Өлең, жыр, ақындар

Жүйрік ат мініп түсімде...

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 801
Жүйрік ат мініп түсімде,
Дүниені кезем сайрандап.
Өзге бір өмір ішінде,
Өзіме тұрам қайран қап.
Бәріне назар аударам,
Жарысып желмен жүремін.
Орманға барам, тау барам,
Бұлтқа да барып кіремін.
Уыстап жайдың отынан,
Күркіреп күндей күлемін.
Бір мезет көкте отырам,
Төсеніп бұлттың кілемін.
Ешкімнің менде ісі жоқ,
Қиялға батам әр қилы.
Ішінде бұлттың кісінеп,
Тұлпарым тұяқ тарпиды.
Жер менен көкті сапырып,
Теңіздей терең ой кешем.
Найзағай болып атылып,
Жартастарменен сөйлесем.
Нөсер боп жауам селдетіп,
Жапырақтың шөлін қандырып.
Шаршаған көлді тербетіп,
Ауаға тыныс алдырып.
Иелік етіп жер-көкке,
Бір өзім билік құрамын.
Бақыттың құсын көрмекке,
Шақырып жұртты тұрамын.
Талайсыз өзін сезінген
Көрмедім бірақ бір адам.
Көпсініп одан безінген,
Азсынып тағы сұраған.
Салса да сызат көңілге,
Жазықты қылмас уақытты.
Секілді бәрі өмірге
Келгені үшін бақытты.
Осылай кейде түсімде,
Дүниені кезіп сайрандап,
Өзге бір өмір ішінде,
Өзіме тұрам қайран қап...

1984



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сенің даусың шыққанда...

  • 0
  • 0

Бізге тағдыр әуелден жақсыларды қиған ба,
Артық бақыт қазақтың маңдайына сыйған ба?
Жәнібегім, қайтейін жетпеуші еді бір саған,
Жүзден озған жүйрікті мыңнан таңдап жиғанда!

Толық

Суық ызғар соғады

  • 0
  • 0

Суық ызғар соғады дөдегемнен,
Көнбіс едім көк қайыс не деген мен?
Бөбегімнің мұздайды қол­аяғы,
Орап­шымқап бесікке бөлегенмен.

Толық

Сағындырған көктем

  • 0
  • 0

Балғын гүлдей жайнап,
Бақыт жырын тойлап,
Арман нұрын аңсап құшқандай.
Бірге жүрдік нәзік

Толық

Қарап көріңіз