Өлең, жыр, ақындар

Ақмаяға оралу

  • 17.01.2022
  • 0
  • 0
  • 841
Балалық шақ,
Соңымнан қол бұлғаған,
Мөп-мөлдір мұң,
Сағыныш болдың маған!
Саған барар
Соқпақтың орыны бөлек,
Жатса-дағы алдымда
Жол мыңдаған...
Сағындырып,
Көзден жас жиі ағызған,
Ғұмырымыз
Құралған күй-аңыздан.
Қырық жыл бұрын
Қатайып қанатымыз,
Осы арадан...
Ұшқанбыз ұямыздан.
Ыстық еді-ау,
Осы ара...
Осы мектеп...
Еркеледік,
Наз айттық,
Сосын ептеп...
Балалығым өткен жер,
Туған ауыл,
Айтармысың
«Алдыңнан тосып ек» деп?
Айрықша ыстық,
Ақмая,
Атың қандай!
Аппақ таңын
Көңілдің атырғандай!
Алабұртып,
Ғажап бір сезім кештім,
Ең алғашқы
Махаббат шақырғандай...
Қанат қағып
Қиялдың талмас құсы,
Бастау алып ауылдан
Ең бастысы –
Тұңғыш сезім,
Балауса арманның да,
Осы арада басталған
Алғашқысы!!!
Туды осында
Туындым тырнақалды,
Туған жұртым
Тұщынып жырға қанды.
Ақмаяда қалдырған
Ақ бантигім,
«Мен мұндалап»
Жүректі мұңға малды.
Алғашқының
Қашанда жөні бөлек,
Өткен күндер –
Сағыныш селі, демек.
Өз арнамнан
Асып бір төгілейін,
Еңбегімді ескерсе
Елім елеп...
Жан жылуын жырыммен таратамын,
Маған қымбат ойлы алақаның.
О, Ақмаям!
Оралды қарлығаш боп,
Бір кездегі сарыауыз балапаның.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Курстастар, қайдасыңдар?

  • 0
  • 0

Курстастар!
Бұл күнде қайдасыңдар?
Қай ауылда,
Қай мекен-жайдасыңдар?

Толық

Гүл – қыздар

  • 0
  • 0

Жалындаған жас қыздар,
Жастығына мас қыздар.
Сендер жүрген жерлерден
Мұң ығысып, қашты ызғар.

Толық

Аманат

  • 0
  • 0

Тоқтау бар ма
Жандарға сағынысқан,
Сүйген жүрек
Емес тек жаңылысқан.

Толық

Қарап көріңіз