Өлең, жыр, ақындар

Мұхтар аға

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1587
«Мұхтар аға, мықтар аға ерен», – деп
Кеше Қасым толғаныпты тереңдеп.
Әр толқынның өз Мұхтары өзіне,
Мен де жүрдім көптен бері елеңдеп.
Мұхтар аға демейді екем мен неге,
Сен де келсең қасқайып бір көмбеге.
Қуаныштан бөркімді атып аспанға,
Өз өзімнен сыя алмадым бөлмеге.
Жырдан ғана сыйлық тартар ақындар,
Бұл сөзімді жамағат та мақұлдар.
Әуезовке ұқсап бір сәт сен тұрсаң,
Қасым болып мадақтауға хақым бар.
Не деп кетті демеңіздер бұл қасқа,
Өнердегі тұрпат басқа, түр басқа.
Шыңғыстаудан туған болса бір Мұхтар,
Шұбартаудан неге Мұхтар тумасқа?
Елің үшін түстің тартыс, егеске,
Ер өмірі ерлігімен емес пе?
Сыбағаңды күттің асыл арманнан,
Алданбадың ас құюлы тегешке.
Дедің-дағы неге бұғып, жасимын,
Құлпын аштың тарих деген тас үйдің.
Дыраулардың сескенбестен сұсынан,
Жыраулардың рухына бас идің.
Кездеріңде әр сөзіңнен жай атқан,
Арқаң біраз жауыр болды таяқтан.
Жүре бердің сыйындың да аруаққа,
Ұйқысынан өзің түртіп оятқан.
Тұңғиықтан өзің ашқан жыр көзі
Жебеп жүрді, демеп жүрді күнде өзі.
Нарқызыл боп сен түскенде жарысқа,
Күмбірледі көне жырау күмбезі.
Жүгіргенге тарлық етпес кең дала,
Шын жүйрікті анықтайды өр ғана.
Сен қумадың біреулерше даңқты,
Даңқ сені өзі қуып келді, аға!
Сыншылардан сұрамадың сен баға,
Сездің түбі ескерер деп ел-дана.
Мансапты да іздемедің із кесіп,
Мансап итің іздеп өзі келді, аға!
Қаламың ғой қадіріңді танытқан,
Не күтсең де күтесің тек халықтан.
Таланттан үлкен емес ештеңе,
Үлкенсің сен атақтан да даңқтан.
Секілді боп адал ойдың бір кені,
Жатып едің қымтап алып іргені.
Бұрқ еттің де шыға келдің шулатып,
Батырлардай бұзып шыққан түрмені.
Аман болғай, қазақтың бір нар ұлы,
Сені сүйер аға да бар, бар іні.
Жеті түнде тұрсын дәйім оятып
Сонау, сонау қобыздардың сарыны.

1984



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жүрегін ұқ әкеңнің

  • 0
  • 0

Он алтыға толдың, бауырым, бүгін сен,
Далаң анау, асыр салып жүгірсең.
Көзің жетер кеңдігіне дүниенің
Көкжиекке ұзағырақ үңілсең.

Толық

Еркем

  • 0
  • 0

Үлбіреген гүл едің ғой, еркем,
Көз алдымда жүр едің ғой, еркем.
Тоты құстай түледің ғой, еркем,
Несіпбек Айтұлы

Толық

Балалық

  • 0
  • 0

Балалық қалды бір қызық
Бұлдырап қырдың астында.
Әкетті жылдар мінгізіп
Біздерді асау тасқынға.

Толық

Қарап көріңіз