Өлең, жыр, ақындар

Өмір - ертегі

  • 02.01.2021
  • 0
  • 0
  • 718
— Цикл —

1. Миф-элегия
Ағараңдап елес кезді Ай астын,
Ақсораңнан құлады алып көлеңке.
Ақ қайыңға асылады жел ерке,
Елжіреп тұр, елбіреп тұр иен өлке.
Қараң-құраң жынға толы сай іші.
Бегазының бетін өпті түн ерні —
Қызғаныштан қарағай-қыз түнерді,
Сықылықтап самал күліп жіберді.
Пері қызы су бетінде сырғанап,
Тоқырауын тынып жатты елжіреп.
Көрпетайдың көрпе түні көл-жібек,
Сап түзейді «отыз жеті ержүрек».
Ай бетінде кәрі мыстан қалғыды,
Жыландының кер жыланы керіліп,
Айдалада жоқтау айтты бөрі ұлып,
Егізқойтас тұрды көкке емініп.
Жер тәңірі күрсінді де кенеттен,
Құйын елес, кер жыландар жосылды,
Жын айғайлап, пері сұлу шошынды,
Тоқырауын толқын төсін көшірді.
Көк айғыры кісінеді, түн іріп,
Жайдың оғы жайпап өтті құйынды,
Балқаш әже әжім жүзін жиырды,
Бектауата Тәңіріне сыйынды.
Құбылаға бетін түзеп сырғыды Ай,
Кәрі мыстан жүнін түтіп, жіп есіп,
Ақсораң мен Қызылсеңгір тіресіп,
Батыс жаққа көшті түнге ілесіп.
Ал Шығыста күліп атты аппақ таң,
Шуағымен шомылдырды Күн иіп,
Жанарына жанға жайлы нұр ұйып,
Күнікей қыз көзін қысты жымиып...
2. Алтын сақа
(Бірінші көрініс)
Көңіл шертер әрбір күйдің үні ерек,
Тым көп тыңдап шаршадың-ау сілелеп.
Мен халіңді сұрамаппын бір елеп.
Қалжырадың, қажып мүлде кеш қалдың,
Мені әбден әлсіз күйде еске алдың.
Тәлтіректеп күн өткіздің тірі жан,
Түртінектеп түнек кездің сірі жан.
Әлдебір кеш шама-шарқың құрыған
Әлдеқайдан үн естідің құмыққан.
Сол үн сені тарта берді өзіне,
Жақын маңай әлсін-әлсін көзіңе
жарық болып елес бере енді ептеп.
Сен келесің қыбыр-қыбыр еңбектеп.
Құба дала, қаңбақ, құйын билеген,
Құмыққан үн құлағыңнан сүйреген
Сорқұдыққа әкеледі бейбағым,
Сорлы тағдыр...
Сорқұдық...
Сыр — беймәлім...
Қауға тастап, су тартасың талпынып,
Жыртық қауға — жарым күдік, жарты үміт.
Тартып алдың, қауға ішінде қызыл қан,
шикі өкпе.
Көріп түрің бұзылған.
Көз қанталап, тілің мүлде байланды,
Өкпе кенет мыстан кемпірге айналды.
“Зәрең кетті-ау зәр түбіне, батырым,
Батыр емес, бәтір болдың, пақырым!
Қалтаңда алтын сақаны әкел, әйтпесе...”
Қоян байғұс, қашар едің, тәйт, десе.
Сақалыңнан жас дірдектеп,
“Сауға — жан”
жансауғалап, қалтаңды аштың жалма-жан.
Бейшара жан...
Бейпіл кемпір қаһарлы,
Беріп кеттің менің алтын сақамды.
Бірақ, мен де күн кешпеймін пендеше,
Ездер ғана сенбейді ғой, сенбесе!
Алтын сақа-ақылымды жоғалтып,
Жалған намыс, сатып кеттің сен, кеше!..
Алтын сақа
(Екінші көрініс)
Мен безіндім күйкі-күйбең тұрмыстан,
Қуды мені қарға тұмсық бір мыстан.
Құйғытады жабы көңіл көкдөнен,
Жалмауыз-мұң, тоспа мені кермеден.
Жаным жылап жайдары жаз жұрты үшін,
Сүрінтем деп жер тосады қыртысын,
Мыстан кемпір жұлып алды бір тісін.
Лақтырады ол арам күшін дәп шақтай,
Жылап келед жадау жүрек-ақсақ тай.
Тағы бір тіс — кеуіл, кеуде қайғы алды,
Тұлпар сезім қосаяққа айналды.
Күн күрсінер, жеңе алмайды мені мұң,
Түн түршігер, үзілмейді өмірім.
Құтқарар тек бәйтерек-өр сенімім.
Байтерегім, менің тағдыр жазуым,
Тамырыңа мыстан басты азуын.
Торықпашы, түсірмеші еңсеңді,
Бізді дәйім жалмаймын деп көр сенді
Бар ғұмырым қайғы толған керсен-ді,
Арам күштен сенімім де теңселді.
Кеше бізді тербеп еді ел бесік,
Бүгін, міне, мұң мен мыстан тербесіп,
Жадымызды жаңылдырып құлатпақ,
Бақыт біздің басымыздан бір аттап,
Күш-жігерді бірге әкетпек өзімен.
Мұның бәрін жан-тәніммен сезінем.
Сезінем де қапаланбай көз ілем —
Ертең көкте Күн тағы нұр жаяды,
Әрі барша ертегінің аяғы
Білемін ғой жақсылықпен бітерін,
Білемін де қапаланбай күтемін.
3. Мың екінші түн
Қап-қара түнді жапты бүркеніп ел,
Аппақ Айдан көмескі мұң төгілер.
Жетім ұшқын жамырап су бетіне,
Айналды кеп аспанның суретіне.
Шатыршаға Тәңір шал қонды-дағы,
Шертіп қалды сиқырлы домбыраны.
Сол-ақ екен жұлдыздар жымың қағып,
Бағандарға жайғасты нұрын жағып.
“Құс жолы” боп тартылып Тоқырауын,
Балықшы қарт мәз болды тоқып ауын.
Түн көрпесін жапқанда бүркеніп ел,
Ұшып келді қаптаған жын-перілер.
Тоғай ішін шулатып тінтеді жел -
Тал-қайыңды тентек жел жұлмалайды,
Шу-дүрмекке таңырқап түн қарайды.
Шаң қоршаса жұлдызды, нұрлы арайды,
Жөргектегі сәби жын іңгәләйді.
Түн тербейді бесікті жаны ашып бір,
Пері сұлу мас болып адасып жүр.
Сай-саланы басқанда қараңғы анық,
Жосалының баурына алау жағып,
жарқыратып, құрмақ боп сәнді арай бақ,
Мас сайтандар қаптады қалбағайлап.
Дию бұлттар аспаннан андағайлап,
ақ семсерін майысқақ талға байлап,
билеп кетті олар да жынға аралас.
Сауық-сайран түнінен құр қала алмас.
Тау баурайын жағалап байғыз күліп,
Жарқанат қыз ұшып жүр тыр-жалаңаш...
Кемеріне жеткенде дүбір-дүрмек,
Көкжиекті қан қылды қызыл нұр кеп.
Су бетіне шуағын бүркіп арай
шашқанында,
барша жын тым-тырағай
қаша кетті,
бос қалып жынды жұмақ.
Тек Жосалы тау ғана тұрды жылап.
Ол да қызып қалған-ау шарап ішіп,
Ал батыста түн менен таң алысып,
Арқасына Ай-қызды мінгізіп ап,
Дию-бұлттар аспанға барады ұшып...
4. Мыстан кемпірдің немересі
Кіндігіңе таққаның күміс сырға,
Шешілерге жақындау тұр ышқыр да.
Әлдекіммен беймезгіл жұлыстың ба,
Бейопа бір бәдікпен ұрыстың ба,
Жанарыңа жат бопты нұр ұшқын да.
Кіндігіңе таққаның күміс сырға...
Құлағыңа ілгенің қара ала сым,
Сайтан әуен санаңды сабаласын.
Сұлулықтың шығарып жаназасын,
Биге елітіп отырсың қара басың -
Жын жайлаған жапан түз даладасың,
Құлағыңа ілгенің қара ала сым...
Мойыныңа оралған шұбар жылан,
Бұралқы сөз, бейпіл ой, бұраң-бұраң.
Сырт айналып суысып, сыралғы жан,
Жүрегіңді күні-түн жын аңдыған.
Қойыныңа қос тіккен құмар жылан,
Мойыныңа оралған шұбар жылан...
Аяғыңа кигенің темір етік,
Жезден қаққан өкшесін берік етіп.
Алға басқан адымың кері кетіп,
Жаныңа тек шайтанды серік етіп,
Өмір өтіп барады еңіретіп,
Аяғыңа кигенің темір етік...
Осындай бір қыз көрдім...
Сенесің бе?
Сайтан салған сурет бар денесінде.
Менің бақсыз халқымның ертегісі,
Қалмаған сор жыл еді ел есінде.
Сенесің бе?
Көресің бе?..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақтоғай

  • 0
  • 0

Тағдыр ләмі тізілетін тақтадай
Жадыма әкеп жазып берген Һақ-талай.
Жүректегі жырларымның ұйқасын,
Сенен табам, сенен алам, Ақтоғай!

Толық

Өзіме

  • 0
  • 0

Ей, ақеділ ақындары Қарағандының!
Қайсыңды табам қарбалас қаладан бүгін?
Кеудеңе тығып жүрмісің елге көрсетпей,
Алланың көктен ерекше тараған нұрын!

Толық

Ондық шам

  • 0
  • 0

Тұсыма кеп бекітерде түн ірге,
Ондық шам боп сығаладым іңірге.
Батқан күннің барша нұрын сіміріп,
Жалыныммен көр ызғарын бір ұрып,

Толық

Қарап көріңіз