Ойым бүрлеп, сәуле түсіп санаға – Хамит Есеман

Бұл бетте «Ойым бүрлеп, сәуле түсіп санаға» атты Хамит Есеман жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 19.09.2021
  • 0
  • 0
  • 869
Ойым бүрлеп, сәуле түсіп санаға,
Ақын болып кетем ертең қалаға.
Қош айтыстым жазығыма жусанды,
Ұзақ қарап сағымданған далаға.
Көңіліме тұрғаннан соң дем беріп,
Кер даланы қия алмаймын сенделіп.
Кетем бірақ,
Сосын ақын боламын,
Өмірімді бақ пен сорға тең бөліп.
Ши түбінен қол бұлғайды шат күнім,
Балауса күн,
Таңдай тескен тәтті ұғым.
Кетерімде тарап едім кекілін,
Көз алдымда мұңайғаны ақ құлын.
Перзентіне иігендей жер төсі,
Мейірленді бүкіл ауыл өлкесі.
Алатаудай арманымды арқалап,
Қала жаққа шығып кеттім ертесі.
Тоқтамаймын таңға асатын торыдай,
Таусылмайды ұшығы жоқ жол ұдай.
Көзім алды тұманданып барады,
Қарашы,
Ақын болам деген сорым-ай.
Көңіл шіркін ақ құлындай жетім-ді,
Түсіме енді...
Мені іздейтін секілді.
Қимастықпен елжірейді алыстан...
...Құла тай боп кекілді.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері