Құрқылтай

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 28.07.2021
  • 0
  • 0
  • 793
Құрқылтай, құттай мына ұяң қандай?!
Құттай ұяң құт болсын, сүй арланбай!
"Көңіл сыйған жерге бәрі сияр" болса,
Жер әлем жылы ұяңа сия алғандай.
Жерге сыймай жүргендер, елге сыймай,
Сені көріп болсашы ұялғандай.

Иесі едің ежелден ептіліктің,
Үлгі алады өзіңнен бет бұрып кім?!
Ұяң үшін ерінбей еңбек етіп,
Күн ыстықта кенезе кептіріпсің.
Қайран сол, қанағатшыл пейіліңнен,
Белгісі байқалады тектіліктің.
Шеберліктің болмайды шегі, сірә,
Титімдей тұмсығыңмен шеп құрыпсың.
Жылы ұяңда жата бер жапан құсым,
Шапағына малынып кешкілік күн.
Қанағатты қалайтын текті құсым,
Жылы ұяңды жұмағым деп біліпсің.
Менің ұям - алып Шар, алты құрлық,
Гүрсілінен көз ашпас көп бүліктің.
Сыйыспай жерге неге жүрміз деген,
Сандалтады сауалы көп күдіктің.

Саған осы шын рахат, ұяң мамық,
Өзің болып күн кешем қиялданып.
Керемет кең дүниеге күй арнадық,
Соның бәрін бір саған қия алмадық.
Қанағатсыз біздегі пенде көңіл,
Кіп-кішкентай ұяңа сияр нағып?!
Адам ата баласы, амал қанша,
Алты бақан ала ауыз, ұялмадық.
Жылы ұям жоқ, өзіңдей пәктігім бар,
Жылы сөзге жүретін жиі алданып.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Құрқылтай өлеңінің авторы кім?

Айдана Қайсарбекқызы — осы өлеңнің авторы.

Құрқылтай өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Құрқылтай өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Айдана Қайсарбекқызы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Құрқылтай өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері