Ант
Көрші үйде сол бала болды,
Қасқа бір:
Білмеуші еді төбелестен басқаны.
Төбелесіп таныстық біз.
Алғашқы
Жұдырықтар жолдастыққа жалғасты..
Сөзге мүлде икемі жоқ бала еді,
Сөйлейтін тек қой көздері әдемі.
Жалт еткенде — нұрдан әнтек төгілген
Түсінетін едім мен: қалжың,
әзіл сөздерімнің көп менің
Қайсысының батыңқырап кеткенін,
Қандай жайдың қалай әсер еткенін
бір қарап-ақ сезінетін едім мен;
Көздің нұры шығады ғой көңілден,
Мен сол көздің пәктігінен
талай мәрте жеңілгем,
оны да ептеп түсінетін едім мен —
сәл ересек болдым білем шамасы.
Балалықтың қызығына қарашы:
Әлі есімде, екіндінің шағында
шығып алып құлан-құба шағылға
Құбылаға бетімізді түзей кеп
(қарттар өстіп тұратұғын намазға),
Майда құмға отырдық біз тізерлеп.
Кәрілерде келеді ғой тіл майда,
Сөздері оңай иілетін ыңғайға,
Қалай сөйлер еді солар мұндайда?
Не айту керек?
Ойламаппыз — мен де, ол да,
Сөз деген көп емес пе еді жалғанда —
Неткен минут әрі ауыр, әрі ұзын,
Ұққандықтан сол минуттың маңызын,
тебіреністің молдығынан іштегі
Соның бірі ауызыма түспеді.
Досым маған жаутаңдады, мен оған
дәмеленіп қайта-қайта қарағам:
кірпіктерін қайта-қайта қағады,
Ол қарады, мен де оған қарадым.
Күн де, әне, дөңгеленіп жанары
Көкжиекке — қауысуға барады.
Күнге бұрдым бет-жүзімді кенеттен.
Қайраттана... тамағымды кенеп мен
Сұлу сөзді төкпек едім шелекпен,
таң қалдырып төбелескіш сол ерді
Сөйлемек ем ақылды әрі жігерлі —
Су толтырып қойған сын-ды бөшкеге
Кеудем мылқау.
Айта алмадым ештеңе.
Сонда досым... еңіреп кеп жіберді!
"Сөз" болды сол, ең әсерлі, ең ыстық —
ол да сенді, мен де сендім — сеністік!
үн қатпады тілсіз меңіреу құм да түк,
Тек жалындап бара жатты күн батып.
Құшақтасып тұрдық, біз де үнсізбіз,
ант етістік сөздің көмегінсіз біз!
Бір ірілік сезіндік біз ғаламат
алыс түскен көлеңкемізге қарап.
Көкжиекке сүйеп қойып қызыл Күнді жандырып,
Қызыл жерді алдымызға алдырып,
ант етістік дос болуға мәңгілік
(балалық-ай;
ғұмыр өзі... сәттік қана жаңғырық,
достық қайдан болушы еді мәңгілік?!)
ант етістік бұрылмасқа басқаға,
ойнамасқа басқалармен!
Масқара!
Талап екен, енді ойласам, бір кештік,
Қайран ғана балалық пен білместік!
...Үйге қайттық — екеуміз де үнсізбіз,
бәрін айттық сөздің көмегінсіз біз.
Содан кейін екі-ақ жұма бірге өстік,
өсті бірге ант, уәде, білместік.
Содан кейін...
тағдыр сәтін келтірді:
досымды асау айғыр тапап өлтірді.
Жылқыға үйір болушы еді сорлы әлгі.
Сезім буып жылай да алмай мен тұрдым.
Қайғырдым ба?
Одан гөрі қорландым:
Өлерде де ол тіл қатпады, не білді:
Күлімсіреп, қолын созып керілді.
Сол сәт оның мені тастап өлгені
барып тұрған сатқындық боп көрінді.
Жылдар өтті.
Мені айыпқа бұйырма:
тірі жүрмін әлі осынау қиырда.
Көңіл шіркін ала болса қиын ба —
талай жігіт сатты мені тиынға.
Өтсе айналып тұлпарлардың атағы,
Кейбір есек бастан аттап жатады;
Көп кемшілік сездім.
Соны сезу де
Кемшілік қой?
Көп қиналдым өзім де.
Болды менің (неменесін жасырам):
Көк тиынға татымаған кезім де.
Шыққан терді талай соққы-тепкіден
Өлеңімнің ыстығына кептірем.
Оқушым бар саусағындай бір қолдың,
Солар мені сата қоймас деп білем...
Кім біледі?
Шығар ма еді бір мықты ұл —
досым менің тірі болса.
Шындық бұл:
Көп жылпостың болар ма еді бірі ол да
талқысына түскен шақта тірліктің?
Кім біледі?
Көңіл жүдеп, қалған шақта жан жетім
Мені желеп-жебеп жүрді әлдекім,
ең шешуші — ең бір қауіп сәттерде:
Тұңғыш жолды жазар шақта дәптерге,
Тұңғыш озып даусыз бәйге аларда,
астанадан пәтер таңдап қаларда —
Құлағыма жақын келді үні оның;
Әлде менің аңсарым мен тілегім:
Мөлдіреген қой көздердің жанары,
Әлдеқайдан бір жалт етіп қалады,
Кейде әлдекім солқылдатар шекені
Шым-шытырық ойлар тастап кетеді;
Көлеңке боп орағытып алыстан,
Кейде әке боп қайырымды данышпан,
Әннен — биік,
Әкімдіктен әлділеу,
Әйтеуір сол... қалмай жүрген бар біреу —
Сынап келген періштелік салтымен,
балалық шақ, сен шығарсың, бәлкім ол?
Жебеп жүрген рухы боп досымның,
әлде сен бе, алтын топырақ, алтын Ел?!
Сондай шақта елестейді ақ шағыл
(ішіне алып айтайыншы жақшаның)
Қашан көрсең көкжиекте жатар кіл
Қауыса алмай күйіп-жанған батар күн,
Қос көлеңке батар күнмен зорайған
елестеп жүр, елестеп жүр талайдан...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі