Өлең, жыр, ақындар

Елу жетінші жылғы жетінші қараша

  • 02.09.2020
  • 0
  • 0
  • 705
Кебек пен кеусен ас та төк болған сол күзде
Алысқа кеткен ағамыз келді елді іздеп...
«Бір сауын сиыр, бірер қап бидай бар бізде»
Шекеден қарап, «енді біз кімнен кембіз» деп.
Ағайын-туыс шабылып оны шақырып
Жамалған жыртық, кетіктің орнын көрсетті.
Ағамыз болса ішінен ғана аһ ұрып,
Ойменен жүдеп алыс жылдарға жол шекті.
Көзіменен қарайды бізге, мың қатпар
Өзекті жарды өзі арқалаған салмақтар,
Көзінде оның аманат атты тіл-хат бар,
Сөзінде оның сызы өткен күннен зардап бар.
Жөтеліп күрк-күрк, шекесі зыр-зырқ солқылдап,
Көгеріп барып, сазарып, өліп тірілген.
Тамағын сосын сөйлейтін еді сәл қырнап:
– Әкелген менің сыйым ғой, – деп, – бұл Сібірден.
– Әкелген менің сыйым ғой, – деп, – бұл Сібірден,
Қабағы кенет қас-қағым сәтте қасарды.
...Баламыз біздер сүйінші сұрап жүгірген:
«Жасанды жердің серігі ұшты! – деп.– Жасанды».
Әкелген сыйы көкжөтел ме деп Сібірден
Көкшулан шашты қараймыз көксау кісіге.
Қабағы қату, дүниеден бірақ түңілген
Қалпы жоқ адам, үйіріп жұртты ішіне.
Үйіріп тартып ірімдеріне жанының,
Жүректе сызат, сөзінен сыздап салқын мұң.
– Көретін менің кішкентай ғана жарығым,
Бұйырған құйттай дәм-тұзы-ау, – дейді, – халқымның.
«Жазмыштан озмыш осы шығар-ау, – деп, – жоқ деген»
Шайқайды басын сыпырған тағдыр ноқтасын.
Көргеннің бәрі той емес бірақ көппенен,
Қараптан қарап қиянат дәмін татысқан.
Мен емес жалғыз жазықсыз жапа шеккен жан,
Мен емес жалғыз жазымнан ғана сотталған.
Мен емес жалғыз тартқанда тағдыр көкпардан
Айырылып таңы, әрең де әрең шақ қалған...
Мен емес, – дейді, – емеспін, – дейді, – мен жалғыз,
Күлтілдеп ісіп, көзінің алды боталап.
Баламыз біздер, сеніп те сенбей аң-таңбыз,
«Жазықсыз адам соттала ма екен, о тоба?!»
Жазықсыз адам соттала ма екен, о, тоба?!
(Ақталса-дағы іздейміз астар-сырды біз...)
Қызыл қырманда қызыл ұшықтап жотада
Мәре де сәре елу жетінші жылғы күз.
Мәре-де сәре елу жетінші жылғы күз,
Қапталып қанар, қа
пшық та қапшық ақ бидай.
Арқамызға бір жылымық тиіп күлліміз,
Арқамыз кеңіп көрмеген шығар тап мұндай...
Шәйі жібекке ауысып сәтте боз көйлек,
Шәйдің де түрі, шәйнектің түрі өзгерген.
Келі мен келсап кешеден қалған көз ғой деп,
Көзмүлік етіп сақтатып қойды көзкөрген.
Қол диірмен тартып қолтығын сөккен жеңгелер
Элеваторға тартырып биыл бидайын,
Ішкі жақтардан жақсы сөз жетіп, жел берер
Шолақ белсенді шолтыраңдардың ыңғайын.
Ымменен жасқап, күлкімен мошқап жіберіп,
Бір қырман дәнді арттырып бір-ақ мезгілде.
Жиырма жылғы ашу алқымдарына тіреліп,
Айтатын кезі келгендей талай сөздің де...
– Күйеуім менің ақталды, – дейді бір жесір, –
Атылып кетті жақсылық көрмей жалғаннан.
– Бар болғыр, мынау астықты қара көл-көсір,
Аштықта кеше бір түйір дәні зар болған.
– Әкемді менің ақтады, – дейді бір әйел, –
Сүйегі бірақ қайда қалғанын білмеймін.
Үрейден әбден шайлығып қалған жүрегі,
Жаутаң да жаутаң басыр ғып кеткен зілдей мұң.
– Сен оны айтасың, комиссар менің көкеме
Тыңшысың деп шетелдің жала жапты, – деп,
Шабақтай шоршып, шыжғырған тағдыр – табада,
Тағы бір әйел кешегі күнді жатты іреп.
Сол сөздің бәрін алыстан келген әлгі ағай,
Жүрекпен сезіп, ту сыртымен тыңдады.
Ақыры бір күн...айтатын сырды келді орай,
Тәлкекке түскен шешілді тағдыр жұмбағы.
...Ұлы Октябрьдің мерекесі еді. Салтанат...
Ауыл-ауылдар орталық құлап, сан тарап,
Жиналушы еді Ұлыстың ұлы күнінде
Ала жаз бойғы сағыныштарын арқалап.
Барымен мәзір жасайды халық той-думан,
Тоятқа толы қанағат пенен қайырымнан.
Жұпыны халық ықылық атып тойған жоқ,
Сыпырып алып қаймағынан кіл айырылған.
Сонда да бірақ тай-торыларын жаратып,
Тоқты-торымның тұмсығын тойда «қанатып»,
Жарықтық халық жарқырап шыға келеді-ау,
Тот басқан тұсын алтынменен жалатып.
Ал биылғы жыл...
Елу жетінші жыл күзі,
Қайтадан жанған талайдың сөнген жұлдызы.
«Табындық дейміз жеке адамға біз неліктен,
Тарихты іздейміз көмілген кеше құмға ізі».
Ал биылғы жыл...
Ас та төк астық ақ бидай,
Тойлатпай қоймас, тағы да байыз таптырмай.
Аузынан толып ауылдың құйттай клубы
Салтанат жиын болмаған көптен тап мұндай.
Арқасы кеңіп, айызы қанып тойлап ел,
Беріліп жатты береке жылғы бәйгелер.
Біреуге кілем, біреуге бостон көк костюм,
Еңбегі менен еленуіне сай келер...
Тың жерде тұрған үр жаңа совхоз басшысы,
Үрейден ада, салтанатқұмар жас кісі.
– Осындай астық тапсырсақ, – дейді, – келер жыл,
Миллион сомға жетеді совхоз кассасы...
Халық қой халық, бәсеке-бәйге, дау дамай,
Бейтарап қарап қала алмайды ағайын бей да жай.
«Сен алғаныңда қаламын – дейді, – мен қалай?»
Бір-бірін бірақ қалады қалай қайрамай?
– Бізге ше, бізге?
Бірінен бірі жұтынып,
Бір атпал жігіт тапты бір сөздің ұтырын.
– Бәйгемді менің беріңдер, – дейді ол, – беті ашық
ХТЗ-менен өнімін бердім ДТ-ның.
– Ал мен ше? – дейді Хайролла деген қайрақшы, –
Шалғыларыңды көрермін енді майлатсаң...
Аспазшы жеңгей «әдірам» дейді бәріне,
«Қара суымды берермін енді қайнатсам».
У да шу халық, шуласып қалып шарпысып,
Дау менен дамай келе ме қалай сәл пісіп?
Сол кезде залдан алыстан келген ағамыз
Жан даусы шығып, сап тыйып жұрттың талқысын,
Жан дәрмен қалпы зал толы жұртты қақ жарып,
Мінберге қарай ышқына тартып долданып.
Көнетоз қаптал өңірін ашып қолдары,
Көзінен жасы ытқып та, ытқып парлады.
– Мінеки, жұртым, сендерге мынау бас бәйге,
Ортаңа кәзір ашамын дағы, тастаймын.
Мінеки, Сәкен, мінеки, мынау – Бейімбет,
Ілияс мынау – жиырма жыл жатқан тордағы.
Күлдіреп біткен, сарғайып кеткен үш кітап,
Солардың менде сақталған әрең томдары.
Үшеуін-дағы сыйлаймын бүгін сендерге,
Сорды ғой уақыт, сорғысын енді сорлары...
Түзелді заман, кебек пен кеусен көп болар,
Рухтарыңды жоғалтпасаңдар болғаны!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Балама

  • 0
  • 0

Шайқалмаған сары уыз балапан бала,
Көргенің сенің әлди мен алақан ғана.
Қиялыңменен аймалап Айнакөлдерді
Көзіңнің нұрын сүйкейсің Алатауға да!

Толық

Тоған

  • 0
  • 0

Торғай тасып, «Ұрыөткелден» өтерде
Сонау жылы сасқан екем бекерге.
Апыл-ғұпыл шыға келсем адырға,
Арғы иінде тоған жатыр көтерме.

Толық

Жұқарған менің жүйкелерім-ай

  • 0
  • 0

Жұқарған менің жүйкелерім-ай,
Үйкеледім-ай сендерді.
Сүйкенбес жерге сүйкегенім-ай,
Көтеріп көкке кеудемді.

Толық

Қарап көріңіз