Қызыққа да – Сәкен Иманасов

Бұл бетте «Қызыққа да» атты Сәкен Иманасов жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 02.05.2021
  • 0
  • 0
  • 791
Қызыққа да,
Қызға да бұрылмастай,
Жүрем кейде ешкімге сырымды ашпай,
Жүріп алам жоламай жақсыға да,
Жоққа бола жаманмен ырылдаспай.
Елірмеймін...
Ермеймін дүрмекке де,
Елтімеймін ешқандай құрметке де,
Достарға да бұрылмай кешегі бір,
Дұшпанға да ұрынбай шын кектене.
Топқа да ермей қаламын дүркіреген,
Даусым да жоқ бұрынғы күркіреген.
Араласпай аңқылдақ ағаға да,
Ініге де ағалық сыр тілеген.
Жүріп алам біріне араласпай,
Жасыл бақта жүдеген кәрі ағаштай.
Өзімсінген өрт мінез жігітке де,
Көрінемін достыққа жарамастай.
Кімге ренжіп,
Кімдерге өкпелейін,
Кімді сүйіп,
Кімдерді жек көрейін, –
Естен шығып кеткендей бәрі-бәрі,
Жүріп алам сүлесоқ көпке дейін...
Өзге түгіл,
Болмастай өзім біліп,
Кернемейді кеудені сезім бүлік,
Шалқып ішкен кешегі шақты ұмытып,
Шараптан да көңілді безіндіріп.
Жүріп алам елірмей,
Елеңдемей,
Кешегі күн ертең де келер демей.
Іштей қажып отырам оңашарақ
Жер үстінде жан жоқтай менен де өгей.
Бәрі бір: үлгерермін, кешігермін,
Келмейді асықтырған досыма ергім, ...
«Жатып-жатып жанартау
Бір-ақ сәтте
Бұрқ етеді», – дейтіні осы ма елдің?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Қызыққа да өлеңінің авторы кім?

Сәкен Иманасов — осы өлеңнің авторы.

Қызыққа да өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Қызыққа да өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Сәкен Иманасов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Қызыққа да өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері