Жастық жаңбыры – Светқали Нұржан

Бұл бетте «Жастық жаңбыры» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 18.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1627
Жаумай жатыр жастықтың бұлты кімге?
Жетем саған, деуші едім, түн түбінде.
Сен мен жаққа қарасаң, бір мөлт күлкі,
Тұратын-ды тығылып кірпігінде.
Жыл жетектеп, алдымнан ай асыға,
Сүйреп шықты сахара саясына.
Құр жәутеңдеп қарадым... Кете бардым,
Кірпігіңнің ене алмай аясына.
Ақты жылдар ізінде шаң шұбалып,
Қанша түннен өттім мен шам суарып.
Жарық қылдым жолыма кірпігінде,
Қалып кеткен күлкіні аршып алып.
Бүгін, міне, жолықтық күн түбінде,
Жаумай кеткен жастықтың бұлты кімге?!
Сығалайсың сыртынан "сыңарыңның",
Мөлт-мөлт еткен бір мұң бар кірпігінде.
... Шілде, мынау, шіліңгір. Дала да шөл,
Етуін-ай аптаптың санаға әсер.
Қымтай қойдың мұң бұққан кірпігіңді,
Құйып қоя берердей қара нөсер. 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері