Өлең, жыр, ақындар

Саңырау мен соқыр

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 856
Қошалақта,
Сол баяғы біздің ата-мекенде
бір соқыр мен бір саңырау сапар шыққан екен де.
Соқыр айтты саңырауға:
— Жол қысқартып жолдасқа
Көзің сау ғой — көргеніңді айта жүрсең болмас па.
Көңілімізді сөзбен жалғап,
Күліп-ойнап жүрмесек
Ұзақ жолда кешкен тірлік-тозағыңмен бірге есеп. —
Саңырау, әттең, саңырау ғой,
Құлағы жоқ болғасын
Көкірегі күдікшілдеу — түсінбеді жолдасын.
Жүзі дауыл алдындағы аспанға ұсап құбылды,
Құбылды да серігінің жүзіне құр үңілді.
Қимылдаған ерініне қырсыға бір қарады,
бұл қараста — астам пиғыл,
қорлану да бар әрі:
Соқыр-дағы жолдасының әлем-тапырақ түс-өңін
Көре алған жоқ,
Жайбарақат сөзін жалғай түседі:
— Қара жолда қайрат берер оқиғасы өжет, шын,
Өтірік те болса, шіркін, әңгімеге не жетсін! —
деп күрсінді соқыр байғұс,
Саңырауға — жетпеді,
Көкірегіне әлдене ой өшпенділік құйды ұлы,
Өйткені оның адам жайлы нашар еді пиғылы.
— Сөйлегенің — қорлағаның естімейді деп мені,
Көлгірлік қой жатқан күліп анау жылтыр беттегі, —
естімеймін ерегесіп!
Құны болса сөзіңнің
айдалаға айтасың ба?
Көрмеген соң көзің дым,
Жарты әлемге жауығасың — сезіндім.
Ақымақтың ақыл-есі ауызында деп күлген
дүрмегіне ілесемін көптің мен!
Саңырауға күлу сенің неңді алған
Саңылау таппай жүріп жалпақ жалғаннан?!
Соқыр біраз көрді ақталып,
Одан сайын қызды анау,
Қызу сөзді есер айтса — мүмкін бе екен мұздамау,
Соқыр әлгі сөздің бәрін түгел естіп болғасын,
Сипап жүріп жағасынан ұстап алды жолдасын.
Содан кейін не болады?
Кикілжіңнің аяғы:
аталардан қалған мұра — төбелес қой баяғы.
Қай кезде де кем-тарлыққа күлетін жұрт көп емес,
Күлкі қайдан болушы еді жүрген жерде төбелес?!
— Көрем сені! — деді соқыр,
— Естіп тұрмын! — деді анау.
Түк жазығы жоқ жаға мен жең байғұсқа обал-ау!..
Бірін-бірі сақалдан ап санасуы мықты еді,
бірақ одан анаған — көз,
бұған құлақ бітпеді.
Ұғыспаған екі адамның қасіреті мәңгілік —
Құм-далаға сіңіп жатты жаңғырып...
Ескі жайға сүйеп айтқан бұл жаңаша кеңес қой,
Мәселе тек кез, құлақта емес қой:
Бетховеннің кереңдігі,
Соқырлығы Гомердің...
Кешір, кешір, кешір мені ұлы рухы өнердің!
Тек кей жанар жарқырайды түк көрмей.
Кейбір құлақ өсек үшін біткендей.
Көз де тілегенім жоқ,
Тілемедім құлақ та —
Көңіліммен күзгі аспандай мұңайған,
Жаны зерек, көкейі сау бірақ та
Жалғыз серік сұрап едім "құдайдан",
Қол — жағадан,
ауыз кеппей "тобадан",
бір сапарға мен де шыққам жаңадан:
ерінімнің қимылына қарайды жұрт, қарайды,
Қарайды да өшігеді көп адам —
Әлде өмірде,
Әлде осынау өнерде
Қарау пиғыл ойладым ба мен емге?
Әлде мен де сөзін айтып соқырдың
Саңырауларды босқа қинап келем бе?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Елікпеңдер, ей жігіттер, қызбаңдар

  • 0
  • 0

Елікпеңдер, ей жігіттер, қызбаңдар.
өмір деген — гүл шоғы емес қызды алдар.
Көктем ғой деп көлкілдеме көйлекшең,
мына күннің артында өлі ызғар бар.

Толық

Ұршық пен домбыра

  • 0
  • 0

Жіп иірді ол толғанып,
Қолында — сол бір ұршық.
Домбырамды қолға алып,
Мен — күй шерттім ыңырсып.

Толық

Шаншу

  • 0
  • 0

Ат мініп өскен аулақта,
даланың ұлы ем деп мен де
қараймын енді тау жаққа,
жүрегім шаншып кеткенде.

Толық

Қарап көріңіз