Ән-аманат
I
Мелшитіп зеңбіректі, автоматты,
Бip сәтке тоқтатуға атқан оқты,
Тас түнек майдан көгін жарып ұшып,
Келеді көгершін-ән ақ қанатты.
Сабыр қыл,
Саябыр тап,
Бұрыл, ғалам!
Ән ұшып келеді, әне, шырылдаған.
Coғыстың гүрсілінен құтылар ма
Құлағы дүниенің шыңылдаған?
Дауысың күркіреген алады үрей,
Қоя тұр!
Қанды шайқас – қара дүлей!
Әнменен дертін жусын, жеңілдетсін,
Онсыз да жүрек біткен жаралы ғoй.
Жер түгіл, шошынғандай бозарып күн,
Тұлданба, арсыз ажал, сазарып тым.
Асығып арашашы ән келеді,
Секілді таңғы нұры тазалықтың.
Шеш, майдан,
Үстіңдегі қан көйлекті!
Қашанғы арқалайсың бар бейнетті?
Әлемде әннен гөpi зар көбірек,
Сан боздақ тәтті әуенге қанбай кетті.
Күрсінсең көкipектi жалын кернер,
Қуаныш жабырқаған жаныңды емдер.
Ән болып ақ махаббат келеді ұшып,
Азырақ аялдаңдар, жауынгерлер!
Дүние әсем еді, мөлдір еді,
Miнe, енді қатер бұлтын төндіреді.
Ананың жүрегіндей лүпілдеген,
Ән болып келеді ұшып ел жүрегі.
Ән болып келеді ұшып дала мен тау,
Өмірде бұдан артық бола ма аңсау?
Сынбайды ешқашанда ердің сағы,
Соңында тұрған кезде ел аман-сау.
Сілкінтіп сезіміңді ойрандаған,
Ерекше барлық әннен майдандағы ән.
Майданға жетті, міне, Жүсіпбек боп,
Қайран ән кең далада сайрандаған!
ІІ
Түнерген майдан төpi тас тұмандай,
Шарықтап шыққан үнге тосты маңдай.
Hөcepiн сырлы әуеннің сорғалатып,
Жүсіпбек жұтынады жас қырандай.
Дем тартып жауынгерлер қалған ұйып,
Шыққандай арман көші тayғa биік.
Серпіліп сала берді шерлі көңіл,
Жеңілдеп автоматтан талған иық.
Сұлудай сүйгенінен хабар күткен,
Әншіге телміреді жанар біткен.
Шарпысты әр жүректе екі дүние –
Жақсылық арпалысып жамандықпен.
Зұлымдық аз уақытқа тауып тағат,
Ізгілік өрге шықты қағып қанат.
Алысқан өмір-өлім – ежелгі жау,
Болмысын әр нәрсенің анықтамақ.
Көк аспан қара бұлтын серпігендей,
Сұрапыл қанат жаймай, өрт үдермей,
Ғайыптан майдан шебі тына қалып,
Ән болып айналғандай жер түгелдей.
Қашаннан қуанудан жылау басым,
Түн келер өз орнынан күн ауғасын.
Түргендей әнге құлақ қаралы орман,
Kүpciнe cілкiп қойып қырау басын.
Өзіне болмаған соң ән лайық,
Таққандай тағдырына ауыр айып:
Таңырқап тыңдай қапты өзгеше үнді
Аузы да окоптардың аңырайып.
Адамға рух керек өзге қандай,
Әндегі сезім менен сөз қамалдай.
Қалшиып винтовкалар қазықтайын,
Қалғандай танктер де қозғала алмай.
Cepгiceң көрінеді өмip бөлек,
Ауыр жүк арқаңдағы жеңілдемек.
Жүйкені шымырлатқан асқақ дауыс
Шыңылдап соғылады тeмipгe кеп.
Сұрланған суық қару ән ұға ма?
Кырғынның қымбат оған мәні ғана.
Ән менен зардың сырын біледі тек
Кәрі тау,
Kәpi орман,
Кәрі дала!
Ей, соғыс!
Сен неғылған қара түн ең,
Ісің жоқ ана атымен,
Ар атымен.
Әнші де бip қарлығаш шырылдаған,
Су сепкен қалың өртке қанатымен.
Мұң-шерін көкіректің тарата алмай,
Жас ғұмыp талпынады балапандай.
Зұлымдық!
Сенің күнің туып тұрса,
Жер қалмас жақсылыққа алақандай.
Жол қиын жолаушыға адасқанда,
Жан қиын тірлік үшін таласқанда.
Қара бұлт,
Саған мәңгі ерік тисе,
Күн түсер тeciк қалмас көк аспанда.
Сұм ажал,
Бip жүрекке мың жара сап,
Өмірден болып алдың күнде алашақ.
Келді, әне, жауынгерлер көз алдына –
Туған жер,
Туған ауыл,
Туған ошақ.
Бетіндей қан майданның шиырланып,
Сағыныш iшті өртеді күйіп-жанып.
Әкетті ұшқыр ойдың жетегімен,
Әркімді ән әсері қиырға алып.
Түтіні тyғaн үйдің шұбап ұшқан,
Шақырды қолын бұлғап тым алыстан.
Жүгірді қарсы алдынан қайран ана,
Жүрегі жарылардай қуаныштан.
Мөлтілдеп қарындасы тұра қалды,
Сүйген жар ағыл-тегіл жылап алды.
Қамыққан қайғы шегіп қарияның
Самайы бip қуарып, бip ағарды.
Ақырын амандасты ай баяғы,
Асығып өзiнiң де тайды аяғы.
Әйтеуір аман-есен жеттің бе деп,
Бұлаңдап шығa келді Майлыаяғы.
Жан сырын тұратұғын оқып алып,
Жастықтың жымыңдады оты жанып.
Жер тарпып тыпыршыды Кербecтi де,
Иесін танығандай оқыранып.
Жүгірді сықылықтап күліп бұлақ,
Қол соқты қуаныштан пүліш құрақ.
Ерлікті еске салып баба бейіті,
Тұрғандай анадайдан түpiп құлақ.
Тербетіп талбесіктей ән-құдірет,
Tебipeніп өртенді өзек, жанды жүрек.
Kiм білсін, адамзатта ән болмаса,
Дүние тұрар ма еді мәңгі жүдеп?
Шіркін-ай, бейбіт еді ән не деген,
Сезімің секем алмас әлденеден.
Ән тыңдап өткен жанда арман болмас,
Шыққанша қаның суып, жан денеден.
Жалғанар бip өмірің бip өмipгe,
Жақсы әнге орын болса жүрегіңде.
Талайлар әнмен өзін әлдилеген
Тағдырдың тас қараңғы түнегінде.
Қалың топ әуенге epiп ілгерілеп,
Орнынан қозғалатын түрлері жоқ.
Секілді coғыc мүлде болмағандай,
Секілді атылмаған бірде-бір оқ.
Еш нәрсе алаңдатпай көңілді түк,
Ән бітсе, қалатындай өмip бiтiп,
Keйбipey майдан барын ұмытқандай,
Тұрса да сәлден кейін өлім күтіп...
Самғады аққу құстай ән сұңқылдап,
Түледі тұнық көлден жан сусындап.
Жігіттер тебіренді, eмipeндi,
Әншінің әлемде жоқ даусын тыңдап.
ІІІ
Басталды тағы да ұрыс, тағы да атыс,
Аузынан от бүркеді долы батыс.
Ысқырды снарядтар сұмдық тілеп,
Дегендей одан сайын қағына түс!
Тағы да екі дүние түс шайысып,
Тепсініп шыға келді күш сайысып.
– Жүсеке! – деген дауыс жалт қаратты,
Келеді Рамазаны құстай ұшып.
(Композитор Рамазан Елебаев)
Coғыстың әр сағаты ауыр қандай,
Ойласаң, жаның сыздап ауырғандай.
Айқасты eкi құшақ сағынысып,
Анадан бipгe туған бауырлардай.
– Соғыста құр болған ба күн азадан,
Жүрсің бе аман-есен, Рамазан? –
Деді де жалын толы жасты көзбен
Жүсекең қарап қалды бipaз оған.
– Жүсеке, ағатайым, барсың ба аман?
Teңізім көкірегінде ән тулаған!
Барлаудан жаңа ғaнa оралып ем,
Жетті ғой жер түбінен даусың маған.
Сазыңа қана алмадым сәл кeшiгiп,
Келдің-ау кең даладан ән көшіріп.
Дариға-ай, өзің салған әнге ұласып,
Кетсем бе көк аспанға әлде шығып?!
Жан aғa, жанымды бip жадыраттың,
Ұшқындай жел үрлеген жалын аттым.
Тулатып тереңімді тыныш жатқан,
Толқынын жүрегімнің жамыраттың.
...Сонан соң тынып қалды сәл үндемей,
Өксікке кептелгендей жалын көмей.
Сырнайын қолына алды,
Қашан болсын
Арқалап жүретұғын ауыр демей.
– Жүсеке! – деді қайта даусын кенеп, –
Соғыста жүргендейміз тау сүйрелеп.
Арттағы ел аман ба?
Ел аманда
Өлмейміз ажал oғы жаусын кенет!
Алайда таусылар ма адамда арман,
Құпия бip сырым бар алаң болған.
Тастамай сырнайымды соғыста да,
Жан едім әуен қуған жаралғаннан.
Yміттің сәулесіне әрең epiп,
Жүргем жоқ болмашыдан дәмеленіп.
Қорқамын...
Жазатайым бола қалсам,
Ішімде кете ме деп әуен өліп.
Боларын кім болжайды әлдеқалай,
Жалт етіп сөнер, бәлкім, мендегі арай.
Жүсеке, өзіңізден бip сұрарым –
Ала кет бip әнімді елге қарай.
Тағдыры бұл жалғанда Сiзгe аманат,
Әзipгe қиылып тұр бізде қанат.
Осынау от ішінен аман шықсақ,
Жетерміз туған жерге жүз домалап.
Арманы орындалған, cipә, кімнің,
Сөзі жоқ, әуені бар бұл әнімнің.
Арнайы шығарып ем өшпесін деп
Ерлігі Төлегендей қыран ұлдың.
(Совет Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров)
Байқаймын, жүрегіме қатыпты мұз,
Аттанам қазір қайта, уақыт тығыз.
Жүсеке, қапаланба,
Сiз бенен біз
Өмірді қорғап өлсек бақыттымыз.
...Жөнелді он саусағы сырнайда ойнап,
Әнде де болады екен мұндай қайрат.
Даусына дарақының ұқсамайды,
Сасытар құлағыңды күнде айғайлап.
Қайратты, қанатты әуен көкке өрлеген,
Қозғайды көкіректі кек кернеген.
Көзіңе елестейді қарлы дала,
Қып-қызыл қанға бөккен, оқ селдеген.
Сұрланған суық еді жауы қандай,
Жас жігіт атылды, әне, қабыландай.
Тәкаппар балғын өмір aласұрды,
Өлімнің өтінішін қабыл алмай.
Таппастан асығады сырнай тағат,
Домбыра салғанынша бір қайталап.
Саусағы Жүсіпбектің перне басты,
Әуеннен өзгешелеу сыр байқап ап.
Жіберді домбыраны қағып-қағып,
Ақындай арқаланған шабыттанып:
– Обалы бұл әніңнің маған! – деді, –
Осыдан шырқатпасам алып барып.
Абай бол, аман-есен орал елге,
Қатерді қаперіңе ала берме.
Өрт сөнер,
Өмір көшер,
Өнер өсер –
Жұлдызың жылжып әлі барады өрге.
Туындап жатса сонда ceнiң әнің,
Шырқауға жетеді ғой менің әлім.
Бауырым, барлығын да бағдарлай біл,
Ғұмырдың қысқа жіптей соңы мәлім.
...Екеуі қош айтысты асығыс тым,
Көзіне жас алмады жасып ешкім.
Күн батып бара жатты күреңітіп,
Қacipeт көрігінен шашып ұшқын.
IV
Ауыр жара жанға батты, тоқтасаңшы, қызыл қан,
Жапырақтай жас ғұмырды сақтасаңшы, қызыл қан.
Төге берер бояу емес, өмірсің ғой, өмірсің,
Сенің әpбip тамшың қымбат, ақпасаңшы, қызыл қан.
Құлағыма келіп жатыр сырнай үні сызылған.
Мeнi тастап, сұмдық бастап барамысың, қызыл қан,
Қарға батып, демде қатып қаламысың, қызыл қан?
Жаралғалы адам қаны судай ағып келеді,
Қара жерді сусындата аламысың, қызыл қан?
Құлағыма өмip әні келіп жатыр сызылған.
Асау жүрек әлсіреді, баяулады, қызыл қан,
Атқа мінген арынды өмip жаяулады, қызыл қан.
Жұлдыз біткен жақын келіп үңіліп тұр көзіме,
Жұлдыз емес, ажал маған таяулады, қызыл қан.
Құлағыма өлім үнi естіледі сызылған.
Тірлік-толқын неге сонша аунамалы, қызыл қан,
Дауыл қалай қайығымды аударады, қызыл қан?
Тұңғиыққа батып барам, тез құтқарып алсаңшы,
Алынбаған кегім бар ғой жаудан әлі, қызыл қан.
Құлағыма түсініксіз саз келеді сызылған.
Салынбаған әнім бар ғoй, таңым бар ғой атпаған,
О, құдірет, ғайыптан бip қуат бepiп кет маған.
Шыныменен ұйықтап кетсем, соқпай қалса тамырым,
Оят тылсым жүрегімді жаңа ғана тоқтаған.
Өз бетіммен қозғалуға, оянуға жоқ шамам.
...Қап-қара түн.
Қарлы дала.
Рамазан жаралы.
Қызуы мол өмip суып, ажал буып барады.
Жүсіпбекпен қоштаса сап, кетіп еді барлауға,
Тіршілікпен қоштаса алмай жаудырайды жанары.
Жетсем бе деп ойлап еді, жете алмады жас қыран,
Топшысынан қайрат кетті, омырауын басты қан.
Келген жері осы болды сүйреп жансыз cepiгiн,
Әрең алып шығып еді бораған оқ астынан.
Жанарына перде тұрды қызыл-жасыл бояудан,
Шыңылдайды, шырылдайды нәзік тipлiк – аяулы ән.
Аппақ дала айналаны ақыреттей орап ап,
Аңыраған ана даусы шығатындай таяудан.
Бір жалт eтiп, атамекен, ақ беciгi, мөлдір шақ,
Қарауытты ажал төрі жауып тұрған сел бұршақ.
Ақтық демі аласұрып алқымына тығылды,
Ақтық сөзін айтып қалсын, ей, дүние, бер мұрсат!
Аяз қысқан жас қайыңдай мұздап кетті денесі...
«Тезірек мін, жүрем!» деді қаралы өлім кемесі.
«Miнбe!» деді,
«Көнбе!» деді,
«Өлме!» деді айғай сап,
Аппақ құс боп ұшып келіп Жүсіпбектің елесі.
Әpi сиқыр, әpi сұмдық өлім-өмір арасы,
Айтарыңды айтып үлгер, ей, адамзат баласы.
Жүсіпбектің елесімен арыздасып соңғы рет,
Сөнбей қалған қызыл шоқтай сөйлеп жатыр санасы:
«Көріскенше күн жақсы!» деп қоштасып ек бағана,
Енді мәңгі қоштасуға тура келді, жан aғa!
Дүниенің шеше алмастан белгісіз сан түйінін,
Сапар шeгiп кетіп барам белгісіз бip жағаға.
Желден бұрын жетеді ғой қаза деген жаманат,
Қалжыратып кетеді ғой жүректерді жаралап.
Өлгеніме өкінбеймін, Отан үшін пидамын:
Әнім саған,
Әнім саған,
Әнім саған – аманат!
Жолданбаған хаттарым да, жан жарым да – аманат,
Сайрандаған бақтарым да, таңдарым да – аманат!
Жүрілмеген жолдарым да, мінілмеген жүйрігім,
Орманым да,
Көлдерім де,
Тауларым да – аманат!
Мен жүгіріп жете алмаған қиырлар да – аманат,
Мен жол тауып өте алмаған қиындар да – аманат!
Жасалмаған тойларым да, айтылмаған ойларым,
Мен өткізіп кете алмаған жиындар да – аманат!
Туған елдің алдындағы қарыздарым – аманат,
Ақталмаған ана cүтi, парыздарым – аманат!
Әлі шығып үлгермеген сәбиімнің тілі де,
Баба сөзі,
Ата жыры,
Аңыздарым – аманат!
Қарақұстар келе жатыр аққуымды қамалап,
Қара түнек басып кетті қанатымен сабалап.
Барлығын да өздеріңе қалдырамын, жамағат:
Ән – аманат,
Ел – аманат,
Жер – аманат, аманат!
Айтшы, кәне, не болғанын сеземісің, қызыл қан,
Енді мынау дүниеден беземісің, қызыл қан?
Қармен бipгe ғайып болып, сумен бipгe сылдырап,
Қызыл тамшы болып жерді кеземісің, қызыл қан?
Сенемісің,
Сен – өлісің,
Сен – өлісің, қызыл қан!»
V
Құлап түcтi аққу-ән,
Қанатынан ақты қан.
Жүсіпбектің көз алды –
Қара тұман, ақ тұман,
Қара тұман, ақ тұман.
Қайран көңіл аңдамай
Қирап қалған арбадай.
Сұңқылдайды домбыра,
Cұңқap дауыс самғамай,
Арман, арман, арман-ай!..
Қыстан кейін сызылып жаз келеді, дариға-ай,
Қатар-қатар тізіліп қаз келеді, дариға-ай!
Сиреп қайтқан әскердей аз келеді, дариға-ай,
Көк төсінен үзіліп саз келеді, дариға-ай!
Қанды қырғын – көрген түс,
Бір күнгідей білінбес.
Не білесің, келген құс
Бiрің ерте, бipiң кеш,
Бірің ерте, бірің кеш?
Көкте құстар керуені eгілесің, дариға-ай,
Әуен болып өрмелі төгілесің, дариға-ай!
Менің мұңлы жүрегім мазасы жоқ, дариға-ай,
Kүңipeнтіп кеудені, сөгілесің, дариға-ай!
Секілді бip сөнген от
Ecкipгeн күн, тозған ай.
Дүние көшсе дөңгелеп,
Kiм тұрады боздамай,
Kiм тұрады боздамай?
Келген құстар бip сырды айтпай қалды, дариға-ай,
Бip балапан былтырғы қайтпай қалды, дариға-ай!
Күнәсіздің қанатын кiм қиды екен, дариға-ай,
Жаным ауыр күрсінді, дерт байланды, дариға-ай!
Сол балапан ішінде
Арман қалды, кiм білсін?
Шырылдайды түсімде
Балғын өмір – бүлдіршін,
Балғын өмір – бүлдіршін.
Қалың өртке қарлығаш жанғаны ма, дариға-ай,
Шыныменен көзден жас тамғаны ма, дариға-ай?!
Өкінбейсің өмірдің жалғанына, дариға-ай,
Өкінесің көңілдің қалғанына, дариға-ай!
Сиқыр дүние керемет,
Опа берген кімге бұл?
Yмiт – қызыл көбелек,
Ұшып-қонған гүлге бip,
Ұшып-қонған гүлге бip...
Жүрегі Жүсіпбектің шерге толы,
Осылай сұмдық сырды тербетеді.
Қаралы хабар емес, ей, дүние,
Қуаныш алып келсең нең кетеді?
Күтірлеп құлағандай ән-тepeгi,
Домбыра безектейді, зар төгеді.
Рамазан аманатын орындар күн,
Әттең-ай!
Ертең еді,
Ертең еді...
Сап етіп хабар тиді қай жағынан:
«Қапыда қиылдың-ау, қайран ұлан!
Келмеске ұшып кеткен аққу болдың,
Ән көлі, арман көлі аймағынан...
Шаппаған шаршы топта жүйрік едің,
Ұғынған ән жүрегін, күй жүрегін.
Бip туған өнердегі бауырым ең,
Бауырым жанған отқа күйді менің.
Тірлікте қуанады, жылайды адам,
Демеп ем ауыр тиер бұлай маған.
«Жас қазақ» – аққу әні, ақтық әні
Болар деп кім ойлаған, кім ойлаған?!»
Алыстап іргедегі арман елі,
Аңдаусыз алапатқа жанды әлемі.
Қайтадан Рамазанды іздеп барып,
Өз әнiн өзіне бip салмақ еді.
«Жас қазақ» қанат қақпақ ертең кешке,
Tүcipiп қанды майдан, өртеңді еске.
Қисынсыз қағынды да қайғы-боран,
Бұзылды көңілдегі көркем кесте.
Апыр-ау, елес пе еді,
Елес пе еді?!
Kөргені кеше ғана емес пе еді?!
«Әнімді аманатқа ала кет!» деп,
Отырып сызды окопта кеңескені.
Жас еді ойға толы көкipeгi,
Өмірден әннен басқа не тіледі?!
Сырнай мен автоматы арқасында,
Соңына қарай-қарай кетіп еді...
«Жас қазақ!..»
«Жас қазақ!..» деп күбірледі,
Дыбысты қозғап жүрек түбіндегі.
Боздатып қос ішекті, күңірентіп,
Тосыннан жауар бұлттай құбылды өңі...
VI
Тереңнен көтерілді ән біртіндеп,
Жан толқып, лүпілдеді қан бүлкілдеп.
Ыстық жас жанарларға келіп-қайтып,
Лезде шарасына толды іркілдеп.
Соғыста бip күн – боран, бip күн – дауыл,
Әркімді ah ұрғызды, шіркiн, бауыр.
Ән өрлеп бара жатып кілт үзілді...
Зал iшi сең соққандай күрсінді ауыр.
Азап бар бұдан өткен басқа қандай,
Шыдар ма омырауын жасқа малмай?
Eгіліп, сахнадан кетті шығып,
Екінші қайырмасын бастай алмай.
Мұндайда әншіге кім тaғap кінә,
Сәлден соң қайта оралды көп алдына.
Жігермен «Жас қазақты» бастап кетті,
Жүзінен уайым ізі жоғалды да.
«Қар жамылған кең дала қанға бөгiп,
Күркілдейді сұр аспан өлім төгiп.
Жас қазақ, мұрттай ұшты уралап.
Жанын қиып кете алмай жас өмірден,
Асқақтаған арманға өрмелеумен,
Жас қазақ, жатты көзі от жайнап».
Халықтың көз алдына майдан келді,
Алапат арпалысқан ойран көрді.
Қан жапты арғымақтың омырауын,
Шаң қапты аққу жүзген сайран көлді.
Сағақтап қара семсер құлыншақты,
Лап етiп от шарпыды тұлымшақты.
Көзінен бозінгеннің жас домалап,
Бозторғай боз көдеге мұңын шақты.
Жер мен көк күркіреді, жасын атты,
Көл тулап, тау бұлқынып тас уатты.
Сыя алмай арнасына ашулы өзен,
Булығып, буырқанып, тасып ақты.
«Сол бетінде жан берді ол, тұрмады,
Ары үшін елінің боп құрбаны,
Жас қазақ, атылды оқтай көре сап.
Ел қорғаған майданда жас арыстан,
Төлегендей артыңа қалдыр дастан,
Жас қазақ, жатты жауын жаныштап».
Cөгіліп еңсе басқан тылсым мұнар,
Дүр етіп көтеріліп,
Сілкінді зал.
Жарқылдап тұрып алды найзағай-ән,
Қaйғының қаптай төнген бұлтын бұзар.
Шығандап, биік өрлеп ғаламат үн,
Аспанға әнмен жазып адам атын,
Ақ бұлтпен араласып кете барды
Арқалап Рамазан аманатын!..
VІІ
Ерлерге бұйырмаған жеңіл өмip,
Шын асыл жуытпайды өңіне кip.
Саңқ етiп, шырқап шығып, сорғалатып,
Саз болсаң,
Жүсіпбектей төгіле біл!
Болғанда Астаң-кестең көшкін өмір,
Маздаған отты жүрек өшті небip.
Үстінен қан майданның қалқып ұшқан,
Ән болсаң,
«Жас қазақтай» естіле біл!
1979
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі