Айтыс
Поэма
Күдік бар бір көздерде,
бірінде үрей,
Дүрілдеп пысықтар жүр бұрынғы кей.
Салдыртып Сарыарқадан Сал келіпті,
Сапырып сахараның жырын күрей.
Қаларын білді ме екен ән-аңыз боп,
Сенді ме илеп-бүктеп аламыз деп.
Арқадан ат арытып
Жетісуға
Жетіпті саңлақ ару Сараны іздеп.
Табынған талантына Арқа қыры,
Жеке өзі жыр тәңірі,
ән тәңірі!
Асып та тасып тұрған тұста бұған
Қай ақын қарсы келер бар тағы ірі?!
Қайыспай долы дүлей қамшылардан,
Қаймықпай қаныңа да қарсы барған.
Ән қосқан аққумен де Біржан еді,
Сазарған саз беттен де қан шығарған.
Жақтасып жарлысына, кіріптарға,
Қасқайып қашан да езі жүріпті алда.
Амалсыз алдыңда оның қипақтаған
Қарадан қаймықпаған ұлықтар да.
Сиысып өнер қалай жүрмек кекпен,
Сорлыны сөзбен «сойып», дірдектеткен.
Сөз бермей ауыздыға,
асқақ айтып,
Еріксіз жатқа да өзін құрметтеткен.
Саңқылдап жүрген шақта өрлеп көңіл,
Алданбай бос даңғаза ермекке құр,
Нан піскен кеудесіне
талайларды
Кететін тырп еткізбей жерлеп те бір.
Тірліктің ғайбатын да,
өсегін де,
Дарытпай,
Дәуірлеген кеше мүлде.
Астыман алты қырдың әндеткенде
Сан сұлу дөңбекшитін төсегінде.
Қаламай жанға рахат, үлесті көп,
Қашан да шайқас,
думан,
күрес тілеп.
Жараған жүйріктей жан шыдатпай,
Кететін шулы нөпір тіресте үдеп.
Басынан сөз асырмай дүрілдеткен,
Жасырмай тура айтатын сырын көптен.
Бетіне жан баласын бір қаратпай,
Аңырап
айқас десе бұрын кеткен.
Сол Біржан —
Сал да Сері,
асқақ ақын,
Жалғанда жан таппаған жасқанатын.
Ауылға әнмен түйрей, түре кіріп,
Қаңтарып үй сыртына тастады атын.
Солдыра
солқылдатып жүрегіңді,
Сараны сөзбен түйрей, күле кірді,
Қоғадай жапырылған көп ішінде
Біреулер қабақ шытып, бірі егілді.
Біреулер іштей күліп, бірі ымдасқан,
біреулер әлдекімсіп жымыңдасқан.
Біреулер жалқау ғана бұрылады,
Теңкиіп жатқан жерден сырылмастан.
Біреулер сабыр таппай елеңдеумен,
Біреулер күтіп ақ тұр желеуді елден.
Біреулер ыңырана ырғалады
Дегендей: «Кем болып па сенен кеудем».
Әйтеуір жатты бәрі дүрлігісіп,
Сылқылдап, сыбырласып, сыр бүгісіп,
Төрт қызы Тұрысбектің сылаң қағып,
Сараны қоршай берді дүр күлісіп.
***
Басталып қырда солай бір тың дастан
Лебіне жар қылтырап, сілкінді аспан.
Тартылды таразыға тосыннан кеп
Кешірген талай тағдыр жұртым бастан.
Бір сарын — жыр сарыны қырда тұнып,
Сүңгітіп, тұнығына шым батырып.
Қалғыды құшағында тау мен дала
Сырлы әуен сиқырына шырматылып.
Ән кетті әу дегеннен желпіп қырды,
Есті алып, ел біткенді ентіктірді.
Жан түгіл,
үй сыртында матаулы аттар
Қайшылап құлақтарын елтіп тұрды.
Тербетіп, дірілдетіп жер-түкпірді,
Сал әуен сан сиқырын ертіп түрлі.
Ауылды айбарымен байлап-матап,
Ақ үйдің есігін де серпіп кірді.
Жаңғырта жеткен үнге бар даланы,
Жоқ шығар ауыз ашып қалмағаны.
Аңырып қалды халық:
«Апыр-ай!»,— деп,
Бұрын-соң естімеген арбап әні.
Балқытып, балбыратып, қырды ән билеп,
Ауылға төне түскен шың қалғи кеп,
Саз дауыс сай-сүйекті сырқыратып,
Дүниені тылсымымен тұрды әлдилеп.
Тырп етпей ұйып түгел сырлы әуенге,
Қанатын қақпай ұшып тырна әуенде,
Бұрын-соң естімеген әнге арбалып,
Ес кетіп,
есеңгіреп тұрды-ау ел де.
***
Апырмау, шықпай ма енді?
Сара қайда?
Тұр ма екен бағадан қарап айға?
Бар Найман бұлбұлы деп жүрмеуші ме ек,
Суырылып шығуға бір жарамай ма?
Білмей ме осы екенін бақ сынар күн,
Дәл тауып, дәлдеп айтса жатсынар кім?
Еліңде барын айтып мақтанбай ма
Талай бір игі жайсаң, жақсылардың?
Айтпай ма, бай да барын,
бағлан барын,
Патшадан шен де шекпен алғандарын.
Қала ма бір тіл қатпай?
Қыз еді ғой
Сан қырға жеткізетін салғанда әнін.
Жеткенде желпініп-ақ жұртын мақтай,
Ауызға сал Біржанды, шіркін, қақпай.
Апыр-ау, ару Сара неғып отыр,
Қала ма шынымен-ақ бір тіл қатпай?
Шынымен бір тіл қатпай қалмақ па анық,
Біржанға шүйліксе еді самғап барып.
Арылып қажы алдында алмай ма екен,
Запыран жүректегі зарды актарып.
Бір сөзбен түйреп түгел, өртеп кейде,
Кететін, қайран, Сара шер төкпей ме?
Жарқылдап шығып тағы топ алдына
Белдеспей беріспеуге серт етпей ме?
Неге отыр домбырасын бұрын қақпай?
Шықпай ма қалың елі, қырын мақтай.
Кетті ме мына Салдың мысы басып,
Қала ма шынымен-ақ бір үн қатпай?
Болмаса ақтармай ма ащы мұңын,
Жүрекке түскен дерттің асқынуын.
Жеңем деп желпініп-ақ тұр-ау Біржан,
Атақты Жетісудің жас сұлуын.
Сал Біржан аңырата дүрілдейді,
Қарамай,
Халық болып ұрын мейлі.
Арқаның ақиығы,
Аңсап келген
Қалайша, қаршығасын бір ілмейді?
Апыр-ай, Сара солай сасар ма айқын,
Кез бе осы тартыншақтап, нашарлайтын?
Әлде оның ақындығы дақпырт па еді
Ауыл үй арасынан аса алмайтын?
Жұрт солай тұрды аңырып,
тынып іштен,
Біржанды тоқтата алар кімі күшпен?
Қарайды Сара жаққа ауық-ауық
Сан көздер кекесінмен, кіжініспен.
Осы елде бардай-ақ бір өші өлердей,
Біржан да саңқылдайды есе бермей.
Демінен үй жығардай күпінеді,
Бір сөзі бір сөзінен кесек өрлей.
Сара да тұра алмады төзіп енді,
Біржанның тоқтамасын көзі көрді.
Баптаулы домбырасын қағып-қағып,
Көп күткен жұрт алдына өзі келді.
Қос жүйрік қырда қалай сайысқанын,
Көп сырды көп алдына жайысқанын,
Әлі де аңыз етіп айтады жұрт,
Сараның сан иіліп, майысқанын.
Өлеңнің көз алдында күрт өскенін,
Көргенде
Жинай алмай жұрт естерін,
Аңыз ғып кете берген сан ұрпаққа
Қос жүйрік қырда қалай сілтескенін.
***
Басталды айтыс солай...
Тынып халық,
Өзді-өзін таныстырып, іліп-қағып,
Шайнасты керіспейтін қас жаулардай,
Достардай бірде жарқын күліп те алып.
Бір тұста тұтқиылдан ағып барып,
Аямай ащы тілмен шағып та алып,
Алыспай беріспейтін түрі барын
Ел-жұртқа екеуі де танытты анық.
Аямай жеке бастан терісті мін,
Ащы айтып бір-бірінің кемістігін.
Елінің «жақсыларын» тізісті-ау бір
Тәңірісі солардай-ақ жер үстінің.
Бір тұста қуаныш пен зар алмасып,
Даңғаза құр мақтанға сараң басып,
Аңдамай екеуі де бір-бірінің
Іштегі жан-жарасын алар қасып.
Біресе шатыр-шұтыр, астан-кестең,
Шарпысып нажағайдай аспанда өшкен.
Тарихын мақтап ала жөнеледі
Өзді-өзі аймағының бастан кешкен.
Біресе тасқындай-ақ күркіреп кеп,
Болады қан майдандай дүркіретпек.
Белдескен палуандардай әдіс андып,
Бір-бірін осал жерден сілкіп өтпек.
Бір тұста асып-тасып, шаттанысып,
Лекіте төгеді сыр ақтарысып.
Өзді-өзі сүйсінгенін жасыра алмай,
Көп мұңмен кеудедегі жатты алысып.
Біресе екеуі де мұңсызданып,
Шенейді бірін-бірі тым сызданып.
Біресе іштегі оймен арпалысар,
Бір сәтке екеуі де үнсіз қалып.
САРАНЫҢ БІРІНШІ МОНОЛОГЫ
Білетін ар қадірін, наз қадірін,
Жан едім баламаған азға құнын.
Дариға-ай, бәрі бақыт деп жүруші ем
Тәңірдің маңдайыма жазбағаның.
Сұқсыр ем көлде ұшатын күн-түн демей,
Қарайтын қабағыма жұрт үндемей,
Елімнің қызығы ма деуші едім-ау
Ән десе бүлкілдейтін шіркін көмей.
Ал бүгін
ауыр ойдан арыла алмай,
Отырмын құсалықтан жарылардай.
Жүрек те дір-дір етіп тыншымайды,
Тартатын тақсіреті тағы бардай.
Бұл күні «құрысын да ұрғашының,
Билігі болмаған соң бір басының».
Найзадай қадалады жүрегіме
Естісем шалқып күлген құрдас үнін.
Өмірдің керегі не іңкәр мына,
Жарқырап шыға алмасаң жұрт алдына.
Қапастан босатпаған, қайран, тағдыр
Шыңдарға шырқап ұшар сұңқарды да.
Дүние-ай, мына сұлу кең тірлікте
Ақын боп туа тұра серпілдік пе?
Қайтейін, қалауымша қанатымды
Келемін бір қаға алмай еркіндікте!
Өтем бе қанатымды бір қаға алмай,
Кетер ме армандай боп шыңдар арбай.
Сөз ұғар төңіректен жан таппай кеп,
Шарқ ұрам қарап тұрып жынданардай.
Шерімді кімдерге айтып, кімге шағам?
Мұндайда болмай көрші мүлде есалаң.
Айнала қалың елің ақын демей,
Қатын деп қарар болса күнде саған.
Бұзып бір өтсем-ау дей ой тұманын,
Кернейді көкірегімді жойқын ағын.
Бұлықсып бойжеткенің құрысын да
Мерт болып балаң арман, бейкүнә күн.
Таптырмас жанға тоят бір күнгі оймен,
Дүние-ай, біздің заман сүргін ғой кең.
Даланың ақмаралы ем үркек ескен,
Еріксіз ноқталанып тұрмын ғой мен.
Еріксіз отырмын-ау ноқталанып,
Қамсызда көрінген боп,
жоққа нанып.
Жас жүрек аласұра тыпыршиды,
Түсердей өзі барып отқа да анық.
Отырған қартқа да ұнап, жасқа да ұнап,
Сал Біржан неге менен асқағырақ?
«Ақиық арғымақпын, асылмын!»— деп,
Тұр екен өнеріне мастанып-ақ.
Тұр екен өзіне-өзі сұқтанып-ақ,
Ақын ғой жолы даңғыл, жұтқаны бақ.
Шалқып жүр Орта жүзді еркін шарлап,
Бір өзі қанша қызға сырттан ұнап.
Өзі де жан екен-ау өте көсем,
Шынымен, шынымен-ақ кете ме есем?
Жо-жо-жоқ, бойдағы бар зарды ақтарып,
Қайтсем де не жеңемін, не теңесем.
Ақындық, алыстағы от-елес ең,
Дәрмен бол, тәуекел деп төтелесем.
Алыстан ат арытып келген Салға
Апырмау, қалай ғана кетеді есем.
Тұрса да тілім қышып, сөйлегім кеп,
Бастағы тежей берем ой легін көп.
Айтсам ба, адымымды ашырмастан
Кіріптар жесір етіп қойды елім деп.
Несі сән күле алмасаң жарып көңіл,
Сен де бір — қайыршы мен ғаріп те бір
Тордағы торғайдай ғып шырылдатып,
Биікте бір самғатпай налытты өмір!
О мейлі, тағдыр мені азаптасын,
Айтар да тарих әлі қазаққа сын.
Бар ма екен қызыңда арман басқа
жұрттың
Еркекпен тең ұстаған азат басын.
Ары өтіп, бері өткенде Әріп ақын,
Соны айтып, ағынан бір жарылатын.
О дағы көп күрсініп, күңіреніп,
Тірліктен тірек таппай тарығатын.
Самғап та кетпеген соң көсіле бір,
Ақын ғып жаратты екен несіне өмір?
Шынымен мына Салдың жоқ па мұңы,
Болмаса қыр көрсеткен сесі ме құр?
Шалқиды, шамырқана шарықтайды,
Асаудай бойына қол дарытпайды.
Сұңқардай саңқ-саңқ етіп тоқтады-ау
Бір,
Жүрекке от,
көкірегімде жағып қайғы...
***
Жалғасты айтыс әрі...
Ел тынды іштен.
Түп-түгел топырласып,
Серпілді істен.
Бір-бірін бастырмалап кетті ақындар,
Сахара көрмеген бір еркін күшпен.
Айғайды кезек-кезек асырып-ап,
Сырт көзден өз міндерін жасырып-ақ.
Толассыз, тоқтамастан сілтеседі,
Бірінен бірі түсіп басымырақ.
Бір-бірін басып-жаншып кетер ме деп,
Жатты жұрт даурығыса көтермелеп.
Шалғайда шұрқырасқан жылқылардан
Басқадай құдірет жоқ етер бөгет.
Сапырып, сары қымызды құрақ ұшып,
Елпілдеп, ептілер жүр шын-ақ ұшып.
Сауымы өтіп кеткен құлындар да
Елеңдеп, желісінде тұр алысып.
Ақындар домбырасын ұрып қатты,
Бір-бірін тұтқиылдан іліп-қақты.
Алыста
ат тұсаған ақсақал да,
Аңырып,
ауыз ашып тұрып қапты.
Талайдың маңдайынан бақ тайғанап,
Тура сын талайларға жақпай да қап,
Мелшиіп, меңірейген біреулер де
Аңқиып қала берген қақпай қабақ.
Айтыстан айнала бір тарап айбар,
Жер шұқып, жасып қалған бар ағайлар.
Дірілдеп Ешкіөлместің тауы да үнсіз,
Балбырап, балқып тұрды қарағайлар.
Меңіреу көкірек бар ұқпаған қай,
Сұңқылдап, бұлақ жылап-сықтағандай.
Бозторғай тас төбеде безілдейді
Біржан мен Сара сөзін құптағандай.
Ақындық құдіреттің көр еңсесін:
Ақ үйлер ұзартыпты көлеңкесін.
Сара да шүйлігеді жемтігіне,
Борандай бұрқыратып өлең сесін.
Сөз селі боран болып бұрқырады,
Белгісіз қайда барып бір тынары.
Шегелеп біреулерін тұрған жерде,
Жүрегін біреулердің жұлқылады.
Біреудің сай-сүйегі сырқырады,
Біреудің қанып-ақ тұр шын құмары.
Айыбын енді аңғарған баз-біреулер
Кірерге тесік таппай бұлқынады.
Ұмыт боп ел біткеннің дертті мүлде
Ұйыған осынау бір елтіп үнге.
Бұлбұлдар көмекейін бүлкілдетіп,
Бақалар балпылдайды жер түбінде.
Тигендей мүлгіп тұрған баққа дауыл,
Кесек сөз бір-біріне атқан ауыр.
Әйтеуір үнсіз мүлгіп,
тілсіз күлді
Ешкіөлмес етегінде жатқан ауыл.
Қияли тартты Сара қашыққа ұшып,
Жанардан манағы бір қашыпты шық.
Соңғы рет сөйлем қалсам дегендей-ақ
Бір тұста Біржаннан да асып түсіп.
БІРЖАННЫҢ БІРІНШІ МОНОЛОГЫ
Ерекше көзге түсер жұрт ішінде,
Бір мін жоқ жан екенсің түр-түсіңде.
Табиғат бөлек етіп жаратыпты-ау
Сымбатын, сыңғырлаған күлкісін де!
Бала екен бұлбұл қонған таңдайына,
Тағдырдың кез боларсың қандайына?!
Сорың боп жармасар ма жаман біреу,
Бақпысың бір жігіттің маңдайына?
Ортаңнан оқшау тұрған дара тұлғаң,
Құр емес қыз екенсің ар-ақылдан.
Жұлдыз ба деп те қалам жарқыраған
Бар қазақ аспаны үшін жаратылған.
Өлеңді тал шыбықтай иіп кейде,
Қайтеді —
сорғалай ма, биіктей ме?!
Самғаған көктің қыран құсындай ма,
Немесе қырдан қашқан киіктей ме?
Дәл атып сұр жебедей сөзін бейне,
Қайтеді —
ашына ма, безілдей ме?!
«Қайғым бар зіл запыран көкірегімде,
Сөз ұқсаң — түсініп көр өзің»—
дей ме?
Бір сөзін бір сөзінен әрі асыра,
Не дейді?—
тиме дей ме жарасына?..
Немесе жеткіз дей ме басындағы
бар мұңын жалпақ қазақ даласына?
Не дейді?—
Соның бәрін жеткіз дей ме,
Сөзіңді біреулерге еткіз дей ме?
Дауысында діріл бар ма?
Еркелік пе?
Асылық,
астамдықпен жоқты іздей ме?
Бал жүзі ұқсай ма әлде тұнған шайға,
Көсіліп кететін бір қырды аңсай ма,
Мұнысы тағы қандай жұмбағы еді,
Бойында мына қыздың тұр қанша айла?
Болмаса көңіліне — у,
зарға етегі
толып та жүрген жан ба әлде тегі?!
Әйтеуір, еңірете, ес кетіре,
Тербеле, тебірене әндетеді.
Өзінен сұрап бәрін білсем бе екен,
Немесе балапандай ілсем бе екен?
Шайлығып, шалдығатын түрі жоқ қой,
Дегендей жыр нөсерін бір селдетем.
Қырғи боп тұтқиылдан төнсем бе екен?
Жеңісті осыған-ақ берсем бе екен?!
Қосағы қандай екен перизаттың,
Шақыртып жан жұбайын көрсем бе екен?
Өрленіп кетеді екен еңсең кейде,
Не дейді?—
Илеп-бүктеп жеңсем дей ме?
Біресе тау суындай тасып барып,
біресе егіле ме, кемсеңдей ме?
Жақының жан демеген еркіңді елеп,
Қыз ба едің өртің де көп, дертің де көп,
Жалғанда жай оғындай жарқылдауға
Жүр ме екен бата бұзбас сертің бөгеп?
Бала екен өзі де бір нұр сымбатты,
Байлаған кімдер екен қыршын бақты?!
«Бәйге алмас байтал шауып»—
деп кемітіп,
Сараны көрмегендер былшылдапты...
Жаным-ай бұл екпінің бармақ қанша?
Тұратын жан екенсің жар мақтанса!
Қайғыңды қақ бөлісіп кетсем бе екен,
Тәңірі-ай, сендей қызды зарлатқанша.
Құтқарар қанша дейсің менде де ерік,
Қарағым, қала көрме сен бөгеліп.
Сыртыңнан сүйсініп-ақ жүрсеші елің
Аққудай таранғанын көлде көріп.
Құлап деп қақ сусынына үркіп өтпес,
Бір ән деп әуенінен күлкі кетпес,
Аялап жүретін-ақ жан екенсің
Сыртыңнан болып елің шын тілектес.
Іркілмей, қуатыңмен бұрқырап бар,
Шырқап қал, топ алдында шырқырап қал.
Іштегі іркіп келген көп сырыңды
Аянбай осы жолы сілкіп ақтар!
Бойыңда не бар —
төгіп, сарқып ақтар,
Кез емес тізгін тежеп, жан тұрақтар.
Маңдайға сия қоймас жан екенсің,
Бір рет, құрығанда, жарқырап қал!
Халқыңның шерімісің, зарымысың,
Аямай көкірегіңде барын ұсын!
Жаралған жұрттан ерек жан екенсің
Жарқырап жұлдыз болып жану үшін.
Жарқ та жұрқ жарқыра да айнадайын,
Қалғанын білмей де қап қайда уайым,
Осы тұс өз еңсеңмен көрінші бір,
Қаракөз қарындасым, айналайын!
Болсын да қайғы-мұңнан үміт үстем,
Жырыңмен шердің бәрін жібіт іштен.
Ақынның тірлігі де тірлік емес
Ақымақ надандарға күні түскен.
Біз де сол болмаса деп кіріптарлық,
Енесін ел сөзінің ұрып барлық,
Бас қосқан болыс-бидің үстіне де
Қасқайып, қаймықпай сан кіріп бардық!
Жақсыға жақын тұтар санап анық,
Жастықта «мықтыларды» жағаладық.
«Қанеки, соныменен шыққан мүйіз?»
— Талады-ау талай «тәбет» қамап алып!
Жасықтан айырған ба алмасты олар,
Өзіңді,
кезі келсе, жамбасқа алар.
Жармасты жағама да,
домбырама
Жанбота,
поштабайлар
Һәм басқалар.
Шыға алмай шын жақсыны қорғап ағаң,
Сырым көп саған әлі толғамаған.
Көл тұрды көкірегімде
Көз жасынан
жақсының жанарынан сорғалаған.
Ақындар жатты айтысып іркілместен,
Жолды айтып,
жорықты айтып жұртым кешкен.
Талайлар таңдайларын тақ еткізіп:
«Сөзім-ақ!
Уай, пәле!
Шіркін!»— дескен.
Жалғанға өлең өзі билік құрып,
Тұрды бір түгелдей сол күйді ұқтырып,
Арбасқан ақындарды бір-біріне
Қырандай қия шыңнан шүйліктіріп.
Ерке жыр еміндірте қуатты алып,
Жүректен бірде жалын у ақтарып,
Дұғалап, арбағандай осы аймақты,
Жан-жақтан жетіп жатты шұбап халық.
Әртүрлі ән сиқыры бағаланды,
Ашылмай біреулердің қабағы әлгі.
Қой-қозы әлдеқашан жамырасқан,
Пісілмей сансыз бүгін саба қалды.
Айтылмай абысында өсек қалды,
Жиналмай түнде салған төсек қалды.
Бір тынбай ән бораны бұрқырайды
Қарсы атып қақ маңдайға кесек қарды.
Ортада қымыз күңсіп ішілмеген,
Ет сылынып ошақтан түсірмеген,
Сиқырлап тастап бәрін, тербеледі
Өзінің қан қыздырар күшінде өлең.
Қарамай бас-көзіңе кетіп енді,
Сал Біржан самғай
шырқап, екіленді.
Сапырды сары өзендей өлеңді бір,
Бөріден үріккен қойдай етіп елді,
Шықпаған шыңы қалмай самғап барып,
Көп сырын айтпай келген салды ақтарып.
Сал әуен сахараның самалымен,
Таспадай тарап жатты тармақталып.
Асау жыр ағынды арна тапты ма анық?
Алқынта сан жүректі қақты барып.
Түп-түгел тұтқындалып, тынып іштен:
«Да...ри...ға...ай, қайтсін!..—
десіп, жатты халық.
Қараса қам көңілі, көз жасына,
Жетті ме көзі шын-ақ озбасына,
Тұтқиыл бір бүйірден төніп те кеп,
Тиісті Сара қыздың өз басына.
Жоқ!
Тіпті жеке бастан таппай да мін,
Есті-ау бір үскіріктей жат қайдағы үн.
Дүбірге еті қызған тұлпар тегі
Басқаның қамын ойлап, сақтай ма арын?!
Сол болып сүріндірер бір тапқаны,
Сал Біржан нөсерлете шырқап тағы.
«Алдыртшы сүйгеніңді, көрелік!»—деп
Сараны соңғы сөзде бұлтартпады.
Апыр-ай, қатігез ең өмір неткен!
Сараны алды-ау тағы кеңірдектен.
Онсыз да аз болып па жас басынан
Есесі өзгелерге небір кеткен.
Онсыз да қырдың заңы етіп үстем,
Жасынан шердің улы отын ішкен.
Көкірегі қақ айырылып, аћ ұратын,
Көп тартқан күйініш пен өкініштен.
Аз ба еді әулетті мен ездегі кек,
Өршітті-ау Біржан тағы сөзбен іреп.
Өлеңмен қайтармақ боп барша мұңын,
Ойламай тұрған шақта өзгені көп.
Санап па саңлақ ару өзін кемге,
Өткізген шаршы топта сөзін де елге.
Ақылы асып тұрып,
Қорланады-ау,
Тағы да дәрменсізін сезінгенде.
Не қылсын мына заман өткірлігін,
Өлеңін, өнерін де от тірлігін.
Өрде озар көңіліңді зілмен басып,
«Өтерсің шерменде боп!»—
деп түр бүгін.
Салың да ұстар жерін білген екен,
Сараны сағағынан ілген екен.
Шынымен аз қызығын көп көрді ме
Мына бір тірліктегі түрмеге тең?
САРАНЫҢ ЕКІНШІ МОНОЛОГЫ
Дариға-ай, тура келген оқты мына,
Дарытпай кетер айла жоқтығы ма?
Бар жайды баса-баса төксем бе екен,
Жүргенім жетті емес пе көп бұғына?!
Апыр-ау, несіне енді тартынамын,
Қарапты ашынғанда артына кім?
Ақтара айтсам ба екен,
тақсам ба екен,
Елімнің әділетсіз салтына мін?
Сан ғасыр сыннан өтіп дәріптеле,
Жан-жаққа жатқандай-ақ дарып келе.
Шыға алмай соның торлы шырмауынан,
Тіл қатпай қалып едім Әріпке де.
Ол да бір ержігіттің төресі еді,
Лебінен сөйлеп берсе жел еседі.
Оның да өр кеудесін баспақ болып,
Келеді тыным бермей ел есегі.
Біліммен жүріп тұрған өктемі елге,
Бақытқа соның қолы жетпегенде,
Бұлқынып, бұғау үзіп шықпадым деп,
Шырылдап, шарқ ұрам ба текке мен де?!
Қаншама алдыма иіп ардақты атын,
Жолдады жылап өлең, зарлап хатын.
Немесе біржолата елден безіп
Болмадым сол бір ғашық жанға-ақ қатын.
«Көп сыр бар көкіректе тарқамаған,
Тіл байғұс асығыста айта алмаған».
Дегені тағдырға айтқан наласы ма,
Біздерді екі жаққа арқандаған?
Жеңдіріп келемін көп арды заңға,
Армансыз шелім менің қанды зарға.
Жаланған Сал алдында қорланбай-ақ,
«Сүйіктім» Жиенқұлды алғызам ба?
Алғызып көрсетем бе көрмесіне,
Қайтермін бұра тартса ол да есіре?
Кекетіп: «Ақын Сара барыпты,— дер,—
Дәл танып, тура тауып теңдесіне».
Сара да теңдесіне барыпты дер,
Болмаса бәрін де өзі танып білер.
Демінен жел соқтырған Біржан салдың
Дер шағы туды білем анық күлер.
Алдырмай қайда барып құтылармын,
Біржола күйреп,
күйіп,
ұтылармын.
Тағдырдың тәлкегінен қайда қашам,
Сынармын,
шағылармын,
шытынармын.
Болмаса осыған да тоқтау етіп,
Тынсам ба сөз аяғын жоқтау етіп.
Жо, болмас,
Біржан Салдың ащы тілі
Ет түгіл, сүйектен де кетті-ау өтіп.
Несіне енді жасып, жасқанайын,
Менен бе
бұйырмаса басқаға айым.
Салдың да жүрегіне дәлдеп атар
Оқтан да өткірірек тас табайын.
Тәңірден тілемей-ақ жәрдем де мен,
Асаудай ала қашып, алға өрлеген,
Кетсем бе бет қаратпай қарсыласып,
Қуатты кеудемдегі бар демменен.
Жоқ әлде барлық сөзін жалған ұғып,
Жарқылдап жүйткиін бе Салға күліп.
Жөнсіз бір түтейін бе жүндей өзін,
Болмаса күтейін бе алдан үміт?
Шерімді жеткізем деп енді кімге,
Қобыздай күңіренемін мен бүгінде.
Тірлікте азап бар ма, түкке тұрмай
Кеткеннен өнерің де, ерлігің де.
Қайтемін?
Көнемін бе, кектенем бе?
Не дермін қорлығы көп еткен елге?
Дүние-ай, мазағыңа душар еткен
Өзіңнен ақыл-есі көп төменге.
Қайран тіл қайрылдың-ау, күрмелмеген,
Жасыды-ау, көңіл де еркін шыңға өрлеген.
Бір күдік, бір үміттер елеңдетіп,
Қараймын арман алыс күндерге мен.
Кім білсін жылатар ма, жұбатар ма,
Алаңдап қарай берем мына таңға.
Қосауызды мылтықтай күңіренем,
Оғы болмай
қаңсыған
бір атарға.
Бір сөзі бір сөзінен өктемірек,
Сал Біржан өлең сөлін төккен үдеп.
Жаныма әдейі арнап тиді ме екен,
Қайғысы бір басына жетпеді деп.
Білмеймін, жүрмін қалай тұншықпастан,
Әйтеуір асып та тұр қырсық бастан.
Өтуді жазды ма екен маңдайыма
Арманның биігіне бір шықпастан.
Ән десе көмекейі бүлкілдеген,
Бұлбұл ем,
Неге бүгін іркілді елең?
Бетіме жоқты-барды шіркеу етіп,
Не жаздым тәңір атты шіркінге мен?
Жазығым әйел болып туғаннан ба,
Аяқты жіпсіз тұсап буғаннан ба?
«Тумай-ақ кетсем еді!»—
деп те ойлаймын,
Көкірек запыранға уланғанда.
Жасаған ұрғашы етіп, «қарғағасын»,
Кімдерді пана тұтып зарланасың?
Не дерсің Біржанға да сері-сүрей
Дәл тауып тиіскен соң жан жарасын
Сал Біржан — әріптесім, қанаттасым,
Сараның тең жүйрікке санап басын,
Келіп ең әдейі іздеп, Амалым не?
Осылай халқым жерге қаратқасын?
Сұңқарды сілімтікке талатқасын,
Адалды ит пен құсқа жалатқасын.
Не дейін табиғатқа,
Өнер беріп,
Өзімді төмен етіп жаратқасын.
«Бұйрықсыз кәсіп етпес зарлағанға,
Тұңғиық сөзім терең барлағанға,
Тақсыр-ау, он сегізге биыл шықтым,
Сен жүйрік ілесе алмас самғағанда.
Жан едім еркегіңе теңгерілген,
Сөз пірім он жасымда меңгерілген.
Нәп-нәзік, көзге олқы көрінсем де,
Сан жүйрік қойдан оңай өңгерілген».
Сал аға, тұрмадым ба сертімде мен,
Қай қыздан өзің көрген көркім де кем?
Шегіне қол тимеген қақ төрдегі,
Халқымның домбырасы ем шертілмеген.
Елімнің болсам-ақ деп мақтанары,
Күй едім тартылмастан жатқан әлі.
Құтылып қайда кетіп, қайда барам,
Бұйырып қойғаннан соң жатқа бәрі.
Жар етпек жүрегімді жалғыз үптер,
Айт енді ағайынға, алғызып көр.
Не соған мені мүлде қосып бер де,
Болмаса арамызды мәңгі үзіп бер.
Сал Біржан, тағы асып, тасарсың да,
Бетіме салық етіп басарсың да,
Тағдырдың маңдайыма жазбағы сол,
Салған соң тәңірі басқа қашарсың ба?
Осылай Сара біраз үнсіз қалды,
Бал жүзі бір қызарып, бір сыздады.
Біреулер сүртіп көзін, Тағы біреу,
Ішінен табалайды «құнсыз қарды...»
Апыр-ай, барып-барып біраз үдеп,
Қалдың ба, қайран Сара, сірә жүдеп.
Қай ақын қай заманда дәуіріне
Керіпті тірлігінде разы боп?!
Қай ақын барда таза мына жүрек,
Көріпті заманына разы боп.
Парықсыз көп шіріктің несі кетер,
Қаңғып өт,
қу далада құлазып өт.
Көрініп бір үміттер көзіңе алдан,
Әрдайым кетпейтін бе озып арман.
Тарих көп біледі ақындарды,
Өзі өліп, өлмейтұғын сөзі қалған.
Сиыспай бойыңдағы күш тілекпен,
Іздейсің қолға түспес құсты көктен.
Қарғайсың қайдағы жоқ құдайыңды,
Сарнатып, сар далада мүшкіл еткен.
Қалған соң көкірегінің оты еленбей,
Қайтсін ол саяқ шығып жекеленбей,
Жарқырап жай оғындай өтсе екен-ау,
Торығып, тынып іштен кете бермей.
Теңдік жоқ жететіндей өрті көпке,
Кеңдік жоқ — қанатын бір серпімекке.
Ұға алмай
немесе өзін ұқтыра алмай,
Кетіпті-ау, шіркіндер-ай,
көр-түнекте!
Ұландар өтіпті-ау бір дүрілдеген,
Қырандар көздегенін бір ілмеген.
Жүйріктер айлап шапса алқымы іспес,
Тұяғы тасқа салса сүрінбеген.
Дауылдың өтінде өткен қырдағы ұдай,
Сыр бермес сырттағыға, шыңдарым-ай!
Кешегі кер заманда нысанаңа
Кетіпті-ау атқан оғың бір дарымай!
Көз жасын Саралардың көтере алмай,
Қара жер бұлқынып қап... кете барды-ай!
Тастадық бел асырып бір дәуірді,
Тұрғанда қара дауыл етек алмай.
Сайрайтын күн де туып заржақ ұлға,
Кеткен кек қайтты дейсің сан залымға.
Көр тірлік, көп қайғы-шер қалды солай
17-ші Ұлы жыл аржағында.
Жоғалып қырда солай ақырғы азап,
Болған шақ өнер қолды, ақыл мазақ,
Әлемнің асқарала мінбесінен,
Сөз алды саңқ-саңқ етіп ақын қазақ.
Өтті де сусап қырда, кейде шөлдеп,
Жетті ме осылай да бір сөйлесем деп,
Кетті олар кең даласын талмай жырлап,
Көріктей кеуделерден ой нөсерлеп.
Сұңқардай шыңға самғап бір-ақ өрлер,
Жаңғырған қырда күшін сынады ерлер.
Тойында Октябрьдің оқтай ұшып
Сілтесті «Қызылаттар», «Құлагерлер».
Даусына «Экспресс» «Күй» үндесіп,
Кетті олар қызыл тілмен қиыр кешіп.
Мына қызу тірліктен бас та айналып,
Арқасы ақындықтың жиында есіп.
... Ол күнге... қайда бірақ!,..
Көп бар әлі!..
Сараның содан да ғой тоқтағаны.
Бай ауыл баптап қосқан жүйірігін,
Тағы да көзбен атып жеп барады.
Оларға өлеңің не, өнерің не,
Көр көңіл селт етпеген нелер үнге.
«Намысты жіберме деп»— күпініскен,
Сал Біржан Сараны іздеп келерінде.
Қызынған бәсекеде, ерегесте,
Бақталас Арғын-Найман елі емес пе.
Сараны сасық намыс құралы етпек,
Қалмаса қараң қалсын өлеңі есте.
Жаныңды өртей ме бір дертің мейлі,
Құлағын бөгде сөзге ел түрмейді.
«Шырағым, Сара саған не болды?» —деп,
Ағасы Есімбек те елпілдейді.
Әйелге еңкеймейтін салтты бүктеп,
Қажы да қалбалақтап аптығып кеп:
«Аптыққан Арғынды бір дөңгелет!»—деп
Сараны жалбарына жатты үгіттеп.
Атаны,
абыройды,
бақты айтысып,
Ақылын әркім солай жатты айтысып.
Көбінің көңілі шын елжірейді,
Сараны іштей енді жақтай түсіп.
Қала ма Сара даусын күрт үдетпей,
Салынды соңғы рет бір сілкіп өтпей.
Шоқтығын өзгелерден бір асырып,
Тілеуін төңірегіне бір тілетпей.
Қалатын қарсыласы үркіп өтпей,
Кеудеден сөз дариясын күркіретпей.
Апыр-ау, Сара неге үнсіз қалды,
Қабақтан манағы бір бұлты кетпей.
Біржанның мына соңғы сөзі өтті ме,
Шынымен шықпай ма енді өжет күле?
Тұсап-ақ тіл құрғырды тастады ма,
Өкініш өртеп барып өзекті де.
БІРЖАННЫҢ ЕКІНШІ МОНОЛОГЫ
Бір сөз үшін аузымнан шыққан ағат,
Аусар ма деп, Саражан, шытпа қабақ.
Мезі етіп біткен мені бірі ұнатпай,
біреулердің қылымси құптағаны-ақ.
Жамандарды жататын жоқтап ұлып,
Жаралайды жаныңды көп тағылық.
Оза шыққан дүлділге ор қазғанын
Көрген сайын
саламын топта бүлік.
Арыла алмай сол «күнә-кеселден» де,
Ұқсай да алмай, ағайын, не сендерге,
Барлығыңнан бір сәтке жеріп кетіп,
Еріп кете беремін «есерлерге».
Не күнә бар деймін де, тұрған мұнда,
Көзсіз кіріп кетемін бір даң-дұңға.
Еріккеннен емес-ау, Сендерден сол
Зеріккеннен келеді «жынданғың» да.
Қателеспей,
Қайғырмай,
Жаңылыспай,
Жұлқа сүйреп жүрегің алып-ұшпай,
Қыз-қыз қайнар жыр қайда?
Қаһарыңнан
Қарсы келген тірліктің бәрі ығыспай!
Содан шығар...
Ат жалын тартып мініп,
Шалқып-тасып келемін, артық күліп.
Қарқаралы басынан ән шырқадым
Құшағында сұлудың балқып тұрып.
Осылайша барыңды қанша ақтарып,
Жүрген шақта, дүние-ай, жан шаттанып,
Көтере алмай,
көре алмай жөнеледі-ау
Бір ісіңді қалың ел сан-саққа алып.
Баптаумен бәпге атындай сөз сәндеген,
Өнердің өріне қол созсам деп ем.
Балағыма жармасқан көп шіріктен
Ойым да жоқ тірлікте озсам деген
Қазынасы, деуші едім, көптің кеудем,
Жақпай жүрген жайым бар отпын деумен.
Алты алашқа атымды жайды жұртым,
Бірі мақтап,
біреуі тек күндеумен!
Сері аталып,
елінде Сал аталып,
Азамат боп ат міндік. қара танып.
Жүрек шіркін сонда да тыншымайды,
Тағдыр қайда тастар деп тағы апарып.
Толып та сол көңілге тіршілік кей,
Басқа бақыт тәңірден жүрші күтпей.
Жаның тоят табар ма Жағадан ап
Жағаласқан жауыңды бір сілікпей!
Отты іздеумен, қайдағы жоқты іздеумен,
Алағызып тұрады-ау көк құз кеуден.
Соның бәрі
еркіндік,
бір кеңдіктер
Қайда барсаң қашқақтап
жеткізбеуден!
