Ақынға сыр
(немесе бала Жамбыл туралы)
Кей күні жыр жазбаймын, жер бетінде
Бар ғой деп менен басқа бала Жамбыл.
(Т. Молдағалиев)
Жер бетінде бала Жамбыл бар еді,
Жер бетінде жаңа Жамбыл бар еді.
Дана Жамбыл жүзге жете көз жұмды,
Бала Жамбыл он-ақ жасар бала еді.
Дана Жамбыл ақ батасын халқына
Шабытпенен бере салды шалқыма.
Бала Жамбыл басы айналып қарады
Алатаудай ақиықтың даңқына.
Дана Жамбыл ол да қимай қарады
«Ізбасарым кім екен» деп артына.
Бала Жамбыл бата сұрап баруға
Жетпейді әлі шамасы да, шарқы да.
Дана Жамбыл ізбасарын білген жоқ,
Сенді бірақ табиғаттың шартына.
Бір топырақта бір дана мен бір бала
Алмасатын дүние заңы, салты да!
Міне, солай!
Алмасты да жалғасты,
Дана Жамбыл қайтпас сапар, жолға асты.
Сол топырақта дәл сол кезде бір бала
Күбірледі өлең жолын алғашқы.
Тұмаш аға, сен емес пе сол бала?
Ес біле сап ел мұңына толғана,
Ел мұңымен өз мұңыңды қосқанда
Ең алғашқы жырың сенің болды, аға!
Мұңмен бастың ең алғашқы мауқыңды,
Гүлмен аштың сезіміңді, зауқыңды.
Мұң мен гүлдің арасынан бал беріп,
Сен тәнті еткен Тұманбайсың халқыңды.
Ал бірақ та сол Тұманбай болғанша
Жүрегіңмен кештің сапар, жол қанша?!
Мұңнан бақыт жасау үшін, гүлден бал,
Сен өмірді сүйдің естен танғанша.
Адам – перзент,
Ақын – перзент, қолынан
Сүю келсе, келсінші тек молынан.
Мен Тұманбай жыры арқылы әуелден
Халқын сүю қасиетіне табынам.
Халқын сүю, халқын сыйлау арқылы
Мүмкін ақын күйді, жанды, балқыды.
Талай жаңа махаббатты тұтатты
Тұманбайдың жырларының шарпуы.
Сол Тұманбай той иесі бүгінгі,
Сан мың жүрек түкпіріне үңілді.
Махаббаттың сөз кезегі келгенде
Халқы талай Тұмашына жүгінді.
Махаббаттан бағы жанған Тұмағаң
Махаббатпен жасады ылғи тұғырды.
Барлық ақын махаббаттан туды да,
Соқпақ іздеп сан тарапқа жүгірді.
Ал Тұмағаң сол мейірімнің бауырында
Туды, өсті, маңдай терін сіңірді.
Алатаудың бауырында өскен емендей
Тарам-тарам тартты тамыр, түбірді.
Елу жылдық сол еменнің түбінде
Ал, жас ұрпақ, оқы сен де жырыңды!
Саясы кең елу жылдық жақсы емен
Кәрі де емес, балаң да емес жас перен.
Бар бұтағы, әр бұтағы бүр жарған,
Бір жапырақ, бір гүлі жоқ тас керең.
Қандай бақыт?!
Сол еменге теңейтін
Ақын ағаң бар алдыңда демейтін.
Дана Жамбыл бола қоймаса дағы,
Желеп-жебеп жібереді ол сені еркін.
Дана Жамбыл туған топырақ құнары,
Әлдилеген қазақы жыр шынары
Сонау жылғы бала Жамбыл бұл күнде
Тұманбайы – елдің Тұмаш, Тұманы.
Ол елуде, еркелетсе елі оны,
Еркелетер бар ғой оның себебі.
Қаншама жыл түн ұйқысын төрт бөліп,
Туған халқын жүрегіне бөледі.
Ол елуде, көтерсе елі төбеге,
Одан, сірә, аласарып, шөге ме?!
Қаншама жыл жүрегінен жұлып ап,
Жылу берді басқа тән мен денеге.
Бала Тұмаш – бала Жамбыл баяғы
Аға болды айналасы саялы.
Халқынан ол қашан жанын аяды,
Халқы да оған құшағын кең жаяды,
Жыр – Жамбылдың қонды оған киесі,
Қонсын енді бақытының баяны.
...Жер бетіне жаңа Жамбыл келер деп,
Бала Жамбыл жаңадан жыр берер деп,
Кей күндері жыр жазбасаң, Тұмаға,
Келешекке көз қырын сал елеңдеп.
Сонда, ағатай, көп қызықты көрерсің,
Өнер – бәйге,
Өнер – сайыс, сенерсің.
Сол бәйгеден малтыққан бір жүйріктің
Жүйріктігін тани қалсаң, демерсің.
Демерсің де, деміңді бір аларсың,
Бала Жамбыл жолыққандай боларсың.
Бала Жамбыл болса өзіңе лайық,
Ол баянды бақытыңнан хабаршың.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі