Иманжүсiп
(поэма)
Сонымен Иманжүсiп Ақмолада‚
Түскен жоқ тас түрмеге таққа бола.
Жаққан жоқ ешқашанда аққа қара‚
Жапқан жоқ жәбiр жасап, жоққа жала.
Барымта жасаған жоқ, ұрлыққарлық‚
Тiмтiнiп жамау-жасқау түңдiктi аңдып.
Бәйек боп көрген емес шенi үлкенге‚
Бойында болмыста жоқ кiрiптарлық.
Тiк қарап‚ тура қарап‚ тiк сөйлеген‚
Жан емес бүгежектеп‚ бүкшеңдеген.
Даланың серiсi едi бiлмейтұғын‚
«Не нәрсе басына iс түскен?» деген.
Бай да емес‚ көрген емес кедейлiктi‚
Жаратпас иi жұмсақ төмендiктi.
Байлардың басынғанын көре-көре,
Көзсiз де жасайтұғын көп ерлiктi.
Байау деп‚ шонжар-ау деп‚ ұлық-ау деп‚
Төреау деп‚ ақсүйектiң сынығыау деп‚
Ешкiмнен ылыққан да‚ ыққан да емес,
Іс түссе‚ күнiм қараң... құрыдыау деп.
«Сол‚ – дедi‚ – өлең айтып ел ардақтап‚
Талайды бiлеп‚ сыбап‚ балағаттап.
Талайды iреп-сойып‚ ұрып жығып‚
Жайына жүре берер жаланы аттап».
«Сол‚ – дедi‚ – домбырасын долдана ұрып‚
Домбыра қолындағы ол да бүлiк.
Қазақтың тойларының шырқын бұзып‚
Талайды шырқыратқан жолда жүрiп».
«Мен елiмде жүргенде елден астым‚
Менменсiген талайдың көңiлiн бастым».
Сөзiнiң кеудемсоғын көрдiңiз бе:
«Жаныма ерткен жiгiтке олжа салып‚
Бiр түнде сегiз қыздың қойнын аштым».
Мiнеки, көрдiңiз бе сөздiң дөйiн‚
Көзақы қалдырмайды көз көргенiн.
Жүйрiк ат‚ сұлу әйел‚ сұңқар көрсе‚
Кетедi иемденiп кез келгенiн.
Болыстың атшабарын қойдай сабап.
Бiр сабап‚ екi сабап... қоймай сабап.
Ол ол ма‚ Қараөткелдiң көшесiнде
Iшiп ап‚ опыр-топыр ойран салад...
Бiреудiң әйелi әйел бола ма оған‚
(Осылай сөйлей ме екен адал адам?)
«Қараөткелдiң кiргенде көшесiне
Маржалары көрем деп қамалаған».
Сонда олар секiлдi оған өлiп-өшкен‚
Көрдiң бе‚ көкiрегi‚ көңiлi үстем.
Кәдiмгi көрсеқызар көкжал дерсiң
Қанағат нәпсiсiне жегi түскен.
Өзiндей әуейлердi елден жиып‚
Базардың бар екенiн келген бiлiп.
Қараөткел көшесiнде көлеңдеген
Қайсыбiр осынысы көргендiлiк?..»
Бұл өсек‚ бұл ғайбатты Иманжүсiп
Естiген. Оған бiрақ иi түсiп‚
Қорқа ма‚ имене ме... ары таза‚
Бiледi өш екенiн сүтке мысық.
Бiледi бұл өсектiң қайдан тарап‚
Баратын бағытын да қайда анталап.
Халқы ғой Қараөткелдiң болыстыққа
Ұсынып, жоғарыға қойған талап.
Сол халық сенбес-ау деп бұл ғайбатқа‚
Жанталас Жайықбаев, сiрә, ойлап па?..
Бiлетiн исi қазақ, Иманжүсiп –
Өз ұлы өзекжарды бұл аймақта.
Бұл өлке‚ бұл өңiрде оның атын
Қазаққа қадiрлейдi жаны жақын.
Өйткенi ол қашан болсын‚ кiмге болсын,
Халықтың болмысымен жолығатын.
Болмысы – мiнездегi кесектiгi‚
Ептiнi‚ ұнатпайды есептiнi.
Болмысы – тимей жүрмес бiр адамға
Не көмек‚ не себесiн, не септiгi.
Болмысы – ән мен жыры‚ сөз бен сыры
Таусылмас таусылғанша көзден нұры.
Бiр өмiр – жұтқан ауа‚ бiреуi өнер‚
Соңғысы артта қалар өзге өмiрi.
Болмысы – ала қойды бөле қырықпай‚
Ауасын бiр аспанның бөле жұтпай‚
Адамға болса екен деп тiлейтiнi‚
Көңiлiн еш пенденiң және жықпай.
Ақыры аңға шықса жолаушыға,
Қалды ма қанжығасын ол ағытпай.
Пушкиндi‚ Крыловты және Абайды
Жатқа айтар‚ айтылмаған жаңалықтай.
Әрине‚ орысшасы аздау болар‚
Ойлары бiрақ бiр-бiр қаралықтай.
Сыйлайды Қараөткелде орыс-қазақ
Жанардың iшiндегi қарамықтай.
«Иман» деп‚ ал бiреуi «Қара Иван» деп‚
Тамыр деп‚ нағыз тамыр табылған деп.
Шақырып тойтомалық‚ пасхасына‚
Төрiнен орын берiп‚ дәмiн дәмдеп.
Шаруа орыс‚ жұмысшы орыс‚ кедей қазақ
«Түбiнде, – дейдi, – саған тәңiр бермек».
«Ә‚ тәйiрi-ай»‚ – дейдi де бұл әнiменен
Әп-сәтте жiбередi көңiл демеп.
Содан соң шақырады Күйгенжарға:
«Тептегiс бiрiң қалмай бәрiң кел»‚ – деп.
Жол түсiп Қараөткелге шықан сайын
Зейнептiң сәлем-сауқат құрт пен майын
Жүредi ала келiп‚ ала кетiп,
Береген алаған ғой жұрттан дәйiм.
Захардың‚ Василийдің‚ Николайдың
Үйiнде қона жатып ол талай күн.
Естiген «революция» деген сөздi,
Түйiнiн кедей жұртқа ортақ ойдың.
Естiген Ресейде бiр дүмпу барын‚
Патшаға қиын-қыстау күн туғанын.
Сол жылы Күйгенжарға келе жатып‚
О‚ ғажап жүрегiнiң бұлқынғанын...
О‚ ғажап‚ жүрегiнiң бұлқынғаныай‚
Бұнысын байқамаған, шiркiн‚ қалай?
«Азаттық‚ азаттық» деп тамырлары
Болады шыр-шыр етiп‚ шыр-пыр қалай?..
«Азаттық‚ азаттық»‚ – деп күбiрлеген‚
«Азатпын! – дедi ол iштей‚ – тiрiмде мен.
Бiреуден қорлық көрiп‚ қорықтым ба‚
Жүректiң кезi бар ма дiрiлдеген?»
«Азатпын‚ мен азатпын, – деген iштей, –
Ер жiгiт өмiр сүрмес ерегiспей.
Ондайда жеңiлгем жоқ‚ жеңдiм ылғи‚
Бiрақ та шын азаттық ол еместей.
Кең дала‚ еркiн дала‚ кең елiмде‚
«Кемсің» деп айтқан бар ма менi елiмде?
Басымнан сөзi асқан жоқ‚ ақылы да‚
Байдың да‚ болыстың да‚ төренің де.
Халқыма кезiм бар ма сыйсыз болған‚
Жұртыма жырсыз барған‚ күйсiз барған.
Бұғылы‚ Тағылының тауларының
Жұттым ғой бiр адамдай иiсiн‚ жалған!
Басына салдым бүркiт‚ алдым түлкi‚
Қыран ба?.. Құс болғанмен әркiмдiкi.
Талайлар айып-жала жаққанымен‚
Кiсенiн сала алмады тағдыр құлпы».
Өнердiң сегiз қырлы сиқырымен‚
Мiнездiң кеңдiгiмен‚ сүйкiмiмен.
Пиғылдың тазалығы‚ аяулы жар –
Зейнептiң күтiмiмен‚ күйтiменен.
Кейiн қап көрген емес заманынан,
Қор болып күйбеңменен‚ күйкiменен.
Әулетi кiндiк емес көп тараған‚
Дәулеттi «қолдың кiрi» деп қараған.
Көрген жоқ көптен озып‚ көштен қалып‚
Халқы жоқ кеудесiнен қақпалаған.
Маңдайын тауға да ұрып‚ тасқа да ұрып‚
Талай сын өткелектен өткен аман.
Өмiрге налыған да кезi болды‚
Жалтақтап жолаушыдай жоқ қараған.
«Азаттық» деген сөздi ойламаптыау‚
Япырай‚ киiп жүрiп ноқта-заман.
Азаттық алыста екен... Бұлың-бұлың...
Көзiне елестейдi бүгiн мұның.
Отыр ол тас түрмеде‚ ендi бiлiп
Сондағы санасының бұлыңғырын.
Отыр ол тас түрмеде‚ тас шеменде‚
Басқа ойда‚ басқа дүние‚ басқа әлемде.
Кешегi сейiл-серуен‚ бас бостандық
Кей-кейде көтергенi босқа кеуде.
Дегенi «Сөзiм азат‚ өзiм азат»‚
Дегенi «Жауға бермес менi қазақ» –
Секiлдi бәрi өтiрiк‚ бәрi мазақ‚
Неғылған кереғарлық бәрi ғажап!
Отыр ол тас түрмеде ойда осындай‚
Жүрген жан кең самиян жайға сыймай.
Жалаған өз жарасын жолбарыстың
Шарасыз айласы бар айласындай.
Ызадан ыңыранады... уһiлемей‚
Кейiмей‚ өзiн-өзi сiлкiлемей.
Көкжалдай iшi-бауырын тартып алып
Жауына атылмайтын бiр түлемей.
Сырықтай ұзын бойлы‚ сәл бүгiңкi‚
Тұтасқан сақалымен шалғы мұрты.
Жанардың тереңiнде от ойнайды‚
Жандырған күйзелiстен жанның ырқы.
Бура сан борша-борша‚ қадау сүйек‚
Етi жоқ‚ еңсегейдi қалай сүйеп
Тұр екен деп ойлайсың‚ бiр қарасаң‚
Жараған жорықтарда жолаушы деп.
Бойынан боркемiктiк байқалмайды‚
Тұтқын деп әлi де ешкiм айта алмайды.
Шарасыз қалдырмақшы тергеушiнiң
Шалдуар сауалына шайқалмайды.
Ай өттi сұр түрмеге бұл түскелi‚
Ертең сот. Бұл болса сот қылмыскерi.
Келдi үкiм. Құтпановты сол өлкенiң
Билерi соттасын деп бiлгiштерi.
Ертең сот. Билер соты. Дала соты.
Бөлiнген Қараөткелдiң алашы екi.
Бiреуi Жайықбаев жағында едi‚
Байлаған шаужайына шамасы‚ еркi.
Қалың топ – Иманжүсiп жанашыры‚
Халқының азаматы‚ сана-сертi.
«Бұл соттың осы өлкеге бетiн бұрған‚
Адвокат Михеев қой‚ беу‚ антұрған.
Дос деген‚ тамыр деген жақсы екен ғой
Дәл бұлай жасай алмас бiрге туған».
Деп iштей Иманжүсiп езу тартып‚
Жанашыр жақсылыққа өзi балқып.
Ойлайды: «Қиямет те‚ құдiрет те сол –
Адамның тууыау‚ – деп‚ – сезiмi артық».
Дос шықпас жалынғаннан‚ табынғаннан‚
Жүрек қой Михеевке әмiр болған.
Омбыға Ананышев Василиймен
Бiр барып‚ бауырласып тамыр болған.
Адвокат қыр қазағын iштен сынап‚
Бұл-дағы елпiлдемей күш қамшылап.
Омбының зиялысы Құтпановқа
Әйтеуiр бiр көргеннен түскен құлап.
Ұнаған ниетi ме‚ пиғылы ма‚
Әйтпесе өнерi ме‚ күй-жыры ма.
Екеуi төл боп шықты түйдей құрдас‚
Тағдырдың не айтарсың бұйрығына.
Дегенi «Беу‚ антұрған» – ырзалығы,
Құрдастың қысылғанда қимылына.
Бiледi ол дала даусыз болмайтынын‚
Қалың топ Құтпановты қорғайтынын.
Жүз жерден Жайықбаев болыс болсын‚
Бiледi сөзге келсе «оңбайтынын».
Жекпе-жек тезге келсе тағы да оның
Бiледi тiресуге бармайтынын.
Сондықтан бұрды осылай соттың бетiн‚
Аударып азабынан кеттi iндетiн.
Омбыға Қараөткелден хабар берiп‚
Атқарды тамырлары көп мiндетiн.
Жасаған Жайықбаев алашапқын‚
Арада бәрiн жасап аласаттың.
Сайланып болыстыққа алғаннан соң‚
Өштескен «жауларына» және шапты.
Болыстан болмай жатып «келсiн» деген
Хабар кеп‚ Иманжүсiп менсiнбеген.
Одан соң суыт хабар тағы келдi‚
«Салығын кешiктiрмей берсiн» деген.
Қайыра Иманжүсiп жауап бердi:
«Ешкiмге бересiм жоқ еншiмнен мен».
Содан соң бiр шабарман тағы келген‚
Тақ бұйрық әкелгендей тәңірінен.
«Сый болсын‚ – дептi, – маған Сейiлторы‚
Артық па ағайындық қадiрiнен?
Арада бiр қылқұйрық жүрмей ме екен‚
Жылқы затын бұл қазақ бәрi мiнген.
Бермесе өзi бiлсiн... Құтылмайды
Ақ патшаның әдiл заң – әлiбiнен».
Бұл сөзге Иманжүсiп қаны қатып‚
Шашырап көздерiнен жалын атып:
«Сәлем айт Рақымжанға‚ – дедi ол сонда‚ –
Есiне сақтап жүрсiн әр уақыт.
Намысын Иманжүсiп аттатпайды‚
Құдайы қор қылмаса‚ өлi жатып.
Торымды бере алмаспын, бас берсем де‚
Кетсе де ақ патшаның әмiрi атып.
Ұсынса болыстыққа ел ұсынды‚
Мен оның тиген жоқпын арына түк.
Болыс боп сайланды ғой‚ ендi менiң
Соңымда не өшi бар сабылатын?
Арыма тие берсе‚ құдай болсын‚
Айтып бар мен емес деп жалынатын».
Содан соң Қараөткелге тойға барған‚
(Кезi жоқ айтқан сөзден тайғанаған).
Серiсiн халқы көптен сағыныпты,
Жиналып қырдағы адам‚ ойдағы адам.
«Иманжан‚ сағындық-ау дауысыңды»‚ – деп‚
Жан-жақтан әншiсiне салсын мiндет.
Әншi де ағыл-тегiл қозды арқасы,
Дегендей «Қалсыншы бiр халқым гулеп».
Ұйыды ел. Әншi неден алаңдайды‚
Елiндей ешкiм қорған бола алмайды.
Халқының жүрегiне кiредi үңгiп‚
Жүректен ешкiм тартып ала алмайды.
...«Қазақтың бар қатыны ұл тапса да‚
Бәрiбiр Иманжүсiп бола алмайды».
Мейiрiмнiң көлшiк көзде оты жүздi‚
Ән шiркiн шыдатпайдыау нәтiңiздi.
Сол кезде есiк жақтан шықты дауыс:
«Ағажан‚ әкеттi, – деп‚ – атыңызды».
Суық тер мұп-мұздай боп кеттi жоны‚
Кеудеге қадалғандай кектiң оғы.
Қашқынның бiреуiнiң тiзгiнiне
Омыраудан оқ бойы озық жеттi қолы.
Аударып тастай салды аттан оны‚
Бұл өзi орғыл құмның қапталы едi.
Орғылдың турасынан қиып алып‚
Қашқын топ қарсы алдынан соққан едi.
Қашқын топ қарсы алдына жеттi қарпып‚
Бiреуiн ұмар-жұмар өттi тарпып.
Көзiне қан толмайтын әдетi едi‚
Тегiнде қасиетi-ау тектiң артық.
Торысын аударып ап мiндi-дағы‚
Ештеме болмағандай кек қыларлық.
Иттерге қыңсылаған қарамастан‚
Ауылы Күйгенжарға кеттi тартып.
Ал бiрақ ертеңiне Күйгенжарға
Сау еттi сары ала қол... иман бар ма?
Алтауы – рассыльный‚ ал төртеуi –
Сұп-суық стражник‚ иланғанға.
Соңында отыз солдат осылардың‚
Селт етпей серi оларды тосып алды.
Зейнептiң жыламауын өтiндi тек
Және де жау алдында жасымауды.
Зейнеп те әйел едi мықты асыл тек‚
Шыдайтын «шықпа, жаным‚ шықпашы» деп.
Сондықтан абысындары әзiлдейтiн
«Бүгiнгi Қобыландының Құртқасы» деп.
Iшiне ащы ызасын жұтты деммен‚
Жыламай қалды қатып – мықты дәрмен.
Серi де сертке берер сере қолын
Кiсенге тоса бердi ықтиярмен.
Мiнеки‚ тас түрмеге түстi осылай‚
Кешегi ұзын қолдың қысқасынай.
Ертең сот. Еркiндiкке ендi жетсе‚
Қап‚ бәлем! Түспес жұмсақ тiске осылай.
Қап‚ бәлем! Түспес жұмсақ тiске осылай‚
Көп ойдың көкiрекке тұстасуыай.
«Қап‚ бәлем‚ қап‚ бәлем»‚ – деп қаны қатып‚
Кiрдi ол сот залына‚ iшке осылай.
Өкiлi сегiз болыс. Жүз қаралы.
Төбе би төрде отырған сызданады.
Сескенбей ештеңеден Иманжүсiп
Сотта тұр – Қараөткелдiң мұзбалағы.
Ол неден жалтаңдайды‚ жасқанады‚
Қабарып тас түюлi қас-қабағы.
Бiлдiрдi бiр-екi би жақсы ишарат‚
Бұл оны құлдық ұрып қоштамады.
Ешкiмге бәйек болмас бас сауғалап‚
Кетсе де төбесiнен аспан құлап.
Ар таза‚ жүрек таза‚ терге‚ тексер‚
Айтпайды Иманжүсiп бос сандырақ.
– Ал, кәне‚ сөйле! – дедi төрдегiсi‚ –
Дейдi ғой осы өңiрдiң сен бөрiсi?
– Ол рас‚ – дедi серi‚ – сол бөрiнiң
Қор боп тұр кештеу түлеп көнтерiсi.
Қор боп тұр кештеу бiлеп азуын да‚
Әйтпесе Жайықбаев жазымымда,
Жоқ болып баяғыда кетер едi‚
Таба алмай тұғырын да‚ қазығын да.
Бұл қазақ бiлмейдi екен бәстесi кiм‚
Тағдырдың маңдайында жазуында.
Қалың топ қатысушы дүрлiгiп қап‚
Бiр-бiрiн емеурiнмен‚ ыммен құптап.
«Ә‚ бәсе‚ батыр солай сөйлейдi ғой»‚ –
Дейдi iштей қыбы қанып‚ қыпылықтап.
– Рас па?.. Бiр ай бұрын тап осыдан‚
Болысты жұлқылапсыз жағасынан?
– Бәтшағар! – деп бiреуi ыршып түстi, –
Шыққан ғой шариғаттың шарасынан.
– Жә‚ – дедi сонда серi мақам еппен‚ –
Қиянат жасаушы ма ед атағы өктем?
Атымды алып қашқан бiреулердi,
Ол рас‚ қуып жетiп тапап өткем.
Болыс па‚ ұлық па деп қарағам жоқ‚
Ұрыны адам ғой деп санағам жоқ.
Солардың арасында болса болыс,
Сияпат сыйлаппынау шамадан көп...
Қалың топ қатысушы мырс-мырс күлдi‚
Төбе би төбедегi бiр түшкiрдi.
– Жәрәкүмалла‚ – дедi өзiне-өзi‚ –
Қорқыту қиын екен бұл түскiрдi.
– Әй‚ – дедi бүлiк биi Атбасардың‚ –
Ел сенi тектiмiз деп топқа салды.
Сен болсаң‚ тектi болмай‚ тентек болдың‚
Тұрады басыңдағы бақ қашанғы...
Түскен жоқ саған құрық‚ әлi жүген‚
Iсiң жоқ елдiң қарыз‚ парызымен.
Ендi сен атағыңды әнмен емес‚
Шығардың әйелiңнiң арызымен.
– Әйелiм губiрнатырға арыз жазды‚
Басымнан ығыстарды бар ызғарды.
Не iстейдi сауатты әйел сөйтпегенде‚
Құранды құран екеш оқымап па ең‚
Некелi бiр-бiрiне қарыз мәңгi.
Ерiнiң дақ түсiрмей ұранына‚
Тағдырдың төзсiн әйел сынағына.
Сенем мен әйелiмнiң керек болса‚
Алдынан ақ патшаның шығарына.
Секемшiл бiр-екi би үрпиiсiп‚
Ұқпады кiмге мынау тұр тиiсiп.
Сақ олар сауысқандай, үйренген ғой
Бiр шоқып‚ екi қарап тiмтiнiсiп.
Ол айтты:
– Тектi‚ тексiз деген сөз бар‚
Айырмас мағынасын кей арсыздар.
Тал түсте ұрлық жасау тектiлiк пе‚
Бiлiп ап, сосын сауал қоярсыздар.
Ұстап ап сол ұрыны, жетсе де әлi
Ұрмады‚ ең болмаса жасқамады.
Айыбын өзiне арту тексiздiк пе‚
Ашпайақ алты алашқа масқараны?
Қалың топ қатысушы қатты күлдi‚
Қол соқты лапылындай оттың iлкi.
«Жарайсың‚ қайран серi-ай‚ жарайсың!» – деп‚
Билердi билеп кеттi топтың ырқы.
Қараған ел-халықтың аңдысына‚
Омбының осал едi заң мысы да.
Ұсынса кеше халқы болыстыққа‚
Ұсынды разы болып болмысына.
Сол халық бүгiн қалай бере қояр
Шығарған соттың үкiм қаулысына?
Билер де бiле қойды: Иманжүсiп
Билiктiң көнбейдi үстем шарғысына.
Елеңдеп Қараөткелдiң елi тегiс
Серiге көп тiлектес болды, сiрә!
Серi де сездi соны‚ ерiк бердi
Шындықтың семсерi мен шалғысына.
...Сот бiттi. Серiсi азат. Ұшты Зейнеп‚
Серiсi құшты жарын сәл қысыла.
Қаусырып кеттi халық құшағына‚
Бала едi ол жаңа туған бұл шағында.
Түсiндi дүние – фәни‚ өзi – сәби‚
Екенау халық-ана құрсағында.
* * *
Көп адам Күйгенжарға келiп жеттi‚
Серiнiң өкiнiшiн жеңiлдеттi.
Көңiлдi бөлiстi олар‚ көңiлдегi
Көп ойлар лықсып‚ толқып бөлiнбептi.
Қайта ол қоюланып күннен-күнге‚
Жасатып шолу-шолғын күллi өмiрге.
Түйiнiн таба алмайды ұтыстырған
Тағдырдың заңдарының бiрдi бiрге.
Бiр адам Сарыарқада «менмiн» десе‚
Мен деушi ед Иманжүсiп ел бiлмесе.
«Мен елiмде жүргенде жұрттан астым‚
Менменсiген талайдың көңiлiн бастым».
Осы ән‚ осы жырын кiм айтады‚
Тағдыр мен мiнезiне тең келмесе...
Ал сонда мына менi басынғанда‚
Заңына бұл заманның басу бар ма?!
Мына мен зәбiр көрсем‚ жапа шексем‚
Не жорық бас-көзi жоқ тасырларға?
Мен неге зәбiр көрем? Себебi не?
Халқымның қажет болсам керегiне.
Сол халқым төбесiне тiк көтерген,
Батырып жауларымды тереңiне.
Сесi бар сол халықтың‚ жоқ билiгi‚
Билейдi қолдың кiрi‚ көптiң бiрi.
Омбыда адвокат дос айтушы едi:
«Халық‚ – деп, – көтеретiн кек –дүмбiнi».
«Сол қашан‚ сол күн қашан?» деп ойлайды‚
Түйiнiн ойлап-ойлап таба алмайды.
Қолға алып домбырасын‚ мұңын iштен
Сыртына шығарады заман жайлы.
Шыққалы тас түрмеден аз-ақ күнде
Түстi бiр алмағайып ғажап күйге.
Айтпайды бұрынғыдай азатпын деп‚
Немесе көрдiм деп те тозақ – түрме.
Ән салып‚ күйiн шертiп... көп үндемей‚
«Серi едiм‚ Иманжүсiп» едiм демей.
Өнерге тапсырғандай сөздiң бәрiн,
«Өлеңнен көрiнер, – деп, – көңiл – көмей».
Арқаға Күйгенжардан бiр ән тарап‚
Қағып ап туған топырақ‚ туған тарап.
Кешегi ноян серi тас түрмеден
Шыққандай ой арқалап‚ мұң арқалап...
Қалғанмен болыстыққа жасы жетпей‚
Отыздың қақ ортасын тұр орталап.
Ол кеше намыс қуды‚ отына оның
Бiлмептi-ау керектiгiн шыдар тағат.
Ойлапты қолымда – құс‚ көмейiмде – ән‚
Астымда болса болды қыран – торы ат.
Бiлмептi халық қамын ойлау деген,
Көтермей қайғы-мұңын сыңар талап.
Халқына өнер арнар перзент туса‚
Өтедi жүрегiмен жүк арқалап.
Жүр едi осы ойлардың толғағында‚
Таяуда Омбы жаққа жол қамында.
Адвокат Михеевтен хат алған-ды‚
Бұл – талант! Зиялы дос талғамында.
«Кел‚ – дептi, – таныстырам, Петербордан
Бағы бар бiреу келдi бармағында».
Ал бұған жетпейтiнi бiр түйiр бақ‚
Аллаға өкпесi жоқ қалғанында.
Бармақ та‚ таныспақ та‚ алмақ соны‚
Сөйтiп бiр халқына сеп болмақшы едi.
Сөйткенше Қараөткелден хабар келдi:
«Қайтадан абақтыға алмақ сенi».
– Е‚ неге... Әкесiнiң құны бар ма‚
Жүр ме екен қара таппай ұрынарға?
Жауызы Жайықбаев өшiн алып
Бiтпеп пе? Бiтетұғын түрi бар ма?
– Бiтпептi... – Басу айтты тамыры оған‚ –
Жаласы – мiрдей тиген әнiң оған‚
Даланың бунтары деп дәлелдептi‚
Бүлiкшiл‚ ақ патшаның заңына әмән.
Және де қарақшы деп қаралапты
Құрығы еш адамның дарымаған.
Топ жиып‚ топар сайлап өткен жолы
Сотау деп билер сотын танымаған.
Жасауыл бүгiн шықты...
Ал, жасырын!
Бастығы Жантасов қой... залым адам.
– Қап‚ бәлем!
Келсiн‚ – дедi ол‚ – қолында өлем‚
Көп болса‚ бiткен шығар өмiр деген.
Бiрақ та жастығымды алып өлем‚
Қанымды жуып өлем қаныменен.
Зейнепке:
– Қайда? – дедi‚ – қосауызым?
Шетiнен жамсатайын жасауылын. –
Еңiреп етегiне жығылды жұрт:
– Бiз үшiн бiр жақсылық жаса‚ күнiм!
– Қайтесiң‚ қаш пәлекет машайықтан‚
Ел болып құтылармыз осы айыптан!
Жауласпа‚ отбасың бар‚ өз басың бар‚
Болмайды бәрiн бiрдей қоса жұтқан.
Одан да бой тасала‚ қара нарсың‚
Шыдарсың‚ зiл-заланың назары аусын.
Заман да‚ заң да өзгерер деушi едiң ғой‚
Жайықбай тұқымының заманы аусын.
Аға да‚ кәрi шеше‚ жұбайы да
Жалынды. Бұл солардың райына
Көндi де‚ амалсыздан атқа мiндi‚
«Тiлегiм болмадыау‚ – деп‚ – құдайым‚ ә...»
Сол екен‚ сау ете қап жасауыл да‚
Қиғылық салды дейсiң осы ауылға.
– Тап та, тап!
– Қайда кеттi?
– Қашан кеттi?
Дiгiрлеп шешесiн де‚ қосағын да.
Жантасов жалаңдайды сап-сары ала‚
Келгендей жан алуға‚ бас алуға.
Жанында жиырма-отыз солдаты бар‚
Қос-қостан қаруы бар қосарында.
– Тап‚ – дедi ол ағасына – Ақшабайға‚ –
Тап деймiн‚ кеттi қайда‚ қашты қайда?
Көрейiк қалай-қалай тантығанын‚
Кiм едi ол бағынбайтын еш құдайға?!
– Бiлмеймiн‚ – деп Ақшабай үлгергенше‚
Ақи көз‚ алаңғасар бiр дембелше
Дүмiмен мылтығының салып өттi‚
Қамшысы Жантасовтың сiлтегенше.
Басынан Ақшабайдың қан дiрдектеп‚
Кәрi ана жеттi ұлына зар еңiреп кеп.
– Не iстеп ек‚ не жазып ек?.. – жайды қолын‚ –
Құдайау‚ қарғысыңда бар ма едiк? – деп...
Зәре алып‚ иман үйiрiп‚ зар қақтырып‚
Ұлардай кәрi-жасын шулаттырып,
Сыйғызып бiр тарының қауызына
Түндiгiн‚ туырлығын турап‚ тiлiп‚
Жасауыл Күйгенжарды илеп өттi,
Ұйпалап шаңға көмiп‚ құм қаптырып.
Қырда ауыл құр сүлесоқ қалды иiнi‚
Қазақта «мал күйiгi – жан күйiгi».
Иiрiп жүз қаралы жылқысын да
Кеттi айдап – осы болды бар қиыны.
Қорғансыз ауыл сонда зар еңiреп‚
Қорғанын қорғап қалды... керегiрек.
Зорлыққа‚ зомбылыққа iш қайнайды‚
Төзетiн‚ шыдайтұғын себебi жоқ.
Бұл кезде жонда жортып Иманжүсiп‚
Қапа боп қалың оймен жүрдi алысып.
Соңында оңды-солды орағытып‚
Iз кесiп жасауыл да жүр қарысып.
Ол бiрақ қырда – сағым‚ құмда – сынап‚
Ешқашан қолдыаяққа тұрмасы хақ.
Аң аулап‚ елге олжасын үлестiрiп‚
Өз-өзiн осылайша жүрдi асырап.
Құмдағы отырықшы ел некен-саяқ‚
Серiнi көрген емес бөтен санап.
Жасауыл төбесiнен түсер сәтте
Көрсетiп жiбередi төтен сорап.
Көрген жоқ қуғын-сүргiн‚ жаудан сасып‚
Шайқасып‚ мылтық атып‚ майдандасып.
Қолма-қол көз жазып қап қуғыншылар
Қалатын «ойбайласып‚ бай-байласып».
Ол өзi көз мерген де‚ қол мерген де‚
Адамға оқ атпайтын жан-дәрменде.
Және де оққағары бар сияқты
Тайқитын ажалы да дәл келгенде.
Осылай құба-түздi ай паналап‚
Көңiлге алуаналуан ой тағалап.
Оралды Күйгенжарға‚ шыдамады‚
Туған жер бiтiрердей қайта қанат.
О‚ сұмдық! Көп екен ғой көрмегенi‚
«Шыққыр көз‚ таба қылдың сен де менi‚
Жұртымды зар еңiретiп жылатқанша‚
Қу тағдыр кiргiзсейшi жерге менi!»
Бұл сөздi Иманжүсiп iштен айтты‚
Әрине‚ тiлiн қыршып‚ тiстене айтты.
Не iстейдi‚ не iстейдi ендi‚ не iстеу керек?
Дәрмен жоқ. Қолы құрғыр қысқа‚ қайттi?!.
Не пайда қуатыңнан‚ қайратыңнан?
Не пайда алтыныңнан ойда тұнған?
Не пайда – адалдықтан азап көрсең‚
Не пайда – шыққаннан соң қайғы ақылдан?
Тартты ол «Жайықбаев‚ қайдасың?» деп,
Қан тамса көрейiнақ айбатыңнан.
Әйтпесе‚ жылқы үйiрiн алып қайтпақ
Жандайшап Жантасовтар пайда қылған.
Ажалдан қорықпайды...Ұят күштi‚
Әйтпесе келмейдi өлiм қай қапылдан.
О‚ тағдыр‚ бақытты екен дедi ме екен‚
Арыстан мерт болса да Айға атылған...
* * *
Арыстан Айға атылған мерт болған жоқ‚
Мәрт мiнез сенiп келген ақталған жоқ.
Қолына темiр кiсен түстi тағы‚
Өлiм жоқ‚ құныкер жоқ‚ аққан қан жоқ.
Бұл жолы шынжыр кiсен‚ сұр түрмеден
Қорықпаған‚ именбеген‚ iркiлмеген.
Тек қана тас түрмеге кiре берiп:
– Дүниеай‚ тар екенсiң, шiркiн! – деген.
Омбыдан жеттi үкiм де тәулiк аса‚
Зиянын‚ қаупiн айтқан «жаудың» аса.
Басбұзар‚ тентек қана емес дептi‚
Егерде өлең жазып‚ ән құраса...
– Айта бар‚ Жайықбаев дәл аңғарған‚
Әнi ғой пиғылына дәлел болған.
Халықты ылықтырып кетпей тұрып‚
Ондайда әдемiсi жер аударған.
Айта бар‚ – дедi ояз шабарманға‚ –
Сiбiрге... мейлi тiптен одан да әрмен...
* * *
Тайғанап тар қапастың көк тасынан‚
Шыққанда сұр түрменiң қақпасынан‚
Қаратпай алдыартына айдап алып‚
Жөнелдi сүйрегендей ноқтасынан.
Келгендер Күйгенжардан зар еңiреп‚
Ана да‚ ағайын да – бәрi еңiреп.
Құшақтап құйттай ұлын Зейнеп ана:
«Құдайға не жазығым бар едi?» – деп,
Және де сол «құдайдан» жәрдем тiлеп:
«Жасаған Жаппар Алла жар едi», – деп‚
Бiр дәурен бұлбұл ұшты сонда көзден
Дүние құбылысынан бөлегiрек.
...Дүниенi Иманжүсiп ендi көрдi‚
Астасқан көкжиекпен белдi көрдi.
Қоштасқан‚ қол бұлғаған көлдi көрдi,
Көк аспан көз ұшында қалықтаған
Құп-құйттай қанаты бар меңдi көрдi.
Алдында жатқан таныс жолды көрді,
Аймақтан туғантуыс елдi көрдi.
Қолында шынжыр кiсен саудыр-саудыр,
Дүние көз алдында дөңгелендi.
Шаңытып санасына сан ой келдi‚
Қия алмай жан-жағына қарай бердi.
– Қош‚ – дедi‚ – уа‚ туған жер!
Бiр ауыз сөз‚
Бiр ырғақ тiлдiң ұшын орай бердi.
Көкiрек қарс айрылды:
– Қош‚ туған жер!
«Абылай аспас Арқаның сарыай белi...»
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі