Жалындап туған жігітті – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Жалындап туған жігітті» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 775
Жалындап туған жігітті
Жақсының ісі жебемек.
Арындап шыққан жүйрікті
Аяқтан шалып не керек?
Аталық ақыл айтылса,
Құлықты көңіл түйсінер.
Алдыңнан ашық ай туса,
Көңілің неге күрсінер?
Шығатын жанға жоқ таса,
Жалғызға қамқор көп шығар.
Жай оғы келіп соқпаса,
Теңселе қоймас көк шынар.
Қырандар егер күні үшін
Түседі десек майданға –
Үзілмей жүрген үмітің
Тиеді тас боп маңдайға.
Көңілге көк мұз қатпасын,
Көгіңде бұрқап қар ұшар.
Ашып қой жүрек қақпасын,
Махаббат-достық қауышар.

1974


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері