Ұйқыңнан бүгiн ерте тұршы, гүлiм – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Ұйқыңнан бүгiн ерте тұршы, гүлiм» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.06.2021
  • 0
  • 0
  • 1457
Ұйқыңнан бүгiн ерте тұршы, гүлiм,
Күндегi күтiп қалды тiршiлiгiң.
Жаралған ет-жүректен жанның бəрi
Құдайға жасап жатыр құлшылығын.
Ұйқыңнан бүгiн ерте тұршы, гүлiм.
Жеткенге аман-есен жарық таңға
Қуанар торыққан да, тарыққан да.
Ұйқының тамыр жайлар у екенiн
Ұқсаса жарар едi-ау жар ұққанға...
Ұйқыдан маза кетер, ығырласа,
Көзiңдi аш,
бетiңдi шай,
ырым жаса.
Жұмағы бұл жалғанның – жарық күн ғой,
Тынады тiрлiк деген қыбырласа.
«Береке, – дейдi үлкендер, – ұрғашыдан»,
Үркiтсiн үрдiң қызын кiм қасынан.
Күн де анау көкке ұмтылып бара жатыр
Ұшырған алтын құстай шың басынан.
Түн тəттi, ұйқы тəттi, тəттi бəрi...
Таудың да түрiлгендей ақ тұманы.
Үлде мен бүлдеге орап, бұл Тiршiлiк
Күнге де күмiс қанат қақтырады!
Алғаның жетер аз-кем түн шырымын,
Ұйқыңнан бүгiн ерте тұршы, гүлiм.
Дүрмегi таусылмайтын дүниеде
Күндегi күтiп қалды тiршiлiгiң.
Ұйқыңнан бүгiн ерте тұршы, гүлiм...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері