Жас жүрек ем жырға жүрген сиынып – Хамит Есеман

Бұл бетте «Жас жүрек ем жырға жүрген сиынып» атты Хамит Есеман жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 19.09.2021
  • 0
  • 0
  • 572
Жас жүрек ем жырға жүрген сиынып,
Бір бақыт боп қалмап едің бұйырып.
Іздеп сені бара қалсам үйіңе,
Кері қарай жібермеуші ең қиылып.
Кері қарай жібермеуші ең қиылып,
Қалушы едім қылығыңа сүйініп.
Жыр оқушы ем айлы түннің астында,
Құп алушы ең жан-дүниең иіліп.
Көп ұзамай сол бір күндер алдады,
Оның тағы түсті маған салмағы.
Өмірім деп өлең жазып жүргенде,
Бақытыңа асығыпсың алдағы.
Бақытыңа асығыпсың алдағы,
Өз жүрегім өзімді өстіп алдады.
Асығыстау кездеріңді білмеппін,
Мен де асығар ем бақытқа сондағы.
Жүрген шығар жанарыңнан жас тама,
Енді өкініш онда да емес, басқада.
Құшағында сен елтідің өзгенің,
Мен орамал салам ертең басқаға.
Өмір осы... жиынтығы дүрмектің,
Енді келіп өлеңімді мұңды еттің.
Тұрушы едің меруерттей мөлдіреп,
Әттең есейгендігіңді білмеппін.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері