Көз жасы – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Көз жасы» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 23.09.2021
  • 0
  • 0
  • 3773
Бұл дүние тұспалдамай, астарламай,
Тұра ма төмендемей, аспандамай?
Жарқыным, айырмаң бар тастан қалай,
Өтсең бір жанарыңнан жас парламай?
Бостан-бос берілмеген мына ғұмыр,
Болады әр нәрсенің сұрағы бір.
Түңілсең – біржолата үмітіңді үз,
Үңілсең – жүрегіме жылап үңіл!
Өрнектеп ойым бәрін жаза алар ма,
Орынсыз тағы сені мазалар ма?
Күлсе де, жыласа да сендіретін,
Өмірде көз жасынан таза бар ма?!
Кеудесі қара жердің жаралы, рас,
Жазықсыз ұшты сансыз бағалы бас.
Мысқалдап өлшеп көрген бар ма, сірә,
Қаншама төгілгенін қаралы жас?
Сезімнің айнасына шаң жұқтырмас,
Сағыныш қалай нәзік назды ұқтырмас?
Адамдар мауқын басқан,
Жарқылдасқан
Баянды бақытты жас аздық қылмас.
Өмірге бұлданады кім өкпелеп,
Босаңсып, көңіліңді жүдетпе көп.
Қайғырсаң, қуансаң да, ең алдымен,
Жарқыным, жылау үшін жүрек керек.
Жүдесе кейде жаның жасығандай,
Бола ма асып алмай, тасып алмай?
Жақсыдан, жаманнан да хабары жоқ,
Шіркін-ай, сәбидің көз жасы қандай?!
Бір тұнық мөлдіреген бұлақ көрсең,
Көзінде жас бар ма екен –
Сұрап көр сен.
Білесің кетеріңді өзің қалай,
Әйтеуір, келер болсаң, жылап кел сен!..

1980


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Көз жасы өлеңінің авторы кім?

Несіпбек Айтұлы — осы өлеңнің авторы.

Көз жасы өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Көз жасы өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Несіпбек Айтұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Көз жасы өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері