Өлең, жыр, ақындар

Ақ сүт

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 819
Жалғыз ұлы кемпірдің жігіт еді өткір бір
Сөйлеп кетсе — сөзінің өткірлігі бет тілді.
Анасына бір күні:
— Ырзамысың балаңа,
ақтадым ба сүтіңді, тек шыныңды айт, — деді, ана
Күтімі деп Ананың келін, бала алаөкпе,
сәл ортайса қабағы — түсетұғын әлекке.
Сондай болсын, дейтін жұрт, шешесін шын баққан ұл
бір кемпірдің аузында баққан ұлдың тапқаны —
Кер-сәскеде кемпірдің кері сөйлеп жатқаны.
Пейілдер — пеш Ана үшін,
шәйі төсек қап-қалың,
одан жұмсақ бола алмас
алақаны мақтаның!
Кіржің етті Ана бір әлгі сауалдан кейін:
— Ұлым, — деді қатқылдау, — бұлдағаның дәм-бейіл,
итің де ішер дәміңді,
бейіліңді кім ішер,
ұрғашылар болмаса иттен ғана білісер.
Шындық сұрай ма кісі анасынан.
Есалаң,
ақтамадың сүтімді — шындық керек пе саған?!
Көбелек боп — бейнет сол — ойнап кетсең кейде отпен...
ал, бейнетті қайтарса — қайтарады бейнетпен!
Жалғыз ұлы Ананың жігіт еді нар-талап,
болды ақтамақ ақ сүтті анасын бір арқалап —
Желмая көп — далада, дарияда — көп кеме,
қаржысы бар кісіге басқасы да жоқ деме —
бірақ жаяу арқалап тартты анасын Меккеге.
Жортулы еді далада тарғыл жылан, тағы аң да,
не кездеспес жаяулап кемпір арқалағанға:
Азулылар қаңғыған,
айлалылар аңдыған,
таулар шықты мүлгіген,
орман шықты қалғыған
арқалаған анасын бір жаяудың алдынан —
бірі бөгет болмады — Меккесіне барды аман.
Сауысқаннан сақтық aп,
хабар алып қарғадан,
аман қайтты тағы да — бұл не деген құдірет;
қанша азаптан қабағын шытпады ерің бір рет.
"Түр дейтін тек түрі жоқ — қайтқаны да тірі боп,
тұлғасы ірі жан еді,
талабы одан ірірек.
Ауырсынбай қозғалып демалған соң азғана,
көңілі толып өзіне, бір жымиды мәз бола:
— Енді разы шығарсың жалғыз, жаман балаңа,
ақтадым ба сүтіңді, шыныңды айтшы, — деді, — ана?
Кіржің етті кемпір бір көндей қатқан қабақпен:
— Ұл таптым-ау деп едім тұрпатыңа қарап мен,
әр ісі үшін ас тілеп,
әр қимылын санаған
құл туыппын сорлы боп,
Жо-жоқ, кемсің сен одан!
Дию мақтайды деуші еді тіл алғыштау сайтанын,
сен сол сайтан секілді ұшып тұрсың — байқадым.
Айғыр мақтайд деуші еді шетке қашқан байталын,
Сен сол байтал секілді шыбжың жансың — байқадым.
Ана сатып ақ сүтін,
Мақтайды деп сені шын —
пейіл күтіп отырсың табаныңның желі үшін —
Сүтімді ақтаған жоқсың,
шындық керек пе саған —
түсінігің тым арзан, байғұс балам есалаң:
Көбелек боп — бейнет пе ол — ойнап кеттің кейде отпен.
бейнетті тек өтейді — өтейтіндер бейнетпен!
Ақталмады көп бейнет,
арзымады ақ сүт те,
сатылмайды ақ сүттер — құр бейнетте мақсұт не;
соқыр тағдыр жасқаса— жанғандарды жасқамақ,
Жасқанбады жанары жанған ердің жас талап —
Ана разы болмады, келіспеді қас-қабақ:
Болды жігіт Меккеге жаңа сапар бастамақ,
көрінді оған бұ жолдың бейнеті де басқарақ.
Желмая көп далада,
дарияда көп кеме,
бірін мінсе — сапардың рақаты да жоқ деме —
анасын ұлы арқалап тағы тартты Меккеге.
Жортулы еді далада талшық іздер тағы аңдар —
Не кездеспес жаяулап кемпір арқалағанға:
Азулылар қаңғыған,
айлалылар аңдыған,
шөлдер шықты мүлгіген,
нулар шықты қалғыған
кемпір арқалап жортқан бір жаяудың алдынан.
Әйтеуір, бір көктемде...
Меккеге де барды аман,
аман қайтты тағы да
кемпір айтты: "Алладан!"
Қайтудың да түрі көп — о, құдірет, құдірет
Жігіт қабақ шытпады сонша жолда бір рет,
Арқасында — анасы,
тағы да бір көктемде
бір он жасқа қартайған құр сүлдері жетті елге.
Әзіл айтуға жарап,
әл жиған соң бойға ептеп
сауал беріп шешесін болды тағы сөйлетпек.
Тас мүжіліп табанда,
шөл кезгенде қақсып бір
ақтады ма — күмән сол — ана сүтін, ақ сүтті?
Ақтамаса — амал не,
шаш ағарды, күш кетті —
талаптанбақ әйткенмен — ер кезегі үш депті:
— Бәлкім, разы шығарсың осы жолы балаңа,
ақталды ма ақ сүтің, өзің айтшы, — деді, — ана.
Ақ сүт — қарып деседі,
Мақсұт қана жүр ұстап,
Мақсұтымды орындап өлмек едім дұрыстап.
Қарыз қайтты деп өзің мойындағанша ғана
тірі болам,
тыныштық тілеме тек балаңа.
Бір күрсінді сонда ана:
— Сезіп жүрмін мұны, ұлым,
Саған — бейнет,
Маған да рақат емес, құлыным.
Менің де жоқ тынымым — талып бітті жұлыным,
біраз бейнет көрдің сен,
Қалай айтам қой деп мен,
Өтейтіндер бейнетті — өтейді шын бейнетпен!
Қажығаңмен ер өңі,
қартая ма нар-талап:
Үшінші рет шықты ерің қарт анасын арқалап.
Жортулы еді далада тарғыл жылан, тағы аң да —
Не кездеспес жаяулап кемпір арқалағанға?!
Шал
Жасырып үлгерді шешесін бір үңгірге,
өзі шықты барыспен жекпе-жекке, бір-бірлеп:
Тарғыл жылан кеп қалды улы тілі жалақтап,
шықты арыстан бір жақтан тісі сары, жалы — аппақ,
Майдан болды маң-дала,
Көз алдында кемпірдің
жалғыз ұлын жұлмалап жабайылар өлтірді.
Айтпақшы, ұлы соңғы дем үзілерде тарыға:
— Ақтадым ба сүтіңді?— деп сұрады тағы да.
Кер кемпірдің көзіне кесір тамшы іркілді,
кергіп айтты:
— Бәрі емес, ақталды сүт бір түнгі!
Сонсоң Ана жас төкті еңк-еңк етіп, еңкілдеп,
Тәңіріні тұрлаусыз жан екенсің деп тілдеп,
жететұғын жеріме жеткізбедің мені деп,
еңіреп есті жел үдеп,
жылады Ана еңіреп:
"Құлыным-ай, сүтімді ақтай алмай кеттің", — деп.
Өлгені емес ұлының бар қасірет, бар қайғы,
"Қарыздар боп өлді" деп жылайды Ана, зарлайды.
Талабы — тым қаталдау,
Қатал еді Ана, рас,
Қаталдығы — тағдыр бір — тәңірін де танымас.
Әйткенімен, мұнда үлгі,
жатыр ұлы бір шындық:
Ақталмай жүр ақ сүттер —
ойласақ — құр күрсіндік.
Ұлдарда да ұғым бар
шешеде де қырсық көп,
қырсыққыштау болса анаң — анаңа да ұрсып кет.
Арқаламақ түгілі анасын кей азамат
жаман келін арқылы қояды аздап жазалап.
Бүгінгі ана — көңілшек
бата берер күн сайын
Кесірленбей келіндер құйып берсе бір шайын.
Ардың арыстандары,
жолбарысы ұяттың
бізді ұйқысыз түндерде
талайтұғын сияқты:
Ақ сүт — қымбат,
Әлгіндей ер ұлдар да нар-талап
ырза етпесе анасын ғұмыр бойы арқалап
Ойланайық, жігіттер,
ақ сүттердің бұлағы
өтелмеген парыз боп мойнымызда жүр әлі;
Бір ананың ақсүтін ақтау — қиын әңгіме,
жетер емес ғұмырың: қарағанда әлгіге.
Бір ананың ақ сүтін өтеу қиын соншама,
бір-ақ түннің ақ сүтін бұлай бұлдар болса ана.
Қайтып орындалады ойындағың, мақсұтың, —
қайтып ақтар екенбіз Ел-ананың ақ сүтін?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Есеп

  • 0
  • 0

Табиғатта бәрі есепті деп еді,
есеп шығар — түсінбесем мен оны?!
Күн аласа болған сайын
көлеңке

Толық

Тұрмыз, міне, вокзалда

  • 0
  • 0

Тұрмыз, міне, вокзалда...
Үлкен де тұр, кіші де тұр, тұр бәрі.
Құлақта тұр таңғы желдің ырғағы.
Сықыр еткен кей ботинка табаны

Толық

Көкайдай

  • 0
  • 0

Ән болса егер — естілсін деп алыстан,
алысқа арнап ән шығарған данышпан
Мұхит аға арман қуып бір арлан
асқақ әнін ат үстінде шығарған.

Толық

Қарап көріңіз