Малша оралып біреуге, аңша ауланған,
Жеткізбей-ақ кеттің-ау, аңсаулы арман!
Дара қалған басым мен
көп шайлығып
Жараланған жүрек бар шаршаулардан!
Үлесіңді алатын ірі уыспен,
Жазылмапты-ау маңдайға жүру үстем,
Бақытыңды тонаған пенде қанша
біреулері қулықпен,
бірі күшпен.
Арыстандай атылған көкке бейне,
Асып тудым атадан деп те кейде,
Сыртқарыға сыр бермей шалқып алам,
Қалсыншы деп көп күшік беттемей де.
Шоқтығына жармасып көп тілектің,
Жасымнан содыр-сойыл соққыны өттім.
Күңіреніп бақсыдай дала кездім,
Көкірегім қан жылап оқтын-оқтын!
Еліміз деп, еңіреп жүрдік күнде,
Тізгін тартып туғалы сыр бүктім бе.
Адалдықтан не таптық, жасаған-ай,
Тақсіретін көп тарттық тірліктің де.
Мұзбалақтай самғауға өрлеп өрге,
Сау басыңды саудалап ел көнер ме.
Атылардай боласың, аһ ұрардай,
Көкіректі кеп ойлар кернегенде.
Ақылымен алдына топты иірген,
Абайдың да керіп ем «тоқ» күйін мен.
«Соқтықпалы,
соқпақсыз жерде өстім»,— деп,
Көп күңіреніп,
Жол таппай, көп күйінген.
Қалың қазақ басынан бағы ұшқанын,
Алауыз боп қырқысып, шабысқанын.
Егіле айтып, еңіреп отырды-ау бір,
«Мыңмен жалғыз алысқан»— арыстаным!
Қайда барсаң жалғанның бәрі апаттай,
Жазылады жылаумен жарақат қай?
Қыз-зорлықта,
жігіті қорлықта өткен,
Заманына жүр ол да шара таппай.
Шығамыз деп тұманнан жарып қалай,
Данышпандар да өтіпті-ау анық талай.
«Ел қыдырған кешегі есер шақта»
Дүниеңді келіппіз парықтамай.
Шыжғырылған шырылдап шоққа кеуде,
Сендегі шер, Саражан, жоқ па менде.
Кең тірліктен таяныш-тірек таппай,
Талай сезім дарымай кетті-ау елге!
Ой мен ақыл зынданға тұр қамалып,
Бұйырмай-ақ еркіндік жырға да анық.
Қайғымды айтып кеттім бе, қайран Сара,
Бір сөзіммен жараңды тырнап алып.
«Жиенқұлға жіберме шақыруды,
Үйде білер өнерсіз аһ ұруды.
Зығырданым қайнар да көргеннен соң,
Мұнда бекер алдырма кәпіріңді!».
«Күйеуіңді алдырт тез!»— дегенге өзің,
Қалдың ба шын жасып-ақ, көген көзім.
«Байлаулы бала құстай», қарағым-ай,
Жеткені ме тағдырға көнер кезің.
Жамандауға өзіңді көз қияр ма,
Өмір, шіркін, еңсеңді езді ұяңда.
Мерт те болып кетпепсің құрығанда
Қалқып ұшып қырандай өз қияңда.
Қайтпексің еліңе осы ұнаса дау,
Ойымда жоқ оларын күнә санау.
Есімбек, Тұрысбектей туысыңды,
Саражан, тағы да бір сынасақ-ау!
Қайрылмастан қайдағы күдік бөгеп,
Сынасақ па, Сынасар жігіт пе деп,
Шырылдатып қосқанда Жиенқұлға,
Обалыңды көзіңе іліп пе елеп?
Сынасақ бар...
Шынымен жақтамай ма?
Абыройын еліңнің сақтамай ма?
Тырнағына Сараның тұрарлықтай,
Бір еркек тумап па екен Қаптағайда?!
Артығы екен адамның мына Сара,
Етекбасты көп керіп жыласа да.
Әйел түгіл,
Мен көрген еркектердің,
Жиылып кеп өзінен бірі аса ма?!
Түксиісіп, теңселіп, не жымиып,
Тебіренген туысың сөзіңе ұйып.
Ақсұңқарын талатып жапалаққа,
Сені қалай жылатар көзі қиып?
Көз жасыңды көрмеген, іркілмеген,
Болып еді жатбауыр жұртың неден?
Боқтығына тірліктің сені қиған,
Тастанбектей не десем шіркінге мен!
Даңқыңды естіп, Арқадан көре келгем,
Қош бол, Сара, ел жаққа жөнелем мен.
Енді қалған жасымда әнге қосып,
Алты алашқа танытам сені өлеңмен.
Терезеңді тең ұстар баласынбай,
Жан екенсің жұртыңның данасындай.
Сені көріп ұқтым мен сырын қанша
Жүрген қазақ қызының бағы ашылмай.
Заман-ай, бұл! Жараңды жаспен емдер,
Қайда деп те қиналам басқа ерендер.
Қойғаннан соң еңсеңді бір көтертпей,
Ащы үніңді естімей «тас кереңдер».
Деп тиетін сөз қайда бұрын кейде,
Жасымаған жүрек те дірілдей ме?
Екі күндей зарлаған жан сырыңды,
Мыналардың құлаққа бірі ілмей ме.
Тартынып қалар тіпті кез бе бүгін,
Осы ма кетіргені сөз де құнын?
Бір қызды жылатпауға жарамасақ,
Қалайша жұтабпақсың өзге мыңын?
Қалса да ойың айтылмақ еңсерілмей,
Осы жолы барды сап көрші ерінбей,
Жыр не керек қысқасы,
Болмаған соң
Қас батырдың бір сілтер семсеріндей.
Сілкіндірген дауыспен шың-құзды да,
Қалың елдің құлағын түргіз мына.
Тасынасың несіне, Ала алмасаң
Арашалап, апыр-ау, бір қызды да!..
Екі күндей ақындар сілкілесті,
Найзағай ғып өлеңнің бұлтын есті.
Бебеу қағып, бір тұста баяулап кеп,
Шамырқана қайтадан күрт үдесті.
Шарпылатын шабыттың шағына бұл,
Жаны қалмай шабылды шағын ауыл.
Жаны кіріп сүйсініп тұрғандар көп,
Баса-баса айтса деп тағы да бір.
Балқытып қара тастың өзін де өлең,
Бойды алып, бебеу қаға безілдеген.
Тамырда қыз-қыз қайнап, тасып қаны
Қыз да көп өткен түні көз ілмеген.
Арқырап кеп, біресе жайлап ағып,
Саңлақ ән самғап тынар қайда барып?
Айнала емін-еркін өзі билеп,
Жүрегін жұрттың жіпсіз байлап алып.
Көшкіндей сан-бөгеттен сырғып өтіп,
Қарқынын қаћарлы жыр тұрды үдетіп.
Біресе қорқып қашқан киіктей боп,
Елеңдеп, ептігеді дір-дір етіп.
Біресе орман болып күңіренді,
Арман болып ындыны құрып өлді.
Біресе бүркіттей боп дәл түседі,
Түп-түгел тас шеңгелмен бүріп елді.
Біресе өзен болып сарқыла ағып,
Өзгеге ес жиғызбай қарқыны анық.
Жүректі шымырлатып, шыңылдатты-ау,
Сезімді шыңыраудан тартып алып!
Біресе жігіт болып жар мақтасты,
Біресе үміт болып алдап қашты.
Біресе Арғын-Найман асылы боп,
Тең түсіп таразыға салмақтасты.
Біресе жұрт сүлдері құрып әлгі,
Атылған жолбарыстай ыңыранды.
Біресе тура тиген найзадай-ақ
Жүректе дір-дір етіп тұрып алды.
Біресе аспан астын шайқап тағы үн,
Өрттей-ақ өршеленген жайпап бәрін.
Азынап, аласұра айһай, дүние,
Адуын айбатын бір байқатты арын!
Арғымақтай арының кеш үдеткен,
Екпіндеп кете берді осы бетпен.
Жатты жұрт қозғалып қап,
Қазекеңнің
Қашаннан өлең десе есі кеткен.
Дей ме қыр: «Бәрін-бәрін ақтардым, көр!»
Таңырқап, таңдайын да қақты әркімдер.
Көлеңдеп көз алдынан бір-бір ұшып
Зымырап, сулап ағып жатқан күндер!
Естілмей екі күндей ат дүбірі,
Матайдың жырға балқып жатты қыры.
Біреулер ессіз күліп, есінесе,
Алапат ауыр ойға батты бірі.
Көрмеген көңілдер де өзгеге иіп,
Жиырылып-жазылады сөзге күйіп.
Жаншылап бара жатқан сияқтанды,
Ар-ұят ауырлығын сезген иық.
Өр екпін омыраулап, бұрқағанда,
Қайысып қала берді-ау қыр табанда.
Көрместен, көзге ілместен басқа әлемді,
Не жетсін осылай да бір шырқағанға!
Қызығың болмай-ақ та басқа білген,
Кетердей жаншып-езіп тасты арынмен,
Армансыз ақтарыла бір сөйлесең,
Жалғанды жалғыз жайпап жасқар үнмен!
Айнала асқақ үнмен бөлеп тіптен,
Қайда да қарсы атылып күйге ентіккен,
Арылып пенделіктің шаң-кірінен,
Айыға ақсаң-ау бір күйректіктен.
Жан сырын жатсын қанша ол ақтарып,
Ақынға қимайтының сол-ақ, халық!
Өлсе де — өледі екен о сабаздар
Әлемді от құшаққа орап барып!
Өрт болып ездері де маздап өткен,
Өмірден үлесті де аз дәметкен.
Бас берген бәсекеде, Құтқарам деп,
Шіркіндер сұлулық пен назды әлектен!
Білмеген жағына да, табына да,
Ұстаған пенделіктен жанын ада.
Көрмепті тәуелді боп, керек десең,
Қан тамған қылышынан ханыңа да.
Құлы боп, құмартпаған мәнсапқа онша.
Ежелден еркіндікті аңсап қанша,
Жаяу ма?
Жарлы ма әлде?
Елеместен,
Жетті деп жүре берген жан шат болса.
Кейде бір жаның күйіп, құлазысын,
Кеудеңде от барына разысың.
Еңсеңді тірлік қанша езгенде де,
Қырыңның жұртқа жасар біразы шын.
Біреуге атын айтып сұс қылмаған,
Керексе, көзге ілмеген «күштіңді» арам.
Жұртқа айтар сыры барда, жыры барда
Басқаңды көтіне де қыстырмаған.
От кеуде,
аппақ ары,
өр тілекпен,
Қапасқа қамасаң да — еркін өткен.
Сонда да басына бір бақ дарымай,
Әйтеуір асып жатқан дерті көптен.
Көнбеген ел сөзінен ол шеттеуге,
Көрмеген бақталас боп, өлшеп кеуде.
Асқақтай түскені рас, Басқаларға,
Былайғы көп шерікті көрсетпеуге!
Шыдатпай кейде тіпті тасыған кек,
Мақтайтын өзін-өзі асыра әрлеп.
Жарқырай түсіп қанша,
Сырт көздерден
Басқаның жамандығын жасырам деп.
Елікпей даңқыңа да түрлі арбаған,
Елім деп еңіреген, бұлданбаған.
Жалғанға жалғансыз-ақ ғашық болып,
Арманға тірлігіңде бір қанбаған.
...Сал Біржан, саңлақ ару Сара бүгін,
Танытып тағы да сол даралығын.
Армансыз аңырай бір жосылда-ай кеп,
Жиналған топ алдында қара-құрым.
Аянбай ойдағыны ақтарысты,
Бар болса бойда құны — мақтанысты.
Төстесе, тістесе бір тұрып алып,
Біресе жығылуға шақ қалысты.
Әйтеуір сілкілесті сөзді ірікпей,
Біреуін бірі басып озды күтпей.
Ақындық құдіреттің ақ сайтанын
Бос кеуде иттерге де сездіріп кей.
Кейде бір кетісіп қап ардан да әрі,
Айтпаған, ақтармаған зар қалмады.
Жаңбырдай шартарапқа тегіс тарап,
Қуаныш, күйініші, армандары.
Борандай бұрқап өлең небір енді,
Тамсана, таңырқап жұрт лебіне ерді.
Тілегін жеткізем деп елге тегіс
Соңғы рет Сара қыз да тебіренді.
САРАНЫҢ СОҢҒЫ МОНОЛОГЫ
Көңілдің осындайда оты өрлемей,
Қу тағдыр, келгенің-ай бекер бөгей!
Байлаулы бұлбұл етіп қойды елім де,
Обалым ез мойныңда кетер демей.
Тілемей басқа тілек алладан мен,
Арманға жетсем деуші ем самғап әнмен.
Тірліктен өтсем деуші ем бір гүл болып,
Жарқырап жұлдыз болып қалмағанмен.
Бұлағың толқып аққан көлге айналып,
Тұрмай да қазіргідей қол байланып.
Аққу боп, айдындарда жүзсем деп ем,
Аңырап, араға бір қонбай барып.
Жүйріктей қашқан аңын құтқармаған,
Еселеп ессе деп ем сырттан бағам.
Тұп-тұнық тұма болып тұнсам деп ем,
Суынан сусап ішіп, жұрт қанбаған.
Асқарға балап елде бар төбені,
Асырып көрсем деп ем мәртебені.
Жыр етіп жеткізсе деп сан ұрпаққа,
Жоңғардың жылдарға айтып қарт емені.
Ақтарып айнала бір назды армандай,
Арқырап өтсем деуші ем азға алданбай.
Түп-түгел төксем деуші ем туған жерге,
Кеудемде сыңсып аққан саз бар қандай!
Жалғанды жалт қаратқан жарылыспен,
Атылып жанартаудай жалын іштен,
Жүректі алыстырып көрсем деуші ем
Қырдағы долы дүлей тағы күшпен.
Жаныма табам демей маза қайдан,
Құшағын дүниеге таза жайған,
Болып та өтсем деп ем далама бір
Шарт та шұрт шатырлаған нажағайлы ән!
Жастыққа болсам-ақ деп батпаған ай,
Шырқап ем шұғылалы арай жаққа қарай,
Топшымнан ұша бере үзіп түскен
Қаншалық қатігез ең, хақ-тағала-ай!
Алыстан ақ жаңбырдай төніп келіп,
Туған жер, тұрмас па едім төгіп-төгіп.
Бұлбұлдай сайрамас па ем,
Қойсаң, елім,
Басыма бұлттағы жоқ ерік беріп.
Жұлдызым жоғарырақ жанса көкте,
Деуші едім,
Салдың тағдыр қанша әлекке,
Армандап келіп едім жалғыз сөзім
Суымай соңғы ұрпаққа барса деп те.
Дариға-ай, жұртыма сол жетсе тілек,
Кернеген көкіректі кек сетінеп.
Алаңсыз ақсұңқардай заулар ем-ау
Туған жер топырағына өкше тіреп.
Асқақтап, айнала сан жайды ұқтырып.
Қарамай,
Қарсы келсін қай «мықтылық».
Тұрды жыр дос төбесін кекке тіреп,
Жүрегін дұшпаныңның шайлықтырып.
Тірліктің балы көп пе, зәрі кеп пе,
Тыңдамай,
Тарта берсең әрі үдеп те.
Шырқап та шартарапқа кетсең шіркін,
Арналып бойдағыңның бәрі көпке!
Қайда деп ұқсап тынар асқақ арын,
Сол болып асқардың да жасқанарың,
Соны іздеп кетсең-ау кең кеңістіктен,
Көрместен, көзге ілместен басқаларын
Сағымдай сабылдыртқан қашық бар ма?
Жүйткісең омырауыңды ашып таңға:
Аңыз боп қалар да едің, құрығанда,
Жарық пен жарды аңсаған ғашықтарға.
Лебіңнен есіп ыстық құдірет-дем,
Сапырып сахараның жырын өктем.
Ақсарлы арманыңа жетсең барып,
Қалса да қарамастан құрып өкпең.
Жұртымның жүрегіне жетсе арманым,
Кешеден соларды айтып көп сарнадым.
Түлкідей қырдан қашқар, қайран үміт,
Бір сөніп, бірде жанған отша алдадың!
Біржан да көп көздерді ақырайтып,
Қарамай бас-көзіне,
Батыра айтып,
Булыға безілденді-ау:
«Бұ заманға,
Амалдың жоқтығы-ай, деп,
апыр-ай, түк?!»
Жақсы аға, жақсылыққа құштар аға,
Қызғыштай шыр-шыр етіп түсті араға.
Тірлікті тәлкек етіп қойған күн-ай,
Соқырдың қолындағы ұстараға!
Өктемсіп, зымияндық, сұрқиялық,
Тұрғанда,
Қайтсін одан жұрт ұялып.
Сөзді ұғар,
сертке тоқтар жігіт қайда?
Жүйріктей шығатын бір жұлқи ағып!
Өзгеден өнерімен озған аға,
Қоя-ақ қой, соны тіпті қозғама да!
Кеткенін көріп, Қалай күйінбессің,
Жүректен жылап шыққан сөз далаға!
Сол аға, сөзден есе бермей келген,
Көріндің бұрқ-бұрқ еткен ер бейнеңмен.
Қаншалық бақытты едім, шүкір, мен де,
Сан қыздан сендей жанды көрмей де өлген!
Қайтем деп қолға түспес бақты аңсап та,
Тынсақ па?
Қалған сырды ақтарсақ па?
Сөз бе екен Сараңыздың шері де сол,
Қыз біткен шыр-шыр етіп жатқан шақта.
Заманның шынымен бұл кезі ме азған?
Таппасақ төңіректен сөз ұғар жан.
Тірлікке шараң қайсы?
Болғаннан соң,
Әйелдің сөзі түгіл, өзі де арзан.
Қарамай қаншама ақсын қанды жасың,
Сұр жылан жұтып жатсын қарлығашын,
«Құдай» деп, «құран»
деп-ақ кетер ме елім,
Аударып шариғатқа бар күнәсін?
Шырылдап арманды аңса, қашықты аңса!
Жұлқынып шыға алдың ба тасып қанша?
Көп қыздың бірі де етпей қойды-ау тәңір,
Ой беріп, сезім беріп — жасытқанша!
Өрт қанша арпалысқан мұзды ағыспен!
Дерт қанша жеп баратқан сыздап іштен!
Қаратып қойған күнге шараң бар ма
Құстың да қанатына қызғанышпен!
Арта алмақ ағайын мен елге міндет,
Қараймын еркін өскен желге күндеп.
Қызығам ақкөбік боп тұрған атқа,
Бәйгеден осылай да бір келмедім деп!
Өкінем,—
Тұңғыш рет өр-белеңде,
Қасқайып, қас бәйгеден келмегенге.
Қып-қысқа ғұмырды да мына тағдыр
Біржола өз еркіме бермегенге.
Бұлыңғыр беталысым, тұмандаумын,
Соны айтып шырқағанда ұғар ма ауылың?
Тағы да тақсіретін сездім анық,
Жұлқынып, жүген үзіп шыға алмаудың.
Жұлынған гүлдей болып бір күн көктеп,
Қалтырап кетті-ау жүрек шын дірдектеп.
Шегіндей домбыраның қала бердім,
Тосыннан шарт үзілгені күмбірлеп кеп!..
***
Қалғанын білмей де қап кім қай тұста,
Екпіндеп, еліріп кеп тынды айтыс та.
Зарды айтып..,
Жанған жүрек..,
Жалғанды айтып,
Күңіреніп тоқтады-ау бір жыр
байғұс та.
Ел-жұрттың есін алып шын-ақ күллі.
Қаншама қам көңілді жылаттырды.
Біреулер қозғалақтап, күрсініп қап,
Біреулер біреулерді сынап күлді.
Арулар ажарынан ерте от кешкен,
Жастыққа жас төкті елге көрсетпестен.
Сазарып қала берген пенде қанша,
Сырлы әуен сыйқырына селт етпестен.
Аңырап тоқтағанда жыр демігіп,
Біреулер біреулермен бірге күліп,
Біреулер қарғыс айтып заманына,
Сырқырап, сай-сүйегі тұрды егіліп.
Біреулер қастағысын күліп арбай,
Жымыңдап, жұрт білмеген сыры бардай,
Шөгіп те қалғандар бар жатқан жерге,
Шарасы біржолата құрығандай.
Сараны жаңа ғана танығандай,
Біреуі сүйсініп тұр жаны қалмай.
Аңырып, әр ауызға бір алаңдап,
Біреу жүр не болғанын әлі ұға алмай.
Біреулер үрке қарап, шошығандай,
Қарайды Сара жаққа өші бардай.
Біреулер іштегі отпен арпалысып,
Әлекке түсіп жатты өшіре алмай.
Әннен соң есеңгіреп, үрпиісіп,
Жер шұқып қала берді жұрт ұйысып.
Серт ұстап, сілкінісіп шыққандар бар,
Бір-бірін көзбен атып, қыртиысып.
Күлік бар біреуінде, бірінде үрей,
Пысықтар үнсіз қалған бұрынғы кей.
«Сарыарқа қайдасың» деп қайтты Біржан,
Сапырып сахараның жырын күрей.
Міне сол,—
Шығарып сап,—
Жыр төресін,
Сара отыр жинай алмай тіптен есін.
Ашынып қайдағы жоқ құдайына,
Маңдайға бармақтай бақ бітпегесін.
Кеше бір шырылдап та, безілдеп те,
Қаншама мақұлдатты сөзін көпке.
Асқақтап көмейінен ән кеткенде,
Жүргендей сезініп-ақ өзін көкте.
Ақтарып жатқан сырды жанға айтылмай,
Сарт та сүрт лапылдап бір жанбай тынбай.
Бұлақ боп бұрқырап та ағып еді-ау,
Қалың ел аңсап келіп қанбайтындай!
Дарынын өрде оздырып анық күшпен,
Арының айналаға танытты үстем.
Ұмытып өзін өзі,
Болам демей,
Жұлдыздай жарқырап кеп, жанып түскен.
Көңілдің қай-қайдағы бұлты ыдырап,
Әр сөзі астам айтқан жұртына ұнап,
Қарамай қайғысына самғап еді-ау,
Біржан сал сәл сүрінсе, бір күліп ап.
Суырып мұң-зарыңды жүрек түптен,
Кететін Сара қайда үдеп тіптен?!
Айтыста соның сағы сынбасын деп,
Өзіне ауған жоқ па тілек біткен.
Қыр сонда құптап тегіс жаңғырмап па?
Сара да жұрт мейірін қандырмап па?
Қайысып Қаптағайы тұрды емес пе
Бұлбұлы бұрқыратқан зарлы ырғаққа!
Басына қаншама мұң үйіп-төкпе,
Көңілі шалқып-тасып, тиіп көкке.
Жағалай жұртты өзіне бір телміртіп,
Ерекше кетіп еді-ау биіктеп те!
Айнала жалт қаратып жыр ұғарын,
Арындап аспанға өрлеп шығып арын,
Танытып төңірекке тұрып еді-ау
Өнердің қаншалықты құны барын!.
Шарқ ұрып кезіп келген бұрын қырды,
Қалың ел сөз құдіретін бүгін білді.
Өзіне жөн көрсеткен талайларды
Жыр шіркін, алдына әкеп жүгіндірді.
Тұрғандар әлдекімсіп, еркектеніп,
Сараның жатты алдында жентектеліп.
Барды да шырқап-шырқап,
Қалды-ау үнсіз,
Лебімен айнала бір өртеп келіп.
Ән болып дүниеге таралып кең,
Жан болып өту үшін жаралып та ең!
Қыз да едің жүзден жүйрік жеке шыққан
Бір ғасыр маңдайына дара біткен
Қаймығып қара дауыл — ел сесінен,
Қайғыға батып өткен белшесінен.
Айтыста арқырап та, жарқырап та
Көрініп қалып еді өз еңсесімен.
Сол-ақ па бұйырғаны бақ-талайға?
Бұлқынып, бұғау үзер таппады айла.
Ақын боп ақырғы рет бір көрініп,
Қатын боп қала берді Қаптағайға!..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі