Елес
І
Көзімді ашып, ақ сәулеңе оранғалы, Жарық күн!
Мына өмірдің уызына, уына да жарыттың.
Бұлдыр елес, жалған үміт жәдігөйдей азғырып,
Алданыппын, алды-артымды болжай алмай қалыппын.
Тас түнекте адасқандай ақыл-естен таныппын.
Ақ жалыным сыртқа атылмай, іштен бықсып жаныппын,
Көк түтінге көзімді әбден үйір етіп алыппын.
Қыран емес, күнін кешіп тары терген тауықтың,
Жер бауырлап, қанатымды қара шаңға малыппын.
Кешіре алсаң, кешір мені, кешір мені, Жарық күн!
Пендешілік ала қабын арқалаумен арыппын,
Көрсоқырлық тас соқтырып, маңдайымды жарыппын.
Алысқанның жағасына жанталасып жармаспай,
Арыстанның аш көмейін өзім іздеп барыппын.
Опасы жоқ, оппасы көп тірлік сырын жаңа ұқтым.
Зар желдіріп, жеңіл сөздің жорғасына салыппын,
Ашына бір айта алмаппын мұң мен зарын халықтың.
Қаулап келген қалың өртке көк нөсердей құйылмай,
Шолақ көсеу секілденіп көптің қолын қарыппын.
Уа, Жарық күн, жібер маған зауал отын тамұқтың!
Неменеге жетісемін, несіне осы қарықпын,
Тағдырынан болған ығыр, мен-дағы бір ғарыппын.
Құйын желдей алапатқа күйім келмей қамықтым,
Бұл фәнидің мағынасыз дау-шарынан жалықтым.
Мейірім мен қайырымның кәусарына зарықтым.
Қаһарынан қалтыраған мұхиттағы алыптың,
Шыбын жаны шырқыраған бейне шабақ балықпын.
Судан шығу мүмкін емес, өрге тартсам өлім бар,
Төмен қашып тереңдесем одан сайын тарықтым.
Дүлей қуып, үрей буып, әлім құрып талықтым...
Шаршап барып жамбастасаң ұяңа сен, Жарық күн,
Дүниені құшағында әлдилейді мамық түн.
Қасіретім көкіректі құс жолындай қақ жарып,
Қаңтардағы аяз қысқан көк төріндей шаңыттым.
Уа, қайдасың, құтқар мені, періштесі шабыттың!
ІІ
Көкжиекке құйылды да күннің нұры сарқылып,
Қараңғылық үйірілді, қара перде тартылып.
Бұрқ-сарқ қайнап сәл суынған тайқазандай толастап,
Байыз тапты асау тасқын аласұрған алқынып.
Жерге түсті қанаттылар, аспан кезген шарқ ұрып.
Алып таулар тұңғиықтың түнегіне омалып,
Түнгі шаһар ыңыранады, арпалысын доғарып.
Сапырады сансыз гүріл сарсаң болған ауаны,
Озаңдатқан жаңғырықтан шартарапқа сел ағып,
Дөңбекшиді шалқар әлем тыныштығы тоналып.
Әлдеқайда марғау қырдың жон терісін от қарып,
Зымыран құс көтерілді ғарыш жақты бетке алып.
Меңіреу-мылқау кеңістіктің омырауын осқылап,
Жеті қабат көк күмбезін талқандауға шақ қалып.
Шексіздікке кетті сіңіп, бауырынан шоқ тамып.
Әлдеқайда құйын ойнап, шаң көтеріп дауылдап,
Көні кепкен құла дүзге тұз жауады сауылдап.
Жер құрсағы қуырылып, тепкілейді зұлмат күш,
Адамзаттың иманы ұшып, қатер-қауіп қабындап.
Аруақтар тек алаңдамас жатқан мәңгі дамылдап.
Қаңбақ құсап қаңғалақтап қаламыма жармастым,
Уайым қозғап, ойым боздап қаралы үнге жалғастым.
Жүректегі запы қылған запыранды төккелі,
Жын шақырған бақсыдайын сезімменен арбастым.
Көмейімнен сөз келмейді, басқандай тап албастым.
Қаңтарылдым, аңтарылдым ақ қағазға түк тамбай,
Кеудемдегі нөсерімді құрғақшылық жұтқандай.
Қызыл тілім күрмеледі түрмедегі тұтқындай,
Тартынамын, ақтарылсам қырғын-топан жұт бардай.
Әлдебіреу буындырып, алқымымнан сыққандай.
Қарауылдай қалжырадым, шыр айналды зеңіп бас,
Ұйқылы-ояу әрі-сәрі күйге түстім жан ұқпас.
Елеусіздеу елес келіп үңіледі сыртымнан,
Құлағалы көк желкеме тұрғандай бір төніп тас.
Мықты болсаң, сұмырайдан сүлдеріңді алып қаш.
Жылан көмей жаналғышын бүйіріме тірейді,
Ін түбінен ысқырғандай ұшырады үрейді.
Талайларды көрге көмген күрегімен күдіктің,
Аппақ қардай көңілімді алай-бұлай күрейді.
Арам ниет, арсыз пиғыл өршелене үдейді.
Түршігеді тұла-бойым елестеген сұмдықтан,
Әзірейілге айналғандар кімге сеніп, кімді ұққан?
Тамағың тоқ, киімің көк еркіндікте құн бар ма,
Бұғауланса ақыл-санаң құтылмайсың құлдықтан?
Қайыр шықпас қиялыңды кісендеген «шындықтан».
Ойларыма ойран салып, жүрген жерін қанды із ғып,
Көзге түспес сақшым маған көрсетпейді жалғыздық.
Мен жаза алмай, ол тажалдай аңдысумен отырып,
Ырғақтағы бала құстай кеткен екем сәл мызғып,
Ғайыптан бір боз арғымақ қанат қағып келді ызғып.
Арғымаққа қарғып мініп, қалқып ұшып жөнелдім,
Қалықтаймын, қауырсындай салмағы жоқ денемнің.
Биік шырқап, кең жаһанның көзбен шолып көлемін,
Рахат пен шапағаттың шуағына бөлендім.
Уа, тәтті түс, ғұмырымда сенен басқа не көрдім?
Ағып келем арғымақтың шоқтығына жабысып,
Бауырымда бұлттар аунап, шұбалғандай шаң ұшып.
Жамыраған жұлдыздарға, ай мен күнге қол созам,
Кедергісіз кеңістікпен емін-еркін танысып.
Бір мезетте төмендедім – жермен қайта табысып.
Қарап тұрсам, түскен екем туған бұлақ басына,
Мені көріп, тебіреніп тіл біткендей тасына.
Анадайда асыр салып ойнап жүрген бір бала
Сәлем берді ізетпенен жақын келіп қасыма.
Таңданыспен жаутаңдайды сорғалаған жасыма.
Қарайтындай арып-ашып қаңғып жүрген бұл кім деп,
Жайраңдаған аңқау сәби қабағында кірбің жоқ.
Бір бұлақты жалғыз өзі иемденген ұланды
Сөзге тартып көріп едім, аты-жөнін білгім кеп.
Жауап бермей, алдыменен сауал берді күлміңдеп.
– Келдің бе іздеп, – деді маған, – ата-баба қабырын? –
Қаным тулап, солқылдады алпыс екі тамырым.
Балғын жүзі жылы ұшырап, шырамытып тұр едім,
Жанарыма жанары кеп түйіскенде таныдым.
Он жастағы кезім ғой бұл – өзім ғой бұл, Тәңірім!
– Жер бетінде аман-есен барсың ба әлі, қарғам-ай,
Сені қалай жоғалттым мен, қара басып аңдамай?!
Қызыл-жасыл көбелекті күн ұзаққа қуалап,
Гүлді кешіп, нұрды кешіп ойнақтаған арман-ай!
Қайта айналып таптырмайтын, көп тұрмайтын жалған-ай!
– Қайда кеттің осыншама, көптен бері соқпадың?
Түгел шарлап шықтың ба әлде жер бетінің соқпағын?
Мылжаланған қазықтайын мыжырайып қалыпсың,
Көтере алмай тіршіліктің төбелеген тоқпағын.
Неге жаның жүдеу тартқан, баяғыдай жоқ сәнің?
– Қарашығым, мен айтпайын, сен сұрама ол жағын,
Алмағайып арпалыста саналыға сор қалың.
Білмейсің ғой ұзап шығып көрмеген соң ғұмыры,
Қанаттыға тұзақ барын, аяқтыға ор барын,
Омақаса жығыларын жүйріктің де жорғаның.
– Жүре бермей ойнап-күліп, неге кеттің онда сен,
Қарашы өзің, бұл арада аспан да әсем, жер де әсем.
Алып қашқан ағындай боп, сағымдай боп бұлдырап,
Сен зым-зия жоғалмасаң, мен де жалғыз қалмас ем.
Енді несін күрсінесің соғылғандай жарға сең?
– Ұясынан бір ұшқан соң шығандайды торғай да,
Пенде, шіркін, тентіресе апармайды жол қайда?
Түсіме де кірмеп еді жел айдаған қаңбақтай,
Сенен алыс кетем деген қол жетпейтін шалғайға.
Амал қанша, тағдыр солай жазған болса маңдайға?
– Кел, онан да аунап-қунап көмілейік шалғынға,
Шыбық мініп жарысқанды әлде ұмытып қалдың ба?
Басы қатқан мына сенен асық атқан бала артық,
Қу жаныңды қинай бермей біржолата қал мұнда.
Әу басында кетпе деп ем, айтқан тілді алдың ба?..
– Өкпелеме, асығыспын, сәлден кейін кетем мен,
Ғайыптың күш-құдіретімен келіп қалдым төтеннен.
Сен аман бол, сүттей таза, күнәдан пәк періштем,
Мен пақырды мүсіркеме мехнатқа еті өлген.
Өзім ғана арқалайын азабымды көтерген.
Буыны жоқ қызыл тілім бұлбұл құстай сайраған,
Ащы зарды ақтарар ма көкіректе қайнаған?
Айналайын, аялдасам саған тиер кеселім,
Жаным менің кесапатты жазылмас дерт жайлаған.
Тым болмаса таза қалсын сенің сәби айналаң.
Замананың ем табылмас сырқатына шалдыққам,
Дүрлігу мен даурығудан дауысым да қарлыққан.
Қайта туып келсем-дағы қара көңілім ағармас,
Қара түнек қаралы үйдей қайғы менен зар бұққан.
Сен ешқашан жұта көрме жылан уын мен жұтқан.
Жымысқының жымыменен жылмай жортып көргенмін,
Су жұқпайтын сұрқияның соңына да ергенмін.
Жағымпаздың құрығына сырығымды жалғағам,
Күре жолдың үстіне де қанды қақпан көмгенмін.
Арсыздықтың қамытына көк есектей көнгенмін.
Меніменен кетсін бәрі – өз жөніме тартайын,
Мойнымдағы күнә жүгін саған қалай артайын?
Ақ ботадай боздауменен белден асқан бұлт едім,
Ауыр тиер, көз жасымды алыс барып сарқайын.
Шер байланып сенделгенше, желге айналып тарқайын.
Залалы мен зауалынан Тәңір сені сақтасын,
Мен мәңгіге жапқан жанмын балалықтың қақпасын.
Енді айналып көремін бе, көрмеймін бе, кім білсін,
Қоштасайық, құлыншағым, кері бұрам ат басын.
Жұлдыз-дағы тұрақ таппас орнынан бір аққасын.
...Ақ тұлпарым тықыршыды ауыздығын жұлқылап,
Тақым қысып, тізгін қақсам, жөнеп бермек зырқырап.
«Тағы тастап кетемісің, қалсаңшы, – деп, – ағатай!» –
Байғұс бала шылбырыма оралды кеп шырқырап.
Тұла бойым шымырлады, сай-сүйегім сырқырап.
Кірпігінен мөлдір шықтай жас құлайды моншақтап,
Мен де егіліп, бауырыма бастым оны сәл тоқтап.
Одан сайын шырылдады, қуалады құлдырап,
Көтеріле бергенімде екі арамыз алшақтап.
Сол дауыстан селт еттім де көзімді аштым қорқақтап.
Жан-жағыма алақтадым, бәрі ғайып – жым-жылас,
Өз орнымда отыр екем қозғамасаң жылжымас.
Өксік қысып ыстық оттай өзегімді өртеген,
Омырауымды жауып кетті қасіретті түнгі жас.
Бірақ оған бүлк етер ме өмір заңы бұлжымас?
Аран ашып, айналасын жалмауыздай жалмаған,
Қара судай қанша ішсе де қызыл қанға қанбаған,
Бағанағы қалпыменен әлі маған түйіліп,
Әзірейіл – елесім тұр абжыландай арбаған.
Сескенбейтін бір зәнталақ адамнан да Алладан.
Сары аяздай сұрақтардың астына алды және кеп:
«Жылауыңда нендей мән бар? Айт шыныңды, кәне!» – деп.
Бедірейген тас бетіне бажырая қараймын,
Келістіріп күйе жақса, жұқпайтұғын бәле жоқ.
Шырқырайды шыбын жаным болған әбден зәрезеп.
– Кешіргей, – деп қипақтадым, – қалғып кетіп, түс көріп... –
Кірпігімнен күтпеген бір мұздай тамшы түсті еріп.
Іздегені табылғандай аяғының астынан:
– Не түс көрдің? Баянда! – деп тепсінеді тістеніп.
Қиқарлансам қаһарымен тастайтындай үш бөліп.
Бас көтерді ар-намысым, келмеді енді бөгелгім,
Қылдай тізіп айтып бердім – қайда бардым, не көрдім.
Тыңдап болып, басын шайқап, сазбалшықтай сазарып:
– Былшылдама, – деді маған, – ертегіңе сенер кім?! –
Мен де бастым тәуекелге, не салса да көрермін...
Дедім оған:
– Тумай жатып құдай сені қарғаған,
Ізгіліктің ұшқыны да жүрегіңе қонбаған.
Пәк дүние құшағына апарар ем нанбасаң,
Басып кеткен ізің бірақ тазармайды-ау, оңбаған!
Қалбаңдаған қара құзғын күні төмен қарғадан.
Сендейлердің салып кеткен сойқанынан былғанған,
Белшесінен сорға батып, солқылдайды бұл жалған.
Мұнар басып, мың арбасып басқа түскен әлекпен,
Сыңайы бар мысы құрып, миы айналып жынданған.
Шын азғанға лаж бар ма парасаттан құр қалған?
Көрсетейін әлем сиқын азып-тозған шынымен,
Ерінбестен маған еріп, ұшар болсаң түнімен.
Шексіз заман шекарасын түгел шарлап шығамыз,
Қанат қағып торлап тұрған қара тұман түбінен.
Сөйлесеміз адамның да мақұлықтың тілімен.
...Жалғыз жандай мұң мен зарын арқалаған жер-көктің,
Осылайша жегідей жеп, өзімді-өзім меңдеттім.
Елес жанмен қарсыласып, қасарысып алдым да,
Түн сапарын жалғау үшін қайта қалғып мен кеттім.
Өң мен түстің ортасында қиялымды тербеттім.
Екі қолым қос қанатқа айналды да кенеттен,
Аққу құстай қайта көкке көтерілдім мен еппен.
Тарықтырып келгенімен, қарық қылып түсімде,
Жарылқаған тағдырыма разымын, жоқ өкпем.
Құдіреттің бермегенін бер дей алам не бетпен?!.
Ластанған алып мұхит айдынындай орасан,
Көк әлемі – қоңырсыған, қотарылған қара шаң.
Жанталастым жарып шығып, құтылғанша түнектен,
Жететіндей жердің үстін неше қабат орасаң.
Әлгі сұм да қатар ұшып келеді екен қарасам.
Қараңғыда қара пәле әрең-әрең көрініп,
Қараңдайды өзі түстес бояуына көміліп.
Қыр соңымнан қалар емес құлғанадай қуалап,
Қаусап, қирап қалғанынша қабырғасы сөгіліп.
Сескенбейді, көстеңдейді, алған әбден желігіп.
Не заманда суырылып шықтық түнек астынан,
Төмен қалды кеңістікті тұмшалаған тас тұман.
Күн жайнап тұр екен деймін, аспан асты арпалыс,
Қарсы алдымнан ағып өтті шаңқылдаған жас қыран.
Қан шашырап бара жатыр топшысынан шапшыған.
Жан түршігер азан-қазан ұлығандай көп бөрі,
Ғарасаттың майданындай қызыл-қырғын көк төрі.
Өз көзіме өзім сенбей, жүрегімді ұстадым,
Бұрын-соңды тарихта мұндай сұмдық жоқ тегі.
Үрейлене қарап тұрдым, сырғып барып шеткері.
Шырқ иіріп, шырылдатып, көздегенін құлатып,
Ұшақ мінген әлдекімдер қырандарды жүр атып.
Жемтік көрген құзғындардай ұмтылады ұтылап,
Қарақұрым қарғаларды соңдарынан шұбатып.
Қарғалар да қарқылдайды қан жауғанын ұнатып.
Шамырқанған ақиықтар сұр жебедей қарсы ағып,
Зуылдап кеп соқтығады қас жауына сонша алып.
Ажал төккен алпауыттың тойтара алмай тұмсығын,
Жерге қарай кетіп жатыр өздерін күл-парша ғып.
Қалғандары әрбір тұстан атойлайды жар салып.
Ара түсіп айқайлауға табиғатта тіл бар ма?
«Тоқтат, кәне, зұлматты!» деп бұлт ақырса тыңдар ма?
Дал-дұл болып, құлдырап кеп құлап түссе бір қыран,
Басына оның қона қалып дұға оқиды мың қарға.
Күні туса, дауа жоқ қой мысықтілеу сұмдарға.
Қияметке киліккендей есеңгіреп барамын,
Қиянатты көріп тұрып қалай үнсіз қаламын?
«Мына пәле не, – дегендей, – білемісің себебін?»
Қасымдағы қаскүнемге аңтарылып қарадым.
Жауап берді мүдірместен, сәл жібітіп қабағын:
– Самғап ұшқан қыраныңнан сорпа болар қаз артық,
Қолға түспес құланыңнан көк есектің өзі артық.
Ұшақтарға шабуылдар қатерлі құс болған соң,
Аспан астын жүр ғой бұлар бүркіттерден тазартып.
Болмашыға қапаланба, аударма оған назар түк.
Амалсыздан тіл тістедім, салғыласып не дейін,
Лоқсық келіп кептелгендей қыжылдайды көмейім.
Қыран екеш қырандарға тарлық етсе шексіз көк,
Бұл ғаламның кеңдігіне енді қайтіп сенейін?
Тәркі дүние, қайдасың сен, құшағыңа енейін!
Ең биікке шығып алған екі қыран шаңқылдап,
Бауырларын шақырады тірі қалған там-тұмдап.
Шайқастағы мұзбалақтың ең соңғысы оққа ұшып,
Тұңғиыққа сорғалады найзағайдай жарқылдап.
Қос құлағым шыңылдады естімеген зар тыңдап.
Аман қалған екі қыран айналсоқтап кете алмай,
Аза тұтып, жоқтау айтып, еңірейді, о, тәуба-ай!
Сорлылардың көз жасынан қара жаңбыр сіркіреп,
Басатындай көтеріліп сел тасқыны топандай.
Құстың зарын баяндайын, іштің зарын қотармай:
– Зауал төнді төбемізден, кім құтқарар тажалдан?
Керегедей кең қанаттың тамтығы жоқ, уа, жалған!
Құс төресін шырылдатып, қырып-жойып жатқанда,
Атой салып, ара түспей, аспан, саған не болған?
Не болады бұл тіршілік жан берісіп, жан алған?
Ақиықсыз асқар таудың алтын басы адыра,
Кімге керек көк тастардың күңіренгені соңыра?
Қырандардың тұқымына ақырзаман орнады,
Аза тұтып, меңіреу аспан, аңыра, енді аңыра!
Қарға қонып жарытпайды қырандардың тағына...
Күңіренген қыран зары құлағыма жетті анық,
Жүрегімді одан да ары шыжғырды отты кек қарып.
Ақтық рет айналды да қош дегендей саңқ етіп,
Тартып берді іркілместен Хантәңірді бетке алып.
Қас қағымда қос ноқаттай көз ұшында кетті ағып.
Әлгі ұшақтар жерге қайтты алды-артына қарамай,
Аспан төрі тына қалды құлаққа ұрған танадай.
Сойқан жүзін, сұмдық ізін жасырғысы келгендей,
Төмендегі жойқын түтін жөңкуде әлі тарамай.
Жұлып жердей өзін-өзі жынданады қарадай.
Адамзаттың аман қалған ажал төккен оғынан,
Іле-шала зауладық біз екі қыран соңынан.
Ол байғұстар шамасының жоқтығынан қашқан жоқ,
Кетті білем қаны қайнап, шарасының жоғынан.
Құтылған ба жан иесі жарық дүние сорынан?!
Не заманда мен мұндалап алып таудың сұлбасы,
Тәңір киген алтын тәждей жалтылдады шың басы.
Хантәңірі кең әлемнің күзетшісі емес пе,
Мәңгі бақи қалғымайтын хас батырдай тұлғасы.
Жаралғалы аспан ғана мұңдасы да сырласы.
Қанаттары сауыс-сауыс қан мен терге малшынған,
Екі қыран қонды барып заңғар шыңға шаншылған.
Қасіретті естігенде Хантәңірі сілкініп,
Жаңғырықты жартас біткен зар илеген шаңқылдан.
Найзағай да шамырқанды қара бұлтқа қамшы ұрған.
Сәл төмендеу барып түстік олар қонған тектұрдан,
Бізді көріп, жалын шашты жанарлары кек тұнған.
Ата қыран тілге келді айбатына мінді де:
– Қайдан жеттің, ей, жексұрын, әулетімді жоқ қылған?
Анауың кім қасыңдағы сүмірейіп кеп тұрған?
Қысылғаннан міңгірледім, жауап таппай тосында:
– Зәредей де залалым жоқ, айналайын, шошынба!
Көзбен сүзіп шығайын деп фәни жалған тәлкегін,
Тағдыр айдап келіп қалдым ойда жоқта осында.
Жанымдағы жақыным да емес және досым да.
Осы мені алып шыққан көк желкемді қиғалы,
Жанымды да жәбірледі, арымды да қинады.
Пасықтардың тұзағынан құтылмаған еш пенде,
Тумай жатып жұрдай болған адамшылық-иманы.
Қиянат пен қатыгездік – бар байлығы – жиғаны.
– Онда неге ібілісті ізімізге саласың?
Онсыз-дағы былғап бітті жер мен көктің арасын!
Хантәңірі жиіркенер адамзаттың өзінен,
Көрмек түгіл кісі текті мақұлықтың қарасын.
Қолтығына қыса жүрер пәлесі мен жаласын.
...Уа, ғаламат!
Қыран десем, сөйлеп тұрған – қарт адам.
Бір орнымда қатып қалдым, аудармастан мен табан.
Басындағы алтын тәжден патша екенін таныдым,
Ханымы да көрінеді таяқ тастам әр таман.
Жүздерінен байқалады күйзелгендік, шаршаған.
Өз көзіме өзім сенбей, алақтадым шошынып,
Қалтыратқан қорқынышқа қалың үрей қосылып.
Жеті атасын жерге тығып мен құртқандай тұқымын,
Сұсты көзі ішіп-жейді өңменіме тесіліп.
Шықпайды үнім қалғандай бір қызыл тілім кесіліп.
Қаһарына мініп алған, қабағынан қан бүркіп,
Арыстандай ақырады аспан астын жаңғыртып.
Қимылдасам қиып түсіп қылдырықтай жанымды,
Жіберердей шыбынымды жаһаннамға қаңғыртып.
Соңымдағы албасты да сасқалақтап, қалды үркіп.
Не заманда есім жиып, аруағыма сиындым,
Ой жүйесін қайта жалғап астаң-кестең миымның.
Сол мезетте дауыл тұрды алай-дүлей құтырған,
Ұлы зұлмат ұлығандай ұшынан бір қиырдың.
Арпалысып, аласұрдым ортасында құйынның.
Әлдеқайда алып кетті үйірді де қаңбақтай,
Жер-жаһанда ермек қылар менен басқа жан жоқтай.
Шырылдап ем абжыланның аузындағы торғайдай,
«Үніңді өшір, – деді біреу, – қу жағыңды сарнатпай!»
Жұмбақ әлем жұтты мені суға батқан қармақтай.
Бір түкпірге барып түстім, алдымда бұлт-перде тұр,
Бұлт үстінде алтын сарай, патша-қыран төрде отыр.
Бұлт-пердені сырғытты да, көр дегендей нұсқады:
Шыға келді құмырсқадай құжынаған көп нөпір.
Көз жеткісіз ұшығына қорыс-қопа, көң-қоқыр.
Ыңырсиды, ыбырсиды қалың тобыр қайнаған,
Құбыжықтың құжырасындай тіл-жағыңды байлаған.
Біліп болмас бәлекеттің қан майданы қырқысқан,
Ырылдасып, шуылдасып бірін-бірі шайнаған.
Әзірейіл болсаң-дағы жақын бару қайда оған?
Қыран-патша баяндады:
– Қарғыс атқан бұл жандар –
Құдіреттің қаһарына ұшыраған құрбандар.
Тыным алмай тартады енді азғындықтың азабын,
Күнәкарлар – көк күмбезін былғап, зорлық қылғандар.
Еркін өмір ұландарын қынадай қып қырғандар.
Осылардың кеселінен самұрықтар сабылып,
Мәңгілікке ғайып болған, аспан қаққа жарылып.
Сендер текті, жерге лайық жәндік еді басында,
Тәңір бірде бұларға да қанат берді жаңылып.
Қапияда қанға бөкті, аспан жұрты шабылып.
Жай түскендей тас төбеңнен, ей, бейшара, қалма таң,
Тұқымыңның түп қазығы – бұлар, сонау арғы атаң.
Әділ үкім тұзағынан құтылмайды тажал да,
Фәниде де, бақида да қиянатқа заң қатаң.
Құдайға оңай, қырына алып, десе кімді зарлатам.
Тіршіліктің иесіне түгел мейірім таратқан,
Әу басында мейлінше жомарт еді Жаратқан.
Еркелетті жер мен көктің серісіндей самғатып,
Сүйген құлы адамды да құр қалдырмай қанаттан.
Қанатты адам ұшып-қонып жатты әрбір тараптан.
Тірі жанның әдеті ме әулетімен жатқа қас?
Қанатты адам болды бірден самұрықпен бақталас.
Көк аспанда бітіспейтін қиян-кескі басталды,
Жаратқаннан жарлық жетпей өздігінен тоқтамас.
Көкке зауал төндіргенді жарылқаушы жақтамас.
Олар енді бара-бара айдаһарға айналды,
Судай жұтты аспандағы самғап құлаш жайғанды.
Шыдай алмай самұрықтар басқа әлемге кетті ауып,
Жарқыраған айдың жүзін, күннің көзін қайғы алды.
Бұл сұмдыққа назаланып, Тәңірі қатты ойланды.
«Жарық күнді жатсынбаса, пенде пақыр аза ма?
Күнәкарлар, міне, осылай ұшырады жазаға.
Содан бері жерге түсіп адамзаттың ұрпағы,
Аспан жарып қалып еді тыныштық пен мазаға.
Көкке қайта көтеріліп, жол аштыңдар азаға!
Уа, сендерге қарғыс жаусын, адамзаттың баласы,
Бастарыңды жұтып тынсын жер мен көктің таласы.
Ұшқан құс пен жүгірген аң елесіне зар болып,
Көздеріңе қырандардың көрінбесін қарасы!
Құритұғын шақтарың да таяу қалды шамасы.
Қан ішкенін қоймайтұғын, тоймайтұғын малғұндар,
Жерді қойып, аспан төрін және тартып алдыңдар.
Біз кетеміз ғарыш жаққа самұрықтар соңынан,
Сендер мәңгі қара түнек құшағында қалдыңдар.
Өздеріңді шықпайтұғын шыңырауға салдыңдар.
Сендерге әлі шексіз аспан, түпсіз дүние жетпейді,
Болашағың бұлдыраған тұңғиыққа беттейді.
Жанталасқан бір әлектің жетегінде шұбырып,
Ырылдаған қорқау иттер босағаңнан кетпейді.
Көрге түссең, жамбасыңнан қызыл темір көктейді.
Қай кегімді қайтарамын қаныңды ішіп қасықтай,
Үйіргенде не табамын қу басыңды асықтай?
Ұлып жүрген үйіріңе көргеніңді айта бар,
Сен де бір күн қосыларсың осыларға асықпай.
Жоғал енді көз алдымнан, көп миымды ашытпай!»
...Осылай деп, патша-қыран кетті ғайып болды да,
Кеңшілігің көп екен ғой, уа, құдірет, сорлыға.
Ішімнен бір аят айтып, оқыдым да мен дұға,
Кері қарай зуылдадым, жаным аман қалды да.
Қарақшым да қалбаңдайды түсіп алған алдыма.
Заматтан соң баяуладым екпінімді бастым да,
«Тоқта, – дедім албастыға, – шыныменен қаштың ба?»
Сұмырай да байырқалап, бәсеңдетті ағынын,
Түпсіз терең тылсым әлем түнереді астымда.
Көзді жұмып қойып кеттім қара түнек тасқынға.
Жанымдағы зұлымға айттым:
– Көктің төрін шарладың,
Мен көргенді сен де көрдің, орындалса арманың.
Енді түнгі жер бетінің сиқына көз саламыз,
Үкіміңді шығара бер, өзің біліп ар жағын.
...Мен ғана ма өкінішпен тістеген жан бармағын?!
ІІІ
Қас-қабағы түксиеді, түнереді қара түн,
Қара түннің ақтармақпыз қалың-қалың қабатын.
Тұңғиықтың түбін кезіп, көлбеп ұшып келеміз,
Құбыжық та қалбаң-құлбаң қағады ауыр қанатын.
Бір Аллаға ғана мәлім бағытымыз баратын.
Кіріп кеттім арасына алақұйын елестің,
Қым-қуыттың ұшығына шыға алатын емеспін.
Қырық пышақ, қырқысқан жұрт қайда барсам, құдірет,
Барлығының көкейінде – қамы қызыл өңештің.
Өз бетімен күнін көріп, бейқам жүрген жоқ ешкім.
Біле алмаймын, ұға алмаймын, тіршілік бұл не қылған,
Сан сапалақ бір дүние сапырылып сабылған.
Ашкөз тобыр әлденені бөлісе алмай әлек боп,
Жыртқыштардай жұлқысады жемтікке кеп жабылған.
Жәдігөйлер шеттерінен жатырынан қағынған.
Сұрап келем қайта-қайта қасымдағы азғыннан:
«Құдайым-ау, осыншама бұларды кім азғырған?»
Ерте кезде қанаттары қырқылғанын сезбейді,
Делқұлы мен дүбәралар тіршілікті тоздырған.
Көрсоқырдың көңілі тоқ, өзін-өзі мәз қылған.
Азаптанған, мазақ болған неткен сорлы пенде едім?
Қарсы алдымнан шықты тағы аспан жақтан көргенім.
Арсыздықтың арыстаны азу тісін ақситып,
Іштерінен тілейтіндей бір-бірінің өлмегін.
Өрмекшідей тоқып жатыр қастандықтың өрмегін.
Сайтан менен ібілістің шырмауынан шыға алмай,
Сұрқия мен сайқал біткен сумаңдайды жыландай.
Тумай жатып, туа шөккен қызылшақа сәбилер
Шырқырайды бір қиырдан, шуылдайды ұлардай.
Сәби үнін естігенде қара тас та жылардай.
Ашық күнде адасқан соң адамшылық жолынан,
Бұл дауысқа бүлк етпейді күнәкарлар қолы қан.
Азғындайды одан сайын, өршелене түседі,
Жұрдай болған өңкей бәңгі ұятынан, арынан.
Құтылмастай енді мәңгі тағылықтың торынан.
Періштеден пері басым, жердің үсті – жынойнақ,
Алапаттан аман қалған көрінбейді бір аймақ.
Ластанған фәни дүние тазаратын түрі жоқ,
Қанағатсыз құлдарына болмаса өзі құдай жақ.
Жаратқаннан басқа мұны жатыр дейсің кім ойлап?
Көре берсең көз талады жер бетінің сұмдығын,
Жел аударған шөкім бұлттай алға қарай сырғыдым.
Тас түнекті жарқылдатып біреу зытып келеді,
Ат басындай алтыны бар қолтығында жындының.
Танымаймын антұрғанды, біліп жатыр кімді кім?
Ақ киімді қалың аруақ қыр соңында тақымдап,
Ұстай алмай ұмтылады, әне-міне жақындап:
– Қарғыс атқыр, таста! – дейді. – Таста! – дейді қайталап,
Ашуланып ақырады жақ тістері сақылдап.
Айғайлайды есалаң да аш күзендей шақылдап:
– Жоғалыңдар, жоғалыңдар, нелерің бар менде?! – деп,
Жалт бұрылып, жанталасты тауға қарай өрмелеп.
Құтқарсын ба, ұстап алды жан-жағынан қамалап,
Сонда-дағы өзеурейді ырық бермей кеуделеп.
Жұлқынады, бұлқынады қол-аяғын сермелеп.
Аруақтардың жан шошиды ызғарынан түсінің,
Жүндей түтіп, сабап жатыр таптап иттің күшігін.
Қарап тұрсам, нақұрыстың қолтығында, о, тоба,
Ат басындай алтын емес, қаңқа басы кісінің.
Кереметін қараңдаршы құдіреттің ісінің.
Шырқыраған сұмырайдың жер түбіне жетті үні,
Бауырына басып алған, басты берер жоқ түрі.
– Өз бабамның басы, – дейді, – қазып алғам сатқалы,
Шаруаларың қанша менде, оңбағандар, кет, құры! –
Шыбын шаққан құрлы көрер емес мынау тепкіні.
Сілкінеді жер мен аспан қара дауыл сапырып,
Тепсінеді аруақтар да одан сайын ақырып:
– Ұлытаудың төбесіне қоятындай әспеттеп,
Қайдағы бұл сенің бабаң, не деп тұрсың шатылып?
Қолыңдағы Едігенің басы емес пе, мақұлық?!
Ей, пәтшағар, жаралмасаң сайтан менен періден,
Бұрын-соңды бас сатқанды қайсы атаңнан көріп ең?
Қалай ғана дәтің барып, ниет қылдың саудаға,
Едігедей ердің басын суырып ап көрінен?
Неткен жансың Алладан да, адамнан да жеріген?
Ойбайлайды аруақтарға түсіндіріп турасын:
– Немді сатам, Едігенің сатпағанда қу басын?
Қолда барда бірдеңені біз де сатып қалайық,
Анамыздың құрсағынан еркек болып туғасын!
Көре алмаған өңкей надан дуылдасын, шуласын!
Құтылмасын білгеннен соң:
– Сатамын, – деп, – енді не? –
Қолындағы қаңқа басты кетті тасқа перді де.
Едігенің бас сүйегі аспанға ұшты сол сәтте,
Өзен тулап, орман шулап, күңіренді жер, міне.
Аруақтар да үрейленді сұрапылды көрді де.
Бүлдірдің-ау, уа, бәлекет, өз басыңа құныққыр,
Мына дүние зіл-зала боп, кетпесе екен құрып бір.
Аңырайды Алтай менен Атыраудың арасы,
Көкке қарап Ұлытау да көк бөрідей ұлып тұр.
Бітпейтұғын бір зұлматтың басталғанын біліп тұр.
Құдай өзі көзімізге көрсетпесе анықтап,
Пәтуасыз біздей пенде нені сезіп, нені ұқпақ?
Аспан кенет боздап кетті Ұлытауға қосылып,
Қорқыт баба келе жатыр бұлтқа мініп, қалықтап.
Шөке түсіп тағзым еттім, анадайдан танып қап.
Қара қобыз жел шақырып, бебеулейді, боздайды,
Қара жер мен көк аспанның қасіретін қозғайды.
Тас түнекке әлсіз ғана сәуле төгіп алыстан,
Сонау ғарыш түкпірінде мың сан жұлдыз маздайды.
Олар-дағы бірін-бірі жұтып қоя жаздайды...
Уа, Жаратқан, елестеткен қияметің осы ма?
Қарап қоям бағанағы ерген сұмға қасыма.
Келе жатыр екен деймін дөп-дөңгелек күн шығып,
Күнге айналып кеткен әлде Едігенің басы ма?
Өзіме-өзім: «Оян, – деймін, – аш көзіңді, шошыма!..»
Кірпіктерім көтерілді, екі көзім ашылды,
Селт еттім де тік көтердім салбыраған басымды.
Жұтып қойды қас қағымда шөліркеген ақ қағаз
Жанарымнан тырс етіп бір тамып түскен жасымды.
Жанымдағы көлеңкені күннің көзі жасырды...
ІV
Шаршамайтын құлың едім ғұзырыңа қолғанат,
Уа, Тәңірі, болдым мен бір түнді кезген жарқанат.
Жарқанаттың күнін кешкен пенде байғұс сорламақ,
Тас төбемнен таусылмайтын ақ нұрыңды сорғалат!
Рухыңның шуағына оранайын сан қабат.
Қарғыс атып, теріс бұрған бетімізді оң қарат,
Кешірім ет міскіндерге, баяғыдай бер қанат!
Көкке қайта көтеріліп, күнәсінен тазарсын,
Былғанышқа баттық мүлдем жер бауырлап жорғалап.
Парасаттың қақпасын аш, иранбақтай мәңгі абат!
Бүйте берсек, қара түнек күннің көзін торламақ,
Азып-тозған ұрпағымыз жапа шегіп, зарламақ.
Азабыңнан құтқар бізді, әміріңді қайтып ал,
Күнәсі ауыр адамзатты құдай ғана қорғамақ.
Қанағатқа қанат сыйла, жеті қатқа жалғамақ!
Ақыл-ойдың алтын құсы сонда биік самғамақ,
Он сегіз мың кең ғаламның шартарабын шарламақ.
Дүниеқоңыз сорлы пенде тәубасына келіп бір,
Ұжымақтың қақ төрінен өзіне орын таңдамақ.
Бұл бес күндік тіршілікті ізгілікке арнамақ!
Сайран салған көппен бірге мына өмірге мен қонақ,
Асау жүрек тоқтағанша тіл мен жағым сарнамақ.
Жалпақ әлем сауықпаса сырқаты мен дертінен,
Байтақ елім, басыңа кеп бақыт қалай орнамақ?!
Жан қысылса, Алла менен аруақ қана қолдамақ!..
2006
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі