Өлең, жыр, ақындар

Шоқан

  • 19.10.2020
  • 0
  • 0
  • 1012
Пролог

Зар, тілді, зауал заман қиындатқан,
О, Шоқан, шындық үшін миың қатқан.
Ішқұса ел өксігі жаныңды өртеп
Кеудеңде найзағай, бұлт, құйын жатқан.
Қанша түн ұйқың шала, қашты-ау мазаң,
Жаныңды жабырқатар тағдыр – тозаң.
Жалғызсың – хас тұлпардың төбеліндей,
Дәрмен – тұл, тек қайнаған ішің қазан!
Жана алмай тұтанасың, дал боласың
Көмескі үмітіңді малданасың.
Жауыздық жұқартады-ау жүйкеңді тек,
Жоқ, Шоқан, бекер, бекер, алданасың.
Жалғыздай шапқан жаудың жасағына,
Жалдадың жас жаныңды ел азабына:
«Шешінген тайынбас» деп күмп бердің сен
Тағдырдың тап болсаң да тозағына.
Қайтпадың, қаймықпадың, жасымадың,
Семсер сөз еді сенің асынғаның.
Бүкпесіз айтып салдың ел тағдырын
Жабырқап жалтармадың, жасырмадың!
* * *
О, Шоқан, асыл мұраңды
Мәртебе тұтып бас ием.
Тізіліп томдар тұр, әне,
Өнеге, өшпес несібем.
Салғандай құрық асауға
Соны жол, соқпақ іздедің.
Ұрпаққа мұра жасауға
Өнерден қолды үзбедің.
Кемеңгер десем сені де
Асырып айттың демес ел,
Сол кезгі туған жеріңде
Өзіңмен, ал, кім теңесер?
Арналды жырым өзіңе,
Ұнатар, біреу ұнатпас.
Сүйеуші таппас кезімде
Рухың мені құлатпас.
...Көрдім мен айлап жол жүріп
Баратын Петербургыңды.
Көгінен лайнер қондырып,
Жерлермен жүрдім бұрынғы.
Ағады Нева қақ жарып
Ленинградтың орманын.
Түндері екен тым жарық
Секілді сенің арманың.
Қатыгез патша кәрі де,
Пәуеске жеккен жорғалар.
Келмеске кеткен, әрине,
Қаптаған қанға қарғалар...
Саф тұлға ойлылардың санатында
Айрықша, уа, Мұхаммед-Ханафия!
Бұйырған қаршадайдан ғұламалық
Жиһанкез атыңды елге таратуға.
Қалғыған Құсмұрынның кыраттары,
Сылқым сай, Сырымбеттің бұлақтары.
Дүниеге келді деп бір перзентім,
Көлдердің сыбдырласын құрақтары.
Сипасын мұртын сергек Сұлтан Шыңғыс,
Болса да одан өзге қанша ұл, қыз,
Мұхаммед-Ханафия боп атанған
Кәдімгі біздің Шоқан туды бұл күз.
Шоқан деп атап кеткен анасы да,
Жасынан назар салған баласына.
Сол Шоқан бөлегірек байқалатын
Көзінің ағы менен қарасына.
Жасырмай зілді өкпесін заманына,
Қараған бұқараның қабағына.
Жиһанкез қазақтың жас ғұламасы
Тап болған тағдырдың сан зардабына.
Талайды таңырқатып талабына,
Жаңалық тұрған тұнып жанарында,
Ер Шоқан Қашғарияға сапар шеккен
Қатердің түсіп не бір азабына.

Қашқарияға сапар
Көшпелі мұңды қазаққа,
Сыйындай тартқан тағдырдың.
Тап сендей перзент аз-ақ та
Зерделі заңғар сан қырлым!
Даладай жазық маңдайы,
Көздері ойлы – көліндей.
Апай төс кеуде арманды
Сағымды зеңгір көгіндей.
Бір перзент туу қалайда
Болған-ау қажет Шоқандай,
Арманы асқақ көп ойда
Тыпыршып тыныш жата алмай.
...Ташкенттің жылпос тұрғыны
Мұсабай атты саудагер
Қапалға келіп бір күні,
Мықтап-ақ түсті «әуреге».
Еріген қары Наурыздың
Он бірінші еді жаңасы.
Қиясы қиын тау-құздың
Күтті алдан сай мен саласы.
Жырақта жатты жұмбақтай
Созылып сауда... серуен...
Жол шықпақ ерте күн батпай
Жасақты жаңа керуен.
Ауыздықпенен алысқан
Тұрды алпыс бес сәйгүлік.
Теңкие жүктер жарысқан,
Көз жауын алар бай мүлік.
Алатау шоқыларындай,
Қомақты биік комдары.
Атандар жатыр арындай,
Жылтылдап кілем жондары.
Сапарға алыс аттанбақ
Бір жүзден астам түйесі,
Мұсакең: «Мен, – деп мақтанбақ –
Керуеннің осынау иесі».
Үстінде сеңсең тоны бар,
Басында түлкі тымағы,
Аттанған «Ақсай» жонынан,
Түріңкі сергек құлағы.
Жолаушылардың біреуі
Жиһанкез Шоқан болатын.
Жүдеулеу қуқылт реңі
Шалынып көзге қалатын.
Асулар талай шалғайда,
Қалды артта сайы «Теректі».
Жас Шоқан ойын жалғайды,
Дәптерге тізіп деректі.
Бусанған ыстық демінен
Мұртына келіп мұз қатып,
Ысқырып боран жеңінен,
Өн бойын суық сыздатып.
Тау-тасы тіліп табанын,
Қажытсын қанша қия бел.
Шытқан жоқ Шоқан қабағын,
Тосты алдан жұмбақ ұяң ел.
Тұтқиыл оғын атады,
Жел тосқан қарақшылар да.
Өзге де жетер шатағы...
Қалайда қажет шыдауға.
Тілсіз жау болып атанған,
Жабыссын мейлі індеті.
Қалмайды Шоқан қатардан,
Борышы ол, арлы міндеті.
Қайратқа бекем мінген ол,
Шыңдалған шымыр төзімге.
Таусылмас тау, тас, күнде жол,
Елестер бәрі көзіне.
Қиялда тулап тасқындай
Тағдыры туған даланың,
Жерінде Қашғар жатсынбай
Бастады ғалым жаңа күн.
Ырғалтып қомын маң басқан
Керуен сол бір шұбырған.
Шекпенін қырау шаң басқан
Жас жігіт ойлы қыдырған.
Жылғалы қатпар көп тізген
Қарт Тянь-Шань, Куэнь-Лунь шыңдары
Дегендей бейне өткізбен,
Жасырып мәңгі жұмбағын.
Томаға-тұйық шалғайда
Жататын Шығыс Түркістан,
Қарақшы қаптап әр сайда
Қабағы қату құртысқан.
Шлагинтвейттің зым-зия
Беймәлім болып қазасы,
Бір қиядан соң бір қия
Кетсе де шаршап мазасы.
Тізгінін ұстап төзімнің,
Шешсем деп не бір жұмбақты,
Жат жұртты көрді көзімен
Ойларға толы Күн батты...
Ғылымның түріп түндігін
Саралап, сомдап байыптай,
Тереңге еркін сүңгідін,
Сүңгуір бейне қайықтай.
Қызықтап тірлік, түр, түсін
Жұмбақты көне ғасырдың,
Жалығу білмей жұрт үшін
Маржанын тердің асылдың.
Көршілес жатқан қырғыздың
Аралап тауын, даласын,
Шежіре қанша туғыздың
Мадақтап батыр Манасын.
Көнелік белгі салынған
Таңбалы барлап тастарын,
Комүзбен бірге шалынған
Дәптерге тіздің дастанын.
Қалған жоқ мүлде назардан
Құсы да ұшқан қиқулап,
Шоқылы шыңдар сазарған
Көз жауын алар сиқырлап.
Ғажайып гүлді алабы,
Шыршасы жасыл жарысқан.
Көздердің жауын алады
Кемпірқосақ та ғарыштан.
* * *
Өткір тілің қақ жарған
Сол шақта-ақ ұшып атағың,
Халқыңа деген пәк жаның
Көзіндей мөлдір ботаның,
Қиылған қара мұртың да
Қияғындай жотаның
Риза болған тұрқыңа
Ел жұртың, уа, Шоқаным.
Мұра боп қалған қаншама,
Жиһанкез, ғажап іздерің,
Тәлкекке тағдыр салса да,
Бүгіннен күдер үзбедің.

Достоевскиймен кездесу
Бауырлас екі халықтың
Өкілі –
Екі данышпан,
Тағдыры бұл қос алыптың
Ғажап-ақ
Тұңғыш танысқан.
Жүрегі, миы тоғысқан,
Етене екі философ.
Тағдыры қызық табысқан,
Парасат пікір үйлесіп.
Түйресе бірі қоғамды
Билеген топас, «нақұрыс»,
Ойымен кесек орамды
Бастады бірі батыл іс.
Екі асыл құшақ айқасқан,
Сырласып зауал заманда.
Бостандық жолын байқасқан
Ой тастап келер ғаламға.
* * *
... – Қаласында Омбының
Ивановтардың үйінде
Есімнен кетпес болды күн, –
Деп қойды Шоқан сүйіне.
Қастерлі Федор Михайлыч,
Кездестім алғаш сізбенен.
Ивановтарға мың алғыс
Шын досты таптым іздеген.
Кере қарыс маңдайы,
Ойлы көзін мұң басқан,
Тереңнен тартып барлайды,
Басы артық сөзге бармастан.
Азаптың ауыр тозағын
Басынан кешіп көп көрген,
«Өлі үйдің» сілкіп тозаңын
Құрсауын қамау өткерген.
Кере қарыс маңдайы,
Каторга ізі – жүзінде,
Боз қырау шалған самайы,
Қорғасын мұңы көзінде.
Достоевский әйгілі
Шоқанның отыр қасында.
Бөлісіп қияс қайғыны
Қапалы қатал ғасырда.
– Европалық білімді
Ғажайып қазақ екенсіз.
Өткізбе бекер күніңді,
Мақсатқа биік бекемсіз!
Жауменен күрес үшін де
Адамның қажет сабыры.
Зұлымдық қанау күші де –
Қоғамда жатыр тамыры.
Сыйлапты тағдыр төзімді,
Алғыр ой, терең сезімді.
Қайратың бойда кезінде
Халқыңа арна өзіңді.
Езіліп елің күн кешсе
Азапты халмен бишара,
Көппенен үндес, тілдес те,
Жасауға ұмтыл бір шара.
Қараңғы, мешеу еліңе
Көзі ашық болғай тірегі.
Әкелгей шаттық жеріңе,
Жұртым деп соқсын жүрегің...
Достоевский жүзінен
Озық ой оты ескендей,
Ағаның ақыл сөзінен
Шоқан да бойы өскендей.
– Рақмет, Федор Михайлыч,
Айтқаның қонар ақылға.
Бас иер інің мына біз –
Поручик Шоқан, мақұл ма?!
Көзіне тұрды елестеп
Тәкаппар төре, бай, манап.
Осы бір тобыр емес пе
Қанайтын елді жұлмалап.
Азаптан шығу амалын,
Білген жоқ Шоқан бірақ та.
Азаттық таңның самалы
Ескен жоқ жатқан жырақта.

Шоқан Санкт-Петербургте
Шоқан тұр Петербургте.
«Бітер ме бір іс тер төкпей?!»
Қарайды үміт, күдікпен
Қалаға мынау ертектей:
«О, Петр! Тұлғаң, айбының
Тұғырдан көкке қарғылап,
Бетке ұстап Нева айдынын,
Астыңда қола арғымақ.
Сыры мол сақтар ғасырлар
Теңдесі жоқ еш тұр қалаң.
Сарайлар сәуле шашылған,
Сиқырлы Нева, нұр жағаң.
Кеттің-ау көрмей, не керек,
Қазағын қырдың өзімдей,
«Басынар жаулар неге?» – деп,
Білемін, жаттың көз ілмей.
Өнер мол бойға жинаған
Ғұмырың бармай ұзаққа,
Зор тұлған, жерге сыймаған
Тап болып ажал-тұзаққа.
Жатырсың мәрмәр табытта,
Көміліп бірге мың арман...
Жым-жылас жігер, шабыт та,
Даңқыңды ерен шығарған...» –
Осынау ойға шырмалған
Шаһарға Шоқан қарайды:
– О, Петр, аңыз, жыр болған
Өзіңдей қалаң арайлы.
Петербург. Ақпан айында
Шанада Шоқан келеді.
Шығыстың сыры ойында,
Атанды ол ғалым өрелі.
Тамсанды Тянь-Шанский де,
Бас изеп ғалым Потанин.
Талқыға Шоқан түскенде,
Көтерді биік атағын!
Географиялық қоғамға,
Шоқан да енді мүше екен.
Танылған қапас заманда,
Тарланнын, ғажап ісі екен!
Күн мұры жүзін қақтаған,
Күрен бет қырдың қазағы.
Талайлар атын жаттаған,
Ғұлама болды, ғажабы.
Ақсүйек қауым алысып,
Көзінен пенснелерін.
Шоқанмен жатыр танысып,
Ұмытып «менсінбегенін».
Академия ордасы
Еденін Шоқан нық басып,
Көбейтті жора-жолдасын,
Ғылымның жолын құптасып.
Күншығыс сапарларынан,
Дүрлетіп жаңа деректер.
Ғұлама атанғанына
Шаш етек дәлел, себептер...
Айтыста, ғылыми таласта,
Алғырлау Шоқан өзгеше.
Сөзі мен ісі жарасқан,
Ақтарар ойын ерлете.
...Әскери ғылыми комитет,
Айқара ашты есігін.
Күн санап даңқы биіктеп,
Паш етті ғалым есімін.
Азия әкімшілігін,
Уәлиханов өзі басқарды,
Аямас мүмкіншілігін.
Атқарар іс мол асқарлы.
Көзімен Шоқан өткерді,
Балтықтың жарық ақ түнін.
Ертеңін, ойға ап өткенін,
Аңсайды елдін, бақ күнін.
Петроградтың ақ түні –
Жанының бейне пәктігі.
Туар ма алдан бақ күні,
Қауым боп тойлар сәт күні?!
Ай сүттей жарық түндерде,
Жалт еткен құралай көздер-ай,
Бой балқып сазды үндерге,
Алтыбақан тебер кездер-ай.
Ақ саумал түндер, ақ түндер,
Бүгін де көзге елестер.
Шуылмен өткен шат күндер,
Балалық кездер елестер.
Жұмыртқадай боп тізілген,
Елестер киіз ақ үйлер.
Күн ойнап күрең жүзінен,
Жүгіріп шығар сәбилер.
Аймақтың осы ақ түнін
Аңдасан көзің ілінбес.
Қиялшыл кезсе, саф көңілім,
Налымай көрші бүгін еш...

Шоқан Петергофта
Аспанға атып ашулы
Сұп-суық зәрлі толқынын,
Теңіз де бір сәт басылды,
Ойға әкеп жаулар жортуын.
Россиядан «үміткер»,
Дүрбімен талай сығалап.
Шуласқан талай шведтер,
Шерткендей сырын шығанақ.
Сырларын Балтық жасырып,
Жатқандай жойқын сабада.
Зуылдап ұшып асығып,
Шаңқылдар аппақ шағала.
Канатты ұшқыр қиялын,
Қағып ап ұшып шағала.
Жылуын сезіп ұяның,
Тұр ойлы Шоқан жағада.
Білсе де ол қызмет, тұрағы,
Россия екенін.
Өгей боп өлке тұр әлі,
Бұғауда тұрғын мекені.
Көмескі, күңгірт осы ұғым
Кімдердің сірә, мекені?!
Жауы кім! Дарқан досы кім?
Елестер көзге екі Елі.
Россияны билесе
Үкімі сұсты патшаның,
Өз елін сүйер мың есе
Тартып бір мінген ат жалын.
Терезе қашан теңелер?..
Жалпының арман бағы үшін
Айтуға тіл ме бөгелер?!
Қайрайды Шоқан намысын.
«Барамын мәртебелінің,
Қаймықпай тура өзіне.
Тағдырын туған елімнің,
Айтамын бірден көзіне».
Жүрегі аттай тулайды,
От ұшқын атып көзінен.
Патша ағзамға бұл жайды
Білдірмек ой бар тезінен!
Жүрегі титтей тулайды
Қараған сайын теңізге.
Қиялы ұшқыр зулайды, –
Қатыгез патша өзіне.
Тұр, әне, асқақ Петергоф –
Салдырған Петр сарайы.
Алтын жаңбыр нөсер боп,
Фонтанға толып маңайы.
Петергоф – ғажап ертектей,
Петергоф – ақын жырындай.
Суретші қанша тер төккен,
Сиқырлы, сәнді сырын-ай!
Сезеді Шоқан кімдердің,
Ғимарат ғажап салғанын.
Мұжықтың мұңды күндерін –
Ойылған алақандарын.
Түгесіп қанша көз майын,
Зеріккен кезін зергердін,
Жалғаған қыс пен жаз бойы
Суретші салған өрнегін...
Ажалды қарға дегендей
Ойнайды бекер бүркітпен,
Көздерін жаттың көгендей
Қараса сесі үркіткен.
Қаһарын, сұсын сездіріп,
Қасқая қарап Балтыққа.
Ойрандап жауды бездіріп,
Теңізге қарсы қолтықта.
Тұрсын бұл сарай жамылып,
Тәкаппар менің атымды.
Келгендер көрсін адырып,
Еліме махаббатымды!
Петергоф – берік қамалдай
Шалынар көзге қияннан.
Күмбезін желпір самал жай,
Петергоф – соққан сый, арман!
Жақұттан жаңбыр жауғандай
Ғажайып фонтандарын-ай!
Көзіңнің жауын алғандай
Сиқырлы, сырлы сарындай.
Қарайсың ұзақ, тоймайсың,
Таусылмас бейне ертегі.
Жұмбаққа терең бойлайсың,
Ғасырлар сырын шертеді.
Арыстандардың ұртынан,
Құлама сулар арқырап.
Қаз қанат бұлттың сыртынан,
Күн сәуле шашар жарқырап.
Шомылып бейне тұрғандай,
Адам ата-һауа ана.
«Алтын таулар» сыр барлай,
Жұпарлы самал ауада.
Мүсіндері Құдайдың –
Қылымсыр «емен» фонтандар.
Құлама сулар зулайды,
Атылған бейне шампандар.
Петергофта жарқын жаз,
Кесе фонтан – Күн фонтан.
Көлшікте жүзген аққу-қаз,
Қараған жандар шын аң-таң.
Айтшы, дос, осынау ғажаптар
Жасалды кімдер қолымен?
Төккен тер, артта азаптар,
Ісі жоқ ешкім онымен.
Сарайын көріп Петергоф,
Сыртынан ғана қайран қап,
Күрсініп ауыр өтер топ,
Аралау қайда сайрандап.
Осынау сән мен салтанат
Шалқытар шағын ортаны.
Шоқанның көңілі орталап,
Жабырқау неге тартады?!
Сиқырлы мұндай сарайды
Салмай-ақ сайын даламда,
Дей ме екен туған маңайдың
Шаттығын көрмей қалам ба?!

Сенім
«Адамды алаламайтын
Азат бір заман болар ма,
Жүректі жараламайтын
Саф сенім бойға қонар ма?!
Ақиқат, арды қорламай,
Әр елдің айтар нақ атын,
Біреуді біреу зорламай,
Ағынан арман жанатын.
Шекіреңдемей шен-шекпен,
Шүйіркелесер адамдар,
Береке, бірлік көрсеткен
Жетер ме ек абат заманға?!
«Шулаған шөлді далада
Көшпелі надан» деп келген,
Ұғымға тұсау бола ма,
Кеудені ыза-кек керген.
Осының бәрін ақтарам
Көргеннен ойды ағытып.
Тарихта көп-ақ қатпарлар
Жұмбағын шешу – бағытым.
Жоғары мәртебеліге
Тарқатсам ба екен шерімді:
«Ден қойыңыз, – деп, – жеріме,
Ескеріңіз, – деп, – елімді...
Туыс ел – көрші қырғыздар,
Ақ жарқын біз ғой – қазақтар.
Бұл шындық арға сыйғызар
Жетер, – деп, – қорлық, мазақтар!» –
Жатады Шоқан дөңбекшіп,
Ұйқыға көзі ілінбес,
«Қазақ» деп айтар күнді аңсап,
Шығара алмай үнін еш.
Бас кеспек, сірә, болса да,
Жоқ шығар деп еш тіл кеспек,
Асығып Шоқан қаншама
Келсе де оймен тілдеспек.
Қыруар ісін жия сап,
Таянып «Тәңір тұсына,
Десе де іштен: «Иә, сәт!»
Тап бола берді сұсына.
Итере салар иекпен
Шыбындай көрмей пендеңді,
Итаршы сөзі сүйектен
Өткендей зәрлі, кеуделі:
– Патша ағзам, сірә... дәл бүгін
Қабылдай алмас ешкімді, –
Арс етер ұстап белдігін
Қабаған иттей кескіні.
Мұздай су құйылғандай-ақ
Кеудесін кере күрсініп.
Жапа шеккен жандай-ақ
Құлазып Шоқан тұр шығып.

Талап
– Ден қойып, тақсыр, тыңдаңыз,
Айтарым көптің талабы.
Елім бар шалқар жыр-аңыз,
Өзен, көл, таулы, далалы...
Төрт түлік малы қайысқан,
Жаңартып тұрар қонысын,
Майсалы, гүлі майысқан
Жазира жайсаң өрісім.
Боламыз қазақ деген ел,
Атап жүр бекер «киргиз» деп,
Асу да асу төбелер
Жатқандай Сізге білгіз деп...
Көші-қонменен шалғайда
Қосылмай жүрген басымыз,
«Қазақтар» десек болмай ма,
Осыған құлақ тосыңыз!
Россиямен бір тағдырым,
Тіл таптық ұлы орыспен.
Тілеймін атар таң нұрын,
Достыққа мәңгі өріс кең.
Айқара ашқан құшағын,
Ынтымақ ырыс, тірлігім,
Кернеген бойда күш ағын –
Іргелі елмен бірлігім...
О, тақсыр, кімнің хақы бар
Қорлауға, сірә, жұртымды?
«Қазақтар» деген аты бар,
Білгейсіз дәстүр, ғұрпымды!
Екінші Александрдың,
Тік тұрып төбе шашы да,
Дегендей көңіл қалдырдың
Сөйледі тіке, ашына.
Танауын көкке көтеріп,
Кекие қалды кекеңдеп,
Ішінен айбар от еріп:
«Тілі тым шыққан екен», – деп.
«Жетеді!» – деді жекіре,
Тоқ еткізіп столын.
Мұқата сөйлеп лепіре,
Сұрланып алған сұсты өңі
«Сен болсаң, – деп, – сенгенім...» –
Шығып та кетті жас ғалым,
Үміті бірақ сөнбеді,
Ойға алып дала, аспанын.

Эпилог
Дөңбекшіп түн баласы ұйқы қашқан,
Зілмауыр қорғасыннан бойын басқан
Осы сәт құтылғандай шықты Шоқан,
Елестеп сай-саласы жұпар шашқан.
Қаймықпай айтты нықтап қазақ атын,
Бүтіндей елін, жерін, азаматын.
Құптасын, құптамасын мәртебелі,
Болмады түрі алысқа соза алатын.
Семсер сөз естігендей тіліп түскен
Сазарды ол сезімінен күйіп-піскен,
«Құп» деп ол айта алмады үрей торлап
Секілді секем алған дүлей күштен.
Сезсе де «Тәңірінің» қатал жанын,
Ресми келгеніне Шоқан ғалым
Құлазып өкінген жоқ, қайраттанды
Жариялап өз ұлтының аталмағын.
Өкілі, өзі болып азаматы,
Танытты Россияға қазақ атын.
Сабырлы тұрды Шоқан ұлы есімін
Алтынмен мәнгілікке жаза алатын.
* * *
Шыда, Шоқан, шыда, шыда, безінбе,
Өлкеңді ойлап өртенсең де от сезімге.
Патшалардан нендей рақым тілейсің
Қабылдамаған Ломоносовтың өзін де.
Отан үшін алған беттен таймаған,
Ғалым қамын, келешекті ойлаған.
Астроном, географ, тілші өзі,
Бар салаға білгірлікпен бойлаған.
Қатал заман қаптатты да құзғынын,
Топас топтар ұстап билік тізгінін,
Қайран ғалым қайнады іші қазандай,
Түн күрсініп, жадау тартып жүзді Күн.
Шыда, Шоқан, маздап шыдам тезінде,
Жабырқама, жүдеп жаның, езілме.
Ақиқатты айтар шағың туады,
Темірді сен соқтың ыстық кезінде!
Ойға батып Академия алдында
Тұрсың, Шоқан, сапарды ойға алдың ба?
Ұқтыра алмай қойған сәтің елестеп
Кетті ме әлде кеще төре алдында.
Қастерлейді көше, совхоз, ауылдар,
Көкке сені көтереді қауымдар.
Бас иеді академик ғалымдар,
Бас иеді елің – туыс, бауырлар!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Топжарған елім

  • 0
  • 0

Тас дәуірді қашауды
Тарихшыларға қалдырдым.
Жасақтап жырдан жасауды
Асауға құрық салдырдым.

Толық

Ұстаз

  • 0
  • 0

Бармағымен майда сипап мұрынын,
Салмақты да саф тұлғамен тұруын.
Сәттер туды-ау сағынатын ұстазды,
Құйған құлақ естіп талай ұлы үнін.

Толық

Батыр Баукең

  • 0
  • 0

Шүу, тұлпарым,
Жүрісіңді байқайын.
Шайқастарды шабытыммен шайқайын,
Хас батырдың сомдап сұсты бейнесін,

Толық

Қарап көріңіз