Өлең, жыр, ақындар

Ебінің желі

  • 01.09.2020
  • 0
  • 0
  • 1697
Ерітші, еріт, Ебінің желі,
Емдеші қане, деміңмен деме.
Жел-құзымды алып көңілімдегі,
Көтерші көкке, желіңмен жебе!
Бітірші маған жел-қанат демде,
Берші бір сәтке қиял-ғаламды.
Қанатымды тез қомдап ап мен де
Кезейін сендей қиян даламды.
Сілкінейін де, серпілейін де,
Үйірілейінші, жел дүлейін де.
Ебі желіндей ебіл де себіл
Сүйгім келеді елді менің де!
* * *
Ебінің желі лүп етті,
Төбеден жүзіп бұлт өтті.
Күнгейге шарпып нұр тепті,
Беткейде бұлақ бүлк етті.
Ебінің желі лүп етті,
Лүп еткізгендей жүректі.
Қызыққа толы түн өтті,
Қалғандай қармап бір отты.
* * *
Ебінің желі, Ебінің желі, Ебі жел,
Таңдайын қағып тамсанады екен тегіңе ел.
Жеңіл емессің сен еліктейтұғын серілер,
Аруларға ұқсап әдетің де жоқ керілер.
Жылылығыңды жұмақтың нұры депті ғой,
Салқындығыңды жұмбақтың бірі депті ғой.
Бірақ та қазір болжамның күні өтті ғой,
Ғалымдар айтсын, айтатын кезі жетті ғой.
Ғалымдар рас, қуатын-күшін өлшер де,
Жатқызар оны миллион аттық мөлшерге.
Ебінің желі жансыз жел десе сенбеймін,
Ғылымға-дағы, ғалымдарға да сенсем де.
Ебінің желі таулардың мүмкін тынысы,
Ырысы мүмкін, толғанда шашқан уысы.
Қасиетті мұндай берді деп қалай айтарсың
Таулардың жансыз қолаттары мен қуысы.
Ебінің желі-ай, сипатпай өтіп жалыңнан,
Қақпадан шығып, қоңыр төс іздеп сабылған.
Мен туған дала – Торғайға дейін жетесің,
Аңсатқан сезім айырмай мені арыннан.
Суысаң – суы, жылысаң – жылы мезгілдей,
Саябыр тауып, селсоқтығыңды сездірмей.
Ебінің желі-ай, сағыныш лебі секілді
Қашықтықтарды қаусыра берші көзге ілмей.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сұлтанәлі, сенікі ненің шөлі

  • 0
  • 0

Сұлтанәлі, сенікі ненің шөлі,
(Әлденеге сусатты-ау өмір сені).
Сен әйтпесе әуелден ашқылтымға
Жоқ жігіттің бірі едің көңілшегі.

Толық

Ақ көйлек

  • 0
  • 0

Қаладан маған әкелген көкем ақ көйлек,
Жұп-жұқа сәтен, өзіме ғана шақ көйлек.
Ойлайтын едім, дәл мұндай мата жоқ қой деп,
Киер ем күнде...

Толық

Білесіңдер ғой, білесіңдер ғой бәрің де

  • 0
  • 0

Білесіңдер ғой, білесіңдер ғой бәрің де,
Жүрегі құрғыр көнгісі бар ма әмірге?!
Басыңда бар ғой, басыңда бар ғой бәріңнің
Жүрегі құрғыр төзгісі бар ма зәбірге?!

Толық

Қарап көріңіз