Әкелер-ай болашақты аңсаған – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Әкелер-ай болашақты аңсаған» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.04.2021
  • 1
  • 0
  • 872
Әкелер-ай болашақты аңсаған,
Перзент үшін тіршілікте шаршаған.
Есейгенде кештеу біліп қадірін,
Әкесіне жете алмай жүр қанша адам?!
Әкең барда еріктісің, еркесің,
Бақыт күйін балбыратып шертесің.
Әкең жоқта жылытар деп жанымды
Жамыларсың исі сіңген көрпесін.
Өмір осы, өзің де әке боларсың,
Оңалам деп оңаша оқ жонарсың.
Әкелердің жолын жалғап жүрсең сен
Ел-жұртыңа бақ құсы боп қонарсың.
Сал-сағыныш жүрегіңде ер жетіп,
Ақ жаңбырың дауылдатып, селдетіп,
Әкеңді ойлап отырарсың кей кезде
Бесіктегі перзентіңді тербетіп.
Қанға тартар небір жайсаң, қасқалар,
Ай астында су ағар да, тас қалар.
Әке-бала - адамзаттың өзегі,
Барлық өмір тал бесіктен басталар.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері