Қанатын қағып күн өтер – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Қанатын қағып күн өтер» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 879
Кірпігі күннің талғанда,
Сүйенер сеңгір тауларға.
Маужырап барып батады,
Үмітін артып таңдарға.
Мәңгілік зырлап дөңгелер,
Айналып ертең ол келер:
Мұңлы ма, мұңсыз әндетіп,
Жер-бесік тынбай тербелер.
Мәңгілік зырлап дөңгелер,
Айналып ертең ол келер.
Бұзылған дүние жөнделер,
Қамыққан көңіл емделер.
Тірлікті күн ғой топшылар,
Жазылмас жара жоқ шығар.
Жайратып жасын кетсе де,
Көгерер қайта көк шынар.
Әрқашан болып дегені,
Әлемді жалғыз өбеді.
Махаббат, арман, үмітті
Арқалап ұшып келеді.
Қанатын қағып күн өтер,
Тірлікті үзбей түлетер.
Жамандық түнін жүдетер,
Жақсылық таңын үдетер...
Келеді дәйім айналып,
Қуаныш, кейде қайғы алып.
Кірпіктей – күннің нұрына,
Үзілместей боп байланып,
Тұрсақ-ау мәңгі айналып!..

1980


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері