Өлең, жыр, ақындар

Малшының мақтанышы

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 481
Мал!— Сен менің серігім едің жастан,
Сенің даусың — азаным құлақ ашқан,
Мен бесікте жатқанда, лақ пенен
Қозының арасында маңырасқан.
Әкем малшы, сорлы анам сауыншы да,
Зар болып, қолға әлдилеп алушыға,
Жанында маңыраған қозы-лақтың
Шырылдап дауыс қосқан даусына.
Басқанда апыл-тапыл ішім пысып,
«Ойнайын қозы-лақпен, деп сүзісіп»,
Көгенінен ағытқанда, аяғымды
Жаралап, кететұғын шекем ісіп.
Жетіде қозышы боп жүгіремін,
Тыңдамай табанымның тілінгенін;
Кіршілдеп аяғыма шөгір еніп,
Болғанмен қанша «жансыз» мүдіргемін.
Көзде жас, бірақ қозы қимылдарын;
Сүзіскен, ойнақтаған, шұбырғаны —
Таң керіп, жұбанышты содан тауып,
Оларды туысқан деп ұғынғанмын.
Он жаста серік болды қой мен ешкі,
Солармен бірге еткізіп ерте-кешті,
Жатсам, тұрсам, қуансам, я қайғырсам,
Адам емес, серігім мал боп өсті.
Томпайтып добыраға иығымды,
Он бесте бақтым жаяу сиырыңды,
Жаз жаңбыр, жалынды ыстық, күз борасын,
Суықта бір білмедім бұйығуды.
Аязда, сақылдаған суықтарда,
Беті-қолды кіршіктей жуып қарға,
Ел жоқ, күн жоқ жапанда жылқы бақтым,
Үскірік, ұзақ, жылға жуық таңда.
Секіріп ойнағанда жынды боран,
Мұзданып көз, мұрнымнан ағып сорам,
Ұялы қасқыр келсе, жалғыз тайдың
Таңынан тарттырдым мен, қашан оған?
Ысқырып, жал құйрығы көлбеп желге,
Қар тепкен жылқыны айдап тебін жерге
Жүргенде, ой түсетін: «мал иесі,
Бейнетсіз бай ма, баққан әлде мен бе?»
Болғанмен иен, байлар, етпей қастық,
«Иіліп төсек болып, жатып жастық»,
Біріңе пышақ алып ұмтылдым ба,
Бай берген арық ет пен көжені ас қып?
Октябрь, арамтамақ байды қуды,
Заводты, фабрикті, жер, мал, суды,
Кім күтсе, соған берді: бай қысқартты
Біреу жаққан отқа кеп жылынуды.
Бірақ бай қарамады саған мендей,
Өзінен кетіргісі келмеді, өлмей,
«Бұл малда хақын, жоқ» деп, біз күш қып ек
О-дағы қарсыласты, «мә» деп бермей.
Қолына қылпылдатып алды кездік,
Ұраны болды «барлық малды тез құрт!»
Тілегі болды байдың, күлді мырс-мырс,
Бағына перегибщик сұмды кез қып.
Жануар кездестіріп жауыздарды,
Талайы жөн-жосықсыз бауыздалды,
Бай-құлақ, оған серік перегибщик,
Құнықты шикі қанға ауызданды.
Шалғанша партияның қыран көзі,
Партия алғанынша қолына өзі —
Бұл істі, қан жыладым ішім ашып,
«Жануар жойылды-ау, деп малдық көзі!»
Бұл іске партияның көзі жетті,
Сондықтан перегибщик ұшып кетті,
«Сен малдың жайын білген адам едің,
Бақташы бол, күтіс!» деп мені жекті.
Партия «менмін,— дейді,— бас бақташың»!
Ондай қыран, алып ер мал баққан соң
Қасқыр түгіл, қаскүнем тап жаулары
Аяғын малға беттеп неге аттасын!
Партия Ұлы көсем сүйер досым,
Москвада тұрғанменен, малдың қосын
Көріп, маған береді жігер, қайрат,
Егер де тізгінімнің сезсе босын.
«Қалғыма, сақ бол,— дейді,— досым малшы!
Желінен жауға өрт бер күйіп-жансын!
Семіріп жас ертеңнен оттап малың
Өлкеңде өсіп, мыңдап табындансын!»
Арқырап бейне айғырдай кісінеп бұлт,
Құйылсын құла дүзге жаңбыр жылп-жылп
Көпіртіп шайна майдың майлы шөбін,
Семір, түле, құлпырсын жүнін, жылт-жылт.
Төлдерін, еркелесін, салсын ойнақ,
Жау қанша аңдыса да қастық ойлап,
Бір түгін сындыртпаспын, йен, мықты,
Күзет күшті, өріс кең, сүңгі бойлы.
Күн куә болсын көкте күлімдеген,
Жел куә болсын кепке күбірлеген,
Екі-үш жылда жеткіздім малды халге
Перегиб кергендігі білінбеген.

1934



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сәбидің өліміне

  • 0
  • 0

Дейтін де «бала адамның бауыр еті»,
Бауырымның жарылғандай болып еті,
Барады өртеніп іш!.. Неткен жара!..
Жазуға келер кімнің құдіреті?!

Толық

Батыр інім Бауыржанға

  • 0
  • 0

«Советтің саналы ер еркегі» деп,
«Жігіттің қыз қызығар көркемі» деп,
Бауыржан Момышұлы жер жүзінде
Тарапты барлық елге ертегі боп.

Толық

Жеңімпаз Қызыл Армия

  • 0
  • 0

Киініп тоғыз қабат тон болаттан,
Жерден сел, көктен нөсер оқ боратқан,
Таудай өлік, теңіздей қан жұтса да
Тойынбай, көрінгенге тұра шапқан.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер