Өлең, жыр, ақындар

Ғұмыр-ғайып

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 744
Мұз жыры
Биігіңе бұлт жете алмай өкінді,
Асқарыңнан ай төменге секірді –
О, Алатау, көк мұзыңды күн жалар,
Шөлдеп келген қызыл сиыр секілді.
Көкірегін желге керіп, сыздап ап,
Үңіледі бөктер жаққа құз қарап.
Шың басында шаңқылдайды шарқ ұрып
Мұз бесікті, тас құндақты мұзбалақ.
Қыран көзде жалт-жұлт етіп жанады от,
Салатындай кектескенге сан әлек.
Шүйлігеді шамырқанып, шамданып,
Алтаудан жанап өтсе самолет.
Мұз тауларға бауыр басқан мәңгілік,
Шулайды ұлар аспан астын ән қылып.
Күбірлейді таңертеңгі тұнық тау,
Күңгір-күңгір, күмбір-күмбір жаңғырып.
«Күн арқамды қыздырса екен, шіркін!» деп,
Жөтеледі кәрі жартас күркілдеп.
Иіп берсе мәңгілік мұз емшегі,
Бұлақ саулар бауырынан бүлкілдеп.
Былай қалып күйкі тірлік, мұң-қайғым,
Сол бұлақтың нәзік үнін тыңдаймын.
Гүл мен қызды достарыма қалдырып,
Жырланбаған мұздың жырын жырлаймын.
Сезінгенде көктем демін, күз демін,
Қыс пен жаздың құпиясын іздедім.
Шөл даланың кезергенде еріні,
Көз алдыма елестейді мұз менің.
Ой жіберсем өткеніне өмірдің,
Еске түсіп, елестейді небір күн.
Елесетейді Африка шөлдері,
Қасіретті тағдырындай негрдің.
Елестейді түсіне ылғи көл кірген,
Бетпақ дала желкесіне жел мінген.
Сары атандай шөгіп жатқан сары құм
Сонау ойдан тау басына телмірген.
Айсберг көрінгендей аспаннан,
Асқақтайды асқарлар мұз жастанған.
Шыңды сүйем, мұзды сүйем мәңгілік,
Ұлы өзендер ұлы таудан басталған.
Мұзды мұхит айта жатар алғысын,
Музам менің – мұз жаулықты қарлы шың.
Алтай, Памиир, Орал, Кавказ, Гималай,
Алатаудай алыптарым, армысың!
Тоңдырмайды мені таудың мұз-қары,
Мұзда да бар тіршіліктің ізгі әні.
Тоңдырады, тоңдырса егер әманда,
Бұғып жатқан бомбалардың ызғары.
Тастай салып сол сәтте ойын-сауықты,
Тілдесемін ғасырлармен сауытты.
Еритұғын мұздар емес, қашанда
Жібімейтін мұз жүректер қауіпті.
Тұрған жаннан қысқы күндей мұнартып,
Суға айналар суық мұзым мың артық.
Мұз бұлақтар жүгірді, әне, жамырап,
Кең жазыққа көсілуге құмартып.
Келе жатыр қоңыраулатып бұлдырап,
Тау сұлудың бұрымындай мың бұлақ.
Ашулы өзен айғайлайды төменде,
Астау тасты шапалақпен ұрғылап.
Күндіз-түні күйге басып тау іші,
Өршеленер асау толқын дауысы.
Арындап кеп соғылғанда тоспаға,
Тына қалар тұлпарыңның шабысы.
Осы арада ғаламат ән шырқалып,
Жатыр өзен астаң-кестең бұрқанып.
Мәңгілік мұз мойнын созып биіктен,
Бартоғайдан өз дауысын тұр танып.

Ағаш жыры
Кесілді ағаш.
Гүрс етіп түсті құлап,
Ыңыранып соңғы рет ышқынып ап.
Күші мығым, қайыспас қайсар еді,
Тағдыр, шіркін, өзінен күшті бірақ.
Жапырағы жан-жаққа ұшты жылап.
Шулап ұшты шырылдап жапырағы,
Қара шаңға көміліп атырабы.
Бұрқ етті де күрсініп қала берді
Тамыр жайған талай жыл топырағы,
Топырағы – Отаны – Отырары.
Топырақтан қол үзу кімге бақыт?
Келтірмейді қайтадан тілге уақыт.
Жарық дүние жалт етіп жанарыңнан,
Кеттім дей бер қап-қара түнге батып.
Жер-бесіктің бөленіп құндағына,
Есінде жоқ қанша жыл тұрғаны да.
Есінде тек ең алғаш қосылғаны
Тіршіліктің бір нәзік ырғағына.
Не боп кетті? Шынымен жұлғаны ма –
Не нәрсенің айналмақ құрбанына?
Ойда жоқта кесілді. Неге, неге?
Неге айналды кесінді – бөренеге?
Бұзып-жару өмірдің заңы ма әлде,
Сонда ғана көктей ме, көгере ме?
Рахатқа сонда тек бөлене ме?
Тасқын шайып, ойрандап салса да асыр,
Тұнып тұр-ау бұл маңда соншама сыр.
Қалың ағаш қоштасып бара жатыр
Қоныс тепкен орнымен қанша ғасыр.
Орман еді сыңсыған ғұмыр кешіп,
Сыбырласып, сырласып, күбірлесіп.
Жұрнағы да қалмастан туған жұртта,
Абыр-сабыр жөнелді түбір көшіп.
Ағаш қайда жоғалды көк тіреген?
Өзен де жоқ қайда оны кетті деген.
Өзіменен өзі әлек көк толқындар
Шұрқырасып, бір-бірін тепкілеген.
Ажал жетер аяздай қыраулатып,
Кімді болсын түбінде жығар уақыт.
Нені ойлады сол ағаш кетерінде,
Неге күлді... еңіреп жылап жатып?
Жымияды тұрса да көзінде жас,
Әрі тәтті, әрі ащы сезімге мас.
Өз орнында күні ертең бөтен емес,
Көл жатарын күлімдеп сезінді ағаш.
Келе жатқан арпалыс сонша жылдан,
Арпалыспай кімге оңай жол табылған?
Арманы жоқ, байқаса, бір ағаштың,
Мың ағаштың жолында болса құрбан!
Тел өскенмен тоғайда терек, шынар,
Әрқайсысын бұл өмір бөлек сынар.
Ертеңгі орман өмірге келу үшін
Бүгін бұның өлуі керек шығар.
Толып берсе ғажайып су қазаны,
Қарық болар бақтардың суға зары.
Алма ағаштар көз ілмей түніменен,
Өлмес өмір туралы жыр жазады,
Жыр жазады жасанып гүл базары.
Балбұлақты жетелеп жылғалары,
Жадырайды жабыңқы қыр қабағы.
Сылдыр қағып қайыңның сырғалары,
Биге басып ерекше ырғалады.
Бәрін біліп, сезініп барады ағаш,
Оның жайы жаныңды жараламас.
Сәл аяйсың мұң толып жанарыңа,
Рас, рас, бұтағы балаламас.
Енді оралмас мекенге мәңгі мына,
Енді қайта шомылмас таң нұрына.
Енді сұлу бұрымын тоқсан өріп,
Алатаудың жуынбас жаңбырына.
Бірақ, бірақ разы тағдырына.
Бартоғайды бұғаулап мына кемер,
Баяғыдан тұрғандай тұра берер.
Күліп келер өмірге шыбық барда
Қиысыны жоқ ағаштың жылап өлер.

1982



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жанның оты

  • 0
  • 0

Тиіп кетсе бунап тұрған сезімге от,
Тиіп кетсе қурап тұрған төзімге от,
Абайсызда лап ететін кезім көп,
Арпалысып өзімменен өзім боп.

Толық

Емшек емер бала емен

  • 0
  • 0

Емшек емер бала емен,
Тартып міндім ат жалын.
Найза сабы – қара емен,
Қарпып ұстар шақтамын.

Толық

Қара бала қол жайып

  • 0
  • 1

Солқылдатып өмірдің сан сауалы,
Жүрегімнен, миымнан қан сауады.
Дүбір салған ішімде дүлей тасқын,
Сыртқа бұзып шыға алмай жар соғады.

Толық

Қарап көріңіз