Өлең, жыр, ақындар

Марстағы машақат

  • 24.04.2019
  • 0
  • 0
  • 7679
Дәл Марстың өзінде
Тұрушы еді ағайым.
«Іздеп соны өзім де,
Қыдырып бір барайын», –

Деп жүргенде, сол ағай
Шақырыпты қонаққа.
(«Ержетті ғой балақай», –
Деп қосты ма санатқа).

Бұған қатты шаттандым,
Базарлық пен сый алдым.
Достарыма мақтандым,
Сапарға тез жиналдым.

Түзде тұрған кемені
Бағыттап ем ғарышқа,
Қақ жарып құм төбені,
Тура тарттым Марсқа.

Шатқал-шатқал шыңдарды
Бұзып-жарып іркілмей,
Шайтан өтпес құмдарды
Кемем тілді еркіндей.

Зулағанда кемеме
Жете алмады ұшқан құс.
Тоқтатты тек бөдене,
Құйып жатқан мыстан қыш.

– Бір тұрайық, жігітім,
Осында қал, серік бол, –
Деп жүргізіп үгітін,
Көп қиылды, беріп қол.

Бірақ оған келіспей,
Жалғастырдым сапарды.
Марсқа жері кебістей,
Кемем тез-ақ апарды.

Марс – жәннат жер екен,
Жасыл желек жамылған.
Адамдары ер екен,
Аптапқа үсті қарылған.

Елі маған таңғалып,
Сұрайды кеп соншалық.
– Шағыл құмды қақ жарып,
Қалай келдің жол салып?

Гүл ұсынып, қол беріп,
Қаумалап жұрт қарсы алды.
Қасыма бір ұл келіп,
Тұра қалып жар салды.

– Шөлде жүзіп кемемен,
Туысымыз келіпті.
Тайталасып кенемен,
Талай қызық көріпті.

Бірде мініп кемеге,
Бірде мініп кенеге,
Жарысқан соң немене,
Бірін-бірі жеңе ме?

Алып кеме қайраңдап,
Құмнан әрең өтіпті.
Қандас бауыр жайраңдап,
Бізге бүгін жетіпті.

Жаңа ғана танысқан,
Кең даланың исі аңқып,
Қазақ бауыр алыстан,
Келгесін тұр күй шалқып.

Шалғай жақтан туыс кеп,
Құшақ жайдық бәріміз.
Алда тұрған жұмыс көп,
Атқаратын әлі біз.

Қонақ елді аралап,
Көзбен көрсін бәрін де.
Шілді мінсін тағалап,
Болсын әр үй төрінде...

Сол-ақ екен лезде,
Шілді әкелген ерттеп,
Біздегідей түрі өзге,
Сәлем берді Керік кеп.

Ризалық білдіріп,
Қошеметке бас идім.
Әзілдестік күлдіріп,
Ақ төрінде тас үйдің.

Асықпадым – бір апта
Кездім Марс бөктерін.
Көргенімнен бірақ та,
Көрмегенім көп менің.

Үйден шықтық топталып,
Шілді мініп желөкпе.
Тайқазандай допты алып,
Біз келдік бір терекке.

Ағашқа біз таңғалдық,
Сөлі судай жарқырап,
Таудың өрін аңғар ғып,
Ағып жатыр сарқырап.

Дөңес жерге оймақтай
Терек сөлін бөгепті.
Беті толған қаймақ, май,
Шылап жейді кебекті.

Қарап тұрмын шалқарға:
Ақжал толқын үстінде
Торғай жеккен алты арба
Жеткізбей жүр ешкімге.

Кебісімді қайық қып
Мініп едім,
Күшті ағын
Ағызғанда,
Байып қып,
Өзімді әрең ұстадым.

Дауыл күні із кесіп,
Дариядан түк ілдім.
Бір тал жүнді іздесіп,
Алаөкпе боп жүгірдім.

Жүз шақырым алыстап
Шыққан кезде жиектен,
Шырмалдым бір жабысқақ
Көк шалаңға жиі еккен.

Жаза алмадым шалаңды,
Болат сымдай оралған.
Сосын мініп қаламды,
Шыға келдім аралдан.

Арал жері – кіл тақтай,
Атымен жоқ топырақ.
Суы құрғақ ұнтақтай,
Бірақ жасыл атырап.

Жүз градус ауасы,
Шығады әзер дыбысың.
Бар ма деймін дауасы,
Тарылмайды тынысың.

Көрдім талай бұл жерден
Қызықтарды ғажап бір.
Бір топ балық гүл терген,
Қу сүйекті қажап тұр.

Жаңғыртып дәу тау ішін,
Пар ат жегіп қарсы алған,
Тыңдадым піл дауысын,
Көше бойлап ән салған.

Дөңес жері көл екен,
Бұғы ұшып, құр қонған.
Ойпаң жері шөл екен,
Сыңсып тұрған нулы орман.

Жанартаулар атылып
Жатса да үйде күн-түні.
Балалар жүр ағылып,
Бір сәт тыймай күлкіні.

Талға қонған биік бір,
Піл үстінде киік тұр.
Ай мүйізі жарқырап,
Жұлдыздарға тиіп тұр.

Бармақтай тау төбесі
Тірелген күн көзіне.
Көлден төмен белесі,
Ұқсайды қыр төсіне.

Қарағайға өрлеген,
Тасбақалар жем іздеп.
Тамшы суды,
Ел деген
Атайды екен теңіз деп.

Ақша бұлттың сайында
Қойлары жүр қаптаған.
Жүн өседі қайыңға,
Әр талы жез аптаған.

Көрдім семіз түлікті аш,
Тек тақырға жайылар.
Ешкісі мен пілі ұқсас,
Адам әрең айырар.
Үш жүз метр мүйізі,
Лақ тектес арқары.
Қызыл шоққа бүйісі,
Қыздырады арқаны.

Таудың тастақ бөктері,
Шүпірлеген ақ балық.
Жасыл шөп те көп, тегі,
Аптапта өскен қақталып.

Қақап тұрған суықта
Өзен-көлі қатпайды.
Он тонна тас жуықта,
Суға салсаң батпайды.

Жылқысының моторы
Жұмыс істер бір тынбай.
Күмістеген ат ері
Бұлттан жонған құртымдай.

Саты етіп құйынды,
Өрлеп барып бұлтқа,
Бұзаулаған сиырды
Орайды екен тұлыпқа.

Бақа біткен қырда жүр,
Түлкі аунайды батпаққа.
Кенелтетін жырға бір,
Тоты құмар тақпаққа.

Қолға үйренген аң-құсы,
Өріп жүрер аулада.
Бәрінің бар шаңғысы,
Барып қайтар тауға да.

Қасқыр қойға тимейді,
Бір қорада жатады.
Иттері көп үрмейді,
Тек садақпен атады.

Қояндары бір ықпай,
Жолбарыспен ойнайды.
Сәбіз жесе құрықтай,
Алжапқыштар байлайды.

Мысықтары кемірер
Тобықтай мұз түйірін.
Үш-ақ күнде семірер,
Тырсылдатып бүйірін.

Жүзіп жүрген тақырда
Шортандары бұлғындай.
Тышқандары ақырда
Жем жеп тұрған құлындай.

Үйректері билейді,
Гармонь тартып жағада.
Шабақтарды ілмейді,
Шаңқылдаған шағала.

Бақайына бұланның
Таға таққан күмістен.
Иығына құланның
Шапан жапқан пүліштен.

Арыстанның аузына
Ұя салған тырналар.
Таң қалдырып даусына,
Ағылтады жырды олар.

Инеліктің қанатын
Төске салып қашапты.
Самолеттер қонатын
Үлкен алаң жасапты.

Мекен еткен ғарышты
Тауып алдым ағамды.
Бағады екен барысты,
Қайраты мол табанды.

Қос мүйізі сорайған,
Інілерім сарнап жүр.
Қарғып қырдан, жар, ойдан,
Әуе көгін шарлап жүр.

Аузын ашса жел есіп,
Құлатады ағашты.
Бойы аспанмен теңесіп,
Жұлдызға да жанасты.

Алты құлаш, екі елі,
Көз бен қастың арасы.
Маңдайы кең, шекелі,
Кішілердің дарасы.

Бөбегінің табаны
Қайқы тұмсық қайықтай.
Үстіндегі шапаны
Жүз метрлік майлықтай.

Нар қамыстай әр қылы,
Алма өскен шашына.
Құстар қаптап әр қилы,
Ұя салған басына.

Танауында жортып жүр
Қасқыр, түлкі жұптасып.
Төсінде қоян орғып жүр,
Арлы-берлі жүк тасып.

Жұдырықтай таудағы
Қызыл тасқа егілген,
Ағайымның бау-бағы
Жеміс екен төгілген.

Көмкерілген тек гүлмен
Айқара аштым қақпасын.
Араладым көп күн мен
Сусыз өскен бақшасын.

Алмасы мен алшасы,
Алмұрт өскен аралас.
Жүзімінің баршасы
Асқабақпен шамалас.

Тұнып қапты қапталы
Ат басындай бұршаққа.
Жалғыз түйір шабдалы
Сыймай қойды құшаққа.

Аткөпір боп шашылған,
Қарақаты қазандай.
Тазаланып аршылған,
Сәбіздері сазандай.

Қиярлары келідей,
Қауындары кемедей.
Қарбыздары желіде
Жыпырлайды кенедей.

Күнбағысы еңкиіп,
Асқабағы дөңкиіп.
Жатыр бәрі теңкиіп,
Тұрғаны жоқ сөмпиіп.

Алды дерсің көз жауын,
Қызықтауды қоймадым.
Сексен сәбіз,
Жүз қауын
Жесем-дағы тоймадым.

Мың қияр жеп сұқ қолдай,
Жүгеріге ауыстым.
Мұның бәрі жұқ болмай,
Қырық қарбыз тауыстым.

Дөңбек пішін жаңғағын
Шағып жеп ем сойылмен,
Тіл үйірген бал дәмін
Ұмыта алмай қойдым мен.
Шырт ұйқыдан тұра сап,
Іздеп ек ақ тауықты.
Ақша бұлтқа ұя сап,
Жүз жұмыртқа тауыпты.

Қилы қызық осындай,
Бар деген соң жұлдызда,
Сапар шектім тосылмай,
Міне салып құндызға.

Тез-ақ жеттім оған да,
Шарлап көрдім қаласын.
Жалғайтын жол жоқ онда,
Көше мен үй арасын.

Автобусы адамға
Мінеді екен – ғажабы.
Көніп алған оған да,
Ешқандай жоқ азабы.

Айқыш-ұйқыш айқасқан
Машина жүк тасиды.
Жолға шашқан қой тастан
Қарғып өтіп жосиды.

Шаңғы жасап балоннан
Теуіп жүрді шағылда.
Көшедегі алаңнан
Құс атады дауылда.

Күректерін шана ғып,
Қырдан, құздан заулап жүр.
Шіркей мінген сан алып,
Құмнан балық аулап жүр.

Тірідей-ақ есекті
Тартады екен көкпарға.
Балалары есепті
Шығарады ақ қарға.

Ұлдарының мұрыны,
Тасқа құйған тұғырдай.
Қыздарының бұрымы
Түйе өтетін құбырдай.

Балмұздағы тұздалған
Ерімейді, қап-қатты.
Көкөністен жүлде алған
Бұрыштары тәп-тәтті.

Қасаң қарды шыжғырып,
Мұзды илеп жұмырлап,
Бес елі май жүздіріп,
Пісіреді қуырдақ.

Жалтыраған көк мұзда
Жайқалып тұр гүл деген.
Өсетұғын тек құзда,
Киттері көп көлбеген.

Сиырлары лақтай,
Су шығады сауғанда.
Сүт ағады бұлақтай,
Ептеп жаңбыр жауғанда.

Құлақтары құрақтай,
Тышқан көрдім таудан да.
Сарқырама тұр ақпай,
Тіреліп қап қауданға.

Айға шығып тауығы,
Жем іздейді ауадан.
Ала құйын тау ығы,
Жел соққандай даладан.

Күшіктері сабалақ,
Кісінейді жылқыша.
Бұзаулары абалап,
Бір керемет жұлқыса.

Бойы мыртық аласа,
Өгіздері керіліп,
Қар мен мұзды жаласа,
Кетеді екен семіріп.

Бидайлары сорайған,
Құдды біздің қарағай.
Айнымайтын толы айдан
Дәндері бар қарамай.

Қырман етіп су бетін,
Тау ғып дөңді үйіпті.
Масақ теріп үгетін,
Торғайларды жиыпты.

Сабанды олар аралап,
Тіледі екен тақтай ғып.
Сағым үстін тазалап,
Жол салады оқтай ғып.

Оранып ап сағымға
Жатады екен дауылда.
Тастан үккен ақ ұнға
Гүл өсірген бағында.

Қарды қалап шілдеде,
Там жасапты кең етіп.
Мұздан пішіп пілге де,
Тігеді екен нән етік.

Сабан көпір үстімен
Пойыз зулап ағып жүр.
Тесік жасап үскімен,
Қылтанақты қағып жүр.

Аю мінген бес бала,
Жарысып жүр есекпен.
Ойнайды екен ес тана,
Судан құйған кесекпен.

Қызықтым да ойынға,
Тамашалап көп тұрдым.
Намыс қайнап бойымда,
Тайқазандай допты ұрдым.

Аяғым допқа жабысып,
Бірге ұштым аспанға...
Тұрмын міне табысып,
Сәлем беріп достарға.

Естімеген, білмеген
Басқа жерде аса қат,
Жеткізе алмас тілменен,
Марста көп машақат.

Бес күн шарлап төсін кең,
Келіп тұрмын лепіріп,
Көрдім бәрін көзіммен,
Айтты деме өтірік.

Сенбесеңдер, балалар,
Ұшқыр көлік табайық.
Ғажайып бір қала бар,
Марсқа тез барайық.

Шарлайық та ғарышты,
Белгі тастап қайтайық.
Көзбен көрген бар істі,
Ертегі етіп айтайық.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жаны жайсаң достарым

  • 0
  • 0

Жаны жайсаң достарым
Ұсынып төрден орын құрметтейтін,
Ешқашан ақ көңілді кірлетпейтін.
Әли Ысқабаев

Толық

Ғажайып

  • 0
  • 0

Өмірде көп-ақ қой ғажайып,
Қалмайтын ешқашан азайып.
Ал, қане, саусақпен санайық,
Дәптерге мәнерлеп жазайық:

Толық

Құм әні

  • 0
  • 0

Ақ шағыл құм айнала,
Ән сап жатқан жай ғана:
– З-з-з-з... с-с!
Биігінен қарасаң,

Толық

Қарап көріңіз