Ұшып келем – Ақсұңқар Ақынбаба

Бұл бетте «Ұшып келем» атты Ақсұңқар Ақынбаба жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 19.04.2021
  • 0
  • 1
  • 893
Ұшып келем.
Аспан асты аламан,
Аламаннан
Қалса болды жан аман.
Қанатымды тостым,
Жиі алдымнан,
Шыға берген от бұрқаққа
Бораған.
Көзімнен шоқ
Тамған сайын зу етіп,
Қанатымды
Шайған сайын су өтіп,
Ұшқан сайын
Күн алыстай берсе де,
Ұша берем,
Екпінімді үдетіп.

Ұша берем,
Сахарада қаңғырып,
Құс баласы,
Қанатың бар!
Ұяң жоқ!
Өле аңсаған аспаның да,
Бәрібір,
Қондырмады,
Қияң боп!

Қанатым бар
Тағдырым боп жолыққан,
Өрден жеріп,
Кете алмадым сондықтан,
Қарамастан
Аспанға да, жерге де,
…Ұша берем!
Тағдырыма бағынып,
Ұша-ұша жалыққан.
…Ұшып келем!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (1)

Арман Әзімханұлы

Ақсұңқар - ешкімге ұқсамайтын ерекше ақын. Алтайдың мұзбалағы, аман жүр!

Осы автордың басқа өлеңдері