БАР мен ЖОҚ – Үміт Шәріпова

Бұл бетте «БАР мен ЖОҚ» атты Үміт Шәріпова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.11.2020
  • 0
  • 0
  • 1453
Тәкаппарсыған кеуденің іші-ай жылу жоқ,
Сезімге серттей тұрақты көңіл тұру жоқ.
Өшпестей болып көрінген сонау күндерде,
Ажырамастай сенісіп алып жүру жоқ.

Алғашқы лүпіл, жанардан ұшқан жалын-шоқ.
Әуенге толы әдемі сыршыл сарын жоқ.
Бақыттан басым айналып тұрып қуанып,
Сезімге толы елжірей сүйген жаным жоқ.

Алдамшы күлкі жылмиған түлкі құйрық бар,
Тәңірден келер асқанға бір күн бұйрық бар.
Толағай көріп жүргенмен Алатаудай ғып,
Жүрісін көптен жасырған "сері, жүйрік" бар.

Сұп-суық болса құшақта қандай пана бар,
Жылтырағанмен көз алдап тұрған жаңа бар.
Қызылды-жасыл тірлігі бола тұрса да,
Шулы тірлікті меңіреу үнсіз қала бар.

Айқаспай кірпік ататын мәнсіз таңдар бар,
Күлгенмен көзі күлмейтін өзі жандар бар.
Осының бәрін көтере беріп жалғаннан,
Кететін сенде, жүрегім, қандай "арман" бар?!.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері