Сен менi неғыласың, неғыласың – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Сен менi неғыласың, неғыласың» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.07.2021
  • 0
  • 0
  • 777
Сен менi неғыласың, неғыласың,
Жел-құйын ой-қиялға толы басың.
Көшеге көк көйлектi киiп шықсаң,
Көлденең көкаттыға жолығасың.
Жүргенде алдарқанып əркiмге бiр
Бередi парқыңды өлшеп нарқыңды өмiр.
Жалғыз тал жапырағың дiр-дiр қағар
Жақтырмай сары күздiң салқын лебiн.
Жалғыз тал сол жапырақ сырғаң ба едi
Сығанша сиқырына бұрған менi? –
Жаз қыстан,
Көктем күзден сырт айналып,
Сынаптай сырғып өтер жылдар легi.
Сен менi неғыласың, неғыласың,
Көктемнiң күзден гөрi өңi жасыл…
Самсаған мына жұрттың арасынан
Аңсаған адамыңа жолығасың.
Көлеңдеп көктем сайын көк көйлегiң,
Бейiшке бейбiт күнде беткейлегiн.
Баса алмай солығымды, сорым қайнап
Соңыңнан даусым қалсын жетпей менiң.
Қайтесiң iштен тынып менi өртенген?
Көз жазып қалмағайсың Көлеңкеңнен.
Өмiрiм өткен сайын,
Көктем сайын
Көркiңдi көкiрегiмде көгертем мен!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері