Өлең, жыр, ақындар

Тоғыз жұлдыз – тоғыз сөз

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 523
1-сөз
Көкірегімде қалған екен шер тұнып,
Болар ма екен ғасырлардың дерті ұмыт.
Өзгеше өлең жазайыншы мен бүгін,
Тәубасызды тобасына келтіріп.
Әруағымды мойындамай қысылып,
Келіп едім өзімді отқа пісіріп.
«Бисмилла» деп бастайыншы сөз басын,
Имансыздың үрейін бір ұшырып.
Дәрет алып, бір Аллаға сиынып,
Мұсылмандық шартына тас түйіліп,
Аударайын оңашада тәспімді
Дінсіздердің имандарын үйіріп.
Жеті атамның әруағын шақырып,
Қаламымды ұлы дәуітке батырып,
Жырымменен тұмар жасап берейін,
Қандасыма кеткен кеше сатылып.
Жауырынды отқа қақтап, қыздырып,
Жүгінейін жақсылыққа жүз бұрып.
Шала қазаққа ішірткімді берейін,
Харам жолдан үміттерін үздіріп.
Албастыны шаштан ұстап тепкілеп,
Сиынайын, Пірлер, саған текті деп.
Ағузу биллаһи мин аш-шайтани-р-ражим,
Небір күндер бұл басымнан өтті көп.
Ақ сәлдені бастарыңа төрт орап,
Жырымды оқы, ей, мұсылман, ортаға ап.
Дем салайын тұла бойың тазарсын,
Сал бойыңды тұмшалаған шер тарап.
Кәлимаға келтірейін тіліңді,
Тұншықтырып көр кеудеге жыныңды.
Ақыры бар, әуелі бар әркімнің,
Жарылқай көр, Алла тағала, құлыныңды!
Төрт нәрседен пінә болдым о баста,
Төрт нәрсенің құдіретіне таласпа.
Әуелгі де, ақырғы да Мұхаммед,
Үмбетіңнен бар пәлені аласта!

2-сөз
Жар болған Алла осы елге,
Дәстүрім, салтым шақта аман.
Май құйып отқа шешем де,
Табалдырықтан аттаған.
Айыр тұяқты мал атап,
Шұбар жыланды түлетіп.
Жүргенде әкем, таң ата-ақ,
Келіппін жерге шыр етіп.
Сорғызып құйрық, үп етіп,
Басыма жастап Құранды.
Адыраспанды түтетіп,
Қуыпты атам лаңды.
Сонда да кетпей албасты,
Жайыпты шашын төріме.
Жезтырнақ жеңге жармасты,
Кірердей бірге көріме.
Шығысым батыс болып бір,
Әруақтар безіп ошақтан.
Жүрекке енген солып гүл,
Молаға бала тас атқан.
Жетіқарақшы ұрлаған,
Болмысым менің
– Үлпілдек.
Көгеріп, көктеп тұл ғалам,
Енді-енді, міне, сілкінбек.
Келмеске Мәскеу кетті деп,
Аталар жүр ме жағалап.
Кеудені жүрек тепкілеп,
Орнына сыймай барады-ақ.
Сілекейін алған жылқыдай,
Жатқанда түйе боталап.
Жолымды берсін бір құдай,
Қор қылмай жатқа бата-бақ.
Құрбандық шалып әруаққа,
Кетпес деп кие тегімнен.
Кәрі жілік іліп шаңыраққа,
От – Ана, сақта, дедім мен!

3-сөз
Сусындаған жүрегім өлең өпкенде,
Пенде емес ем әр неге елең еткенде.
Жауырын тұсым құрысып жүретін еді,
Жолықтым бүгін тал түсте кереметтерге.
Төзімнің тасын жасымнан тіседім келіп...
«Тасыбай» тоғай. Жүр едім пішенімді орып.
Ысқырған дауыс ысылдап желке тұсымнан,
Мелшиіп қалдым, қорқыныш кісенім болып.
«Бисмиллә» дедім дүрсілдеп жүрегім ұрып,
Қайнатқан айран секілді тілегім іріп.
Тостағандай қос көзі жарқырап жанған,
Бір жылан көрдім қуратқан реңін бүлік.
Абдырап сол сәт қолымнан орағым түсіп,
Етпетімнен құладым, барамын ысып.
Есімді жисам, о тоба, жатыр екенмін,
Ақ сақалды қарияның балағын құшып.
Жарқырап жанған қос көзі қадалып маған,
Деді ол жайлап: «Қорықпа, адал ұқ, балам!»
Батамды саған бермесем, шашты-сақалды
Шегір көздерге жан-жақтан таланып барам.
Арыстың мынау арнасы ылаң кептеліп,
Кетер ме екен бостан-бос Тұран текке өліп.
Қысылған кезде сусылдап көрінбей көзге,
Желеп-жебедім ұрпақты жылан боп келіп.
Дауа да таппай сенделдім дертіме бір күн,
Өзіңді көріп дәл қазір көркіме кірдім.
Қолыңды жайшы, көмейің өлеңге толсын,
Шақ келмеуші еді ештеңе өртіне тілдің».
Маза да бермей толқыған жаным бір айдын,
Ұйып бабама тізерлеп қолымды жайдым.
Батасын беріп әулием ғайып боп кетті,
Нұсқап бір маған көрсетіп жолын Құдайдың.
Іштегі жалын дес бермей тамағым қарып,
Мең-зең болдым көз алдым нала-мұңданып.
Ағылып жатқан көмейден өлеңді ғана,
Ұстап қалуға тырыстым қаламымды алып...

4-сөз
Бейсенбі сайын түндерде келіп,
Әруақтарға тыным бермеген.
Болсын деп сосын іргем де берік,
Жайнамаз жайдым төрге мен.
Мұсылмандағы парықты ұққаным
– Қағбаға қарап жүгіндім.
Үміт үзбепті жарықтықтарым,
Келіп жүр екен бүгін түн.
Майқы би еді түп-тегім менің,
Солмайтын мәңгі өзегім.
Талай жаулардың бүктедім белін,
Жібермей сөздің кезегін.
Түгел сөзді де бабамнан алғам,
Жарқылдан өнген өлеңім.
Ойсызға, сірә, сараңнан әрман,
Құпия болар тереңім.
Бәйдібек бидің қаны бар менде,
Жарасқан бойға тектілік.
Кеудесінде бір жаны бар пенде,
Ұлылықты бізден кетті ұғып.
Уызын берген Домалақ анам,
Құланнан сайлап қалжасын.
Жарықшақ сынды дана бабам,
Жалғаған біздер жалғасын.
Төле би атам айбары еді,
Абылайдайын хандардың.
Бабалар бүгін қайрады мені,
Өзіме өзім таң қалдым.
Көк тәңірінің де өзі қолдаған,
Көк бөрі текті ел едік.
Қасқыр ұлдарға сөзін арнаған,
Тектіге беріп төрелік.
Екшеп мың ойдың көбін еледім,
Ертеңгі сөзді сайлап ап.
Ұлы бабалардың төлі мен едім,
Маған, серт, кетсем майдалап!

5-сөз
Күнәһар ойдың құшағындамын,
Қиялды шайтан тізгіндеп.
Білмейді қайдан ұшарын жаным,
Жықпыл-жықпылды сүздім көп.
Шүкір деп қана тобаға келем,
Өткен күніммен беттесіп.
Жатады сосын домалап өлең,
Кірпіктен түскен шөпте шық.
Ырзығын теріп бала-шағаның,
Құмырсқа тірлік кешкен мен.
Болмыспен қалай таласа аламын,
Қызықты қайтем кеш келген.
Кесеге құйшы шырын шараптан,
Жүректің өртін өшірсін.
Пендемін мен де күнін санатқан,
Жұмаққа жанды көшірсін.
Сезімім таза, өзіме мәлім,
Сұқтансам қызға несі мін?
Жаққан да өзі көзіме жалын,
Алладан болар кешірім.
Зинақорлық деп ұғына көрме,
Өзгені ойлап жүдесем.
Жараспайды ма шұғылалы ерге,
Қасында бір күн түнесем.
Сүйек балқытар жалаңаш тәнін,
Баласам бір сәт мұратқа.
Қайталанбайтын шала мас қалім,
Тап болар бәлкім жұмаққа.
Қуа алмай солай әлекпін бойдан,
Өзгеден жұққан кеселді.
Келерін білмей нәлеттің қайдан,
Тыңдадым талай көсемді.
Сап, сап, сап көңіл айныма, тегі,
Бейауыз тілім жазықты...
Пенденің мынау қайғыдан көбі,
Маңдайға нені жазыпты?!

6-сөз
Жүрек шіркін бекерге туламайды,
Күнім өтсе, ол байғұс у жалайды.
Өліараның аяғы тақалғанда,
Көрдім тағы жаңадан туған Айды.
...Өзіңбісің толқыған кесір кемем,
Жарылқасаң болғаны, есіркеп ең.
Сен жаңарсаң, өмірім ескіреді,
Сыры кетіп мұқалып есіл теген.
Бүтіндеймін деп жүрмін жыртығымды,
Алдамайды тағдырдың кілті кімді?
Мекендеген өзіңді сонау кемпір
Санамаса болғаны кірпігімді.
Қара бұлтты бетіңе қалқалап ап,
Шалық тиіп тұрсың ба шалқалап-ақ.
Тіршілікте таусылмас тауқыметін
Мына пенде қашанғы арқаламақ.
Итсигекке ит ұлып сарып еді,
Уды у ғой қайтарар, сақ үреді...
Тырнағымды жаладым саған қарап,
Көрсетесің, білмеймін тағы нені?
Туғаныңды көрдім ғой, қарамайын,
Онсыз дағы жұқарып барады айым.
Тәжім етіп шөп жұлып отқа салдым,
Аман болсын жердегі бар ағайын!
Ғафілдердің қашан да өзегі мұң,
Жердің бетін тінткілеп кезеді жын.
Жанды ұрлаған ібіліс ұрпақтары,
Жамандыққа бағыштар өз өмірін.
Ай кезбенің жүрегін арамдап ап,
Пал ашады мыстандар саған қарап.
Пәле-жала кетсін деп ескі айменен,
Жаздым өлең есі бар бағамдамақ.
Жағымпаз жын өзіңе мекерленсін,
Бұл пенденің түбіне жетем дерсің...
Менің жаным тіріге көмектесер,
Ал сен болсаң моланы мекендерсің.

7-сөз
Дей көрме әке: «Жыршы боп тегім де оңбады!»
Ақындық маған шынында тегін қонбады.
Амандассам оң қолын бермеген таныс
Жырымды оқып ойланар Темірландағы.
Қуаныштан кей-кейде тасып-толғанымды,
Тірлігімде бір қызға ғашық болғанымды.
Айтар ма екен ағайын шенеуніктерден,
«Батыр атаға» сан рет қашып барғанымды.
Мен де өлермін бір күні суынып қаным,
Кірермін жерге – мәңгі үйім жуылып тәнім.
Шаһаризада мен жайлы ертегі айтар,
Шаһзаданың алдында қуырып жанын.
Қырық қадам да кеткен соң тірілер менен,
Қызығынан жалғанның түңілер денем.
Үйренер ақын көрге де амалы қалмай,
Бұл дүниеде ешкімнің тіліне ермеген.
Бұйырса сонда ұрпақтың дұғасын еміп,
Жатармын көрде жаза алмай құлашым керіп.
Ғазалдарыма ғашықтар әуенін қосып,
Бәйітімді оқып молама жыласын келіп.
Арысым ағар сабырлы кейіппен ғана,
Тұншығар өсек мен жайлы көйіткен бала.
Мүңкір-Нәңкірдің тоқпағы естіліп жатар,
Басылмаған ыстығы бейіттен жаңа.
Не кінә бар жүректе, тіріге сендім,
Кей кезде кештім амалсыз күнін есердің,
Жаңылмас па екем алдында Мүңкір-Нәңкірдің
Қайталап айтып сөздерін Ұлы көсемнің.
Кәлимаға күрмеліп тілім де келмей,
Хордың қызы, жұмақ па – бірін де көрмей,
Қабылдамай тозақ та дүбәра жанды,
Сандалар пенде табылмас түбінде мендей.
Молда емес те ем жұмылған жанары кілең,
Еркін жайлаған қайғысыз даланың гүлі ем.
Қу жаным менің кезгенмен Алланың алдын,
Бұл дүниеде рухым қалады білем.

8-сөз
Ала жылқылы, алтын ошақты,
Әруаққа ел ек сиынған.
Пәруәрдігерім талқыма сапты,
Жақсы-жаманды бұйырған.
Екі иықтағы екі періште,
Көрген, білгенді жазарсың.
Ықпал етші сен ниеті теріске,
Кеудесі соның тазарсын!
Нәуміз жырларым жылап келеді,
Хордың қызы да егілер.
Біздің қоғамда сұрақ көп еді,
Боркемік жанды кемірер.
Төрт кітаптың да киесі жебер,
Жырыммен жүрмін арбасып.
Ертеңгі күннің иесі келер,
Бабамның жолы жалғасып.
Суын ішпеген Әбілхаяттың,
Пендеміз біздер кәдімгі.
Қалмайды, сәрі, жанымды аяп тым,
Қара жер алар тәнімді.
Сауап ісімнен мол болар күнәм,
Сезбейін оны неге мен.
Мүбәрак еді оңғарар Құран,
Сүресін тартсам көнеден.
Бұйырмайды екен, білемін енді,
Мұсаның маған таяғы.
Жебесін дұғам, тілегім елді,
Қаңғырып кетпей саяғы.
Кем емес бәлкім кәлам – жырларым,
Дәуіттің сауыттарынан.
Өшпесе екен санам-нұрларым,
Адаспай қызым арынан.
Оқиын енді «құлһуалланы»,
Қиялды қуып не түрлі.
Шығармай естен бір күн Алланы,
Меккеге бұрдым бетімді.

9-сөз
Тоғыз тарау өлеңім-тоғыз жұлдыз,
Қазақ, өзбек, ноғайым, оғыз, қырғыз.
Тоғыстырып тоқсан ой бір арнаға,
Қоңырлатып Қорқытша қобыз жүргіз.
Тоғыз тарау өлеңім – тоғыз шумақ,
Санасында кәпірдің соғыс тулап.
Аталасты қайтадан есіме алдым,
Болған кезде түтіліп қоныс тулақ.
Тоғыз-тоғыз өлеңім үйірімен,
Алтын сақа ниетпен иіріп ем.
Текелері теңкиіп далада қап,
Күй қашқанда даланың киігінен.
Тоғыз өлең тоқ саба саумал ма екен,
Бір Алланың ниеті ауған ба екен?
Риза болса әруағы болар еді
Соғыс кетіп, қайтпаған жаудан көкем.
Тоғыз жырым – тоғыз ат, шапанымен,
Бабалардан сұрадым батаны мен
Лаң кіріп жүргенде, тобаға кел,
Келін ойнап атаның сақалымен.
Тоғыз жырым - әруаққа кілем жапқан,
Оқығандар ауруға мың ем тапқан.
Бойға кие дарысын деп тіледім,
Түркістанды жайлаған түмен баптан.
Тоғыз жұртым, аза боп жан сыздатпа,
Мінгізе де көрмегін қамсызды атқа.
Тапсырайын сендерді ағайын жұрт,
Сайрам жерін жайлаған сансыз бапқа.
Тоғыз жырым – сырттаным, ақ баталы,
Қор болмасын жұртымның жатқа атағы.
Тапсырайын періште әумин дер,
Бабтар бабы –
Арыстан бапқа тағы.
Тоғыз тарау өлеңім – тоғыз жұлдыз,
Қазақ, өзбек, ноғайым, оғыз, қырғыз.
Тоқсан ауыз тоғыссын бір арнаға,
Қоңырлатып Қорқытша қобыз жүргіз.
Әумин!

1990 жыл. Шымкент



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өзің болып тиемелдім

  • 0
  • 0

Өзің болып тиемелдім
Сүйе бердім, сүйе бердім.
Өмірімде алғаш рет
Бір бақытты иелендім.

Толық

Ақ қарға жаздым атыңды

  • 0
  • 0

Атыңды жаздым ақ қарға,
Үйінен шыға көрсін деп.
Асығып бара жатқанда,
Аялдап көңіл бөлсін деп.

Толық

Көргенде сені

  • 0
  • 0

Көргенде сені:
Шүрегей сезім дүр етті.
Елең еткізіп жүректі,
Сол сезім кенет көл етті

Толық

Қарап көріңіз