Өлең, жыр, ақындар

Қорқыт ата қобызы хақында аңыз

  • 27.12.2020
  • 0
  • 0
  • 1283
Биссімиллә, қалам ұшы қыбырлап,
Жетті бүгін ықылымнан мың ырғақ.
Ой-санама сан ғасырдың сырларын,
Сыр дәрия жеткізгендей сыбырлап.

Қарт құшағын алғаш жауған қарға ашып,
Дала жатыр аспанменен сырласып.
Су бетінде отырар бір қария,
Ақ сақалы құс жолына жалғасып...

Дүниенің тамағына қаңсыған,
Бөлініп бір тамған аумас тамшыдан.
Ақ кілемі аппақ айдын бетінде,
Аппақ аққу төсіндей бір қалқыған.

Еске салып құтіретті Құдайды,
Құшағында бір қу ағаш жылайды.
Екі ішек еңірейді егіліп,
Екі дүние зарын төккен сыңайлы.

Көкірегімен көктің мұңын көп ішіп,
Отырады қары талып, көзі ісіп.
Кейде көзден ғайып болып кетеді,
Су мен аспан қос ішекте өбісіп.

Саусағымен әлем сырын ақтарып,
Отырғандай бір әуенмен хат жазып.
Көкірегін өртейді-ай бір өзеннің,
Жанарынан оттан ыстық жас тамып.

Аумай тартқан тәспихтың тасынан,
Айналар бұлт кете алмай қасынан.
Көк шалғында жатыр күйге елітіп,
Самал құлап түсіп ағаш басынан.

Жүректерін дал қылардай бұл дауыс,
Күй тыңдауға құстар қырға қонды алыс.
Есі кетіп, есеңгіреп,
Еліктің
Арқасына бас сүйейді жолбарыс.

Зар-мұңына күллі әлем жылаған,
Ол Тәңірден, сірә, нені сұраған?
Қаласа Аллам, сөз етейін, ағайын,
Бұл не асбап,
Кім десеңіз бұл адам.

Қорқыт еді ол оғланы Оғыздың,
Таңдайында толқыны бар теңіздің.
Мынау сәби дүниеге, дариға-ай,
Ойлы күйдің омырауын еміздің.

Шарлап болып жұмыр жердің көлемін,
Қарық қылған кезі күйге ер елін.
Телміретін алты қабат аспанға,
Таба алмай соңғы әуеннің дерегін.

Жүретін ақ жалын атып ақпанда,
Сырын айтып тастар оған тастар да.
Тал түсте де қалатұғын шық тұрып,
Жүрек сырын ақтарғанда жас талға.

Жырыменен жүректерді жалғап мың,
Әуенімен ақ аспанның алды астын.
Атып шығар көз жасындай ақ бұлақ,
Әнін айтса жақпарынан жартастың.

Жүрген жандай тау қопарып, тас қазып,
Аласүрды ақ әлемді ақтарып.
Кеудесіне басын қойып қалғитын,
Ол мызғаса көктен түсіп ақша бұлт.

Түпсіз терең қалса мұңы түнді ырғап,
Жұлынып бір түсетіндей жұлдыз нақ.
Жер бетіне жетпей, бірақ, тұрғандай,
Ол іздеген бір соңғы ырғақ, мұңлы ырғақ...

Тал бойында аласұрып бір ағын,
Жатқан еді тыңдап жаздың бұлағын.
Бір ғажап үн жеткен қалқып алыстан,
Еріксізден елеңдетті құлағын.

Бір ғажап үн...
Жүрек қайта маздады,
Ақ жалынға айналғандай әз жаны.
Тұла бойы қорғасындай еріген,
Қара жерге сіңіп кете жаздады.

Кеткен сынды гүл боп көкте бұлт өніп,
Тербеледі алтын шашын күн де өріп.
Орынынан атып тұрды,
Көк шалғын
Арқасынан демеп қалды итеріп.

Кезгендейін бейне бейіш бақтарын,
Басып жүрді жердің мамық тастарын.
Әуенді іздеп жүріп кетті,
Жол беріп
Ақ бұлақтар тоқтатады аққанын.

Үгітілген тәтті сынды таңғы арай,
Таңдайына себіледі, Аллам-ай!
Сұлу ырғақ сүйретеді жүрегін,
Қарымды бір қол лақтырған шалмадай.

Сал ағынға кеткендейін қарсы ағып,
Бұл ғажапқа келеді мың тамсанып.
Кол бойына келіп жетті,
Ақ көйлекті
Шомылып жүр жеті ару ән салып!

Көктен түскен хор қызы деп ұғынып,
Тұрды бұта қасында ұзақ бұғынып.
Тар кеудеге тас толтырып алғандай,
Күрсінеді көкірегі сығылып.

Көз қыдыртып аппақ жеті аруға,
Бірін таңдап бақытым деп, жарым да,
Ұстай алды білегінен,
Жағаға
Шыққанында киімдерін алуға.

Сұлулығын салыстырсаң ойлалып,
Айдалада қалар еді ай қалып.
Құшағында қалды бірі,
Алтауы
Кетті ұшып аққу құсқа айналып.

Әлқисса, Қорқыт бабамыз білегінен ұстаған хор қызы Қорқыт бабамызға ғашық болып, жер бетіне келіп көруге көктен түскен екен. Қалған алтауы оның кәнизәктары болып шығады. Хор қызы аспан елінің заңы бойынша хор қызы мен адамзаттың бұл дүниеде қосылуына болмайтынын және өзінің Қорқыт бабамызға шексіз ғашық екенін айтып жылайды.

Сонда Қорқыт бабамыздың хор қызына айтқаны:

Жүрегімді мәңгілікпен жалғаған,
Әуенімсің аққу болып самғаған.
О, дариға-ай, сен едің ғой жалғанда,
Жер бетінен таптырмаған арман – ән.

Сан ғасырда бір тумайтын сезіммен,
Көзін ашты бір көркем ой көз ілген.
Түмен жылда бір ататын таңдайын,
Жанарыңнан бейіш нұры көрінген.

Қос жанардан тарамдалған жасты өріп,
Жібек жіп қып арқандайын,
Қашпа, елік!
О, дариға-ай, тұрып сенің қасыңда,
Арманым не қатсам ілезде тас болып.

Мөлдір шықтай алдыңа, ақ қояным,
Іш, тартынба, көз жасымды қоямын.
Ұйқы сұрап жүрген жандай едім ғой,
Сені көріп бір-ақ сәтте ояндым.

Бұл өмірде саған алғаш жалындым,
Айттым бәрін, мен бәрінен арылдым.
Амалым не, қоя берем қолыңды,
Аса алмаймын бұйрығынан Тәңірдің!

Әлқисса, сонда хор қызы Қорқытты тастап ұшып кете алмай, не жерде қала алмай торығып Қорқыт атамызға былай дейді:

Екі дүниеден іздеп тапқан ғашығым,
Жаны жырмен гүлдеп жатқан асылым.
Жүрсем-дағы бейіштің миуа бағында,
Сені ойлап жылаймын ғой жасырын.

Қалсам-ау деп мен Аллаға жалынам,
Уаз кешіп жұмақтың да бағынан.
Көк аспанда жүрсемдағы қалықтап,
Қанаты жоқ бір өзіңді сағынам.

Есіл жырың жырланған бұл елдегі,
Аспандағы жүрегімді тербеді.
Мәңгі өмір сүрсемде ол әлемде,
Аңсаймын ғой сені – ажалды пендені.

Тербететін байтақ Оғыз алабын,
Қозғайтұғын ғапыл дүние ғазалын,
Тілегімді қабыл көрсе Тәңірім,
Құшағыңда қобыз болып қаламын.

Мәңгі мекен таппай өмір – базардан,
Тәнің қалар,
Жаның ұшар ағарған!
Ұқтыруға соны адамға,
Алланың
Бұйрығымен сен қашарсың ажалдан!

Жүрегіңді мен – қобызға емдетіп,
Сағыныштан сыр төгерсің селдетіп.
Даңқыңды жаяр күллі әлемге,
Сыр дәрия мәңгі-бақи тербетіп.

****

Қабыл көріп Тәңір қыздың тілегін,
Қобыз болып тартылыпты білерім.
Хор қызының үні тербеп тұратын,
О,Түркі елі, сені қандай сүйемін!

Баба арманын жалғап алғы таңыма,
Қырық үнді, о, қобызым, аңыра.
Қобызы деп жаздым Қорқыт бабамның,
Хор қызы деп аталыпты бағзыда.
Соңы.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Елеңдей бермен әрнеге

  • 0
  • 0

Елеңдей бермен әрнеге,
Өтеді өмір ақырын.
Аспанда жүзген ай – кеме,
Кеудеме тастар зәкірін!

Толық

Не тілер айырбасқа келер бір бақ

  • 0
  • 0

Не тілер айырбасқа келер бір бақ,
Сендей ерке тағдырға көнем, бірақ...
Қиналам кейде күрек ұстай алмай,
Байласа саусағымды өлең шырмап.

Толық

Түнгі жолаушы

  • 0
  • 0

Қарасам, қашып көк аспан,
Еңкейсем сыйпап басымды –
Алтайда өстім жыласам
жұлдызбен сүртіп жасымды.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар