Өлең, жыр, ақындар

Топжарған елім

  • 19.10.2020
  • 0
  • 0
  • 1596
(Тәуелсіздік дастаны)

Беташар

Тас дәуірді қашауды
Тарихшыларға қалдырдым.
Жасақтап жырдан жасауды
Асауға құрық салдырдым.
Жіберіп тілдің тізгінін
Жарысқа қостым жаһандық.
Мәреге жүйтки жүздірдім
Атымен қазақ – Отандық!
құйындат қырғи тұлпарым,
Тізгінді тартпай жібердім,
Ұлықтасын деп ұрпағым
Жосылта жойқын жыр өрдім.
«Ақ қаз», «...сақ», «Қыпшақ», «моңғолды»
Жіліктеп жатар жайым жоқ.
Тарихи ұңғыл-шұңғылды
Менсіз де айтар пайым көп.
Әріден емес...беріден
Ақтарсам тағдыр парағын
Шертілсем көкірек шерімен
Көзімді шыққа маламын.
...Қиялдап Қыпшақ, Оғұзды,
Қамшыға өрдім таспаны,
Өк...шу! – леп өстім өгізді
Мойнында ағаш аспалы.
Оғұз-хан салған тепкісін,
Тентіреп Түркмен, Гагауз,
Тайталас талай өтті сын,
Түрік тілді елде мол аңыз...
Жайбасар өгіз бишікпен
Шықпыртсаң, мейлі, саспайды.
Үйреніп үйге үйшіккен
Бақайын тездеп баспайды.
Мойыны аспа ағашта
Қарақшы сынды қамауда.
Жегілген дерте жарасқан,
Шылбыры – тесік танауда.
Жеткізбес жол да бұраңдап
Жетер жер жиырма-ақ шақырым.
Тасбақадай тырбаңдап
Жылжимыз «тәй-тәй» ақырын.
Арбаға жектім атты да
Дүрдитіп доғал доғасын.
Күйбеңшіл күнім батты да,
Сыйлап түн сабыр сабасын.
Тайлаққа жегіп шананы
Қасаты қармен ілбідім,
Етіктің тоз-тоз ұлтаны,
Табанды тасқа тілдірдім...
Егісін, шөбін, отынын
Көлікпен терлей тасиды.
Ойсырай жыртып опығын
Желкесін жалқау қасыйды.
Атандардың жонына
Жайғасқан бір-бір ашамай,
Қондырып қойған қомына
Арқасын қоймас қашамай.
Жығылған өркеш, тайпала
Жылжиды түйе итеңдеп.
Оңы мен солға шайқала
Артылған жүгі икемдеп.
...Толтырып кузов «КАМАЗҒА»
Бүгіндей құрмас серуен.
Батпақты, тасты жол аз ба?
Сырғиды сылбыр керуен.
Сілтей бер, сілте, жүйрігім,
Қырандай құйыл ғарыштан.
Қолымда бүгін билігім –
Тамырын тартқан алыстан!
Көгілдір туға айшықтап
Тәуелсіз елім таңбасын,
Жоталы шаққа ой жұптап
Толтырдым дәнге қамбасын.
Алты елі Еуропаңыздың
Сиярдай ғажап қанжағам,
Тарихпын,
Дастан,
Аңызбын –
Татулық – жолым таңдаған!
Қанатын ұшақ талдырған
Далам бар
Кербез, көсілген.
Кіндігін кенге малдырған
Дүрлеген дәулет, несібем!
Алтын дән күзде сыбдырдан,
Төрт түлік түзде мыңғырған.
Ширығып қолы шылбырдан
Малшылар ісін тындырған.
Қыруар ұлттың Отаны
Жұдырықтай боп жұмылған.
Алты қыр асып жатады
Сазды әні самғап қыдырған.
Тайталас, жанжал жоламас,
Өң тұрмақ кірмес түске де.
Дәстүрі дархан аралас
Тойы – бір, бірге – істе де.
Көп ұлттың басы біріккен
Бой созды Ассамблея!
Береке, бірлік кіріккен
Достыққа білек білейді, Ә!...
Жетелі ой өрбіп мұнда да
Елбасы алды тізгінді.
Тілекке толы әр күн жаңа,
Жоспарын жаңа сыздырды.
Тірлік те бірлік – бәрі де
Арналды халық бағы үшін.
Топшылап бері, әріге,
Әспеттер әрлі намысын!

Шүйінші!
Әлеумет!
Салғай құлағың,
Шабытым шалқар бұлқынсын.
Шалғайға шарлап жыр-ағын,
Самғасын бүгін жыр-құсым!
Той десе қозып делебең,
Домаламай ма қу бас та!
Кеңейе түскен керегем,
Толағай тойда нар қасқа –
Жырым да менің бір басқа!
Сүйінші!
Уа, ағайын,
Атанды елім – егемен.
Самғап бір әнге салайын,
Тебренбейтін неге мен?!
Ақынның дүрі, дырауы,
Жасарған елдің жырауы
Домбырасын, қане, қолға алсын!
Тебіренсін, шалқып толғансын,
Көсіліп бүгін сөйлесін,
Сөйлегенде, бүйдесін:
Сүйінші!
Уа, қандастар,
Шаттыққа дереу жиылшы,
Туып тұр сәтім той бастар,
Сұрайын ерек сүйінші!
Айқара ашып түндігін,
Түтеткен түтін көне жер.
Тебренткен тойда дүлдүлін
«Әтшу!», «Өк», «Шөк-шөк!», «Шөре!» жер.
«Елім-ай»-ды айтып еңіреп,
Қаратаудан көшкен жер.
Жауыздық жанын жегілеп
Күйзелу кезең кешкен жер.
Сарнатып Қорқыт қобызын,
Желмаясымен жортқан жер.
Сағымды дала, жол ұзын.
Бұқажон балық шортқан жер.
Садақ пен найза сартылдап,
Қасақы жаулар қашқан жер.
Абылай аты арқырап,
Жеңіспен шашу шашқан жер!
Абыз бен Абай «Аһ!» ұрып,
Шермені нардай шөккен жер.
Хан Кене ашу шақырып,
Махамбет қанын төккен жер.
Құрманғазы сарындап,
Ыбырай мектеп ашқан жер.
Амангелділер арындап
Жәдігөй жаулар сасқан жер.
Тозған жер, азған кезеңмен
Мәңгүрт боп қазақ құсанды.
Арыстан ашу кезенген
Айбарын берік ұстанды.
Талқан боп тәж бен тағы да
Империя мәңгі құлады.
Атойлап азат таңына,
Азаттық болып ұраны.
Желтоқсан туып кек кернеп,
Жас айбат шықты алаңға.
«Тәуелсіз!» – сөзі көкке өрлеп,
Самғады барша ғаламға!
Желтоқсанның жойқынды
Қаһарынан жаралған,
Тілініп төртке ой түнгі
Ата арынан жаралған,
Қазағымның қаһарлы
Қайратынан жаралған,
Алашымның отаны
Айбатынан жаралған –
Сүйінші!
Уа, ағайын,
Тәуелсіз менің әз елім,
Жырымнан шабан жабайын
* * *
Теңбілсіз ашық аспандай
Көгімде туым желбіреп,
Сарайын жанның ашқандай
Қараймын бүгін елжіреп.
Ата-бабамның арманы
Ағынан мәңгі келді деп.
Ұрпағын қолдап аруағы,
Бақытты қолға берді деп.
Тілгілеп көкті жасқаған
Ғарышкерлердің шуындай.
Төңкерген бейне тостаған
Тұяғы түскен суынбай,
Қарғып бір міндік тұлпарға
Орғытып ойда, қыр астық.
Шабытпен шығып шырқауға,
Сүйінші бүгін сұрастық!
Мылтықсыз мүлде мерген жоқ.
Теңдігім текке келген жоқ,
Мылтықсыз мүлде мерген жоқ.
Тәуелсіздікті, Алдияр,
Қолынан ешкім берген жоқ.
Тарих та бейне анадай,
Тендікті – мезгіл толғатты.
Ғасырлар сайрап айнадай,
Бұралаң небір жол жатты.
Сүйінші, уа, халайық,
Сүйінші сұрар таң бүгін.
Береке, бірлік зорайып,
Дәулетке толсын әр күнім!
Ардақтап ата-бабаны,
Өткенге тағзым етейік.
Зобалаң зәрлі заманы
Кеткенге тағзым етейік!
Бағыттан алған жаңылмай,
Жасақтап жасақ қабылдай,
Қасиетті қастер жерінің,
Қамы үшін қазақ елінің,
Бірлікке үндеп дабылдай,
Ауыздығымен алысып,
Тұлпары асау тыпыршып,
Тұрғандай батыр Абылай!
Түлеттік туған даланы,
Бұған да шүкір а Құдай!...
Сілкінтіп жалқау сананы,
Ардақтап ата-бабаны,
Толтыра құйдық қымызды,
Тостағандарға, кесеге.
Не жазса Тәңірім көрмек-ті
Десек те мынау пешене,
Тарихы тұтас халқымның
Кеңестік кездей өше ме?
Өзіміз қолға алмасақ,
Өзгелер сірә, шеше ме?
Қарыздар ұрпақ қашанда
Әкелер менен шешеге.
Риза болмай аруақтар
Көңілдер күпті өсе ме?
Жалғасар дәстүр өрістер,
Бүгін де солай, кеше де.
Шатқалаң шақтың зардабын
Өшіріп қайта келмеске,
Зиялылардың есімін
Әрледік қанша көшеге?!
* * *
...Түркістан барша қауымның
Имандылығын тапқан жер.
Қасиетті ата-бабалар
Сүйегі сыздап жатқан жер.
Қайтадан қойдық орнына
Қайнаған бұрқ-сарқ қазанын.
Сиынып Алла атына
Сарнатып жатыр азанын.
Түркістан тойы тойланып,
Қайнады құж-құж базарым.
Бір жарым ғасыр тарихы
Аударды әлем назарын.
Құлақтас, төрткүл дүние,
Осылай менің ғажабым,
Жиырма бірінші ғасырда
Әуелеп шықсын әз әнім!
Күлдір де күлдір кісінетіп
Күреңді міндік бүгінде!
Кезім бір туды есілетін
Республикам күніне!
Сүйінші, уа, туғандар!
Төгілдір бүгін төгілдір,
Ақындар анық тасқан күн,
Жебірер туым көгілдір
Түсіндей ашық аспанның!
* * *
Қорқыттай жанды мұздатып,
Ажалға лажсыз бағынған.
Асандай жүрек сыздатып,
Жерұйық іздеп шабынған.
Бұхардай өсиет өрлетіп,
Ақтамбердідей ағылған.
Бірлігі менен тірлігін
Елінің еркін сағынған.
Абылай сынды, айбатты
Жарлығын берген тағынан,
Қабанбайлардың қылышы
Қас жауға қарсы шабылған,
Майтөбенің басында
Қабырға кеңес құрысып,
Хан иесіне бағынған,
Маңдайдан тері тамшылай,
Саясатты өріп қамшыдай,
Бір Аллаға сыйынып,
Тілегін тілеп ағынан,
Кең байтақ қазақ жері үшін,
Еңіреп калған елі үшін,
Сайланып туын көтеріп,
Намыс-кегінен халықтың
Қаулаған жалқын от өріп,
Ақтабаннан шұбырған,
Қанға бөккен даласы
Шайқастан болған зығырдан,
Ақ шашты казақ анасы,
Қариясы мен баласы
Мақсатын бекем ұғынған,
Кең-байтақ қазақ даласы
Таймаған берік тұғырдан
Сұстарын сермеп семсердей,
Қынаптан қылыш суырған.
Жотадан жортқан жоңғарлар
Даламнан дамыл көрмеді,
Орғыған ойдан ойратқа
Бір сүйем жерін бермеді!
Бұ қазақ нені көрмеді?!
Ақыры жеңді! Ерледі!
Тарқалып мұң мен шерлері.
Жаз жайлау, қыс қыстауда
Күмбірлеп шешен домбыра,
Кеудені шаттық кернеді.
Ерледі қазақ, ерледі!
ІІІ.
Күзелген жал мен құйрығы,
Бота тірсек баптаған.
Жаратып желдей жүйрігін,
Бәйгеге қазақ сақтаған.
Аңқылдақ пай-пай көңілдер
Ат шаппай ерте тұрып-ап,
Жарысқа жаны жегілер
Төбеге биік шығып ап.
Атжанды қайран қазағым,
Бірінен бірі озатын.
Дүбірлі далам – ғажап үн,
Шапқан ат бойын жазатын.
Тәуелсіздікке арналған
Бүгінгі жарыс бір басқа –
Кім шығар екен арманнан?!
Шабанға мүлде жармаспа
Торы ма, жирен, қасқа ма?
Жоқ, әлде, мүлде басқа ма?
Жарысқа көшіп келгендей
Қос бірдей ардақ астана!
Торқалы тойда мәреге
Кім жетсе, мейлі, ол жетсін.
Кеңейе берсін кереге
Көңілді күймен тербетсін.
Тәуелсіз!
Неткен ғажайып
Тәуелсіз – сөздің нары ғой!
Елбасы шығар сөз алып –
Халықтың бақыт, ары ғой!
...Мәскеуден емес, өзіміз,
Елбасын бірден сайладық,
Басталды мәрттік кезіміз,
Тағдырын елдің ойладық,
Тәй-тәйдан бастап қаз тұрдық,
Ермедік өсек-дабырға.
Тәуелсіз елміз! –
Саз тұрдық.
Қатая берді қабырға!
Тәуелсіз!
Уа, халайық,
Тәуелсіздікхе жетер не?
Сеніммен алға қарайық,
Нық басып, басты көтере!
Оңымнан туған он жасым
Орнықты болып оңғарсын,
Жиырма, қырық, алпыс! – деп.
Ғасырларға абат жалғарсың!
Арқыра, Қазақстаным,
Жарқыра, Қазақстаным,
Аңызды Қазақстаным,
Маңызды Қазақстаным.
Сүйіншімді бер, халайық,
Сүйіншім қайда, сүйіншім?!
Сапырып қымыз алайық,
Сімірген жұртым сүйінсін!..

Өткенім мен жеткенім
Сұхбат құрып
дос, дұшпан, күндесіммен,
Кейде сәтті, сәтсіз де күн кешіргем.
О, оқырман,
кезексіз сөз аламын
Құбылмалы мезгілдің мінбесінен!
Менің өмірбаяным
Алақаңда.
Ал тарихым –
Алатау, Қаратауда.
Адам атты тағдырдан куәлігім,
Өмірге ұрпақ жаралғам таратуға.
Ғұмыр –
бейне театр.
Енесіз бе?
Біз – көрермен һәм актер,
Сенесіз бе?
Ғұмыр – мұхит,
Қиялмен жүзіп өту
Оңай сынды
Еш маяк, кемесіз де.
...Қоныс іздеп хандықтар шүбыруы,
Қырғын-сүргін,
Қисапсыз шығынымды,
Тарихыма таңбалап кетті кеше
Атышулы – «Ақтабан шұбырынды».
Тарих білер титықты тағдырымды,
Жаңаруды, үйрендім жаңғыруды.
Абылай хан арманын жалғастырдым,
Алдым күтіп күреспен таң нұрымды.
Империя кезінде отардамын.
Шығарғам жоқ естен еш
Отан қамын.
Жүрегімде мәңгілік сақталады
Желтоқсанда жеке ел боп атанғаным!
Жойқын шайқас қанжосқы жотадағы,
Көз алдымда қуаныш, қапа-дағы,
Көз алдымда жауыр ат, жалқау өгіз,
Күлдіреген алақан, соқа-дағы,
Ашаршылық...
тұқымды қолмен сепкен
Бәрі есімде шиқылдақ арба, шөппен...
Жүк көтерген жас тайлақ жынын құсып,
Енесінің жанына зорға шөккен.
Өмір – фильм.
мен сексен сериясын
Ағытайын
ақ, қара, ариясын.
Жалтақтамай еркін бір көсілейін,
Арқа тұтып уақыт жариясын.
Ұшан теңіз әкелген бақ – халыққа –
Егеменді ел болдық –
хақ тарихқа!
Адал заңым, өз белгім, өз құқым бар
Артық болмас айтсам мен мақтанып та!
Көкшіл аспан түсіндей туым қолда,
Жаңару мен жаңғыру – түстім жолға.
Ұшырасар әлі де қиындық мол,
Тура тарттым
Жалтақсыз оң мен солға.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жазған атын –
Өзгерген жоқ іргелі ел – қазақ атым!
Ұлты, түрі, қарамай нәсіліне
Бал достыққа шақырар азаматын!
...Ауыр жылдар... қандай көп ауытқыған,
Қолдан жасап қас жауды, қауіп қылған.
Қасақана қастерлі сарбаздарды
«Халық жауы» атымен жауып тынған –
Бастан кештік Сталин заманын да.
Қаңтар тектес тап болдық қабағына.
Қанша, қанша ақиық ағаларым
Үш әріп пен төрт әріп тырнағына?
«Жау» дер жаңсақ жалаға жан түршігіп,
Күн тұтылып, қайғырды, ай күрсініп,
Ал, бүгін ше?
Халқымның арыстары –
Жүсіпбектер, Мағжандар, Байтұрсынов!.
Тілі, жыры душар боп азап таңға,
Қыршынынан қиылды қазақтар да.
Кім кінәлі?
Соларды салар ма еді!
Нақақ түскен боздақтар
«тозақтарға»!
Азаттықтың сардары Сәкеңдер ше?
Ілиястар, Бейімбет, Бекеңдер ше?
Қанішерлер сондағы қайда? Қайда?
О, адамдар, тірілтіп әкеңдерші!
Кешірілмес кегім бар мойынында,
Жығар едім – ашулы сойылыма,
Тек сонан соң...
Дауалап көңіл шіркін,
Риза болар едім өз пайымыма.
Жиырмасыншы ғасырдың қатыгезі,
Тарап кеткен әйгілі аты да өзі.
Көп қарғысын арқалап қанды қолы,
Түк сезбестен көрінде жатыр өзі.
Оңдырмаған отыз жыл іс тәлімді,
Ұрпақтарға қалдырмай ұстар үлгі.
Табытынан тірілтіп кім әкелер,
Ар сотының алдына Сталинді?
Бір селт етпей жан адам хабарына,
Тек қара бас, қарап өз қабағына.
Тарғыл бет-ай, шылымы будақтаған,
Жанға сенбей ақыл-ой сарабында.
Жан адамға сенбейтін кісікиік,
Сездірмейтін тұрса да іші күйіп.
Қыру, жою, жоғалту, қан қақсату,
Бүгін мәлім болды ғой ісі бүлік.
Құлақ аспай Зоргенің дерегіне,
Бейқам болып отырды-ау, керегі не.
Өзі Құдай секілді, өзі патша,
Айла-амалдың сүңгитін тереңіне.
Көк тіреген қойсын ба шіркін кеуде,
«Соқтықпас»... деп сенумен Гитлерге.
Салқын қанмен самарқау отырғанда,
Жоғын жоқтап, жыртығын бүтіндер ме.
Душар етті тас қайғы тозағына,
Қас жаулардың хайуандық азабына.
Душар етті қисапсыз көз көрмеген,
Басқындардық басыну мазағына.
...Отырды өзі бір елдің дәуіріндей,
Дүр де пір де, бір өзі Тәңірімдей.
Бір айтқанын екі етпес тәкаппар, хұқ,
Ешбір билік жоқ шығар әміріндей.
Атын атап айғайлап, атой салып,
Қанша солдат дзотқа түсті барып.
Қанша миллион мерт болды алапатта,
Сол Тәңірдің атына болған қанық?
Қаталдықтан қатігез айықпады,
Тек өзінше бәр-бәрін байыптады.
Үш досының шықпады уысынан,
Жазықсызды «жауыз» деп айыптады.
...Сталин өлді – кенеттен тілге келмей,
Өтті өмірден кінәсін білмегендей.
Тынып қалды бір сәтке бар тіршілік,
«Өлді» сөзі тілдерді күрмегендей.
– Құтқарыңдар елімнің бас Құдайын! –
деді жасы жылап бір Москваның, –
Жүрегімді беруге даярмын, – дер,
Емдеңдерші дертінің асқынғанын...
Тағы он бес жыл тұрса егер ноян бастық,
Жасар ма еді, кім білсін, қиян қастық?..
Періштедей таза деп ойлады-ау жас,
«Көсем» үшін жан пида, аямас түк.
Жүрегіміз азамен жараланып,
Тас қайғыны бөлістік қара халық.
Дәл өзіндей табылмас енді басшы,
Орны толмас қаза деп шамаладық.
Ел тағдыры тұрғанда алақанда,
«Тәңір» солай көз жұмды дара халда.
Көктем лебі өзгеше ескендей бір,
Сәуле төкті ерекше ала таң да.
Сталин өлді!..
Ал, енді кімге сенсек?
Кім болмақшы елбасы енді Генсек?
Топты жарып бір қасқа шыға келді,
Үлгірместен өзгелер ойын өлшеп.
Қанға сіңген көзбояу, бойда желік,
«Мақта пәлен миллион тонна» дедік.
Қазақстан миллиард пұт астық берсін!
Жоқ болса да «Жоспарды қолда!» – дедік.
Жаттық жасап дәл солай қолдан қастық,
Білді бәрін зор басшы, белден бастық.
Мәртебелер... фужерлер сыңғыр-сыңғыр...
Ойға келмес тоқырау, төгіп-шаштық.
Солар, солар... Халықтан аулақ халда,
Көзден таса ұжмақты бау-бақтарда,
Жағалары жайлау боп, төбе-қыстау,
Сөзге шебер «табысты қаулатқандар».
Билік үшін астыртын ұйымдасып,
Дырау бірі бастады «қиын кәсіп».
Бұрынғыны айламен алып тастап,
Жаңа Генсек сөйледі жиынды ашып.
Қайда барса қошемет, «ой данасы»,
Қала – «қарық», «Береке» – бай даласы.
Маршалдың да мундирін киіп алды,
Жорғалады құрдай боп айналасы.
Мәртебені түн күткен, күндіз күткен,
Жарқыл қақты жақтастар бәрі ізетпен.
Сарбаздардың қадалды омырауына,
Сыңғыр-сыңғыр сап түзеп жұлдыз біткен.
Тоқырау жылдар астарын байқап қара,
Жең ұшынан жалғасқан ұрлық, пара.
Өкініші – соларды жіпке тізіп,
Қолданамыз «әттең...» деп кейін шара.
«Тәңірінің» қашанда мысы басып,
Тәуелдінің тұрады құты қашып.
Белгілі ғой десек те ет үйренген,
Мойындайық бұл мінді айдан ашық!

Дағдарысқа қарай...
Ғасырдағы тың дала тусыраған
Дән теңіз боп шуласын,
Білсін ғалам! –
Дедік кеше мінбеден ұран тастап,
Маң далада қоныстап тұрсын адам!..
Тауды қашап, жонды жеп, асуды асап,
Жанталастық жасаңды теңіз жасап.
Жаңылдырдық дарияны ағысынан,
Құт орнына жатыппыз жұтты жасап.
Ғарыштың да тізгіні қолымызда,
Жұлдызға жет, Айға бір қоныңыз да.
Байқоңырдың аттансақ мәресінен,
Бір бөгеу жоқ сайраған жолымызда.
Интернеттің әуенін үйде толғап,
Жер тынысын отырмыз күнде тыңдап.
Қырық жыл қырғын жарылыс Семей жақта,
Тіршіліктің тынысын жатты ұрлап.
Елбасының еренді беделімен:
– Тажалды әкет Абыралы, Семейімнен!–
Деген елдің айбарлы толқуымен
Полигонның үні өшті сенделумен.
Балалық пен ұрлаған жастығымды,
Тамағына «тажалдың» тас тығылды.
Еске аламыз қазанның он тоғызын –
Үні өшкен жарылыс-басты күнді!
Мәслихаттар өтті көп астанада:
Алматыда, Ташкентте, Москвада.
Сатыр-сұтыр соқтық кеп алақанды,
Табыс мол! – деп ғажайып тасқындаған...
Төпелеңді тоғыттық тойлап-ақ біз.
Ал табиғат не күйде?
Ойламаппыз.
Түз тозаңдар неге ұшар төбемізден?
Айтар жауап әлі де сайламаппыз.
Кеш тістеппін, әттең-ай, бармағымды,
Тұмшалапты әдейі арманымды.
Мал өрісін айғыздап соқаменен,
Оңды-солды құртыпты орманымды.
Жұмыр жердің қамымен алаңдадым,
Нашақордай – өзен мен тоғандарым.
Атыздарым уды атар насыбайдай,
Тым көбейді тапқаннан – жоғалғаным.
Өлім-жітім неге тым жиіледі,
Қарт аналар қабағы түйіледі.
Бақытына телулі табиғатты
Бүлдіруі «білгіштің» сыйы ма еді?
Сырқат жандар неге тым жиіледі?
Дерті олардың дауасыз, қиын емі.
Ақылдары толысқан адамдардың
Жер-анаға тартар бұл сыйы ма еді?
Табиғат та дәл біздей тіршілігі,
Ортақ бізге бүгіні, бүрсігүні.
Мен қолымды кескендей сезінемін,
Егер нақақ кесілсе бір шыбығы.
Өзен емес, көл емес, теңіздерін,
Тауысуды, япыр-ай, неге іздедім?
Теңіз, көлден кешірім сұраймын мен,
Болғаннан соң тағдырым егіз менің.
Өз қолыммен қопарған таулардан да,
Тапталынған миуа бақ, баулардан да,
Сұрау керек кешірім рұхсатсыз
Аралассаң ісіне жаулардан да!
– Жер адамсыз – жетімек, адам – жерсіз.
Болса апат не болар заман? – дерсіз.
– Тіршіліктің қызығы – жер, адаммен,
Әйтпесе неге бастық қадам? – дерсіз.
Көп тілегін егер де мойынға алмай,
Адассақ біз болармыз – жай ұрғандай.
Жер – адамсыз, ал адам – жерсіз болу –
Анасынан баласын айырғандай!
...Жоғалтып-ап дейміз-ау:
– Арал қайда?
Қайран теңіз... қайтадан оралмай ма?
Құрдым еткен өзіміз даңғойлықпен
Ойламадық кезінде залал қайда?
Қатар-қатар кемелер қайырлаған
Теңізді ешкім қайтадан қайырмаған.
Кепкен сықпа секілді мұңды кемпір
Көкжиектен көздерін айырмаған.
Құрдым болған құдықтай шүңірейіп,
Шалдар отыр «үһілеп», үңірейіп.
Зар қақсаған балалар дерті қиын,
Ана бәйек қасында сүмірейіп.
Тайлақ тұмсық, түйме көз тері сіңген
Келсабы мен әжемнің келісіндей.
Арпалысқан ауыңмен қайда сазан,
Көкке шапшып шаншыла тебісінген?
Қостанайдың көкпеңбек егісіндей
Жағалары жайлаудың өрісіндей,
Қара бүгін!
Балхаштың төбесінен –
Жіңішкерген – түлкінің терісіндей.
* * *
Өзек өртер өткен кез жолы қалды.
Сары қағазда биліктің қолы қалды.
Кеш те болса кемеңгер көрегенім –
Ел басымыз өзінің қолына алды.
Сенесіз бе...Қайта Арал тірілгендей,
Су мөңкиді құмайтқа жүгіргендей.
Аумен сүйреп шоршыған балықтарын
Қуаныштан балықшы сүрінгендей,
Ет үйренген сөз көп те, аз ісіміз,
Хаттамалар жетерлік. Танысыңыз.
Уағдалар берілген жүзеге асса,
Шаш етектен болар-ау табысымыз.
Жаңардық деп жатамыз құрып кеңес,
Тіл безеліп, созылар не бір өңеш.
Бір күн болса жөн дер ек, толас таппай,
Жыл бойына жалғасар «қырғын» егес.
Жасақтаған жақтастар, топтары бар,
Ыза сапты, дөкір сөз – шоқпары бар.
Қайта құру керек! – деп желіккенмен,
Алға баспас...
Дей ме екен атқарып ал?!
Ет үйренген:
Анау да мынау керек!..
Сөз жүзіне келгенде бәрі де ерек.
Жалған уәде бергенше,
Ашық айтып,
Жұрт алдында мойындап, жылау керек!
Жылау керек.
Бірақ та тұрмау керек.
Кім кінәлі?
Солардан сұрау керек.
Қол қойған кім жалған сол жобаларға?
Құлақтарын солардың бұрау керек!
Нүкте қойып, соларға тоқтау керек,
Кірісі мен шығысын шоттау керек.
Көлді – шөлге қалайша айналдырды,
Ұялту – аз. Заңменен соттау керек!
* * *
Толқынында кемемен сайраңдаған,
Жағасында жарасып, тайраңдаған.
Арал неге айналды көрген түске
Үкіміңді айт, тезірек ойлан да адам!
Шешіміңді айт дәл қазір ойлан да адам,
Көз алдыңда болған іс, ойланбаған.
Дарияларды жеткізбей тонап алған
Кімдер әлгі білгіштер «майдандаған?»
...Тұрасыңдар қашанда дауға дайын,
Қажет емес дәл қазір дау-дамайың.
Қайтсе Арал түседі сабасына?
Айтыңдаршы адамдар, айналайын.
Ертең емес, бұл шара керек бүгін,
Уәдеге тойдың ғой «ерек», «мығым».
Қане, бейбіт майданның баста маршын,
Ақыл-ойдың алға тарт зеректігін!
Күйге келтір кенеусіз кетіктерін
Күйлет, дүрлет –
тозған не тетіктерін.
Көзбояумен көл-көсір қаражаттар
Ту-талапай жатты ғой кетіп тегін.
Көрейінші және Арал тулағанын,
Шағалалар шаңқылдап шулағанын.
Құйқылжысын ойдағы, қырдағы әнім.
Бұқа жонды Балхаштың балықтары
Шорши берсін баяғы қалыптары.
Таңырқасын, тамсансын турист біткен,
Масайрасын жұмыр Жер халықтары.
Бар адамзат ойының озған күші –
Қанат қақсын «Невада» қозғалысы.
Нақты істермен жалғасса – тілегіміз
Қойған қолдар, сөйленген сөз жарысы.
Асыл анаң іспетті сағынышты
О, адамдар, Жерің бар – бағың күшті.
Жан түршігер қиямет қойнында оның,
Көрді көзің не жойқын жарылысты.
Қанша сенің десек те бағың ұшты,
Адам – Жерге бәрібір бағынышты.
Жер емес пе керегің, қорегің де,
Жырақ жүрсең тудырар сағынышты.
Жұмыр жерде бар елдер байланысты,
Алпауыттар АҚШ-тай қайда күшті –
Деп жүргенде...
Дағдарыс басталды да,
Құрылымдар құрдым боп,
Ойраны ұшты!
Жай түскендей...
Алты әлем құрлықтары,
Қомағайлардың қылтиып ұрлықтары,
Дағдарыстан шықсақ? – деп даурығысып,
Қабырға кеңес көбейді сырғылтпалы.
Бас қатырып, сыздатқан балтырлары,
Қаржыгерлер қолдары қалтырады.
Долларыңның бағасы күрт құлдырап,
Баж-баж етіп банкирлер шарқ ұрады.
Қиямет шақтың –
Күлпарша тозаңы ұшқан,
Қиындыққа қайыспай Қазақстан,
Сүттей ұйып
Сырт көзге сырын бермей,
Самғап соны серпінмен
Тапты ұстам!
* * *
Жанартаулар атылар қыртысынан,
Техникалар зыр қағар үй тұсынан.
Табиғаттың аяныш халін ойлап,
Ғұламалар шошынар ұйқысынан.
Жер адамды асырар қанша ғасыр?
Галактика – бір жұмбақ, қаншама сыр?
Тұтқиыл бір комета соқса келіп,
Кім біледі болмасын ойран-асыр?
Кім сенеді мына Күн сөнбесіне?
Кім сенеді мына Жер «өлмесіне?»
Кімдер қырып-жоям деп қоқиланар,
Жабылып ап құпия бөлмесіне.
О, адамдар, демеңдер мені қорқақ,
Жатақхана секілді Жер – бізге ортақ.
Жер тағдырын біз солай түсінбесек,
Ақылымыз болғаны онда шорқақ.
...Ғұмыр бейне тұрғандай қыл үстінде,
Ойланамыз шалғайды, полюсті де.
Жұлдыз жақта болмасын еш жағалас,
Сараптаймыз қыр мен ой, өрісті де.
Жүйке тамыр жыбырлар неге қозып,
Бара жатқан жоқ па осы Жер де тозып?
Туған жерді түрлентіп түлентуге
Бағышташы болса егер ойың озық!
Егеменді болдық деп Елбасымыз
Үн тастады.
Кел, жолдас, қолдасыңыз.
Кімдер сөзді азайтып, іске көшсе –
Біз де соның жақтасы, жолдасымыз!
Қыруар іс көп атқарар алда тығыз,
Халық қамы –
көтерер мандатымыз.
Игілікке кім ұйытқы бола білсе,
Біз – солардың жақтасы, жолдасымыз!
Әлемге аян атым бар Қазақстан,
Жер жаһанға бар атым менің ұшқан!
Мәңгілікке бастай бар, тәуелсіздік,
Жаса, елім, баянды бақыт құшқан!

Әлемге атым ұшқан күн
Т ү й і н
– Кім боласыз? Қай елсіз?
Бәзі бір мистер зіл нұсқай,
Қойса егер маған сауалын.
Қынаптап шыққан қылыштай,
Қолма-ғол дайын жауабым:
– Ей мистер, бекер тасыма,
Құлақ түр таяп қасыма,
ХХІ ғасырда
Биліктің шығып басына,
Аумағын бірден алты елдің,
Байлаған қанжығасына,
Қазақпын, Қазақстанмын!
Жүйіткіп жұмыр жерімнен,
Ғарышыңа да ұшқанмын,
Тәуелсіз елдің көгілдір
Байрағын берік ұстандым.
Зерделеп заңды санамда
Айбарын берік ұстандым.
Күркіреп көкті жасқаған,
Ғарышкерлердің шуындай,
Төңкерген бейне тостаған,
Тұяғы түскен суынбай –
Топжарған жүйрік тұлпармын,
Самғаған биік сұңқармын.
Танысқың келсе өрлей бер,
Достыққа дәйім іңкәрмін!
Қажетсіз қабақ қатулы,
Бәлсінбе! Кімсің? – деме сен.
Қол созған жолға татулық,
Болашақты болжағыш,
Жақсылықты жалғағыш –
Елбасым менің ересен!
Қара да тұр, күні ертең
Тегеуріңділермен теңесем!
Қазақпын! Қазақстанмын!
Дәстүр мен ғұрпым үзілмей,
Дінімді берік ұстандым.
Ұстараның жүзіндей,
Тілімді берік ұстандым,
Бірлікті, дәстүр-ғұрыпты,
Жырымды берік ұстандым.
Төрелік жасап төрлетіп,
Әлемге атым ұшқан күн!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұстаз

  • 0
  • 0

Бармағымен майда сипап мұрынын,
Салмақты да саф тұлғамен тұруын.
Сәттер туды-ау сағынатын ұстазды,
Құйған құлақ естіп талай ұлы үнін.

Толық

Шоқан

  • 0
  • 0

Зар, тілді, зауал заман қиындатқан,
О, Шоқан, шындық үшін миың қатқан.
Ішқұса ел өксігі жаныңды өртеп
Кеудеңде найзағай, бұлт, құйын жатқан.

Толық

Батыр Баукең

  • 0
  • 0

Шүу, тұлпарым,
Жүрісіңді байқайын.
Шайқастарды шабытыммен шайқайын,
Хас батырдың сомдап сұсты бейнесін,

Толық

Қарап көріңіз