Сексен көлдің бірі – сері, шырайлы һәм – Тортай Сәдуақас

Бұл бетте «Сексен көлдің бірі – сері, шырайлы һәм» атты Тортай Сәдуақас жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 20.04.2021
  • 0
  • 0
  • 824
Сексен көлдің бірі – сері, шырайлы һәм,
Өзің жайлы өзімше айтам сыр, Айнам,
Моншақ шашып жатқандайсың маңайға,
Шағырмақпен шағылысып шыны – айнаң.
Мөлдіредің, мөлдір едің, ой неткен,
(Асқан бұдан айна бар ма, бойжеткен)
Бұлт арулар босатпайды алдыңды,
Бұрымы ойнап,
бүрмелі аппақ көйлекпен.
Сауық болар көк мұнарың – Сарайға,
Сол арулар көп келуді қалайды, ә?
Сән түзесіп қайта-қайта қарай ма,
Әтір сеуіп әлсін-әлсін маңайға.
Бір кірпияз адамдайсың зерделі,
Ұялтатын қарау көңіл пендені.
Мөлдірсің сен!
Пенделер бар құр қалған, –
Тереңдік пен мөлдірліктен сендегі.
Аузыңды ашсаң көрінгендей жүрегің,
Сен сияқты абзал досты білемін:
Алыс кетсем, аңсай бердің шарқ ұрып,
Жолға шықсам, сәтті сапар тіледің.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері