағым-бақыт қумаймын,
Мен сондықтан сұм-қайғыңа қыңбаймын.
Сыбағама тартса өмір қайсысын,
Сыйдай көрем, сыртқа теуіп тұрмаймын.
Алаламан адамға тән еншіні
Емес олар ешкім жекеменшігі.
Балдай уақыт – удай мұңның уызы,
Көздің жасы – бір дүние туысы,
Біл, жүректің перзенттері, дұрысы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері