Өлең, жыр, ақындар

Сайтан шақыру

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 702
Сиқыңнан шошыр тірі адам,
Кім сенен залал күтпеді?
Пәтшағар, шындап сұранам,
Бар болсаң егер, шық бері!
Алайын біраз масайып,
Тіліңді, бәлкім, табармын.
Қашатын мен бе Машайық,
Қаныңды ішсем, қанармын.
Айтпаймын өлсем мен әзіл,
Жүзіңді көру болды арман.
Қорқам ба сенен, әзәзіл,
Қулығым кем бе Алдардан?
Елесің қанша арбасты,
Сенде бар сиқыр менде жоқ.
Жүрсің бе әлде, албасты,
Пердеңді жауып пенде боп.
Жаураған жанға жылу көп,
Шаттыққа көңіл тойды ма?
Жанары шоқтай сұлу боп,
Кірдің бе, бәлкім, қойныма?
Есімде жоқ қой бүгінде,
От пенен суға түстік пе?
Көгілдір шамның түбінде
Тамшыны бөліп іштік пе?
Ойнаған оқты білтемен,
Жарытпас едің сен жар боп.
Бейкүнә досқа сілтеген
Тұрдың ба қолда қанжар боп?
Тізейін қайсыбірін мен,
Күнәға тілім келмейді.
Пенденің бәрі сүрінген,
Тайдырған жолдан сен дейді.
Сындырса ардың қанатын,
Күңгірт қой ойға арғысы.
Қит етсе саған жабатын,
Адамның айла­шарғысы.
Күнәға батқан көл­көсір,
Жоқ болсаң мынау ғаламда,
Жазғырдым босқа, сен кешір,
Өкпеле онда адамға.
Бар болсаң егер, мыстаным,
Болмайды бүйтіп жүргенің.
Қолыңды кеп тұр ұстағым,
Көзіме, кәне, бір көрін.
Ештеңе маған берме де,
Ештеңе менен алма да.
Жатпаймын сенсіз мен неге,
Сыйынып жалғыз Аллаға?
Өзіңді зармын көруге,
Беттесу үшін бір ғана.
Мұрша бер тыныш өлуге,
Жүректің төрін былғама.
Бет­аузың кісі көргісіз,
Бәлекет болсаң, тоятта.
Бақытқа бөгіп белгісіз,
Ұйқыға кетсем оятпа!
Тілімнің уын төгер ем,
Бар­жоғың, әттең, жорамал.
Сыртымда болсаң көрер ем,
Ішімде тұрсаң жоқ амал!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Той бастар

  • 0
  • 0

Жайнаған гүлі өмірдің
Солмасын, солмасын!
Қарлығаш құсы көңілдің
Самғасын, самғасын!

Толық

Көкпар

  • 0
  • 0

Кім береді тізгінді ақылына,
Дода көрсе төнеді атын ұра.
Қалың топты қақ жарып, ойхой, шіркін,
Серке санын басады ол тақымына.

Толық

Қашан тұзақ түскенше...

  • 0
  • 0

Қашан тұзақ түскенше сөйле, тілім,
Баба аруағы бермейді кейде тыным.
Рахаты өзінен аспаған соң,
Тастап кеткен соңына бейнетімін.

Толық

Қарап көріңіз