Өлең, жыр, ақындар

Жамшы. Ұрыңқай тауы

  • 02.01.2021
  • 0
  • 0
  • 882
Ей, қазақ, есіңде ме, ежелгі жыр,
Жыр сынды жылап аққан өзен ғұмыр?
Іргеге Ораң, Қайдай* дұшпан ел кеп,
Сұр жебе адырнада кезеулі дүр.
Аса алмай атам асқан кезеңді бұл,
Бейнесі бес күн жалған безерді бір.
Арқаның айлауытын жалын жұтып,
Қыр қалды қылаң мініп кезер Қызыр.
Тауына қосын тігіп Ұрыңқайдың,
Қалың жау жігін ашты құрылтайдың.
Ұшына ақ найзаның жан жалынып,
Тұсына кеткен кезі еді тұрымтайдың.
Ақсайға мұнар тұнып мызғымастан,
Тау боздап, жел өкіріп, түз жыласқан.
Ораң, Қай – қос жыланның есімі екен,
Әрқайсы айдаһардың жүз құлаштан.
Қан жұтып батады күн әр сөнгенде,
Қан тілеп, атады таң қан шеңгелдеп.
Қазаққа бір ұл тумай запы шекті,
Дұшпанға қарсы шабар келсең кел деп.
Ораң, Қай қаскөй елдің мың-мың қосы,
Арқада салған дейді қырғынды осы.
Саф алтын Күнді жұтып аждаһалар,
Жер бетін қымтаған кеп түннің көші.
Қырық жыл жапырылмай төр жайлауы,
Жүрекке ат басындай шер байлады.
Түнекте бір ұл туып сол заманда,
Туа сап мәлім бопты елге айбары.
Үш жаста жанарымен жыланды арбап,
Бес жаста соңына қол құралған нақ.
Он жаста елін бастап Ораң, Қайға,
Қанатын сермепті екен қыран қомдап.
Ақ найза қадалғанда түн налаға,
Қас дұшпан кезіккендей зілзалаға.
Қара өзен қан мелдектеп кері ағыпты,
Болмапты ондай қырғын бұл далада.
Саржаның адырнасы ұлып кектен,
Қу жебе тиген жерін жұлып кеткен.
Жыланның бірі ұшып көкке сіңіп,
Біреуі қара жерге кіріп кеткен.
Ұрыңқай содан қалған таудың аты,
Елімнің зардан ада зау мұраты.
Жонындай айдаһардың жерге сіңген
Арқаның даласының тау-қыраты.
Сөге алмай қара жердің қабырғасын,
Қалың ел найза білеп, аңырғасын.
Әлгі ұл көкке атқан қу жебесін,
Мөңіретіп ала өгіздей адырнасын.
Нұр төгіп Сарыарқаның арай-таңы,
Ұмытылған ежелгі жау Ораң-Қайы.
Аспанға тік атылған әлгі жебе,
Жерге әлі түспеген деп ел айтады.
Болған жай мың жыл бұрын дүрбелең, мұң,
Есіне әркез түсіп жүрген елдің.
Сол жебе төбесіне қадалады-ау,
«Сырты абыз, іші жылан» бір дөдеңнің...
*Ораң, Қай – ежелгі Түркі, сармат дәуіріндегі жылан тотемді көшпелі тайпалар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бейбарыстың елге оралуы

  • 0
  • 0

Жолына басты тігіп Һақ Тәңірдің,
Боз таңда мақпал қара атқа міндім.
Бозаңға боз жусандай бұрлыға өсіп,
Көктемде көк Ніл болып ақтарылдым.

Толық

Ондық шам

  • 0
  • 0

Тұсыма кеп бекітерде түн ірге,
Ондық шам боп сығаладым іңірге.
Батқан күннің барша нұрын сіміріп,
Жалыныммен көр ызғарын бір ұрып,

Толық

Біздің ауыл

  • 0
  • 0

Біздің ауыл баурында Жыландының,
Сонда өткен құлын-күн, құнан-күнім.
Бәйге-өмірдің мәресі елде ме екен?!
Білмеймін, күмәндімін...

Толық

Қарап көріңіз