Кеш келген көктем

Бұл бетте «Кеш келген көктем» атты Серік Тұрғынбеков жазған табиғат туралы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

  • 17.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1322
Бақытқа жеткен емес қолым бірден,
Тағдырым ұсынған жоқ төрін бірден.
Әркімдер өз соқпағын тауып жатыр
Әуелден қалтарысын,
Жолын білген.
Наз деген болады ғой,
Өкпе деген.
Бірақ мен өміріме өкпелемен.
Қызық көп,
Қуаныш көп бастан кешкен,
Бәріне соның
Бірден жеткен емен.
Берілген жан емеспін мен бір мұңға,
Сыйлайды жаны қалмай тең-құрбым да.
Жалпыға ортақ оқу –
Онжылдықты
Бітірдім әрең-әрең он бір жылда.
Әуелден таңдағам жоқ күйкі жолды,
Көңілдің қағаз, қалам күйті болды.
Ауылда бес-алты жыл жұмыс істеп,
Алуға асықпадым дипломды.
Көсіліп кең жайлауда өскен едім,
Кеңдікті,
Еркіндікті хош көремін.
Жеткенде жұрттың бәрі жанталасып,
Кей кезде қызметке де кеш келемін.
Осындай мінезім бар қалыптасқан,
Жыр жазам, бір ғажабы, жалықпастан.
Жігітпін –
Абай атам айтқандайын –
Ақырын жүріп және анық басқан.
Әуендей асқақтатып қырдан салған,
Жеткізбей аңсаттырып
Жүр қанша арман.
Асырып кете алмадым
Өнерімді
Атақты Ақан сері, Біржан салдан.
Оныма бірақ бүгін өкінбеймін,
Жүреді болашаққа бекінбей кім.
Жалғанды жалпағынан кетем басып,
Жанғанда кеудемдегі отым кей күн.
Алдымнан сылаңдаса сағымды үміт,
Қуамын шабыт атты сабылдырып.
Күндермен қауышамын бір керемет,
Кеш келген көктемдердей сағындырып.
Өмірде сол секілді бар қызығым,
Кеудемде өлең деген жалғыз ұғым.
Көктемнің аңсап күткен шуағындай
Кеш көрдім
Бала сүю, жар қызығын.
Арманың –
Алтын күнің ол мәңгілік.
Санаңнан сырғып бір сәт болған ба ұмыт?!
Жалғанда жалғыз досың өлең екен,
Ол-дағы бірден келмес,
Толғандырып.
Өмірдің өттім талай өткелінен,
Жерде – өзім,
Көңіліммен көкте жүрем.
Ғұмырдың қызығының өзі сонда –
Сағынтып,
Зарықтырып жеткенімен.
Аз емес рақатым,
Азабым да.
Аз емес жазғаным да,
Жазарым да...
Қолыма кештеу қонған бақытымдай,
Кешігіп келер, бәлкім,
Ажалым да!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Кеш келген көктем өлеңінің авторы кім?

Серік Тұрғынбеков — осы өлеңнің авторы.

Кеш келген көктем өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Кеш келген көктем өлеңі не туралы?

Бұл шығарма табиғат туралы өлең ретінде танымал. Өлеңде автор өз ойын көркем түрде жеткізеді.

Кеш келген көктем өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері