Ғайыптың құсы – Ерлан Аманқожаұлы

Бұл бетте «Ғайыптың құсы» атты Ерлан Аманқожаұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 05.11.2020
  • 0
  • 0
  • 1667
Арманым асыл бейне, ерке қылық,
Елесіңді желге айтам ертегі қып.
Сарғайған жапырақтан нөкер ертіп,
Түн сайын жоқ қараймын, бөрте мініп.
Айналды аңсау, іздеу машығыма,
Қайдасың, көрінсеңші ғашығым-ау!
Жалғыз саған жетуге асығамын,
Жұлдыздардың бұрылмай лашығына.
Жанарларға арбалмай жымыңдаған,
Тұңғиықтан сені іздеп мың ұрланам.
Қарақшы күдіктермен сайысамын,
Сақтауға саған жазған жырымды аман.
Көрсоқыр болып сәтте көргенді әлем,
Тіріледі сұмдықтар көрден бәлем.
Қызыққұмар, қаніпезер қаңқулардан,
Қашып жүріп құтылам өлгенде әрең.
Білмеймін,
Сен қасыма сан келдің бе?!
Аңсаудан арылмадым ал мен мүлде.
Енді таба бергенде елесіңді,
Ғайып болып кетесің таңмен бірге!...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері